Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тас түскен жеріне ауыр

Тас түскен жеріне ауыр

Қоғамдық көлікте менен кейінгі орындықтағы жас шамасы біразға келген екі әйел ақырын ғана әңгімелесіп, турасын айтқанда біреуі айтып, екіншісі тыңдап отыр. Шынымды айтсам, әңгіме тыңдау әдетімде жоқ, өсек-аяң айтылған жерден аулақ жүремін. Ал бұл жағдайда біріншіден, тұрып кету мүмкін емес, екіншіден, құлағымның тесігі бар, оның үстіне сөйлеп отырған әйелді танимын, сол жерде иек қағысып амандасқанбыз. Бұрынғы көршіміз еді. Сырттай білемін, өзі де, отбасы да – өте орнықты, дұрыс адамдар.

– Келін әбден шаршатты, – деді әлгі әйел түңіле күрсініп. – Біздің шаңыраққа келгеніне қазір алтыншы жыл, оның бетіне жел болып тиіп жатқан ешкім де жоқ. Екі немеремді айтпағанда, бар болғаны төртеуміз – шал екеуміз, бала мен келін. Баяғы біз құсап от жағып, күл шығармайды, су тасымайды, кір-қоңымызды да кір жуатын машинамен зауқы соқса жуады, болмаса ол да жоқ. Тамақты өзі үшін амалсыз істейді. Айналдырғаны – баламның кредитке алып берген қымбат телефоны, одан қалды күйеуінің құлағының құрт етін жейді де жатады.

Ебіл-дебілі шығып жұмыстан келгенін көре тұра, «қайда жүрсің, не істеп жүрсің, неге кеш келесің?» деп екі күннің бірінде тергеудің астына алып жатқаны. Арманын ақырындап сұрастырсам, «миллиондап несие алып, жұмысқа тұрғыз, бөлек шығып тұрайық» дейтін көрінеді. Шалым тоқыраудан кейін жұмыссыз қалып, зейнетақысы мардымсыз, өзім де бес баланың себебімен елу үш жастан шықтым. Онсыз да төрт жылғы оқуының ақысын әзер төлеп құтылғанбыз.

Жаратушыдан жалбарынып сұрап алған, тұрмыстағы төрт қыздан кейінгі жалғыз ұлды бөлек алып кетем дегенін ақылға сыйғыза алмадық. Балам – өте жуас, жаман әдеттен аулақ, тұрақты жұмысы болмағанымен құрылыс жұмыстарының шебері. Қысы-жазы қарап отырмайды. Келін кейінгі бір жылда екі баласын алып үш мәрте төркініне кетіп қалып, әке-көкелеп әзер алып келдік. Осыны әдет қылып, жоқ жерден ілік іздеп кеткісі келіп отырады. «Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деген, бұрын үй ішіндегі үп еткен сырымыз жабулы қазан жабулы күйінде қалушы еді. Қазір айдай әлемге таныламыз да отырамыз. Тас түскен жеріне ауыр дейді ғой, төрт қызым төрт шаңыраққа барып төрт құбыласын түгел етпесе де, жылдар бойы бір сөз есіттірмей, тастай батып, судай сіңді. «Құс баласы үшін тұзаққа, адам баласы үшін тозаққа дайын» деп бөлек шығарайын десем, жағдайы не болады деп баламды аяймын.

Кім-кімнің де жай-жағдайы көрші-көлем, ел халықтың ашса алақанында, жұмса жұдырығында ғой. Еңсесі езіле сөйлей отырып, соңынан көзінің жасына ерік берген әлгі әйелдің отбасы да көпшілікке белгілі. Артық сөзі, қылығы жоқ, біртоға жуас жандар. Өзі айтқандай төрт қыздан кейінгі бір түйір ұлы да – қолынан іс келетін, еңбекқор жігіт. Бірақ, отбасылық өмірінің Құдай қиюын қашырып қойса қайтерсің?

Баяғыда ұзатылып бара жатқан қызына анасы арнайылап тігілген бір жастықты ұстатып тұрып: «Айналайын қызым, бұрын-соңды жай-күйі мәлім емес жат жерге бара жатырсың. Ол жердегі отбасыңның сырын сыртқа шаша берме, ер-азаматың да еріккеннен түзде жүрмейді. Ыдыс-аяқтың сылдыры ығырыңды шығарса, мұңыңды мына жастыққа айта бер. Төркіндеп келгенде маған ала келерсің» дейді. Арада жыл өткенде қызы төркініне келгенде жастықты ала келеді. Оны анасына ұстатып тұрып: «Анашым, мына жастықтың құлағы қалқиып әңгіме тыңдаудан жалықпайды екен» депті. Анасы сөгіп қараса, мамығы ылғалдан көгеріп кеткен екен. Қызына бір ауыз әңгіме айтпастан тысын жуып, мамығын ауыстырып беріп тұрып: «қайын жұртыңның қалауымен келесі келгеніңде де ала келерсің» деп қызын шығарып салыпты. Бірер жылдан соң қызы тағы да төркіндеп келгенде жастықты сөгіп қараса, мамығы сол күйінде құп-құрғақ болып тұр екен. Қызының көз жасы тыйылып, барған жұртына сыйысқанын байқаған анасы жастықты алып қалыпты.

«Ажырасу Алланың тағын солқылдатады» дейді хадисте, әрине онымен мәселе шешілмейді. Отбасы түйткілдерінің түйінін тарқату мен деген мемлекеттердің де қолынан келе бермеген. Ажырасу жөнінен Қазақстан әлемде алдыңғы орындарда екен.

Егер статистикаға сүйенетін болсақ, көп ажырасатын мемлекеттер қатарында бай да, кедей де елдер жеткілікті. Соған қарағанда, әлеуметтік жағдай басты себеп емес секілді. Әрине, жетіспеушілік екені анық, бірақ ең бастысы қайсысы? Әлеуметтік жетіспеушілік пе, сезім жетіспеушілігі ме, сана жетіспеушілігі ме? Бұған қоса қазағымның бір шумақ ескертпесі де еске түседі екен.

– Аққумен қатарласып қаз ұшпайды,

Түлкіні төбет емес тазы ұстайды.

Ащы да болса айтайын ақиқатын,

Әйелді ері емес, ары ұстайды.

Бұл ерге де, әйелге де қатысты екенін ұмытпаған жөн-ау.

Әлімжан ҚИЯС.

Қазалы ауданы

Әйтеке би кенті

syrboyi.kz
Фото:  aqmeshit-zhastary.kz
12 наурыз 2023 ж. 1 086 0