Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бағаны жеңген патша (заманауи ертегі)

Бағаны жеңген патша (заманауи ертегі)

Ертегі баланы ұйықтату, тыныштандыру құралы емес. Керісінше, ата-әжелеріміз көнеден бері ұрпағын ертегі арқылы тәрбиелеген. Қиял мен түрлі ойдан шығарылған кейіпкерлерден құралғаны мен сол уақыттың, өз заманының мұң-мұқтажы да ертегіде көрініс тапқан. Бірақ соңында барлығы бақытты ғұмырмен аяқталып келген. Олай болса, бүгінгі уақыттың ертегісін жасап, кейінгі ұрпаққа бақытты ғұмырымызды әңгімелеп кету біздің міндетіміз.
Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде белгісіз бір елде қария мен оның кемпірі ғұмыр кешіпті. Олардың Қанағат, Рақым, Ұят, Намыс, Адалдық, Достық, Ерлік, Нанталап дейтін 8 баласы болады. Арада жылдар өтеді. Сегіз перзентіне бірдей қарап, бірдей тәрбие бергенімен, олармен бірге ойнап өскен көршісінің Өсек дейтін баласы араларына іріткі сала бастайды. Ата-аналарың біріңнен біріңді биік қояды деп, соңында оның сөзіне ерген, әңгімесіне сенген балалар бір-бірінен алыстап, әкесі мен шешесін жалғыз қалдырып, жан-жаққа бытырап кете береді.
Сегіз баласынан тірідей көз жазып, оларды қайда іздеп баратынын білмей қария мен кемпірі көп жылайды. Жанарының жасы көл, жүрегінің зары мұң болған олардың тілеуі қолдарында қалатын тым болмаса бір перзент еді. Екеуінің бұл күйін көрген барлық ауылдастары да олардың тілеуін тілеген.
Бірде Өсек, Өтірік, Мақтаншақ есімді үш баласы бар көршісі бұлардың үйіне келіп, «Бүгін ет асып едік. Мына төстікті жемеді балалар. Майлы дейді. Ауыз тиіңіздер» деп төстік әкеліп береді.
Аузына нан салып, мерейлерін өсіретін, асырайтын адал перзенттері жанынан алыстаған соң тойып ас та ішпеген екеуі төстікті жеп алады. Артынша тілеулері қабыл болған қарттар перзент сүйеді. Есімін Баға деп қойып, барымен той жасап, соның тілеуін тілейді. Қартайғанда көргендіктен ерке болып өсті ме, әлде көршілерінің жағымсыз қасиеті дарыды ма, әйтеуір Баға ата-анасын тыңдамайтын әдетін жиі көрсетіп жүрді. Тағы бір ерекшелігі, ол өзі қатарлас балалардан тым ерте өсті. Бір айда бір жасар баладай, 1 жылда кәдімгі алып адамға айналды.
Ол өскен сайын өзгелерге қиындық тудыра бастады. Қария мен кемпірінің бұрынғы қиындығы аздай, Баға өсіп, айналасындағы елдер де тіпті азық-түлік, өзге қажеттілерді тауып, алып жеуге мүмкіндік таба алмай, тығырыққа тірелді. Бірақ «көп асқанға бір тосқан» деген тәмсілді естен шығармай, келер күннен үміт үзбей, тентекті тезге салса осы салады-ау деп көпшілікке үміт артты.
Бағаның мұндай қиындығы сол елдің ханына да жетеді. Елдің басшысы тез арада халыққа көмек керек екенін ескеріп, бір топ адамды халықтың жағдайын көріп келуге аттандырды. Олар елдің арасында айлап жүріп, бәрін көзбен көріп, патшаның тапсырмасы бойынша Бағаны жөнге салу үшін жұмысқа кірісті.
Арада көп уақыт өтпей-ақ бұл қиындықты жеңіп, Бағаны ретке келтірді. Тек ол ғана емес, Өсек, Өтірік, Мақтаншақ үшеуінің де түрлі құйтұрқылығы әшкере болып, олардың жалған сөз айтқаны, елге іріткі салғаны жайлы қауесет тентіреп кеткен қарияның сегіз баласына да жетеді. Мұны естіген Қанағат, Рақым, Ұят, Намыс, Адалдық, Достық, Ерлік, Нанталап қайта қауышып, елге оралады. Осылайша Ай мен Күн аман тұрғанша барлық халық бақытты ғұмыр кешіпті.
О.ЖОЛДАСОВ
18 сәуір 2023 ж. 523 0