Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » КӨЛБАЙДЫҢ ИГІ БАСТАМАСЫ

КӨЛБАЙДЫҢ ИГІ БАСТАМАСЫ

  Кезінде тарлан спортшы атанып, кейін аудан көлеміндегі басшылық қызметтің талай баспалдағынан өткен Көлбай Данабайдың есімі Арал жұртшылығына жақсы мәлім. Қашанда бойынан ұлтық рухы жалындап тұратын Көлбай Соңғыбайұлы бұл жолы да игі ісімен ерекшеленді. Көлбайдың бастамасы әрі демеушілігімен №260 орта мектепте өткен «Ертегімен ертеңіме сенемін» атты әдеби-танымдық іс-шара өскелең ұрпақты халық даналығына, қазақ халқының рухани асыл мұрасына деген сүйіспеншілікке, патриотизмге тәрбиелеу, елдік пен ерлік рухын, намысшылдық, қайсарлық сынды қасиеттерге баулуды көздеген болатын. Өзінің құттықтау сөзінде мектеп директоры А.Сауяев шараның маңыздылығы мен мақсатына тоқталып, оқушыларға сәттілік тіледі.  Шараға 2-сынып оқушылары арасынан 11 талапкер қатысты. Жазғы демалыс кезінде оқыған халық ертегілерінің мазмұнын көпшілікке баяндаған «Ертегі сиқыры», «Өзім сүйіп оқитын ертегі» атты тақырыптық кезеңдер бойынша бақтарын сынады. Тағылымды шарада кішкентай сайысушылар ертегі кейіпкерлерін ата-аналарымен бірге сахналық көріністер арқылы сомдаса, кейбірі ертегі желісін бейнеролик арқылы жеткізді.  Жарыс нәтижесінде 2 «а» сынып оқушысы Айша Жалғасова жеңіске жетіп, бас жүлдеге тігілген «марқа қозыны» иемденді. Ерекше белсенділігімен көзге түскен 2 «ә» сыныбының оқушысы Нұрәли Ермекбай бағалы сыйлықпен марапатталса, өзге қатысушыларға ынталандыру сыйлығы тапсырылды.
  Шара соңында сайыстың ұйымдастырушысы әрі демеушісі Көлбай Данабай қатысушыларға ризашылығын білдіріп, аталмыш бастама алдағы уақытта жалғасын табатынын жеткізді.
Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,
Арал  қаласы
01 қазан 2019 ж. 892 0