Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «ЕРТЕГІМЕН ЕРТЕҢІМЕ СЕНЕМІН»

«ЕРТЕГІМЕН ЕРТЕҢІМЕ СЕНЕМІН»

Күні кеше айдынды Арал топырағынан өсіп-өнген, бойындағы бар күш-жігерін, білігі мен білімін, саналы ғұмырын ауданымыздың дамуына, өркендеуіне жұмсаған Данабай Көлбай Соңғыбайұлының бастамасымен Арал қаласындағы №260 орта мектепте «Ертегімен ертеңіме сенемін» атты әдеби-танымдық іс-шара өтті.
Өскелең ұрпақты халық даналығына, қазақ халқының рухани асыл мұрасына деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу, елдік пен ерлік рухын, намысшылдық, қайсарлық сынды қасиеттерге баулу мақсатында ұйымдастырылған шараның ашылу салтанатында мектеп директоры А.Сауяев сөз алып, шараның маңыздылығы мен мақсатына тоқталып, оқушыларға сәттілік тіледі.
Шараға аталған білім ошағының 2 сынып оқушылары арасынан 11 оқушы қатысып, жазғы демалыс кезінде оқыған халық ертегілерін жарыса ортаға салды. «Ертегі сиқыры» және «Өзім сүйіп оқитын ертегі» атты тақырыптық кезеңдер бойынша бақтарын сынаған қатысушылар шараға аса белсенділікпен дайындалғандарын дәлелдеп шықты. Тағлымды шара тіптен ата-ана қауымын да бей-жәй қалдырмағаны көрініп тұр. Өйткені, ертегі желісін баяндау мақсатында қатысушылар сахыналық көріністер ұйымдастырып, ертегі кейіпкерлерін отбасы мүшелері бірлікпен сомдап шықты. Мұнан өзге, кейбір шара қатысушылары ертегі желісін бейнеролик арқылы да жеткізуге тырысты.
Арал ауданындағы Қазақ күресінің негізін қалап, еліміздегі спорт саласының дамуына айтарлықтай үлес қосқан К.Данабайдың демеушілігімен өткен шарада 2 «а» сыныбының оқушысы Жалғасова Айша жеңіске жетіп, бас жүлдеге уәде етілген «марқа қозыны» иемденді. Сонымен қатар, шарада ерекше белсенділігімен көзге түскен 2 «ә» сыныбының оқушысы Ермекбай Нұрәли бағалы сыйлықпен марапатталса, өзге қатысушылар да шара аясында ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
Қазақ халқының бар болмыс-бітімін, адамгершілік қағидаларын өскелең ұрпақ санасына сіңіру бағытында өткен тағлымды шарада К.Данабай сөз алып, қатысушыларға ризашылығын жеткізіп, аталған бастама әлде де жалғаса беруіне күш салатынын атап өтті.
Расында, қазақ тілінің байлығын, ұлттық құндылықтардың тереңдігін танытатын бұл бастама келешек ұрпақтың шешен сөйлеу әдебін, ана тілін, тарихын құрметтеу, Отанға адал қызмет ету қасиеттерін қалыптастыруға ықпалы зор.
Өйткені балалардың сайысқа дайындалудағы басты құралы – кітап. Ал, кітап – адам баласы ақыл-ойыннан туған рухани байлықты сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын, білім мен тәрбие беретін құрал. Ол – адамзат жасаған ең ұлы кереметтердің бірі. Сондықтан да, сананы смартфондар мен көгілдір экран жаулап, әлеуметтік желінің кең тараған тұсында осындай ұлттық рухымызды жаңғыртуды көздеген шаралардың мағыздылығы ерекше.
Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
30 қыркүйек 2019 ж. 1 006 0