Ертегі балаға емес, өзімізге қажет
– Ата, ертегі айтып берші.
– Қандай ертегі айтайын, құлыным, – деді көңілін қимаған атасы. Күнделікті тыңдап, тіпті өзі де көп бөлігін жаттап алып үлгерген немересі жұлып алғандай қылып:
– Мақта қыз бен мысық, – деді. Атасы да бұл жауабына үйреніп қалған. Тіпті не айтарын алдын ала біліп отырғандықтан, соңғы сөздерін күтпей-ақ:
– Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, – деді де жалғастырып кетті. Ары қарай немересі де қосыла айтып, атасының ұмыт қалдырған тұстарын түзетіп те жатыр...
Міне, бүгінгі күннің бейнесі осы. Көпшілік үлкендердің ертегісі дәл осы " Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртедеден" аспай тоқталып жатады. Ал кейін баламызды телефон мен теледидар тәрбиелеп жатыр деп қоғамға ренжиміз.
Расында тәрбие деген сөздің тамыры тереңде жатыр. Ертегіні кей жағдайда ұйықтату үшін таптырмас құрал санаймыз. Бірақ ақиқатында ертегі – тәрбие құралы. Ал көне заманнан қазақ халқының әлди жырымен бүлдіршіндері көз ілген.
Ертегінің бала тәрбиесінде, оның танымдық қасиетінің жан-жақты жетілуіне, сөздік қорын байытып, тілін дамытуда маңызды орын алатынын ұмытпаған абзал. Ұлы кемеңгер ақынымыз Абай Құнанбаев бала тәрбиесінде – ауыз әдебиетінің маңызды орын алатынын айтады. “Әне оны берем, міне мұны берем деп бастап балаңды алдағыныңа мәз боласың, соңыра балаң-алдамшы болса, кімнен көресің? “Боқта” – деп біреуді боқтатып “Кәпір қияңқы осыған тимесеңші” – деп оны масаттандырып, “пәленшенің баласы сенің сыртыңнан сатып кетеді” – жат мінез қыласың” деп теріс тәрбие берген ата-аналарды сынға алып, былай дейді:
“Мен егер заң қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім, қандай адам баласы болсын, ол кішкене күнінде ауыз әдебиетімен сусындаса, онда ол адам өз тілін, елін, жерін сүйеді” десе, Шоқан Уәлиханов ұлы жүз қазақтарының ертегілері мен аңыздары, шамандықтың қазақтағы аңыз-әңгіме, ертегілер құрылысы мен мазмұнына, шығу тарихына тоқталып, ғылыми мағлұмат берді. Ол “Халықтың ақыл-ойынан және қалың бұқараның сана сезімі, өмірі мен алға басуы негізінде туған бұл шығармалар ауызша айтылу түрінде бірден-бірге, содан бүкіл халыққа жетті. Онда халықтың мәдени рухы, қөзқарасы, әдеті, мінез-құлқы, тұрмыс тіршілігі суреттелген. Сондықтан да ауыз әдебиеті жырларының тарихи, тәрбиелік жағынан да маңызы зор" деген. Балалар әдебиетінің негізін салушы Ыбырай Алтынсарин де “Бағып-қағуда үлкен мән бар. Бала тәрбиесі жеміс ағашын өсіруші бағбан еңбегімен пара-пар. Дүниедегі жақсылық атаулы күннің нұрымен, ананың ақ сүтімен бойымызға сіңеді” деді. Ол өзінің “Қырғыз хрестоматиясы” еңбегіне ертегілер жинағын енгізді. Ұлы жазушымыз М.Әуезов те ертегінің құндылығын “Табиғатты баурап, танып алғанша адам қиялмен танып, меңгеріп, оған өз ықпалын жүргізуді арман еткен. Ол ертегі, аңыз, әңгіме түрінде туып таралған... Ертегілерде қоғамдық тартыс та, күштілердің көпшілікке көрсеткен қиянаты, зорлық-зомбылығы және халықтың арман, әділет туралы ұғым-нанымы түгел жинақталған" деп жеткізген.
Тек қазақ халқы емес, әлем халқы, әсіресе түркі жұртшылығында бәсі жоғары тәрбие құралының бүгінгі бағасы биік деуге келмейді. Көпке топырақ шашудан аулақпын. Бірақ ертегі қазір балалардан бұрын өзімізге керек. «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, ел деп өсетін ұрпақ тәрбиелеу үшін көнеден жеткен құндылығымызды қадірлей білсек нұр үстіне нұр болар еді.
О. ТІЛЕУ