Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Кездейсоқ кездескен бақыт

Кездейсоқ кездескен бақыт

Өмір деген қызық қой. Кейде тіпті өзің өңің түгілі түсіңде де көрмеген жайларға тап болып жатасың. Менің де алас-қапасы, арпалысы мен күйбең тірлігі басымдау өмірімде сондай тосын жағдайлар жиі ұшырасып тұрады. Соның бірі, әрі аса маңыздыс жолдасыммен танысқан сәтім болды. Мен оны ең алғаш көрген күні бәзбіреу «мынау сенің ертең өмірлік жолдасың болады» деп айтса, "қойшы әрі қайдағыны сандаламай" деп жауап қайтарған болар едім. Иә, біз болашағымызды болжай алмайтын, құдіретті Алланың әміріне бас ұратын жұмыр басты пендеміз.
Хош дестік өткен күнге. Мен университет қабырғасына жаңа қабылданып, студенттік өмірге аяқ басқан уақыт. Қаланың қақ ортасында орын тепкен №1-ші жатақханаға тұратын болдым. Ол кезде 11 жылдық мектепті тәмамдап келген соң студенттерге балабақшадағыдай қатаң тәртіп қоймайды. Десе деп өзіндік ережесі бар. Жатақхана кешкі 11-де жабылады. Соған дейін келіп үлгерсең үлгердің, үлгермесең қалдың. Расын айту керек, алғашқы күні маған жатақхана деп аталатын жастардың мекені түк ұнаған жоқ. Ескі ғимарат, түк жағдай жасалмаған. Маған берілген бөлмеде бұрын тұрғандар ішін шашып, бар қоқысын сол күйі қалдырып кеткен. Оны көріп тіпті бетімнен бастым. Ішін түгел жиыстырып, әктеп ретке келтірдім. Менімен қатарлас, менен жоғары курс студенттері көршілес бөлмелерге қоныс теуіп жатты. Менің жаныма көпке дейін ешкім келген жоқ. Бұл жақ маған жайсыз болып көрінді. Курстастарымның көбі осында орналасқан. Бірақ бұрыннан жаңа ортаға тез бейімделе қоймайтын ішкі табиғат мені қалада тұратын әпкемнің үйіне жиі жетеледі. Кейде тіпті жатақханада емес, сол әпкемнің үйінде тұрғым келді. Бірақ ол мүмкін емес еді. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, олар қаланың шеткері ауданында тұрады. Екіншіден, үйінде қос келіні бар, күйеуі марқұм ол кезде тірі, сәл ұрттап алатын әдеті тағы бар. Не керек, бұл үйге анда-санда қонақ болып кетуге болады. Бірге тұру қиындау деп шештім өзімше.
Бір күні менің жаныма бір қыз орналасты. Оны әпкесі мен жездесі алып келді. Өзі пысық, сөзі нық. Менің мамандығымды менен 1 курс жоғары оқиды екен. Бұрын әпкесімен пәтер жалдап тұрған. Кейін әпкесі тұрмысқа шыққан соң, бұл жатақханаға көшіпті. Ә дегеннен әңгімеміз жарасып кетті. Ең алдымен ру сұрасып жататын халықпыз ғой. Ол өзінің руын «Найман» деп аса бір мақтанышпен жеткізді. Есімі Маржан (есімін ауыстырып жаздым). Біз жақта мұндай ру некен-саяқ кездесетін болған соң, бұл рудан шыққан халықтың бітім-болмысы туралы онша біле бермейді екенмін. Әйтеуір өзім кіші жүзбін, батырлардың ұрпағымыз деп мәзбіз. Не керек, біздің жатақханадағы алғашқы айларымыз өте бастады. Біз үш кісілік бөлмеге орналасқанбыз. Кейін қасымызға менің курстасым орналасты. Бірақ ол көбіне туыстарының үйіне кетеді. Біз Маржан екеуміз жақын болдық. Алаңсыз жастық шақ. Бастапқыдай емес, мен де жайбарақат еркін өмірге үйрене бастадым. Жаңа құрбыларым пайда бола бастады. Маржан менен бұрын қалаға келгендіктен уақытты тиімді өткізетін орындарды жақсы біледі. Әрі пысық еді. Көп сабағыма да көмегі тиді. Елдерге ұқсап кофе, түнгі клуб жағаламасақ та, театр, көбелектер кеші, мұражай, кітапхана түні секілді рухани шараларға қатыстық. Бар қызық жатақхананың ішінде еді. Бұл жақтың балалары бір үйдің баласындай бір-біріне қамқор болады. Көбі біз жақтан келген балалар. Сондықтан үлкендері аға-әпкеңдей қамқор. Кішілері іні-сіңліңдей ізетті болып сыйласатын заңдылық бар. Мұнда да мәдени шаралар өтіп тұрады. Әлбетте бәрінің ұйымдастырылуында жүруші едік. Жатақхана жастардың құтты тұрағы ғана емес, махаббат бекеті іспетті. Осында танысып-табысып, отбасылы болған жұптар қаншама. Бірақ менің махаббат хикаям жатақханамен байланысты болса да мұнда өрбіген жоқ.
Өзім ата-анамның еркесі болдым. Жігітке қыз қылығымды көрсете қоймайтынмын. Ал Маржан осында қоныс тепкен алғашқы аптада-ақ көп жігіттің ішінен өзінің көзіне ілінген тәуірін уысына түсірді. Жігіт өте мәдениетті, салмақты, бір сөзді, тәрбиелі еді. Не керек, олар қыз-жігіт болып жүре бастады. Ал мен болсам солардың бір тұңғыш баласындай қайда барса сонда іздерінде жүргенім. Өзім қалаған соң емес. Құрбым мені жалғыз қалдырғысы келмей ерітіп алатын. Бұған жігіті Тимур да қарсы болмайтын.
Көктем мезгілі болатын. Жатақхананың жігіттері көкке шығамыз деп ойластық қылып жүрді. 1 мамырда табиғат аясына демалыс ұйымдастырды. Мұндайда жігіттер жағы өздерінің сүйіктісін немесе жақын дос қызын апаруына рұқсат. Мен бұл жолы Тимур мен Маржанның ізіне еруден ұялып, бара алмаймын деп шештім. Маржан түні бойы маған жалынып жүр.
– Мә, Наз, баршы. Сен бармасаң, мен ана қыздардың бірін де танымаймын. Жалғызсырап қалам ғой.
– Өй, қойшы, тіпті ұят қой. Қайда барсаңдар да еріп жүрем "третий лишний" болып. Бұл жолы бармаймын.
– Біз екеуміз ғана емес қой шығатын. 50-ге жуық қыз-жігіт бар. Ол жақтың табиғаты керемет. Мен бұрын болғам. Шын айтам, бармай қалсаң өкінесің.
– Мені әдейі қызықтырып жатсың ба? Бармаймын деймін, маған неге қадалып қалдың, ана курстасың Шолпанға айтшы. Соны ерітіп баршы. Барғысы келіп өліп жүр өзі. Мен емтиханға дайындалуым керек. Білесің ғой келер апта емтихан басталады. Өткелбаев Қыдыр ағайдың сабағы бірінші, ал оған дайындалмасам, – деп мойнымды жұлады дегенді өңеш тұсымды бас бармақпен сызып көрсетіп, ескі сықырлауық кереуетімнен теріс бұрылып құқықтану негіздері деген миыма онша кіре бермейтін сабағымды оқып жата бердім .
Маржан болса менің қасыма келіп тар кереуетке жабыса мені құшақтай жатты да: – Ту, Наз, неге сонша қырсығып қалдың? Бәрі өзіміздің балалар ғой, – деді.
Мен оған жауап қатпай басымды шайқап келіспейтінімді білдірдім.
– Сен бармасаң, мен де Тимурға бармаймын деп айтамын, –деп өкпелеп орнынан тұрып жиналмаған ас үстелін ретке келтіре бастады.
– Әй, менде нелерің бар. Үйленсең де мені ерітіп жүрмейтін шығарсың,– деп мен оның орынсыз томсырайған түріне ішек-сілем қатып күліп алдым. Ертесі таң ата көкке шығатындар жол дорбасын дайындап жатты. Мен болсам ұйқыдамын. Маржан тасыр-тұсыр еткізіп шкафты ашып -жауып заттарын салып жатыр екен. Сыртқы есік тоқылдады. Мен кім келіп тұрғанын анық біліп тұрмын. Көрпемді бүркемелеп алдым. Маржан есікті ашты.
– Не істедіңдер Ботақан, дайынсыңдар ма? (Маржанды жігіті солай еркелететін). Ау, мына аталарының ұйқысын қандырып жүрген қыз әлі тұрмапты ғой? (Мен ұйқыбастау болдым. Сол бебепті Тимур менімен солай қалжыңдасатын).
– Ой, ол бармаймын деп жатыр.
– Неге?
– Қайдан білейін? Ертең емтиханым бар Өткелбаев Қыдыр ағайдың сабағынан деп Асан қайғы болып жатыр ғой.
– Қой, Қыдыр ағай осының жынын қағып алған-ау. Өзім сөйлесіп беремін. Жүр, жақсы демалыстан құр қалма «сары қыз» деп мені дауыстап оятты. Не керек, олар екеулеп жүріп баруға көндірді. Әуелі үйдегілерге хабарласып рұқсат сұрадым. Ол кезде ауылда сеть ұстамайды. Ұялы телефонға хабарласамыз. Көктем болған соң тіршілік күйттеген үйдегілер тегіс тыста жүргендіктен алып болмайды. 10 мәрте хабарласып, мамамның зорға келісімін алдым. Апыл-ғұпыл заттарымды жинап, жатақхана алдында күтіп тұрған автобусқа жайғастық. Бәрі көңілді. Өзіміздің балалар. Мен танымайтын бейтаныс екі жігіт отырды. Олар былтыр ғана осы жатақханадан дипломдарын алып, қимай қоштасып кеткен ескі тұрғындары екен. Дипломмен жұмыс таппай, қаладағы көлік жуу орындарында бірін-бірі қимай жұмыс істеп жүрген достар. Мұндағы жігіттермен әлі күнге байланысын үзбеген. Ара-тұра келіп қонақ болып тұратындығын Тимурдан әңгіме арасында бұрын да естігем. Осы жолы көктегі демалысқа да бізбен баратын болыпты. Бірі ұяң, көп сөзге жоқ кішкене бойлы қара жігіт. Өзі менің жерлесім. Екіншісі әзіл-қалжыңға жақын, ашық-жарқын, аузы бір тынбай сөйлеп, бәрін күлкіге қарық қылып келеді. Оның інісі де біздің жатақханада тұрады. Биыл соңғы курсы.
Біз діттеген жерге келдік. Таулы аймақ. Жасыл желек. Шынында да айтқандай-ақ табиғат деген тамаша екен. Алдымен түскі ас ішіп болған соң тауға шықтық. Онан соң сол өңірдің тумасы Есқара деген менімен қатарлас музыка факультетінде оқитын жігіт бізге оңірдің тарихы туралы, ондағы «Қатын қамал» деп аталатын тау арасындағы үңгір туралы білгендерін айтып, сонда бізді алып барды. Күн ұясына бата ортаға от жағып сонда жағалай отырып, қызықты әңгімелер айттық. Өнерлі жігіттер ән айтты. Күй шертті. Таудың салқын ауасы тоңдыра бастады. Басқалар қалың киім, жамылғысын алып келген. Мен сорлы асығыс дайындалам деп оның бірін де алмағам. Өзім тоңғақ адам. Қалшылдап барып автобусқа тығылдым. Сонда болашақ күйеуім: «Қатты тоңып қалдың-ау, пледімді берер ем, әттең өзімнің де тоңып отырғаным» деп тастай қылып оранып алып, автобустың артқы орындығына келіп жатып қалды.
Таңа ата қайтуға дайындалдық. Бұрын бір жатақханада тұрсақ та жақын аралас болмаған жандармен арамызда жақындық пайда болды. Бір-бірімізге үйреніп қалдық. Екі үлкен жігіт тек бізбен жақын араласып кетті. Таныса келе үшеуміздің туған күніміздің қатар екендігін білдім. Бірінші менікі, онан соң жерлес ағамдікі, сосын әлгі сөзсең жігіттікі.
Көңілді күндерді өткеріп, жатағымызға келдік. Сессия басталған. Жақын күнде ауылға қайтамыз деп қуанып жүрміз. Сол таныстықтан кейін жатақхананың байырғы тұрғыны әлі жігіттер қонақ болып көп келетін болды. Арасында телефонға қоңырау шалып, хал сұрасып та қояды. Мен аңғал оған мән беріп жатқан жоқпын. Ал Тимур мен Маржан болса мені олардың ұнатып қалғандықтарын айтып қылжақтайды. Оған мән беріп жатқан мен жоқ. Не керек, алғашқы курсты ойдағыдай аяқтаған соң ауылға қайтуға асықтым. Енді мені ата-анамның қасында, сыныптастармен өткізетін 3 айлық алаңсыз демалыс күтіп тұрды. Достарыммен қоштасып жүгімді жинап, соңғы емтиханым біткен күні түстен кейін пойызға билет алдым да ауылым қайдасың деп тайып тұрдым. Біздің ауылда ол кезде ұялы байланыс құралының ұстамайтын кезі. Кейде терезе алдына қойсақ, әлсіз антенна шығып қалып, телефонға хабарласқан адамдарды айтып хабарлама келеді. Бір күні сондай хабарламаның ішінен қылжақбас жігіттің 5 рет қоңырау шалғанын байқап қалдым. Кейін шеткеріректе тұратын туысымның үйінде қонақта отырғанда сеть ұстап қалып, сол жігіттің қоңырауы телефонымды безектетті. «Ау, қайда жоқ болып кеттің» деп аман-есендік сұрап жатыр. Құрғыр әлсіз байланыс үзіліп, әңгімеміз аяқсыз қалды. Ай артынан ай өтіп, жазғы демалыс та тәмам болды. Оқуға қайтар шақ жақындап қалаға қамдандық. Қайта жатақханадан орын алып, Маржан екеуміз бір бөлмеге жайғастық. Екінші курстың оқу жылы басталды. Алғашқыдай емес, бұл жолы жатақхана өміріне үйреніп, әпкемнің үйіне айлап ат ізін салмайтын болдым. Қызыққа толы студенттік шақтардың уақыты зулай берді. Бастапқы таныстықтан кейін анау сөзшең жігіт ара-тұра қоңырау шалып қоятын. Қалаға келген соң оның өз қалашығынан дипломы бойынша жақсы жұмысқа тұрғандығын естідім. Менің ауылдас ағам да өзіміз жақтан жұмыс тауып, ол да қызметке орналасып алыпты. Не керек, мен қылжақбас деп санап жүрген жігіт бертін келе қоңырау шалуын жиілете бастады. Онымен сөйлессем, өзімді еркін санаймын. Білмеймін, арамызда бір адам көзіне көрінбес, жүрекпен ғана сезіне алатын жылылық пайда болғандай. Не керек, ақырында тәуліктің көп уақытын сол жігітпен сымсыз байланыс арқылы тілдесуге арнадым. Сөйтіп жүріп студенттік өмірімнің төртінші жылына да аяқ бастым. Ол кезде мен керемет махаббатына куә болған Тимур мен Маржанның махаббат хикаясы баянсыз аяқталған. Екеуі екі жаққа кетісті. Бір-бірін құлай сүйді. Бірақ Маржанның ата-анасы жердің бір түбінде тұратын балаға, оның үстіне біреудің жалғыз ұлы, ата-анасы кәрі болса тұрмысқа бермейміз, – деп қыздарын айнытты. Қойшы әйтеуір, олардың жылап қоштасқанының да куәгері өзім болдым. Уақыт бәріне емші. Қазір олар өмірден өз бақыттарын тапқан. Айтпағым олар емес. Өз хикаяма оралайын.
Сонымен әлі қылжақбас жігіт менің көңіліме берік орнап алды. Онымен тілдеспейтін күнім жоқ. Бар мұңымды да, сырымды да соған айтамын. Ол кезде мұң дегенің сабақ, сыр дегенің жігіт шақтар ғой. Сол сөз салған жігіттер туралы айта бастасам, ол әңгімемді тыңдағысы келмей тақырыпты бұрмалап әкетуші еді.
Бірде құрбыларым:
– Осы сенің жігітің бе? – деп сұрады.
– Жоқ.
– Неге онда таңнан кешке дейін бар алтын уақытыңды оған арнап жүрсің? Сенімен қатар араласа бастаған жігітімізге біз қазір тұрмысқа шығып, отбасы болдық. Ал сенің сөйлесіп жүргеніңе 4 жыл болады. Сол алғашқы таныстықтан кейін кездеспедің де, – деп күлді.
Апыр-ау, рас мен телефонмен тілдескенім болмаса, онымен жүзбе-жүз кездеспеппін. Сөйтіп бір күні сөзге келіспей қалдық та, мен оған қош десіп қоңырауын қабылдамай қойдым. Ол әдетінше күн, түн демей қоңырау шалады. Мен көтермеймін. Хабарлама жазады, жауап қайтармаймын. Оны ұмытуға тырысып, қолқалап жүрген өзге жігіттермен де сөйлесіп көргем, бірақ ә деп әңгіме басталғаннан әрі қарай көңіл соқпады. Осылай бір айға тарта уақыт жүрдім. Бір күні ол маған тағы хабарлама жазыпты.
«Тірімісің, жарықтық-ау. Неге өзіңше болып кеттің. Сағынып қалдым өзіңді. Сенімен сөйлеспеген шақта талай қызбен тілдескем. Бірақ өзіңе жетпейді екен... Бауыр басқан қиын екен...Тым құрыса соңғы рет бір сөйлесіп қалайық...» деп жазыпты. Оны оқып жүрегім атша тулап сала берді. Сосын оған қысқа ғана "өзім хабарласам" деп жауап жазып жібердім. Ертеңінде ол қайта қоңырау шалып, сабақ үстінде мазамды қашырды. Қайта тілдестік. Сол сәттен бастам мен оның өз адамым екендігін түсіндім. Бұрын махаббат тақырыбында әпкелеріммен талқылай қалсам олар: «өз адамың кездескенде білесің. Өзі белгілі болады» дегені есімде қалған ғой. Осылай біздің бір айға үзілген байланыс қайта жалғанды. Бұл жолы берік, үзілместей болып. Кейін ол қалаға келді. Жүзбе-жүз сөйлестік. Иә, мен оны қылжақбас деп қабылдағанмын басында. Бірақ оның көп алдында сөзге шешен, мінезі ашық болғанымен, ешкімге қатты келмейтін, сабырлы қасиеті барын ұқтым. Не керек, мен одан өзімнің ойымдағы жігіттік болмысын ғана танып қабылдадым. Екі жылдан соң біз отбасы болдық. Қазір жеті жыл болыпты, 3 баланың ата-анасымыз.
Менің бір ұққаным, Тәңірдің пешенеге жазғаны болады екен. Жұмыр басты пенде оның алдында дәрменсіз. Бақыттың қайдан, қай кезде келіп қонары да беймәлім. Мен бәлкім сол кезде достарыммен көктегі демалысқа бармағанда онымен кездеспес едім. Өмірімнің арнасы басқа жаққа бұрылар ма еді деп те ойлайсың. Бірақ бұл біздің маңдайға бұйырған бақ. Иә, бақ. Себебі мен дұрыс таңдау жасаппын. Ол бір кездері қылжақбас болып көрінсе де, өмірде орнықты, бір сөзді, қамқор әке, адал жар болып шықты. Жүрек қалауыңмен қосылған жанның өмірге деген көзқарасының, ұстанған бағытының дұрыс болғаны қандай жақсы.
P.S: Қазір қоғамда бүгін танысып, ертең отбасын құрып, сосын аз уақыттан кейін ажырасып жататын асығыс жастар көбейген. Бұл әңгімені жастарға отбасын құру деген үлкен өмірге бастар қадам алдында сабырмен күтудің, адаммен көп араласып, тілдескен сайын жұмбақ сырының ашыла түсетіндігін ұқса екен деген мақсатта жаздым. Өмірде адамнан жұмбақ жан жоқ. Оның шешуі де тым күрделі.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ
23 мамыр 2023 ж. 524 0