Жауынды түн
Шам жарығымен «Жалын» журналын оқып жатқан Сайран әлдеқандай бір дыбысқа елең етті. Басын көтеріп алды. Күре жолдан жырақ, жалпақ құмның ішіне қоныс тепкен жалғыз үйге әр дыбыс таңсық. Ауыз жақта әкесі таспа тіліп отырған. Бәкісін қобдиға тастай салып, сырма шапанын иығына желбегей жамылып, фонарь-шамын білегіне іле сыртқа беттеді. Сайран да ілесе шықты.
Іңір қараңғылығы әбден үйездеп, көз байланған шақ. Қара сұр аспан түнере тұнжырайды. Күні бойы берекені қашырған жиреншек жауын әлі де біресе тоқтап, біресе бүркіп тұр екен. Ылғал сіңген ауадан ыза иісі аңқиды. Қақыра үйдің алдындағы ойпаңдағы құдық тұстан мал тұяғының сатырлаған көп дыбысы естілді. Әкесі: «Әй-ау» деп созбақтай дауыстап белгі берді. Сөйткенше қараңғы түн құшағынан жеңіл бүрлектеткен атты кісі суырылып шықты. Бейуақыттағы жолаушыға едірейе қараған Сайраннан гөрі әкесінің көзі қырағы екен.
– Есләмбісің-әй?!– деді әудемнен-ақ ажыратып. Үні ойнақы шықты.
– Мына көзіңмен сені шекараға жіберу керек қой. Торғай ұшырмайсың...– деп кеңкілдей күліп, орта бойлы, шоқша сақалды кісі аттан жылдам түсті.
Әкесі жанына тақаған оны иығынан қапсыра бүре ұстап, жұлқып-жұлқып қойды.
– Құрдасың сенің ығыңды паналағалы келеді. Қас қараймай осында ілігетін едім, мына ақ жауын жүрісті тіпті маңдытпады, – деген Есләм бет-аузын жалаңаш қолымен сүртіп қойды.
– Ау, мынау Алматыдағы ақын ұлың ба? Зіңкәмандай жігіт болыпты.
Сайранның «Ассалаумағалейкум» деп ұсынған қолын қысып, жауырынынан қақты.
– Қойдың қасында кім бар?– деді әкесі құдық жақты мегзеп.
– Күннің ашық-жарығында көшіп алмай... Өзімнен де бар, –деп Есләм түлкі тымағын сілкіп-сілкіп қайта киді. – Айдаушы болмады. Адам табылиады... Айналайын Ақжан шыбынымның көп себі тиді...
– Шегірткедей шырылдап бейуақытта сенің келетініңді қайдан білейін? Кеше ғана қолым қышып, ашық қораны орын ауыстырайын деп бұзып тастағанмын. Ық-далдасыз түнімен қиын енді. Қойды құдық басына иіруден басқа амал жоқ,– деді де, әкесі Сайранға бұрылды. – Балам, қой, тұрма, жылы киініп, қойға қарас...
– Терлеп-тепшіп кемпіріңнің ыстық шайын ішіп қанып алсам, өзім де шығамын ғой,– деді Есләм.
Сайран күрең қасқаны мініп, табандыққа түскен. Қойдың ана басынан біреу қарауытады.
– Ақжан...– деп Сайран солай қарай дауыстады.
– Әу!– Жіңішке дауыс жауын тысырынан құмығып жетті.
Жігіт аң-таң. Жаңа әзірде мұны балаға жорыған. Жаңылыпты. Бойжеткен қыздың үні, сірә.
– Үсіп кеткен шығарсың, үйге бар... Бойыңды жылыт...
– Тоңған жоқпын... Тоңсам айтам ғой, аға...
Қыздың «аға» дегені Сайранның ішін қылп еткізді.
Үзеңгі қағыстыра қатар тұрды. Масаты малақайы жүзін көлейгейлеп, дидарын анық танытпады. «Сұлу ма екен?» деп ойлады ол.
Сайран қашаннан қыздар алдында тым жұлдызды-ақ еді. Небір тостаған көздерді бір кездескеннен үйіріп әкететін. Өзі де ажарлы жігіт – сұңғақ бойлы, ат жақты, қиылған қияқ қара мұрты бар. Мына бір сәтте тіліне тас байланғандай аузына сөз түспеді. Тақымында тыныш тұрған күрең қасқаны ретсіз тебініп қалды. Не заманнан қойға мініліп, әбден жауыр болған момын ат шолақ құйрығын бұлғаң еткізіп, жайбарақат тұра берді.
– Аспанның түбі тесілгеннен сау ма? Кешеден бері тынбастан жауып тұр. – Аузынан әупіріммен шыққан сөз осы болды. Қолын созып алақанын жауын тамшыларына тосты.
– Мезгілі ғой. Қазан ауғанша тыйылмайды. Осы сылбыры сылбыр... – деген Ақжан құдықтың арғы шетіне қарай қағажу шыққан бірнеше қойды кері қайыруға атын тебіне жылжыды.
«Қиқар қыз менің болымсыздығымды табалап, мазақ етіп бара ма?» деп Сайран секемденіп қалды. Амалсыз отардың екінші жағына жылысты.
Бір сарынды жауын шуылына бастапқыдай емес бойы үйренген қойлар пысқырысып-пысқырысып, бірінің бауырына бірі басын тығып, ұйлығыса қалған. Байыздаған отардың аңдысын аңдап Сайран күрең қасқаны митыңдатып, қыз тұрған жаққа таяды.
– Қай уақ болды екен? Маған бірталай уақыт өткен секілді,– деді Сайран қатарласа беріп.
– Әлі түн ортасы да болған жоқ... – Қыз күлді.
– Жұлдызсыз, айсыз қайдан білесің?
– Ешқайдан...– Әңгімелері басталмай жатып тағы да тұйыққа тірелді.
Жігіттің көкейін тескен дегбірсіз ойы – қыз дидарын анықтап бір көріп, қызығушылық меңдеген көңілін көншіту еді. Сұқ көзден қымсынды ма, Ақжан назарын ары аударды. Мақпал қараңғылықта Сайранның аңдағаны: дөңгелек бітімді жүзі ғана. Қайқылау, кішкене мұрны бір түрлі балаңдықты айқындатып тұр. Осы түрінен әлдебір нәзіктік, сезімталдық қылаң бергендей. Жеп-жеңіл, ұшпа толқын Сайранның бойын шымырлатып өтті. Ғажайып түн құшағында жүзін жаңбыр суы жуған балауса қыз табиғаттың ажырамас әсем бөлігі ме дерсің. Сері жігіттің жүрегі аузына тығылды. Баяпар сезімнің ақыл ырқына жендірмей ду ететін кезі болушы еді.
– Аға, өлеңдеріңізді журналдан оқыдым,– деді Ақжан бірінші рет өздігінен тіл қатып.
– Солай ма-ау?– Сайран аяқ астынан үлкенси қалды.
– Ғашық болып күйіп-жанғансыз ғой, ә...– деді Ақжан баяу ғана.
– Құдайға шүкір, әзір мәжнүндіктің зарпынан аулақпын. – Сайран қуақылана айтқанмен, көрер көзге өзінің өтірік соғып жібергеніне төбе құйқасы шымыр етті. Және ақталған адамдай басын ала қашқаны тым ерсі шықты.
«Гүлсаяға ғашықтығымды неге жасырам. Мақтан тұтар ғашықтығымды жасырғаным – қай өнерім?». Сайранның ойы он орам. Лезде кеудесінде тайталасқан әлденеше қас-қабат сезім шиеленісіп барады. Сынаптай толқыған пәтуасыз мінезіне жыны қозды. Әлде мына әлі дұрыс жүзін де көрмеген қыздың мысы басты ма? Дүние қапылса да Сайранның енді: «Иә, ғашығым бар...» деп айтуға кежегесі кейін тартты. Гүлсаяны осы жолы бірінші рет ойынан аластауға тырысты. Осы бір мезетте Гүлсая атты жан әсте жоқ десе, санын шапаттап жіберуге, әрі соған шүбәсіз сенуге бар. Бұрын мұндай көрсе қызарлығы жоқ-тын. Сонау жаңа жылдық балда танысқаннан бергі үш жылда Гүлсая бұл үшін әлемдегі нөмірі бірінші ару болушы еді.
Ақ жауынның бірқалыпты сылпылы құлақты мүжиді. Тұмса қойлардың булыға мекіренгендері ғана ырғақты жаңбыр әуенін бұзады.
– Аға...
– О не?
– Қою түнді, жұлдызсыз жетімсіреген аспанды, жылауық жауынның мазасыз үнін жібектей төгілген жыр маржанына аударсаңыз... Сіз ақынсыз ғой...– деді Ақжан.
– Және де сол түнгі періштедей сұлуды...– деді Сайран оның ауанына ілесіп, әзілге айналдыра.
– Бекер әуреленесіз. –Қыз қитыққан үнмен қарсыласа кетті.
– Неге?
– Жан сарайына бойламай, сыртынан тон пішу– адам үшін обал...
– Жүдә, тамаша! Көз – көңіл айнасы... Қазір сенің көзіңе бір сәт үңілсем, жан әлемің алақанымда сайрайды да тұрады. – Сайран ділмарлана қалды.
– Расыңызды айтыңызшы?! – Қыз риясыз сенгендей момындана үн қатты.
– Ақ сөзім! Алғаусыз сөзім! – Сайран ат үстінен созылып, қызға жақындағанда, ыстық демдері шарпысып, екеуі де бір сәтке ыңғайсызданып қалды. Бірақ жігіт әдепкі ойнақылығынан танбай:
– Жанарыңа сүңгіп кеттім арудың...– деп бейне бір мақамдай өлеңдете бастады.
Қызбалана өңмеңдеген жігіттен қыз именшектене тартынды.
–...Жүрегіме аламын деп дәру мың...,– деп аяғын үзеңгіге шірей тіреп ұмсынған Сайран еркінен тыс қыздың түрік еріндеріне қадала кетті. Қаймақтай тәтті, жұп-жұмсақ үлбірек ерін отқа түскен майдай еріп жүре берді. Сезім құйынына тосыннан кезіккен бойжеткен қыз алабұрта, аңғырт ессіздікпен ұмтыла түсіп, іле басын кері шалқитып әкетті.
Тулаған қаны басына тепкен Сайранның көңілі алай-дүлей. Алағызыған жүрегінің дүрсілі мен тұла бойының дірілі ұласып, безгек тигендей қалтырап барады. Құдды, алтын ғұмырында тұңғыш рет ләззатты шуақты әлемге бас сұққан шикі бозбаладай қараптан-қарап басы айналды. Жаңағы бал шырынның дәмін алғысы келгендей ернін жымқыра тістеп алған.
Тымсырая қалған екеу өз ойларымен алысып әлек.
Жігіт ойлады: «Қызық, өмірімнің ең бір шешек атқан күні көңілімдегі пәлен жыл арман боп, іңкәр қып жүрген көркем бейнемен, яғни осы қызбен дидарласатынымды сонау жалаң аяқ бала кезімнен айна-қатесіз білдім. Білдім де сендім. Содан да көкірегіме қатталған сағыныш сағымын өлең тіліне, ғашықтардың киелі тіліне көшіре бердім. Кейін жап-жасыл иран бақ ішінде оқып берсем, ол құшағымда балқып отырып ұйып тыңдаса деп тіледім. Одан асқан бақытты қаламайтынмын. Қыстың ащы ішектей ұзақ, жаздың шолақ құйрық қысқа түндерінде кірпік ілмей, қиялымдағы құралай көз арумен ұлан-ғайыр Жер шарының қай түкпірінде жолығысатынымды ойлап, шарадай басым шақшадай болатын. Сөйтсем, ол мен туған топырақтың көкөрім, балаусадай балғын түлегі екен ғой. Екі көзін шешек жеген соқырдай құр далақтап, көз алдымдағы табиғат маған сыйлаған гүлін аттап өтіп жүріппін. Әлде менің алапат, асық іңкәрлігімді тұтата түсу үшін, ол мың сан қыздардың ішінде жасырына тұрды ма?! Енді жұмыр басты пенделер түгілі, Тәңірінің де бізді айыруға қақысы жоқ... Гүлсая... Ол – ақылды, аққудың көгілдіріндей көрікті. Бірақ маған онымен болу – неге екенін білмеймін, күллі азап. Мені ол, мен оны алдап келемін. Бұны екеуіміз де ұғамыз. Әйтсе де, еш мән бермегенсіп, еш елемегенсіп, көз жұма қараймыз. Әрі-беріден соң, қадам басқан сайын арамыздан шыға беретін шиден жасқанып, бір-бірімізге ұнауға тырысамыз дәйім. Жасанды... Іш-тысымызды алғаусыз ақтарып, шексіз сырласып көрдік пе?! Ылғи да көңіл түкпірінде әлденелер бүгулі, жабулы қазан күйінде қалып, шиқандай сыздап жанымызды қажап жүргені. Сосын Гүлсаяда табиғи таза сезім, жан мөлдірлігі жетіспейді. Ақыр аяғы мойныңа асылғанына дейін бұлдаулы, еркелеген назына дейін дүбілез. Бәрін-бәрін құрғақ ақылға, қасаң есепке жеңдірген. Оның ойынша, өмірде де, махаббатта да ілгерідегілер салып кеткен сара жол бар... Өз жүрегім есеп емес. Ал мен өз сезімімнің алау отын лапылдатып жаққым келетін.. Міне, міне, ақықтай асылымды мәңгілікке таптым...».
Қыз ойлады: «Апыр-ау, балдай тәтті тірлікте ертегіге бергісіз сәттер болады екен-ау! Тәңірім, бұл түсім емес, өңім болғай. Күні кеше ол шыңдағы дара шынардай тым-тым шырқауда мұнартатын. Көш-қонды қамдаған әкем: «Бүгін Таңсаздағы қорықшы Сәкештікіне түнемелікке жетеміз» дегенде, екі бетім оттай жанып, қатты қобалжыдым. Жанарыма жып-жылы жас моншағы іркілген. Әйтеуір көктен тілегенімді, көптен тілегенімді осы жерден беріп, онымен ұшырасатынымды шынымен жүрегім сезді. Мен Сайранды бұған дейін жалқы рет-ақ көргенмін: бұрнағы жылы, оныншы оқып жүргенде. Тәуелсіздік күні клубта өлең оқыған. Сол күні теңіздей тасыған телегей қуанышымда шек жоқ еді, ауыздарының суы құри қалған сыныптас қыздардан сырттай қызғанғаным есімде. Жанына жетіп барып: «Аға, мен үшін тағы да өлең оқыңызшы» дегім келген қиылып. Өкінішке орай, ол мені танымақ түгілі, жүзімді де шырамытпайтын. Тіпті бір сәт болса да назар тоқтатып қараған да емес. Бүгін әкеме еріп қой айдасып шықпағанда, бейтаныс қалпы өте берер ме едік. Шынымен, жарық жалғанда жалғыз мәрте тілдеспей кетуіміз кәдік екен-ау.. Ойлаудың өзі зәре-құтымды ұшырады...».
Сіркіреген жаңбыр дыбысына елігіп ой мен сезім арпалысындағы қыз бен жігіт ұзақ үнсіз тұрды. Малмандай болып сілейіп, сиқы қашқан аттардың жүні жығылған. Қайшылаған құлақтарының ұшы ғана қыбырлайды.
– Аға, «Махаббат қызық мол жылдарды» оқыдыңыз ба? – деді Ақжан майда қоңыр үнмен.
– Әрине... Меңтайды аяймын.. өмірде соққы үстіне соққы жеп, қарап жүріп алданып... бейшара... бейшара қыз... – Сайран мына жауыннан да бетер бүркіген сезім селін серпіп тастап, ойын сабақтап келе жатыр еді.
– Жоқ, аяушылық – адамның ең жаман қасиеті..– деп жігіт сөзін аяқтатпастан Ақжан бөліп жіберді.
– Сөйтсе де, атақты жазушылар романдарында бейкүнә ғашықтардың бірін өлтіріп, оқырманға аяушылық тудырады...
– Меніңше, шынайы махаббатта ақыл мен жүректен гөрі қиял басым. Қиял – махаббатты шарықтап, пенделік шырмауынан жоғары қояды. Содан да болар, бір-біріне ғашық жандар тіршілік батпағына малтықпау үшін дәйім өлуге тиіс. Әйтпесе, адами әлсіздігі ашылып қалады...
– Қызық сөйлейсің,– деді Сайран қыздың астарлы, кінәмшіл пікіріне бір түрлі шамданып.
– Адамдар туасы өркөкірек, аздаған мейірімдігі бар десеңіз, ол – өзін-өзі қинап жасаған жалған келбеті. Кім-кім де өзгені байғұс, мүсәпір тұтуға, мүсіркеуге ұста. Әркім өзін зор тұтады. Ал махаббат атты ұлы сезім – теңдей сыйласудың, теңдей ұғысудың керемет белгісі болу керек... – Ойын ашып тастаған қыз алабұрта қалды. Дегенмен көкірегімдегіні жеткізе алмадым-ау деген қиналысы да бар.
– Күллі адамға сыйсын-сыймасын бір тонды қаудыратып кигізе салдың да, Ұлы Мәртебелі Махаббатты тәрк еттің,– деп Сайран кесіп айтса да, уыздай қыздың наркескендей батылдығына таңданып та тұр. – Мейліңіз, сіз де мені түсінбедіңіз...
Қыз ойлады: «Қызына-қызына мен көңілімнің шер болған түйткіліне дейін айтып салдым-ау... Түсінер ме? Түсінер ме? Менің жанымды түсіну үшін Үлкен Жүрек керек. Ал сіздің жүрегіңіз қандай екен, аға?!»
Жігіт ойлады: «Сірә, адам он сегіз жасындағыдай ешқашан толқымалы болмас. Өмір қақпасын қағып, сан тарам сүрлеуден өз соқпағын шарқ ұрып іздейтін сандалма шағы бұл. Бүгін алтын берсең айырбастамас ойынан ертеңіне оп-оңай тонын ала қашады. Адасуы да бір сәттік...»
Қазанның жаңбырлы бозамық түні бірте-бірте салқындаған. Ауада сызды ызғар табы мұздай қариды. Сайран кәдімгідей тоңа бастаған. Плащының өңірін қаусырды. Су сіңіп, ылғалданған киімі денесін түшіркендіріп тұр. Ұйыған аяғын қозғап, күрең қасқаның бүйірін тебініп қалды.
– Ақжан, жаурадың ба?
– Жоқ.
– Мойындамайсың, ә, қиқар қыз.
– Қайта жаңбыр жауа берсе, жауа берсе деп тілеймін... Түн құшағын тіліп, жалаң аяқ жүгіргім келеді...
Сайран басын шайқап, оқыс мырс етті.
– Жаңбыр тыйылмаса, ертең жолдарың қиындайды ғой.
Ақжан бұл жолы ләм демеді. Бірақ нәркес көздері: «Жауын астында сенімен өмірбойы тұруға қайлымын» дегенді бүкпесіз айтып тұр еді. Түн түнегінде Сайран оны қайдан көрсін.
– Оқуға неге бармадың?– деді Сайран көкейіне оралған сауалды сыртқа шығарып.
– Көкем мен апамды қимадым: мен жалғызымын. Менен бөтен ешкімдері жоқ.
– Тәйірі, сол да себеп пе?!
– Әне, салғаннан солай дейсіз. Басқалар іспетті сіз де ғаламда өзім ғана бақытты болсам дейтін шығарсыз. Маған көкем мен апамның әр қуанышы – қымбат. –Ақжан жауын тамшылары сорғалаған бетін орамалмен сүртті. – Бақыт деген титей нәрсе...
Сайран бұл жолы сөз таластырмады. Қыздың соңғы айтқандары құлағына енбеген, ойы өзге арнаға ауды. Сол ойындағысын айтуға оқталды. Қолындағы қамшы сабын өші кеткендей қысып алған.
– Ақжан, менің сенен айырылғым келмейді,– деді. – Айырылғым келмейді...
Қару кезенген аңшыға жолыққан киіктің лағындай селк еткен қыз жігітке жалт қарады. Сосын іле аттың тізгінін сілки тартып, қараңғылық қойнына кіріп кетті. Селтиіп қалған Сайран оның ағыл-тегіл жылап бара жатқанын сезген жоқ.
Үй жақтан аяқ тықыры естілді. Лайсаң жерді шапылдата басып, Есләм жақындады. Тонының үлкен жағасымен көлегейлеген темекісінің шоғы жылтырайды.
– Оу, тыныштық па, балам?
– Тыныштық, Есеке,– деді Сайран.
– Бәрекелді, енді демалыңдар... екі шал ойдағы-қырдағыны айтып отыра беріппіз...– деп Есләм жөткірініп қойды да, ары қарай қой шетін орағытып кетті. Қарлығыңқы даусы сол жақтан шықты.
Сайран күрең қасқаны итіңдете ілбітіп, үйге беттеді. Қайырылып қарағыштаған, қыз әкесімен күбірлесіп қалды.
Пеш іргесінде жылы төсекке қисайғанда барып Сайран тұла бойының мықтап тонғанын сезді. Суық әбден өтіп, сүйегіне жетіпті. Буындары сал болғандай жуыспайды. Іші-бауыры мұз жұтқандай жаурап, қалың көрпені қымтана берді. Бүгінгі күнді ой таразысына салғысы келген, алайда көзіне тығылған ұйқы демде меңдеп алды.
Көзін еріне ашты. Аядай бөлме боп-боз сәулеге толыпты. Жылы төсекте керіліп, біраз жатты. Шаршағандық па, әлде түнгі суық өтіп кетті ме, тұла бойы зіл тартады.
Кенет санасы шайда ашылды. Есіне түнгі жауын, Ақжан түсті. Жан сарайында жайлы самал есіп, жадырап кетті. Денесі тез сергіп, ыңылдай ән салғысы келді.
Ауызғы бөлмеде кесе-аяқ сылдырайды. Шай сораптаған әкесі мен шешесі дауыстарын шығарып сөйлесіп отыр.
– Есекеңнің осы қызы Сайранмен жастас па еді?!– Бұл әкесі.
– Жоға-ай, ол емізулі кезінде біздің ұл жүгіріп жүрген,– деп жауап қатты шешесі.
– Солай ма, дегенмен бой жетіпті байғұс қыз. Әп-әдемі-ақ...
– Ана жылғыдай емес, қазір едәуір сылтиды екен. Шойнаңдап аттан түсуге Сайраннан қысылды, білем, үйге әзер кірді...
Сайран төсегінен ұшып тұрды. Алқымына өксік кептелді. Көздері бозарып кеткен. «Ол – ақсақ» деп әлдекім қос балғамен соққылап тұрғандай құлағы шыңылдады. Ештеңе пәруайламастан сыртқа ытқыды. Ауызғы есіктің аласа маңдайшасына шекесін соғып алып, есін әзер жинаған Сайран табалдырықта қалшиды да қалды.
Күн арқан бойы көтерілген екен. Жауын басылыпты. Нұр иісі аңқиды. Іркінді су айналмаған төбешіктерде қой тұяқтарының жыпырлаған іздері ғана ап-айқын болып таңбаланып жатыр.
Көкжиектен шұбатылып қою тұман түсіп келеді.
Е. АБДУЛЛА