Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тоқабайдағы ұрпақтар сабақтастығы

Тоқабайдағы ұрпақтар сабақтастығы

«Өлі разы болмай, тірі байымайды....»
Ауыл – алтын бесік. Осы бір үш сөзді айту оңай, жаза бастасаң көкірегіңді қуаныш сезімі билейді. Себебі ауылда ата-бабаңның жүріп өткен ізі қалды, балалық бал шағыңның елесі қалды. Ауыл жаңалықтарын естісек, қазіргі сыртта жүрген ел азаматтарының ата-бабасына Құран бағыштап, бірлі-жарлы қалған ауыл ақсақалдарына сәлем беріп кетіп жатқанын үнемі естіп, ішің жылып қалады.
«Өлі разы болмай, тірі байымайды..» осы айдарды бетке алып осы жылдың мамыр айының сегізінші жұлдызында Ибраевтар әулеті әкеміз Әбдіразақ пен анамыз Тотының өмірден өткеніне 20 жыл және бауырымыз Сағаттың арамыздан кеткеніне 10 жыл толуына орай Құран бағыштап, ас бердік. Ас берудегі мақсатымыз – кейінгі ұрпаққа ата-бабасын ұмытпай, олардың жүріп өткен өнегелі жолдарын әрі қарай жалғастырып, өткендердің рухына тағзым етуді естен шығармай, ұрпақтардың сабақтастығын дамыту еді. Осы мақсатымыз орындалып, көңілдегі көрікті ойды ортаға салуды жөн көрдім.
Қазір ұлттық тәрбиенің барлығы ауылдан басталады. Тоқабай ауылы бұрыннан да ақсақалы бар ел сыйлайтын, інісі бар елдікті көрсететін ел еді, соның тағы бір кәусі болдық. Ауылдағы ауқымды істерге ақсақалы бата береді, кейінгілері қызмет қылатын ынтымақтастық пен елдіктің үлгісін осы ауылдан көресің. Ауыл адамдары қонақжай, бірінің қазанын бірі асады, үйме-үй қатысып, аяқ-табақ алысып жатқан ел. Біз де сол ауылдың үлкендерінің батасын алып, кішілерінің ілтипатын көріп, кейінгі ұрпаққа сабақ болатындай ас өткізіп қайттық.
Әкеміз Ибраев Әбдіразақ кезінде Жіңішкеқұм совхозында қызмет атқарған абыройлы еңбек адамы болатын.Елге сыйлы, үлкенді аға тұтып, кішіге қамқор бола білген жан еді. Ол балаларына әкеліктің өнегелі тәрбиесін беріп, елдің ықыласына бөленді.Әкеміз өмірден өткенде 63 жаста, ал анамыз Тоты небәрі 58 жаста болатын. Анамыз дастарқаны жиылмаған, қадірлі де сыйлы кісі еді. Алыс-жақын жерлердегі өздері танитын адамдардың анамыздың қолынан дәм татпағаны жоқ. Үнемі ер-азаматтың абыройын асқақтатып, көлденең келгендерге де құшағы әрдайым ашық еді. Біз анамыздан ер адамды сыйлауды, қонақ күтуді, бауырға қамқор болуды, ағайынға қызмет етуді, сабырлылық пен салихалы тәрбиені көріп өстік. Қазір әкемізден тараған сегіз ұрпақтың алды алпыстан асса, арты қырықтың үстінде.
Бір кем дүние деген... Әттеген-ай дейтін тұсымыз да жоқ емес. Осыдан он жыл бұрын қара шаңырақта қалған Сағат бауырымыз небәрі 47 жасында кенеттен дүние салды. Ол №248 орта мектептің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болатын. Ұстаздық өмірінің 22 жылын абыройлы атқара білген азаматты елі әлі ұмытқан жоқ. Соның бір дәлелі, ас болатын күні ауылда Сағатымыздың атында спорттық шара өткізілді. Өзі өмірінің соңына дейін дамытып кеткен стол теннисінің өткізілуін Арал аудандық білім бөлімі қолдап, аймақтың бес мектебі өзара сынға түсті. Спорт турнирінің ашылуына аудандық білім бөлімінің әдіскері Жәкебаев Аманкелді шығып сөйлеп, Ибраев Сағат Әбдіразақұлын еске алуға арналған турнирді ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Әсіресе ауыл әкімшілік аппараты және Сағаттың сыныптас достары мен ел азаматтары бірлесіп, қатысқан оқушыларға ақшалай сыйлықтармен қоса кубок, медаль және мақтау қағаздарын табыстады. Біз ауылдық жерде осындай спорт түрінің дамуына үлес қосқан, артында өлместей мұра қалдырған Сағатымыз үшін мақтанып тұрдық. Өйткені әр баланың мойнында Сағат Әбдіразақұлы деген жазу кетіп бара жатты. Ұстаз есімі қатысқан оқушылардың үйінің төрінде ілулі тұратыны анық.
Ас өткізу тек ішіп-жеу емес, беріліп жатқан садақа, оқылып жатқан Құран кімге беріліп жатқанын кейінгі ұрпақтар білу үшін, тәрбиелік мәні бар «Сағыныш» атты еске алу кешін жасадық. Кеш ауылымыздағы шағын мәдениет үйінде өтті. Ауылдық клубтың ішіне кірген кезде, қолдан келген бар мүмкіншілікті жасап, көркейтіп қойғанын көрдік, естуімізше осы клубты көркейтуде ауыл әкімі Әлішов Мұхансеріктен бастап, ауыл азаматтары өз үлестерін қосқан екен. Ауылдағы шағын клуб үйі бізге үлкен сарайдай болып көрінді. Мазмұны бар, ауқымды іс-шара ауылдағы өскелең ұрпаққа үлкен ой салды. Біз осы іс-шара арқылы әрбір ұрпақ өз ата-бабасын құрмет тұтып, олардың өмір жолын мақтанышпен айта жүретіндей, ата-ананы сыйлау мен бауырға құрмет көрсетуді бүгінгі күннің өзекті мәселесі екенінің айқын дәлелін көрсеттік. Кеште айтылған еске алулар, оқылған өлең жолдары, әке мен анаға арналған сағыныш әндері әрбір көрерменнің жүрегіне жол тапты.
Кешке қатысқан Ардана әулетінің ақсақалы, Арал ауданына белгілі азамат Мақсат Мырзағазиев атамыз ауыл тұрғындарына ұрпағымен мың жасаудың жолы ата-ананы еске алып, рухына бас ию туралы айтып, әулетіміздің ұрпақтарына алғысын жеткізді.«Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деп, әке-шешеміздің көзін көріп, дәм-тұздары жарасқан ауылымыздың ақ жаулықты, алтын құрсақты аналары – Бақыт апа, Үрімхан апа, Күнжамал апа, Күлмараш апалар көрермендерге ана, әже тәрбиесі туралы өнегелі ойларын айтып, естеліктермен бөлісті.80-ге таяп қалған ауыл аналары сахна төріне көтерілгенде, халық қошемет көрсетіп, аналардың естеліктерін тыңдады. Еске алу кешіне қатысқан Тоқабай елді мекенінің абыз ақсақалы, ардагер ұстаз Қуатов Үргенішбай ағай өзі тәрбиелеген Сағаты туралы өзекжарды ойларын айтқанда, ел көзіне еріксіз жас алды.
Кешке қатысқан әр ұрпақ өзінің ата-анасын құрметтеуді және олардың өнегелерін кейінгі ұрпаққа жалғастыруды халық алдында насихаттау келер ұрпақтың еншісі екенін түсінді. Ауыл тұрғындары мен асқа келген қонақтарға өткен заманның сал-серілерінің дәстүрін жалғастырып, ұрпақтар сабақтастығының өміршең екенін дәлелдеп, іс-шаралар соңында дастарқан жайылып, өлі аруақтарға Құран бағышталды.
Осы орайда ұстаз мәртебесін көтеруде басшылық жасаған Арал аудандық білім бөлімінің басшысы Сәнира Жанназароваға және ауылдағы игі істердің басшысы, ауыл әкімі Әлішов Мұхансерікке, №248 орта мектеп директоры Сәтжанов Берік пен оның ұжымына, ауылдағы мәдениет бөлімінің меңгерушісі Есдәулетов Айжарық пен ауылымыздың спорт жетекшісі Сариев Нағашыбайға, сонымен қатар Сағат бауырымыздың алыс-жақындағы сыныптас достарына әулетіміздің атынан үлкен алғыс айтамыз. Әр отбасында осындай өнегелі істер жалғасын таба берсін. Ауыл – әр ұрпақтың алтын бесігі.
Райла Елеусізқызы (Әбдіразақ келіні)

30 мамыр 2023 ж. 400 0