Бір кем дүние...

Мұндай тағдырды қазақтың маңдайына біткен бұлбұл әншісі Күләш Байсейтова да қайталады. Өзінің әріптестері оның шынайы талантын көре алмай, үнемі аяқтан шалумен болды. Бұл Күләштің жүрегін ауыртты, жанын күйзелтті. Күләштің небәрі 24 жасында СССР халық әртісі атағын алып, күнен-күнге атақ-даңқының артуына іші тар әріптестері қызғанышпен қарады, пенделікке барды. Ол 1957 жылы Құрманғазы оркестрімен бірге Қытайға барайын деп тұрған жерінде өзімен қызметтес, сыйласып жүрген қазақтың өнердегі жеті марқасқасы үстінен арыз жазып, сапарға барғызбай тастады. Осынау көре-көзге қиянатқа күйінген Күләш іле-шала Москваға барған жерінде небәрі 45 жасында жүрек талмасынан қайтыс болды. Неткен аянышты...
Ал орыстың көрнекті жазушылары Константин Георгиевич Паустовский мен Борис Пастернак та осы тақылеттес тағдырды бастан кешкен. Нобель сыйлығын беретін швед академиктері 1958 жылы Борис Пастернактің «Доктор Живаго» романы үшін Нобель сыйлығын беруге шешім шығарады. Бірақ Кеңес өкіметінің партия көсемдері Б.Пастернактің бұл сыйлықты алуынан бас тартқызады. Онымен қоймай, оның ізіне түсіп, отырса опақ, тұрса сопақ етіп қуғын-сүргінге ұшыратады. Бұндай әділетсіздік пен қиянатқа шыдай алмаған Б.Пастернак екі жылдан кейін, 1960 жылы қайтыс болады. 1965 жылы швед академиктері орыстың тағы бір жазушысы К.Г.Паустовскийге «Өмір туралы хикая» повесі үшін Нобель сыйлығын беруге шешім жасап, оны «Нобель сыйлығының лауреатына» деген атпен жазушыға бандероль қылып салып жібереді. Бірақ, бұл сыйлықты Кеңес басшылары иесіне жеткізбей құртып жіберіп, швед басшылығына "бұл сыйлықты М.Шолоховқа бермесеңдер кеме жасау тапсырысынан бас тартамыз" деп мәлімдейді. Ал бұл тапсырыстан айырылса швед экономикасына үлкен зиян келетін еді. Әрине, Паустовский мұның бәрін білді, бірақ қолынан келер қайраны болмады. Шведтер амалсыз 1965 жылы Нобель сыйлығын М.Шолоховқа «Адам тағдыры» атты шағын шығармасына беруге мәжбүр болды. Осыдан кейін М.Шолоховтың атақ-даңқы бүкіл әлемге жайылып, лениндік, мемлекеттік сыйлықтарға ие болды. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алып, академик атанды. Мұндай зорлыққа шыдамаған Паустовский үш жылға жетпей дүние салды. Сондай-ақ «Давид», «Сикстин капелласы», «Христы жоқтау», «Сұмдық сот», «Кашинодағы шайқас», «Пьета», тағы басқа әлемдік таңғажайыптарды жасаған италияндық суретші, мүсінші, архитектор Микеланджело Буанаротти өмірде өте сығыр, сараң адам болған екен. Ол үнемі жоқтан басқаны айтпапты. Өзінің есепшотындағы ақшасын тіпті отбасынан да қызғанып, өмірі ақша жетпейтінін айтып, тағдырға наразы болып өмірбақи шағынумен өткен. Бір жаққа іссапармен жүргенде көмекшілеріне бір-ақ төсек жалдап, әлгі байғұстар сол төсекке алма-кезек ұйықтап, демалатын болған.Тамақты да өлшеп берген. Бір тапсырысты алғанда ақша үнемдеу үшін көмекші де алмайды екен. Микеланджело қайтыс болғанда оның үйінде ескі-құсқы заттардан басқа ешқандай мүлік те болмапты. Адамдар оның жоқшылықтан әбден тарығып, жүрегі талып өлген деп ойлаған. Сөйтсе, Микеланджело әлемдегі ең бай адам екен. Америкалық өнертанушы, профессор Рэф Хэтфилд Леонардо до Винчидің өмірін зерттей отырып, кездейсоқ Микеланджелоның байлығына тап болады. Оның есепшотындағы ақшаға адамның басы айналады екен. Тіпті Микеланджело Папа 2-ші Юлийдің құлыптасын жасау үшін ондаған миллион доллар алып, жұмысты бітірмей кеткен.
Атақты «Робинзон Крузе» романын кім білмейді. Авторы ағылшын жазушысы Даниел Дефо. Дефо әлемдегі ең бай адамдардың бірі болған. Сол байлықтың арқасында ол шалқып та өмір сүрген. Бірақ құдай алжастырайын десе аяқ астынан ғой. Дефо бірде өзінің досы, әрі серіктесі Мисті опасыздықпен алаяқтық жасап, оның бар байлығын өзіне иемденіп алады. Мист қайыршылық халге түседі. Оған шыдай алмаған Мист: "Дефо көзіме түссе болды, қайда жүрсе де өлтіремін" ,– деп ант-су ішеді. Мұны естіген Дефо жанын қоярға жер таппай елден қашады. Бірақ шет елдерде де тұрақтап тұра алмай, ақыры өзінің туған қаласы Лондонға қайтып келіп, қаланың шетіндегі жалғыз басты өлмелі кемпірдің жұпыны үйіне тұрақтап, көп ұзамай сол үйде қайтыс болады. Әлгі кемпірдің бұны жерлейтін ақшасы болмай, оның қол сөмкесін ақтарып, ішіндегі оны-мұны заттарын сатып,бір-екі көршісімен елеусіз жерлей салыпты. Әрине, кемпір оныңмол байлықтың иесі, атақты Даниел Дефо екенін білмеген. Артында 250-ден аса ғажайып шығармаларын қалдырған Дефоның өмірі осылай қайғылы аяқталыпты.
Атақты «Кавказ тұтқыны» (Кавказская пленница) фильмінде қорқақ (трус) рөлін сомдаған Георгий Вицин, жолдас Саахов рөлінде ойнаған Владимир Этуш, Шурик роліндегі Александр Демьяненколардың да өмірінің соңғы кездері адам айтарлықтай тәуір болмаған. Соншалықты атақ-даңқтары бола тұрса да, олар жұпыны өмір сүрген. Ал осы фильмде Нина рөлін сомдаған Наталья Варлей қартайған шағында фильмде айтатын «Аю туралы әнін» көпшілік орындарда айтып, содан түскен ақшаға күн көрген. Бұл тізімді жалғай берсек көпке созылуы мүмкін, сондықтан адамзатқа рухани нәр беретін шығармашылық өкілдерін тірі кезінде құрметтеп, бағалай білгенге не жетсін.
Ж.ТӨРЕБЕКОВ