Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Шығармашылық бірлестіктің биігі

Шығармашылық бірлестіктің биігі

Тарихы кемел, шежіресі кенен Арал өңірі қашаннан халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, барын паш етіп жаһанға жырлаған талантты тұлғалардан кенде болмаған. Әрісі Жетес би, Қарасақал Ерімбет, Нұртуған, Нұрмағанбет ақындар, Қазанғап, Мырза күйшілерді айтсақ, берісі әлемге әйгілі жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов, қайсар қаламгер Зейнолла Шүкіров, олардың ізін қуған ақын-жазушылар Шөмішбай Сариев, Әмірадин Әленов, Серік Сейітмағанбетов, Сағындық Тұрдалиев, Сайлаубай Жұбатыров, Қуаныш Жиенбаев, Толыбай Абылаев, сазгер-күйші Мұрат Сыдықов деп жалғастырып кете берер едік. Олардың әрқайсының болмыс-бітімі, табиғи таланты, шығармашылық жолы бір-бір әлем. Туған жерден түлеп ұшқан дара таланттарды әркез қастерлеп, бай қазынасын бүгінгі ұрпаққа насихаттап, есімдері мен еңбектерін ел жадынан шығармай жанашырлық таныту – бүгінгі шығармашылық өкілдері, біздің төл міндетіміз және парызымыз.

Оны қалай орындап, қалай жүзеге асырамыз?! Осы мақсатта аудандағы қолына қалам ұстаған ақын-жазушы, сазгер-суретшілер бас қосып, жұдырықтай жұмылып, бірігіп жұмыс істейтін бір орталық құруды қолға алдық. Мұны әдебиет пен өнерге бірден-бір жанашыр мекеме – аудандық мәдениет орталығымен бірлесіп ашуды ұйғардық. Біздің бастамамызды орталық басшылығы да қолдап, арнайы бір бөлме бөліп, жарық-жылуын да өз мойнына алып, көмек көрсетті.

Шығармашылық өкілдерінің мұндай басқосуы кешегі Кеңес дәуірі кезінде де болған. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мешітбай Құттықов бас болып ақын-жазушылар кездесу кештерін өткізіп отырған. Бірақ ол тек үйірме ретінде құрылып, қолдаушысы не демеушісі болмағандықтан ұзаққа бармай тарап кетті. Сондықтан біз үйірме емес, бірлестік етіп құруды ұйғардық. Ол үшін бірлестіктің нақты атауын белгілеп алуымыз керек болды. Ақылдаса келіп «Арал аудандық З.Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестік» деп атауға келістік. Мұнан соң, бірлестіктің он бір адамнан тұратын құрылтайшысын белгілеп, бес адамнан басқарма, үш адамнан тексеру комиссиясының құрамын, төрағасы мен хатшысын сайлап, жарғысын дайындап, осының бәрі хаттамамен бекітілді. Әділет басқармасынан тіркеуден өткізіп, заман талабына сай заңды тұлға болды. Құрылтайшылар бен демеушілерден түскен қаржыны жинақтау үшін «Халық Банктің» аудандық филиалынан арнайы шот аштық.

Аралда бір ғана аудандық «Толқын» газеті шығады. Ол саяси-танымдық басылым болғандықтан, біздің шығармашылық өкілдерінің жаңа туындыларын тұрақты жариялап тұруға мүмкіндігі бола бермейді. Енді біздің алдымызда өз туындыларымызды үзбей жариялап тұру үшін газет ашу міндеті тұрды. Ізденіп жүріп мұның да жолын тауып, ауданда екінші басылым «Арал әлемі» деген әдеби-мәдени газетті жарыққа шығардық. Әлем таныған Аралдың перзенттері облыстың барлық ауданында тұрып жатқандықтан, газетті аймақтық басылым дәрежесіне көтеріп, таралу ауқымын кеңейттік. «Әдебиет әлемі», «Өнер әлемі», «Білім әлемі», «Туған жер әлемі», «Жаңалықтар әлемі», тағы басқа да осындай айшықты айдарлармен ашылған «Арал әлемі» газеті жыл өткен сайын өз оқырмандарының сүйікті басылымына айналып келеді.

Бүгіндері газет айына екі рет 2000-ға таяу данамен облыс көлеміне тарауда. Бұл ретте көршілес Қазалы ауданындағы оқырмандарымыздың белсенділігін де атап өтуге болады. Қазір газетте Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ерғали Абдулла редактор, Нұрсәуле Кенжебаева жауапты хатшы болып басылымды уақытылы шығарып келеді.

Бірлестіктің құрамына тек ақын-жазушыларды ғана емес, сазгер-суретші, айтыс ақындары, жыршы-термешілер сияқты шығармашылықпен айналысатын өнер адамдарын да қостық. Жұмысты жүйелі жүргізу үшін оларды төрт секцияға бөлдік. Атап айтсақ, «Әдебиет» секциясындағы «Поэзия» бөліміне Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Ж.Әбдірашов атындағы сыйлықтың лауреаты Толыбай Абылаев, «Проза» бөліміне Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі Ерғали Абдулла, «Сазгер-күйшілер» секциясына Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, ақын-жырау, күйші Мұрат Сыдықов, «Суретші және қолөнер» секциясына Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Берік Бөкешов, «Айтыс ақындары және жыршы-термешілер» секциясына республикалық ақындар айтысының бірнеше дүркін жеңімпазы, белгілі жыршы-термеші Айбек Тәңірбергенов жетекші болып бекітілген. Оларға аудандағы барлық шығармашылық өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істеу міндеттелді.

Шығармашылық бірлестік аудандық мәдениет орталығының жанында болғандықтан олармен бірлесе жұмыс істеп келеді. Барлық кездесу мен бағдарламалардың өз дәрежесінде өтуіне орталық әдіскерлері мен өнерпаздарының еңбегі ерекше. Ауызбіршілік пен ұйымшылдықтың арқасында жұмысымыз жақсы нәтиже беруде. Аудандық мәдениет үйі және З.Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйімен, аудандық орталық кітапхана және аудандық өлкетану музейімен, өнер мектебімен де берік байланыс орнаттық.

Атқарылатын жұмыстар жайлы жыл басында нақты жоспар жасап, сол бойынша іске кірісуді жолға қойдық. Туған күні мен мерейлі жылдарына сәйкес Зейнолла Шүкіров, Мұқағали Мақатаев, Әбдіжәміл Нұрпейісовке арналған кештер жыл сайын тұрақты өткізіледі. Өткен жылы Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, жерлес ақын-жазушылар Қуаныш Жиенбаев пен Толыбай Абылаевтың 70 жылдық, Ерғали Абдулланың 65 жылдық мерейтойларын өткізуге атсалыстық. Бірлестік мүшелерінің тағы бір табысы өткен жылы Т.Абылаевтың «Алақанымда Арал», балаларға арналған «Кішкентай балық туралы ертегі», Е.Абдулланың «Аралдың адамдары» атты еңбектері баспалардан жарық көрді.

Бірлестік бойынша жыл үздіктерін айқындап, марапаттап отыруды да дәстүрге айналдырдық. Атап айтсақ, 2022 жылдың қорытындысымен тиісті аталымдар бойынша зергер-шебер Мырзабек Қаныбаев «Жылдың үздік қолөнер шебері», белгілі термеші Зәуре Ізекешова «Жылдың үздік жыршы-термешісі», күйші Сержан Сәрсенбаев «Жылдың үздік күйшісі», еңбек ардагері Мамай Өтемісов «Руханият жанашыры» атанып, дипломмен марапатталды.

Биыл да біраз іс-шараларымыз айқындалып тұр. Оның ішіндегі ауқымдысы шығармашылық бірлестіктің құрылғанына және «Арал әлемі» газетінің жарыққа шыға бастағанына бес жыл толуына арналған есептік концерттік бағдарлама, белгілі ақын Оңталап Базаралиевтың 60 жылдық мерейтойы, т.б.

Құрылғанына 5 жыл толған Арал аудандық З.Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестік аты аймаққа тараған «Арал әлемі» атты газеті бар үлкен ұжым аталып, аудандағы шығармашылықпен айналысатын жандардың өнегелі ортасына, құтты шаңырағына айналып келе жатқанына қуаныштымыз.

Жұмабай ЖАҚЫП,
Арал аудандық З.Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестігінің төрағасы,
ауданның Құрметті азаматы
27 маусым 2023 ж. 508 0