Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Тастамашы, ана»

«Тастамашы, ана»

«Меніңше, біздің әкеміз ең жақсы әке. Ешкімге қатты сөйлемейді, ешкіммен ренжіспейді. Біздің сабақтарымызға көмектеседі. Ал жазда біз әкемізбен орманға кіріп кетіп, саңырауқұлақтар тереміз, бүлдірген, қойбүлдірген сияқты орман жидектерін үйімізге шелектеп теріп әкетеміз. Бірде тіпті әкеміз бізге бұғыларды көрсетті!» - деп басталатын Айгиз Баймұхаметовтің «Тастамашы, ана» атты туындысы көпке таныс болар.
Шығарма желісі бойынша аналарынан ерте айырылған қос бірдей 7 баланың тағдыры енді әкесіне аманат болып қалады. Тіпті әкесіне балаларын балалар үйіне өткізіп, екінші рет үйлен деп ақыл айтқандар да болды. Дегенмен өзі тірі тұрғанда балалар ешқашан балалар үйін көрмейтіндігін айтып, басқалардың айтқан ақылдарына қарсылық білдірді. Бірақ соңғы уақыттары әкелері де жиі ауырып бастайтын болады. Өз ауруын балаларына білдірмес үшін күлімдеген әке жүзі күн сайын солып бастады. Бұл уақыттары үйдің екі үлкен ағасы мен әпкесі қаладағы училищелердің бірінде оқитын.
Көктемнің шуақты күндерінің бір кешінде төсек тартып жатқан әке кіші ұлы Ілиясты өзіне шақырып, өзінің жағдайының нашарлап жатқанын және бауырларына қамқор болуы керектігін айтады. Мұнан кейін өз аманатын табыстағысы келіп еді, жанын қинаған ауруы асқынып қатты жөтелге булығады. Келесі күні таңертең үлкен әпкесі Әлия шай дайындап, алдымен әкесін шақырады. Жауап болмады. Әлия әкесіне жақындай беріп еді, оның жантүршігерлік дауысы үйдегі балалардың барлығын оятып жіберді. Сөйтіп әкесінен айырылған жетім қалған балапандарды тыңдар енді ешкім қалмайды.
Бірнеше күн өткен соң балалар үйі тағы төрт баламен толығады. Осылайша әке мен анадан бірдей айырылған балапандар тағдыры балалар үйіне аманатталады. Тіпті ондағылар әкесі мен анасының ауырып қайтыс болғанына сенбей, өлгенше ішіп қайтыс болған деп бұларды кемсітумен болады. «Балалар үйіненбіз» деген сөзге ақырындап бойлары да үйрене бастайды. Тіпті сол ауылдың тұрғындарының «әне балалар үйінің балалары жүр. Байқаңдар бірдеңелерді ұрлап кетпесін» - деген сөздері де енді таңқалдырмайтын болады. Тіпті онда берілетін күнделікті аз ғана құйылған тамақтарына да үйренісе бастады. Оларға бұрынғыдай қаймақ, колбаса, кәмпит деген секілді тәтті тағамдар жай ғана арманға айналды. Туынды барысында кіші ұл Ілиястың сағыныштан түс арқылы анасымен сөйлесетін сәттері де оқырман көзіне еріксіз жас келтіреді.
Қаталдық пен тәртіпке толы балалар үйі бұларды өз беттерінше тіршілік етуге үйрете бастайды. Бірде Ілиястың тісі қатты ауырып, 3 күн бойы маза бермейді. Оны медпунктегі дәрігер қалаға барып емдету қажет екендігін айтады. Балалар үйінде директордың көлігі ғана күнделікті қалаға баратын еді. Енді директорға тісінің ауырып жүргенін және қалаға бару керектігін айтса, ертең барамыз деумен-ақ бірнеше күн бойы жүріп алады. Одан түк шықпасын білген Ілияс досы Амиляның құрған жоспарымен ескертусіз қалаға кетіп қалады. Қайтар жолдарында автобустан шатасып, жол білмей адасқан екеуі балалар үйіне түнде бір оралады. Осы сәтте оларды барлығы күтіп отырған еді. Келесі күні мәжіліс залына жинап, Ілияс пен Амиляны бүкіл балалар үйінің көзінше келеке етіп, мазақ қылады. Кейін бұлардың жазасын балалар үйінің атаманы, директордың оң қолы саналатын Даян есімді балаға тапсырады.
8 наурыз қарсаңында Даян Ілияс пен оның досы Фарит екеуіне қызына сыйлық алу үшін елу рубль тауып келулері керек екендігін тапсырады. Ұрлық дегенге жоламайтын екі дос жұма күнгі садақа ретінде адамдардан 12 рубль 50 тиын тауып келеді. Осы сәтте оларды балалар үйінде Даян күтіп жүрген болатын. Олардың келгендерін тағатсыздана күткен Даян бірден екеуін бөлмесіне кіргізіп, ақшаны берулерін сұрайды. Қалтасынан жеткіліксіз қаражатты шығарған Фаритті көргенде Даян қатты ашуға булығып, бүгін сазайын тартқызатынын айтады. Ал келесі күні жұмысы Ілияспен болатындығын жеткізеді. Сәл уақыттан кейін Даян бөлмесіне барлық топтағы балаларды жинап алады. Содан кейін бір балаға Фаритті шақырып келуін тапсырады. Даянның бөлмесі Ілияс пен Фариттің бөлмесінің жанында болғандықтан Ілияс көрші бөлмедегі әр дыбысқа назар аударып отырады. Көп ұзамай терезе түбінен дүрс еткен дауыс естіледі. Ілияс сол сәтте терезе түбіне жүгіріп барып қараса «Өлдім-өлдім» деп айғайлаған Фариттің ащы дауысын естиді. Бұл оқиғадан соң Фарит сабаққа бармайтын болды, тіпті нәр де татпайтын болып қалады. Тек басын ұстап ауырып жатумен болды. Кейін жағдайы күн сайын нашарлай түскен Фаритті медбике ауруханаға алып кетеді. Бірақ Фарит осы күннен кейін балалар үйіне оралмайды. Фаритті іздеген Ілиястың сұрағына тәрбиеші оның басқа балалар үйіне ауысып кеткендігін айтады.
Оқу жылы аяқталуға аз қалған уақыттары сабақ үстінде пән мұғалімі Ілиясты кеңседен сынып журналын әкелуге жұмсайды. Қай сабақтан қандай бағаға қорытылатынын білуге қызыққан Ілияс журнал беттерін парақтай береді. Кейін досы Фариттің де қай балалар үйіне ауысқанын білу мақсатында журналдың соңғы бетіне келеді. Бірақ онда «Мектептен шықты: Негіздемесі: қайтыс болуы туралы куәлік №ХР – 10252.» - деген жазуды көрген Ілияс өз көзіне өзі сенбей басы айналып құлап түседі.
Тағы айта кетерлігі, туынды барысында басшылықтан келетін арнайы тексеріс алдындағы балалар үйінің дайындығын да көрсетеді. Терезеге түрлі-түсті перделер ілініп, балалар бөлмесіне әдемі кілемдер жайылады. Сондай-ақ шытынаған ыдыстармен шай ішіп жүрген балаларға жап-жаңа, әдемі ыдыстармен тамақ беріледі. Ал ең үлкен қуаныш балалардың үстеріне жаңа киім, шалбар, шұлықтар кигізіледі. Балалар үйінің директоры балаларға келетін қонақтарға арызданбауларын және мүлде сөйлеспеулерін тапсырады. Сонымен қатар Уфадан қонақтар келген сәтте балаларға берілетін ас мәзірі де кенет өзгере қалды. Түскі асқа түшпара дайындалып, әрқайсысына бір алма мен бір кәмпиттен беріледі. Мұнан кейін мәжіліс залында концерт ұйымдастырылып, қонақтар сөз сөйлеп бастайды. Сонда келген қонақтың бірі орнынан тұрып, балалар үйіндегі жағдайға риза екендігін айтады. Мемлекеттің осындай жағдайды жасап беріп отырғанына қуанып, балалардың білім алу керектігін де жеткізеді. Кейін келген қонақтар балалар үйінің директорымен бірге кетіп қалады. Тек біреуі ғана залдан шығуға асықпай, балаларға кәмпит таратып береді. Сол сәтте қонақ шетте үнсіз тұрған Ілиясты сөзге тартады. Оның сабақты жақсы оқитынын естіген қонақ, 11 сыныпты бітіріп университетке түсуіне болатындығын айтады. Біршама уақыттан соң қонақтар қайтады. Сол сәтте-ақ жайылған әдемі кілемдер алынып, перделер де бұрынғысынша қалыпқа ауыстырылады. Тіпті балаларға берілген әдемі киімдер де жиналып алынады. Бірақ осы күннен бастап Ілияс университетке түсу туралы көптеп ойлана бастайды.
Кейін балалар үйінің директоры 9 сынып бітіргелі отырған 5 баланы шақыртып, оқу орындарын таңдатады. Суретші болғысы келген бір баланы мәжбүрлеп кәсіптік-техникалық училищеге жібереді. Ал кезек Ілиясқа келген сәтте университетте оқығысы келетінін айтады. Мұны естіген директор Ілиясты келеке етіп, білім министріне хат жаз деп мазақ қылады. Оны да техникумға жіберуді ұйғарады. Сол күннен бастап Ілияс министрге хатты қалай, қайда жазу керектігін сұрастырып алады. Хатқа бірінші өзін таныстырып бастап жазған Ілияс өзіне ұнайтын пәндерді жазады, сондай-ақ оған директордың кедергі болып тұрғанын да түсіреді. 11 сыныпты аяқтағанынша балалар үйінде тұруына көмек сұрайды. Бір ай өтер-өтпестен балалар үйіне Уфадан министрліктің өкілі келеді. Ілиястың оқуына кедергі жасамауларын айтып, балалар үйінде қалдыру керектігін тапсырады. Ал Ілияс болса арманына жетіп қуанғанымен, министрге жазған хаты үшін көп рет таяқ жеп қалады.
Біршама уақыт өткен соң Ілияс оқуға тапсыру үшін Уфаға барар алдын туған үйіне соғып кетуді жоспарлайды. Сөйтіп таңертең жүрегі толқып, туған ауылына жолға шығады. Деревняға келе салысымен ол ата-анасының бейітіне барып, біраз отырады. Сөйтіп балалық шақтың балдай күндерін өткізген туған үйіне қарай тарта жөнеледі. Бірақ туған үйін бірден тани алмай қалған Ілияс қақпаның өңіп кеткен түрін көреді, терезелер де сынған екен. Үйдің ішіне ене бергенде онда түк те қалмаған. Отбасылық фотосурет көрем бе деп келген Ілияс өз үйін тани алар емес. Кезінде әкесі бергісі келген аманатты да таппай қалады. Ертеңгі Уфада болатын емтиханға асыққан бала есік алдынан бір қарияны байқап қалады. Қария Ілиясты бірден танып, оны құшақтай кетеді. Сөйтіп қария Ілиясқа бір затты табыстауы керектігін айтып, үйіне алып келеді. Үйдің түкпір-түкіпірінен іздеген затты таппайынша Ілиястың да тағаты таусылып барады. Бір кезде қария затты тауып алып, қуана Ілиясқа қарай келеді. Әкелері өмірден қайтар сәтте олардың кішкентай болғандығын және осы бір аманатты қария өзіне табыстап кеткендігін айтып, аманатты иесіне табыстайды. Ілиястың алақанында тұмар жатты! Бұл тұмармен атасының соғыстан қайтқандығын айтып, қайтыс болар кезінде атасы Ілиястың әкесіне табыстап кеткендігін, сонымен бірге ол тұмарды тастамай тағып жүруі керектігін айтады.
Сөйтіп асқақ арманмен жаңа өмірге қадам басқан Ілияс университетке түсіп, ер жетеді. Кішкентайларынан жетім қалған бауырлар да есейіп, отбасын құрып, өмірде өз орындарын табады.
Қаншама қиындықты бастан өткерген 7 баланың тағдыры оңай болмағаны анық. Өмірдің үлкен сынағына бала кездерінен тап болып, шыңдала түсті. Тіпті ешқайсысы жаман жолға түспей, бір-бірінің қолдауы мен ақылдарының арқасында түзу жолмен жүре білді. Шығарманы оқып отырған оқырман ата-ананың, бауырлардың қадірін түсінері сөзсіз. Сонымен бірге туындыда балалар үйіндегі көптеген баланың іс-әрекеті, психологиясы бір-біріне мүлде ұқсамайды. Дегенмен олардың Ілиястың арманынан бөлек арманы бар. Ол – күндердің бір күні анасы оларды іздеп келіп, алып кетеді деген үміт. Ал Ілияста тіпті мұндай арман да, үміт те жоқ еді...
А. НҰРЛАНОВА
02 қыркүйек 2023 ж. 1 099 0