Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Арал ауыл шаруашылығы майталманы

Арал ауыл шаруашылығы майталманы

Арал өңіріндегі   іргелі шаруашылық «Қарақұм» совхозын басқарған  ұлағатты  азамат  Байжан  Бижанов. «Жақсы адамның жүрген жерінде өшпей іздер қалады» дегендей, Арал өңірінің ауыл шаруашылығын өркендетуге сүбелі үлес қосқан  Байжан Бижанов  1917 жылы 7 қараша күні сол кездегі басқару құрылымына сәйкес Қазалы уезінің Райым болыстығына қарасты «Нұрша» деген елді мекенде дүниеге келген.  Нұрша әулие ұрпағы Байжан жас кезінде ауыл молдасынан ескіше оқып сауаттанған. Жасөспірім кезінен алғыр, зерек Байжан баланы сол кезде Қазалыда бедел алып тұрған ағалары  Елеулі, Елеусіз қолдарына алып  туземдік бастауыш мектепке оқытады. Осылайша ескіше, орысша білім алған Байжан ерте қызметке ауысады.
1937 жылы Қазалы ауыл шаруашылығы техникумын, 1957 жылы  Қазақ ауыл шаруашылығы институтында зоотехник мамандығы бойынша білім алып шығады.  Ұлы Отан соғысы басталған жылдары, яғни 1942 жылы әскер қатарына шақырылады, одан 6 айлық кіші командирлер дайындайтын курста оқып, писарьлық қызмет атқарады, алайда денсаулығының жарамсыздығы және тылдағы шаруашылыққа маман кадрлардың қажеттілігіне байланысты елге қайтарылып, брон берілген.
Білімдарлығы мен өжеттігі, табандылығы арқасында  Байжан  республика, облыс деңгейінде қызметке көтерілген, Қазақ КСР Жер комиссариатында, мал шаруашылығы басқармасында бас зоотехник болды.
«Бәкең» деген атағы Арал халқының есінде бүгінге дейін айтылады,  қызметін Арал ауданында жалғастырды, аудандық жер бөлімінде бас зоотехник, Абай колхозында /Қарақұм/ басқарма бастығы. Байжан Бижанов басқарған жылдары Қарақұмның дәуірі жүріп, облыстың маңдайалды  шаруашылығы болды, оған қоса өзінің қарым-қайратымен, ақыл-парасатымен, білім-ғылымымен, белсенді іс-әрекетімен өңірде мал шаруашылығының өркендеуіне себепші болды.

Ол үшін барлығы бірдей еді. Тек кімнің қабілеті болса, кім жақсы жұмыс істесе соны көтермелеп, ілгері жылжытып отырады. Қолынан келетінге билік берді,  келешегі бар  ауыл  жастарын барып  оқуға түсірді, стипендия бергізді, жұмысқа орналастырды. Қайсарлығы басым, мейірімділігі мол талапшыл адал басшы болып Байжан аға ел-жұртының есінде мәңгі қалды.
Зейнет жасына жеткен соң да қоғамдық өмірден қол үзген емес. 1971-1981 жылдары аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас зоотехник, 1981-1983 жылдары №13 ПМК, Кеме жөндеу зауыты, СПТУ мекемелерінде  жауапты жұмыстар атқарды.
Еңбек майталманы 1998 жылы қараша айында қайтыс болды. Ел алдындағы сіңірген еңбегі де лайықты бағаланды. Республика бойынша  «Ауыл шаруашылығының еңбек сіңірген қызметкері» атанды, Жоғарғы Кеңестің Құрмет грамотасымен, «Құрмет белгісі» ордені мен бірнеше медальдардың иегері, Арал қаласындағы көшеге есімі берілді.
«Тектінің тұяғы  сүрінбес»  дегендей, артында қалған ұрпақтары ата-анадан дарыған қасиеттерін бойына дарытып, жоғарғы білімді, ғылым жолын қуған, елге сыйлы азаматтар  болды.
«Тау алыстаған сайын биіктей түседі». Ардақ тұтар абзал ағамыздың сөзі мен ісі, еңбегі, көрсеткен үлгі-өнегесі халқының жүрегінде мәңгі сақталып  қала бермек.
Гүлнар  Каримолдақызы,
Арал   аудандық  тарихи өлкетану музейі ғылыми қызметкері

16 қыркүйек 2023 ж. 988 0