Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұстаздың ұлағатты жолы

Ұстаздың ұлағатты жолы

«Ұстаз — ұлық емес, ұлы қызмет» деп қазақтың даңқты батыры Б.Момышұлы айтқандай, тарыдай болып келген шәкіртінен таудай тұлға қалыптастыруда, бала бойына адамгершілік рухты сіңіріп, білім мен тәрбие беруде мұғалімнің еңбегі ерен. Шәкірттерінің жүрегіне білімге деген сарқылмас ынта-ықылас дәнін сеуіп, келешегіне деген сенімді серпіліс берген ұстаздарымыздың орны қашан да бөлек. Осындай есімін ерекше атап айтуға тұрарлық ұстазымыз – ауданның, облыстың білім саласында өзіндік қолтаңбасы бар, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері Орынбасарова Ғайни Кенжебайқызы бейнеттің зейнетін көрер жасқа жетті.
Ғайни Кенжебайқызы – саналы ғұмырын білім саласына арнап, өзінің айшықты еңбегімен дараланған, майталман маман. Оның тағылымға толы өмір жолы, сатылап өскен қызметтік карьерасы мұғалімдік мамандықтың қыры мен сырына енді ғана қанығып келе жатқан әрбір жас ұстаз үшін өнеге деп санаймын. Бұл сөзді неге айтып отырмын? Өйткені кейіпкеріміздің жүріп өткен жолы сан қилы.
Ғайни апай 1962 жылы Арал ауданына қарасты Бөген елді мекенінде дүниеге келген. Ауыл іргесіндегі мектептен орта білім алды. Алдағы асқар шыңдарға шықсам деген талаппен Ақтөбе қаласындағы педагогикалық институттың «математика» факультетін бітірді. Барлық мамандықтың анасы – мұғалімдікті иеленіп, 1986 жылы күрмеуі қиын, сүрлеуі мол ұстаздықтың ұлағатты жолына түсті.
Еңбек жолын өзі оқыған Ақтөбе облысындағы орта мектепте қатардағы мұғалім болудан бастады. Ол кезде мұғалімдікті таңдаған адам «шу» дегенде шауып кететіндей әмбебап болуы керек. Апайымыз осындай сындарлы шақтардан сүрінбей өтіп, биіктерге өрледі, яғни, 1986-1995 жылдар аралығында Ақтөбе, Арал, Қазалы, Маңғыстау өңірлерінде қатардағы мектеп мұғалімі болса, 1995 жылдан бастап қазірге дейін Ақтау қалалық білім бөлімінде жетекші және бас маман, Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы, Арал аудандық білім бөлімінде бас маман және сектор меңгерушісі сынды қызметтерді абыроймен атқарды. Апайымыздың қырық жылға жуық уақытын білім саласына сарп етіп, абырой биігінен көрінуі Алланың берген бағы шығар.
Болмысынан қарапайым да көпшіл Ғайни Кенжебайқызының бойындағы оқушылар жанын терең түсінетін, үлкенмен де, кішімен де тез тіл табысып, ұқыпты жұмыс жасайтын, кездескен проблемаларды ақылмен, сабырмен шешетін қасиеттері ерекше бағалауға тұрарлық.
Қазір құрметті еңбек демалысында болса да, хабарласып кеңес сұраған әріптестеріне өзінің жинаған бай тәжірибесімен бөлісіп, үлкендік ақыл-кеңесін беріп келеді.
Республикалық көлемде білім саласының өзекті мәселелеріне арналып жүргізілген семинарларға тұрақты түрде қатысып, жаңашыл, тың ұсыныстарымен көзге түсіп келді. Өзгенің бақытын аялап, өз уақытын аямаған Ғайни Кенжебайқызының білім мен тәрбие саласындағы өлшеусіз еңбегінің қайтарымы ретінде аудандық, облыстық, республикалық дәрежеде бірнеше рет марапаттауларға ие болды. Мектеп пен жоғары оқу орындарының арасындағы кәсіби және шығармашылық байланыстар орнатуға ұйытқы болғаны үшін жоғары оқу орындарының басшыларының да Алғыс хаттарымен марапатталды.
Апай – ұстаздық мамандықты таңдаумен қатар, өмірлік серігін таңдауда да қателеспей, нағыз әйел бақытына бөленген асыл жар, аяулы ана, ақылды ене, ең бастысы Зере, Інжу, Айдарбек, Әсем сынды ұл-қыздардың сүйікті әжесі.
Әріптес апайымызға Арал ауданы бойынша білім бөлімінің атынан зейнет жасына шығуымен құттықтай отырып, зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасына амандық тілейміз. Алла берген сынақты еңсеріп, еткен еңбегіңіз бен төккен теріңіздің рахатын көріңіз!
А. ЖАЙШЫЛЫҚ
07 қазан 2023 ж. 1 168 0