Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қазақтың ырымдары: біз не нәрсені қаперге алмаймыз?

Қазақтың ырымдары: біз не нәрсені қаперге алмаймыз?

Жақында туысқандарымыз жаңа үйге кіріп, қоныс той жасаған болатын. Жақын туыстарымыз болғандықтан дастарханда үлкендермен бірге отыру мүмкіндігі туған. Әңгіме барысында жаңа үйдің қабырғасына тұз, қызыл шүберек ілу сияқты ырымдар туралы сөз қозғалды. Оларды бірі дұрыс десе, енді бір қонақ «Аллаға серік қосу» деген пікірін білдірді. Аздап таласқа түскен бұл тақырып туыстар арасында тез ұмытылды. Дегенмен менің ойымда біршама уақыт жүрді. Шынымен де сенім мен діннің аражігін ажыратудың маңызы зор ғой. Қазіргі таңда осындай мәселенің кесірінен қай нәрсеге сенетінімізді білмей де қалдық. Сондықтан халық арасында кеңінен тарап, ел арасында екі түрлі пікір қалдыратын ырымдар туралы сөз қозғасақ.
Бәріміз білетіндей дін сенімнің негізінде пайда болатын дүние. Ол – Жаратылыс иесі, бір Аллаға сену және оған апаратын жол, ал сенім дінсізде де бола береді. Ол белгілі тылсым күштің бар екендігін мойындау. Ырымдарға да, кез-келген мағынасыз заттың құдіретіне сену осыған жатады.
Қазақ халқы негізінен салт-дәстүрге, ырымдарға бай ел. Оны ежелгі тарихи деректерде көрсетілген түс жорыту, атаның ақ батасы мен теріс батаның құдіретіне сену, қыз балаға жілік тартпау секілді кез-келген іс-әрекеттен көруге болады. Осылардың ішінде екі түрлі пікір қалдыратындары да жоқ емес. Соның бірі жоғарыда айтқандай жаңа үйге қызыл шүберек немесе тұз байлау.
Жақында бір кітаптан ежелде қазақтардың жайлау, күзеуге көшкенде жерошақтың қоламтасына бір күлше нан тастайтын дәстүрі туралы оқығам. Оның мәнісін сұрағанда үлкендер: «жаяу жүрген жолаушы «осы жерде үй бар еді» деп, өзегін жалғауға жолы түсе қалса қайтпек еді» дейді. Ондай кезде жолаушы ең алдымен жерошаққа барады екен. Тіпті күлге көмген ештеңені таппаса, «көргенсіздің ауылы екен» деп күліңді шашып кетуі мүмкін. Міне, қазақ құдайы қонақты, қазақтың қазаққа деген бауырмал жанашырлығын әрқашан жоғары қойған. Уақыт өте келе, әсіресе Кеңес үкіметі заманында қазіргідей там үйлер салына бастаған. Ол кезде де үйдің сыртқы босағасына тұз, кішкентай үзім нан, сүт секілді заттарды байлап қою дәстүрі болған. Онысы егер де үйде ешкім болмаған жағдайда көрші-қолаң бір зат сұрап келсе немесе өзге де жан келіп өзегін жалғаса деген мақсатта тұрмыста ең керекті деген дүниелерді ілген. Қазіргі таңда жаңа үйдің босағасына зат ілу осы дәстүрдің қалған жұрнағы екенін көп адам біле бермейді.
Ал қызыл шүберек мәселесіне келсек, бұрын, медицина қазіргідей дамымаған кезде қызылша ауруы адамзат үшін қорқынышты ауру болатын. Негізінде ертеде ата-бабаларымыз үйінде бір жан аурса, босағаға шикі ет байлап қоятын. Онысы ауру адамды шикі етке балағандықтан, «шикі еттімін» деген мағынада. Шикі етке түрлі құрт-құмырсқа, құстар үйір болғандықтан оны шүберекке алмастырған. Шүберекті «қызылша қызыл шүберекке көш» деп, есік алдына байлап, оның өңі бозарып, шіріп түспейінше қоятын болған. Бір жағынан қызылша жұқпалы ауруға жататындықтан, сақтық шаралары мәселесін ұмытпау үшін бұл үйге келуші жандарға белгі ретінде қарастырылған. Жалпы қазіргі көзқарастағы көз тию жағдайына, Аллаға серік қосуға байланысты сенімге қызыл шүберектің қатысы жоқ деп сеніммен айтуға болады.
Көз тиюдің дінде де, қазақы ырымда да бар екені ақиқат. Халық ұғымында жақсы адамға, жас нәрестеге, жүйрік жылқыға, әдемі қызға, жалпы көз тартарлық дүниелерге тіл-көз тиеді деп есептелген.Бәйгеде озған жүйрік атқа көз тиеді деп сақтанып, елге көрсетпеуге тырысқан. Жас балаға тіл-көз тимесін деп молдаға дұға жаздырып, оны былғары бойтұмардың ішіне салып, мойнына тағып қойған немесе үстіндегі киімнің омырауының астыңғы жағына қадап қояды. Кейде бесікке үкі немесе көзмоншақ тағып қоятындар да бар. Оны да қазақ ұғымында Аллаға серік қосты деп есептейтіндер де бары өтірік емес.Көзмоншақ тағу көз тиюден сақтасын деген мағына. Қай адамның болса да көзі ерекше затқа бірінші түсетіні анық. Сондықтан балаға түсетін сұқ көздің алдын алу үшін оның киіміне көзмоншақ тағу үрдісі болған. Ол тек адамнан келетін жаман энергияны алыстатушы міндетін атқарған. Ал осы көзмоншақтың құдіретіне сену дұрыс емес болып табылады.
Үкі – қазақ үшін қасиетті құс. Оны бір дәлелі, ертеде қазақта бала аңсап жүрген отбасына үкі асыраңдар деп кеңес беретін болған. Балалы болған соң ғана киелі құсты бостандыққа жіберген. Оның тағы бір пайдасы - үкі жылан, тышқан секілді жәндіктермен қоректенеді әрі үкінің иісі шыққан үйге құрт-құмырсқа көп жақын бола бермейді. Сол себепті бесіктегі баланы қорғасын деп, оның бас жағына үкінің қауырсынын ілетін болған.
Сол сияқты отпен аластау да екі түрлі көзқарастағы ырым түрі. Жалпы жаңа үйге көшкенде, әулетке келін түскенде, кейде ұйқысыздық мазалаған сәтте де үйді отпен аластау тұрмыста көп кездеседі. Бұның барлығы Құдайға серік қосу дегеніміз қате болары анық. Жалпы адамзат пайда болып, отты алғаш жаққан сәттен бастап-ақ оның пайдасын білген. Оны сөндіріп алу оларға көп шаруа әрі қолайсыздық тудырған, сондықтан оны барынша ұзақ жағуға ұмтылған. «Оттың өшпеуі, шырақтың сөнбеуі» қазақ үшін азаматының, отбасының аман болуы, шаңырағының шайқалмауы, ел-жұрттың тыныштығы дегенді білдіреді. Сонымен қатар көшпенді қазақ елі үшін оттың өшпеуі тәжірибелік мәнге де ие болған. Оттық табыла бермейтін, от жағуда қиналатын көшпенді бабаларымыз түнгі оттың қоламтасын күлге көміп, таң атқанша сөніп қалмауын қамдаған. Таңертең оты өшпеген үйдің жылуы кетпейді, от тұтата алмай қиналмайды, дәрет суы дайын тұрады, ас-суын да жылдам даярлайды, яғни әрбір ісінің берекесі болады. Сондықтан оттың өшпеуі сол үйдегі келіннің ширақтығын, ептілігін, іске икемділігін көрсетеді. Оты өшіп қалғандар әдетте таң атпай асығып-үсігіп, көрші үйлерді мазалап, қоламта сұрап жүреді. Қазақтың асығыс жүрген адамға «от ала келдің бе?» дейтіні осыдан шыққан. Осы тәжірибе мен тағылымның барлығы отқа май құю үрдісінде жинақталған. Бұл ғұрыптың астарында «отқа май құйғанда от қалай лауласа, өмірі де солай жайнай берсін» деген ырым да жатыр. Ол халқымыздың таза ниет, ақ көңілден шыққан ырымы.
Сонымен қатар оттың дезинфекицялық қасиеті де ежелден белгілі. Ғылыми тұрғыдан да оның энергия тазалаушы күші дәлелденіп, кеңінен қолдануда. Онда от адамға жаңа серпіліс, күш-қуат беруші тұрғысынан пайдаланылады.
Міне, адамзат тұрмысында қолданыста жүрген қаншама ырымдар бар. Біздің атап өткенімізден де бөлек мың түрлісін табуға болады. Олардың барлығын тек дін жолында жаман жағынан қарамай, аздап халқымыздың тұрмысына да пайдалы жағын түсінгеніміз жөн. Алдымен ырымның түпкі мағынасын біліп, ақ-қарасын ажыратып жатудың кемістігі жоқ. Ата-баба жолымен ертеден қалыптасқан ырымды жаңғырту – біздің міндетіміз. Ең бастысы, қандай ырым-тыйым болса да, жамандықтан тыйып, жақсылыққа шақыру мақсатында айтылсын демекпіз.
Г. ӘЛНИЯЗИНА
31 қазан 2023 ж. 1 562 0