Сағыныш екен сол кездер...

Хош... Адам баласына арман болған сол балалық шаққа бір саяхат жасап қайтайықшы ендеше. Шындығында біздің балалық кезіміз өзіндік ерекшеліктерімен есте қалды. Бәлкім заманымыз бүгінгідей болмағандықтан шығар. Десе де біз сол балалық бал дәурен кезеңдерге ешқашан өкпе артпаймыз. Есесіне естен кетпес естелік шақтарымыз санамызда жатталып қалды. Мәселен, ойын баласы болып доп та қудық, асық та ойнадық. Ләңгі теуіп, тайға да міндік. Қой бағып, құрт ұрлаған кезіміз де есімде. Иілгіш сымнан машина, тракторлар жасап, талай мәрте табан тоздырып, тамаша сәттерді бастан өткердік. Қала көрмесек те таза ауада еркін ойнап, ауыл шаңын аспанға көтере алаңсыз асыр салған кездеріміз өмірдегі ең бақытты шағымыз екен ғой. Осылайша әрбірінен қазақылықтың исі аңқитын ұлттық ойындарды ойнаудан өзгелерден қалыс болған кезіміз болған жоқ. Бұлардың баршасы сонау бала күнімізден-ақ денсаулығымызға оң әсерін тигізді деп білемін. Әсіресе атқа шауып, тай үйреткен шақтарымыз.
Иә, бүгінде ер жетіп, бәріміз өз жолымызбен өмірдің түрлі бағытына кете бардық. Кейде қаланың сан қабат тірлігінен санаң саңылау таппаған кездерде сол балалық шақты аңсап, ауылға кеткіміз келіп тұратыны жасырын емес. Ауылға барсақ сонау қамсыз балалық дәурен бәз баяғы қалпынша қайта оралардай сезіледі. Алайда уақыт шіркіннің кері шегінбесі өкінішті. Міне бұл мен үшін баға жетпес байлық, құны жоғары қымбат қазына.
Қалай десек те, қазақтың қазақылығы әлі де алтын бесік ауылдарда жатыр. Себебі туған жерді сағынып барғанымызда, ауыл балалары біздің ізімізді басып, жинған асықтарымызбен ойнап, ауыл сыртындағы алаңда доп қуалап жүреді. Сол көріністерді көріп кейде іштей қызығып та жатамыз. Өз басымда ауылға деген сағыныш ешқашан басылған емес. Жиі барып тұрсам да солай.
Енді қала баласының бүгінгі жайына оралайықшы. Әдетте қаланың балалары пластикалық ойыншықтармен ойнайды емес пе?! Одан қалса ұялы телефон, компьютер сынды заманауи өнімнің жетегіне жіпсіз байланып, асыр салып ойнауды әсте ұмытып жатады. Нәтижесінде жас баланың денесі физикалық қозғалысқа түсе бермейді. Содан баланың шапшаң қимылдау белсенділігі төмендеп, есейе келе қара жұмысқа икемсіз болып жатады. Міне, осы бір келеңсіз жағдайлардың артында әлгі біз айтқан «заманауи өнімнің» зияны жатыр. Мұның қасында ауылда асыр сала алаңсыз жүгірген шағымды әлдеқайда артық көремін. Ол шақтар адам өміріндегі елеулі әрі бақытты кезеңдер екен шындығында. Кім қалай десе де өркениетке қарай ұмтыламын деп ұлттық болмысынан ажырап бара жатқан қазақтың құндылығы алтын бесік ауылдарда жатыр. Бұл-шындық. Сондықтан бір сәтке болсын, ауылда асыр салған баланың сол бір бақытты шағын ешкім де ештеңе де қайта оралта алмайтынын ұғынуымыз керек деп ойлаймын.
Иә, табаны құмға, маңдайы күнге күйген баланың дені сау, ертеңі жарқын боларына сенеміз. Өйткені біз сол сағынышты шақтардан жанға сая, көңілге медеу алып өскен ұрпақпыз. Шындығында, бақытты бала болған шығармыз.
А. БИСЕНОВ