Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өз балаң болмаған соң

Өз балаң болмаған соң

Хадиша әженің қарттар үйіне келіп түскеніне бүгін тура бір ай болды. Бастапқыда терезеге телміріп, іштей бөлектеніп жүретін. Қазір мұндағы өмірге де бойы үйреніп қалғандай. Келгелі ешкімге сыр ашып, әңгіме айтып көрмеген еді. Бүгін ғана өзінің жанандағы қатарлас әжейлерге ішкі шерін тарқатып, бір жеңілдеп те қалды.

Хадиша отбасында 10 қыздың төртіншісі еді. Әкесі де, анасы да қарапайым шаруа адамдары болды. Әкесі кеңшардың тракторын айдайтын. Мектеп бітірген соң Хадиша қанша жақсы оқыса да жоғары оқу орынын оқи алмады. Әкесі кеңшардың конторына еден жуушы қылып жұмысқа қойды. Өзі ажарлы қыз еді. Төгілген ұзын шашы, қою қара қасы, тереңдеу орналасқан көзі, кішкене жұқа еріндері келбетіне жарасып-ақ кеткен. Бұл жұмысқа орналасқан алғашқы күні-ақ есепші жігіт Бурабайдың көзі бірден түсті. Өзінше жылы шырай танытып жас қызды айналсоқтап жүрді. Бірақ Бурабай осыдан 5 жыл бұрын әйелін жер қойнына тапсырған үшінші мүшеліндегі жігіт ағасы болатын. Бастапқыда Хадиша «аға» деп сыйласатын. Не дегенмен 18 жастағы қыз аңғалдығы болар оның ішкі ойын түсінбеді. Кейінен Бурабай Хадишаның әкесімен сөйлесіп, мәселені турасынан қойды.
    – Аға, өзіңіз жақсы білесіз. Мұхиттың анасы өлгелі 5 жылдан артық уақыт артта қалды. Осы кезге дейін көңілімді басқаға салып көрмеппін. Марқұм әйеліме деген көңілімнің адалдығы болар. Бірақ өзіңіз білесіз, ер адамға жалғыздық қиын екен. Байғұс қарт анама да обал болды. Ұлыма да ананың аялы алақаны жетіспейді. Көптен бері Хадишаңызға көзім түсіп жүр. Өзіңіздің алдыңыздан өтіп, батаңызды сұрап отырмын, – деді Бурабай турасын.
    – Еее балам-ай, жалғыздық Құдайға ғана жарасқан, шырағым. Әсіресе, ер адамға жастай әйелден қалу оңай дейсің бе?! Сен өзің жібі түзу жақсы баласың қой. Қызымды әлі жас демесең. Хадиша өзі томаға тұйықтау. Қалай болар екен, – деп кібіртіктегенімен соңында көнді. Сөйтті де Хадишаны шақырып алып: – Қызым мына Бурабай ағаң саған құда түсе келіпті. Мен батамды бердім. Жасы менен үлкен деме. Өзі жақсы жібі түзу адам. Оған тисең жаман болмайсың, - деді.
Хадиша іштей тигісі келмеді. Бірақ әке сөзінен асып кете алмады. Қарсылық та білдірген жоқ. Үнсіз ғана басын изеп, келіскен ишаратын білдірді. Сүйтіп күтпеген жерден Бурабаймен бас қосты. Шағын ғана той жасап, мұны үйіне алып келді. Әкесін қызғанған бала көңілден бе, қайдам  жас келінге Бурабайдың 5 жастағы ұлы да өзінше қыр көрсетіп жүрді. Ес білгелі тек қана суреттен көрген анасын алыс сапарда жүр, келеді деп ойлайтын періште көңілі алай-дүлей болып жатты-ау бұл кезде. Өйткені Бурабайдың алғашқы некедегі жары Мұхитты босану сәтінде қайтыс болған еді. Содан бері ана сүтін еміп, мейірлі алақанын сезінбесе де тоғыз ай көтерген анасын тірідей бір көруді аңсайтын қамкөңіл бала.
Хадиша келді де үйдің ажары кірді. Қарт енесінің қазан-ошақтан қолы босады. Көп өтпей-ақ Мұхитта өзінің екінші анасын жақсы көріп кетті. Хадиша одан бар жақсысын аяған жоқ. Өгей деп қарамады. Өзінің туған баласындай мейірлене жақсы көрді. Асты-үстіне түсіп, бәйек болып айтқанын жасайтын. Бірақ Хадиша өзі бала көтермеді. Мұнысына Бурабай да аса мазасыздана қойған жоқ. Неге көтермедің демеді. Осылай сынаптай зырғыған уақыт өте берді. Хадиша Бурабаймен махаббатпен бас қоспаса да артынан бауыр басып, жақсы көріп кетті. Мұхтар да мектеп бітіріп, үлкен қалаға оқуға аттанды. Ауылдағы үлкен үйде екеуі ғана қалды. Сол кезде ғана Бурабай:
 – Тағы бір-екі тентек болғанда, иә, кемпір!? Үй қаңырап қалды-ау Мұхитжан кеткелі, - деп қояды.
Хадиша мұндайда үнсіз жымиып құтылатын. Күндер өтіп жатты. Мұхит та қаланың өміріне үйренді. Оқуының соңғы жылында жазғы демалыста келген кезде әкесіне болашақта қалада қалғысы келетін ниетінің бар екендігін аңғартты.
– Әке?
– Ау, балам!
– Ауыл жақсы, иә. Емін-еркін, тып-тыныш.
– Е, балам. Қаланың қым-қуыт тірлігінен шаршадың ба?
– Жо-жоқ, қайта қала жақсы сияқты. Онда жастарға да мүмкіндік көп. Осы біз қалаға көшсек қайтеді.
– Қой, балам. Қара шаңырақтан қол үзіп қайда барамыз?! Бізге қала жақпайды, ауылға үйренгенбіз. Ондайды ойламаймыз да...
Барақ оқу бітірген соң Мұхит шынымен де ауылға ат ізін салуды қойды. Қаланың өміріне бойы әбден үйреніп алған ол жұмысқа да орналасты. Енді әкесіне үй болса деген ниетін білдірді. Әкесі жалғызынан аясын ба? Бар малын сатып, қаладан екі бөлмелі пәтер алып берді. Темір тұлпарды да тізгіндетті. Бұл кезде қарттыққа бет алған әкенің денсаулығы да сыр беріп жүрген еді. Жиі ауырып қалатын. Мұндайда Хадиша жаны қалмай шалының бар жағдайын жасап отырады. Өйткені ол кетсе жападан жалғыз қаларын білді.
– Бәкем-ау, сен болмасаң мен де жоқпын. Сондықтан ана жаққа бой ұсынба. Мені ойла. Жалғыздықтан қорқамын мен.
– Құдайдың құрығынан кім құтылған, Хадиша-ау. Өзіңді әкеңнен аманаттап алып едім. Ащысы мен тәттісі аралас өмірдің бар батпанын бірге көтеріп келеміз. Мұхитымыз да адам болып өз бетімен кетті. Енді қаусаған кәрі ағаштай екеуміз қалдық. Сенің қасымда болғаның қандай жақсы.
Осылай сыр ақтарысып отыратын. Ақыры Бурабай да өзін мазалаған ауыр науқастан бақи өмірге аттанып кете барды. Жалғыз ұлы өлігіне де келмеді. Артынан бір келіп төбе көрсетті де, «жұмыс» деген сылтаумен тайып тұрды. Хадиша баладан үмітін үзді. Енді келмесіне көзі жетті. Бұның өмірі жалғыздықпен өріле бастады. Даңғарадай үйде жалғыз қалды. Таң атады, кеш батады. Алданар алданыш таппады. Өткенді ойлайды. Осы кезде ғана өз баласының болмағанына қынжылды. Бірақ бәрі кеш еді. Мұхит мүлде келуді қойды. Тіпті қоңырау да шалмайтын болды. Өзі хабарласып, сәл өкпесін білдіріп еді. Мұхит:
– Ой, апа, маған не дейсіз? Мен сіз секілді істер жұмысым жоқ ерігіп отыр дейсіз бе, күнде қоңырау шалатын. Жұмыстан қолым тимейді. Сіз де көп хабарласа бермеңіз, - деп тоқетерін бірден айтты.
Бұл да жағыз қалған Хадишаға ауыр соққы болды. Енді шынымен де ешкімі жоқ екендігіне көзі жетті. Шалымнан қалған шаңырақты қаңыратпай түтінін түтетіп отырсам да болар деп өзін жұбатты. Ақыры қайырсыз кеткен перзент өзінің өгейлігін көрсетті. Бірде күн іңірге кірген шақта Мұхит келді.
– Ау, балам, кештетіп қайдан жүрсің? Келгенің жақсы болы. Ертең әкеңнің басына барып қайтпақшы едім.
– Амансыз ба, апа? Жоқ мен ертеңге дейін қалмаймын. Қайтамын қазір. Үйдің құжаттарын берші маған.
– Еее, берейін. Бірақ ол құжатты қайтпексің? – деп сұрады суырмадан құжаттарды іздеп жатып Хадиша әже.
– Сатам. Әкемнің жалғыз баласы мен. Бұл үй де менікі. Үйді сатамын, - деді де асығыс қайта шығып кетті.
Хадишаның төбесінен жай түскендей болды. Беті бозарып көпке дейін есін жинай алмай қалды. Сол түні таң атқанша жылап шықты. Өзін де, өзгелерді де кінәлады. Өз-өзіне жауабы жоқ сан сұрақтар қойды. Жүрегі шаншып кетті. Тіпті бұл азапты көргенше өліп қалсам ғой деп те ойлады. Бұл күні түн де ұзарып, таң да атпай кетті. Таң ата ғана көзі ілінген екен. Есіктің тықылынан шошып оянды. Алдында бейтаныс адамдар тұр. Мән-жайды сұрасып білді. Бұлар осы үйді сатып алған жаңа иелері екен. «1-2 күнде босатарсыз» деп ескертіп кетіп қалды. Бұл жолы іштей бәріне дайын болған қарт ана сыр білдірмей заттарын жинап жатты. Бірақ қайда баратынын өзге түгілі, өзі де білмейді. Мұхитқа да өкпелі. Ең болмағанда шалының шаңырағында өлуін бұйыртпағанына налыды. Ертеңіне Мұхит келді де Хадиша апаны қарттар үйіне әкеліп тастады. Өзінше ақталып оны-мұны айтып еді, Хадиша тіл қатқан жоқ. Үнсіз қалды. Содан бері Мұхит та іздеп келмеді. «Кісі баласы кісендесең де тұрмас, өз балаң өзегінен тепсең де кетпес» деген осы болар деп күбірлеп қояды кейде.
Міне, бүгін өзімен тағдырлас жандарға сырын ақтарып, бір жеңілдеп қалғандай болды. Ол өмірге ұрпақ әкелмесе де, өгей баласын туған ұлындай бағып-қақты. Бірақ оның жақсылығы ескерусіз қалды. Десе де ол ешкімнен үміт күтпейді. Ақ жаулыққа дақ түсірмеген ана ендігі бар өмірінің де осында өтетініне көндіккен.
Н. МАРАТҚЫЗЫ


25 қараша 2023 ж. 1 343 0