Ш.Дәрмағамбетов – 95 Ауданмен құрдас абыз

Керек кадрға әркез сұраныс бар. Жауапкершілік жүгін мінсіз атқарған Шәкірат Дәрмағамбетов Шөмішкөл, Шижаға, Қаратерең орта мектептерінде басшылық қылып, білім саласының көкжиегін кеңейтуге де қолтаңбасын қалдырды.
"Мектеп – кеме, білім – теңіз" деп білген кейіпкеріміз сол уақыттағы аудан басшыларының ұсынысына сәйкес партия-кеңес жұмыстарына араласу қажеттілігін жөн деп тауып, үздіксіз жазудың, ойдың кенін қазудың нәтижесінде абыз тілші, аңыз тілшіге айналды. Осылайша білім саласындағы қызметтік жол жүрек қалауымен бұқаралық ақпараттық құралдарына қарай бұрылды.
Мұнан жаман болмады. Қоғамның күнгейі мен көлеңкесін ажыратып, ақты ақ, қараны қара деп жаза білген қаламгер талайлардың көкейінде жүрген мәселелерді майшаммен қарап, дөкейлердің ұйқысын бұзды. Теңіз төскейіндегі толымды тірліктермен қатар қордаланған кейбір мәселелер қаламгер қарттың назарынан тыс қалмай, әрбір жазған мақаласы "бәрекелді!" дегізді. Тереңнен су маржанын сүзген балықшылар, төрт түлігін өріске өргізген малшылар өміріне қалам тербеген аузы дуалы жанның өлшеусіз еңбегі сарғайған газет беттерінде қатталып, тұщымды дүниелері бір кітапқа жүк болды. Республикалық, облыстық және жергілікті басылымдарда жарияланған қарт журналистің жазбалары кейінгі буынға үлгі бола алды. Атамыздың көкірегі көмбе екенін үлкен-кіші жарыса айтатынын естіген сайын толқып, әдемі қартаюдың үлгісін көрсеткен қарияға қызығамыз.
Иә, өмірі өнеге абызымыздың таяуда «Қаламгер асуы» атты кітабы шыққанын естідік. Тың туындыда деректі әңгімелері, мазмұнды мақалалры, ойлы очерктері топтастырылып, оқырман олжасына айналып отыр. Адал еңбекпен мерейі тасып, абыройы асқан 95 төріндегі тұлға Арал ауданының Құрметті азаматы. Ардагер журналистің әрбір жазбасында Аралдың аты асқақтайды. Мерейтой иесіне айтылар алғыс, жеткізілер лебіз ұшан-теңіз. Тоқсанның бесінші белесіне шықса да, қаламы дамылдамаған ардақтымыздың деніне саулық тілейміз. Арал ауданымен өзіңіздің ғұмырлас екеніңіз жәй сәйкестік емес. Ақжал толқыны жағаға ұрған Арал ауданы құрылған шақта өзіңіз осынау қойнауы құт ауданның жақсылығын асыруға келгендей көрінесіз. Жамбылдың жасына жетіп, асқақ қалпыңызбен ортамызда аман-есен жүріңіз ардақты ата, қадірлі қаламгер!
Арал аудандық «Толқын» газеті редакциясы