Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Шаруасын шалқытқан ел ағасы

Шаруасын шалқытқан ел ағасы

«Алтау ала болса ауыздағы кетеді» дейді дана халық. Сол алтаудың біріншісі – адамның жеке басы, екіншісі – отбасы, үшіншісі – туыстары, төртіншісі – жекжат-жұрағаттары, бесіншісі – ауылы, алтыншысы – Отаны деген екен. Менің жазғалы отырған кейіпкерім 87 жастың төріне шығып, 90 жасқа қадам басқан әулеттерінің көшбасшысы, ұрпақтарына өнегелі өмір жолдарын еге білген, абыз – ақсақал. Ықылым заманнан келе жатқан киелі шаңырақтың отбасылық ауызбіршілігінің түп қазығы болып саналатын отағасы. Айтулы шаңырақтан тараған туыс-бауырларын бір сөзбен аузына қаратқан көпті көрген қария. Жапырағы жайылып, тамыры тереңге кеткен жекжат-жұрағаттары жинала қалса бір қауым ел болатындай. «Алты шаңырағының іргелері ажырамаған» татулықтарының куәгері. Ауылының қадірменді ақылман қариясы болуы да үлкен мәртебе екені белгілі. Тәуелсіздіктің арайлап атқан таңына жеткеніне шүкіршілік етіп, қажырлы еткен еңбегімен Отанын сүйіп, ұрпақтарын отансүйгіштікке тәрбиелей білген қазыналы қария десе жарасады.
Жоғарыда аталған алтаудың аласын ауызбіршілікпен біріктіре білген ауыл ағасы һәм жеке шаруа қожалығының төрағасы, Бөрі аталығынан тараған ұрпақтарының ақылшы ұстазы Нұраш Айдарбекұлы Алманов туралы айтпақпын.
Нұраш Айдарбекұлы 1937 жылы 1қаңтарда «Дөңгелек сор» елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі Айдарбекұлы Алманұлы «Дөңгелек сор» елді мекенінде мал шаруашылығында бригадир болып, қоғамның мал басын өсіруде үлкен үлес қосқан. Сонымен қатар айналасына қуаныш сыйлаған, кез келген кісінің көңілін таба білетін көркем мінезді көпті көрген жаны жайсаң, елдің құрметті қариясы болған екен. Анасы Шалпан Сатыбалдықызы үй шауасымен айналысқан перзенттерінің бағбаны, туыстар мен жекжат-жұрағаттарды жақындастыра білген, ошағы оттан түспеген, сырдан, қырдан келетін қонақтардан босағасы босамаған абзал ана болған деседі. Нұраш аға 1952 қаладағы №15 мектептің 9 класында оқып жүргенде, әлемге әйгілі классик жазушы ағамыз Әбдіжәміл Нұрпейісовпен Бекмұрзаев Байғабыл ағаның үйінде бірге жатып оқыпты. Сол кезде Әбдіжәміл аға №13 мектепте оқыған екен. Бір әңгімесінде Әбдіжәміл ағадан естіген ақыл-кеңесін өмір жолымда бүгінге дейін пайдаланып келемін дегені бар еді.
Адамның жан дүниесі алты құлыптың астындағы қазына сарай тәрізді. Ол мұнда өзінің рухани байлығын сақтайды. Біреу «Адам қағынан жаралғаннан-ақ бақытты болып туады» дейді. Екіншісі – «адамның бақытты болмағы – Алланың пешенеңе жазған жазуына байланысты» деп иланады. Үшінші бақыт – әр адамның жұлдызының әсерімен келетін құбылыс» дегенді малданады. Алайда сан ғасырлық адамзат өміріне салауатты түрде кез келген жан бақыт аспаннан түспейтінін, жерден шықпайтынын, ешкім қалтасына салып бермейтінін түсініп те, естіп те жүрміз.
Жоғарыда айтылған қасиетті сөздерден нәр алған Нұраш Айдарбекұлы «Бақыттың бастауы – еңбекте» деген қағиданы ту етіп, 9 класты бітірісімен ата кәсібін жалғастырып, мал шаруашылығын өркендету мақсатын алдына қойған. Қазалы ауылшаруашылық техникумына түсіп, 1958 жылы зоотехник мамандығын алып шығады. Техникумды бітірген соң жолдамамен Ақтөбе облысы, Новерсин ауданының Новерсин совхозында 1958-1962 жылдар аралығында зоотехник мамандығы бойынша абыройлы қызмет еткен. 1962 жылы туған жерге оралып, "Приарал" совхозына ғылыми зоотехник болып жұмысқа орналасады. 1965 жылдан 1993 жылдар аралығында Арал савхозында ферма басқарушысы, зоотехник қызметтерін атқарып, «Миллионер савхоз» атануына да өзінің сүбелі үлесін қосқан білікті маман. Қай уақытта да бейнет пен зейнет қатар жүреді демекші, 1993 жылы құрметті демалысқа шықты. Зейнеткермін деп отырып қалмай, нарық заманының ағымына сай сол 1993 жылы жеке шаруа қожалығын құрып, бүгінгі таңға дейін қожалықтың төрағасы болып «кәсібім –нәсібім» дегендей, ата қонысы «Дөңгелек сорда» кәсібін дөңгелетуде.
Мал мен бала – дүние тіршіліктің сәні, ал мәңгі қалатын салиқалы істер – сауабы жағынан да, амалы жағынан да дүние қызығынан әлдеқайда артық. Міне осындай салиқалы істерді атқарған Нұраш ағаның ерен еңбегі ескерусіз қалған емес. Аудан, облыс және совхоз әкімшіліктерінен алған марапаттар бір басына жетерлік десе болады. Ұлы жеңістің 65, 70, 75 жылдық мерекелік медальдарымен қоса, төккен маңдай тердің қайтарымы ретінде «Еңбек ардагері» медалі омырауында жарқырауда. «Өмір – кезек, өмір – сынақ, қаңтар боп қариды, шілде боп шыжғырады, мамыр боп мамыражай күй кешеді, қазан боп қабағын шытады» демекші, Нұраш аға да осындай өмір өткелдерінің кезегінен, сынақтарынан сүрінбей өткен нар тұлғалы азамат болғанын ізін басып келе жатқан біз інілері әрқашан мақтан тұтып келеміз.
«Жер – ата-бабадан қалған қасиетті қоныс. Қазақтың болашағы алтын қазынасы. Тал бесік пен жер бесіктің арасындағы ғұмырыңның ұясын қорға, топырағын былғама, суын улама» деген аталарымыздан қалған насихат бар. Бабаларымыз айтқандай, Нұрекең де қайда жүрсе де кіндік қаны тамған ата қонысын «Туған жерім – алтын бесігім» деп әркімнің туған жері Мысыр шаһары демекші, «Дөңгелек сорды» жүрегінің түпкіріне сақтап, естен шығармаған және осы киелі ата қоныста кәсібін дөңгелетіп, ризық-несібесін табуда.
«Ауылына қарай азаматын таны» дейді халқымыз. Сол айтқандай ынтымағы жарасқан Шижаға елді мекенінің тұрғындарының қаз-қатар салынған соңғы үлгідегі ақ шатырлы үйлерін көріп-ақ тояттанасың. «Кеңесіп іс басқару –келелі елдің белгісі, жұмыла жұмыс атқару – өрелі елдің белгісі» десек, бұл ауыл азаматтарының ауызбірлігінің нәтижесі. Ауылдың келешегі кемел екенін, жүздеген шаруа қожалығы болса соншама кәсіпкерлері шижағалықтардың әлеуметтік жағдайларының жақсы болуы да ауыл азаматтарының тату-тәтті өмір сүрулерінде екенін біліп те жүрміз.
Ысырапқа алып келетін нәрсе осы – даңғойлық. «Той – тәңірдің қазынасы» деп жатамыз. Қандай той Тәңірдің қазынасы. Ол ысырапқа жол бермей мән-мағынасы терең, мазмұнды болса ғана тәңірдің қазынасы болады. Құран кәрімнің «Аграф сүресінің 31 – аятында «Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырапқа жол бермеңдер. Расында Алла тағала ысырап жасағандарды жақсы көрмейді» деген екен. Сол сияқты «Үнемшілдік азды көбейтеді, ысырап көпті жоқ етеді» деген қанатты сөз де бар. Өлікті жайлауда да, тойда да бей-берекетсіз шашылып жатамыз. Осы ысырапшылықты болдырмау мақсатында Шижаға елді мекенінің ақсақалдар кеңесінде жасаған пәтуаларын аралдықтардар да қолданып келеді. Қазір қаралы үйде ақша таратылмайды. Дастарқанда өлікті жайғаруға лайықты етіп жасаудамыз. Осы игілікті бастаманың қақ ортасында Нұраш ағаның тұрғанын айта кеткенді жөн көрдім. Қазақта «Бұлаққа бұлақ қосылса «егізбіз» дейді, көлге көл қосылса «теңізбіз» деген сөз құдіреті бар. Бөрі аталығынан тараған ұрпақтарының басын қосып, «егіз» де «теңіз» де болып жатырмыз. Нұраш ағаның ақылмандығы, көшбасшылығы, бірсөзділігі өзіне жарасып-ақ тұрады. Ол біреуіміздің басымызда болатын қуанышымыз немесе қайғымызға ортақтасып, өз басындағыдай көретіндігі, оның жүрегінде зәредей күнә дағы қонса, оны бірден көз жасымен жууға асығатын шынайы ақсақал – аға. Ұсақ-түйек нәрсеге періште болып алданып, пенде болып қуанбайтын, тапқанын көппен бөлісе алатын турашыл, мәрт мінезді жомат жан екенін көріп те жүрміз. Оның «Асып – таспадым, шүкірлік жасадым. Сап-сап көңілім деп өзімді-өзім сабырға шақырдым. Биікке көтерілсем, халықтан аласа екенімді ұмытпадым. Қайтып ашар есігімді қатты жаппадым» деп айтқан өнегелі насихатын өмір жолдарымызда пайдаланып келеміз.
Нұраш аға жар таңдаудан да маңдайлы болды. 1964 жылы Сарқыт атты арумен бас қосып, отау құрды. Сарқыт Қазықызы 1946 жылы 1 қаңтар айында дүниеге келген. Әкесі мал шаруашылығымен айналысқан, айтары бар, ұрпақтарына әке өнегесін еге білген ауылдың қадірменді ақсақалы болған екен. Анасы Құрмаш сипратшы болып, айраннан май шығарып, елдің аузына май жаққан, алтын қолды, перзенттеріне өнегелі өмір белестерін, аналық мейірімін төге білген алтын құрсақты ана болған деседі. Сарқыт жеңгеміз – дүниеге алты перзентін әкеліп, босағасын алтыннан соқтырған, бала сүйгізіп мейірімдерін қандырған отбасының ынтымағын жарастырған ұйтқысы, бір қолымен бесікті тербетіп, екінші қолымен әлемді тербеткен алтын құрсақты ана, немерелерінің сүйікті әжесі. Бес уақыт намазын қаза етпей, 30 күн оразасын ұстаған иманжүзді ана екенін дәлелдеген. Жастайынан қазақылыққа, мейірімділікке, үнемі сыйласуға, сөз тыңдауға, ұстамдылыққа деген өнегелі тәрбиелерді бойына сіңірумен қатар, ұрпақтарына да еге білген, әрқашанда жайдары қалпында жүретін жеңгеміздің жайсаң мінезіне тәнті боламыз.
«Жақсы әйел теңі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас» демекші, Нұраш ағаның өрлеу жолдарында адалдықтың бұлағын лайламаған адал жар екені көпшілікке белгілі. Нұраш аға мен Сарқыт жеңгеден осы екі қайнардан қанып ішіп, мейірге шөлдемей өскен ұлдары ұялтпаған, қыздары қызартпаған, Тәуелсіз еліміздің тұғырын бекемдеп бір-бір шаңырақтың отын маздатып жүрген жайсаң жандар екенін білген соң айтып отырмын. Тұла бойы тұңғышы Шарапат Нұрашұлы мен келіншегі Бизада жоғары білім алған кәсіпкерлер Алматы қаласында, екі бала тәрбиелеуде. Абзал Нұрашұлы жоғары білімді кәсіпкер, ал келіншегі Гүлбазар жоғары білімді білікті ұстаз. Алматы қаласында, үш бала тәрбиелеуде. «Арпа ішінде бір бидай» демекші, Айнұр Нұрашқызының арқа сүйер аға-інілері бар сыйластықтары жарасымды. Түркия мемлекетінде жоғары білім алған. Күйеуі Халық екеуі кәсіптерін дөңгелетуде. Алматы қаласында екі бала тәрбиелеуде. Болат Нұрашұлы ауылшаруашылығы университетін бітірген жоғары білімді маман ретінде «Дөңгелек сордағы» шаруа қожалығын басқарады. Келіншегі Гүлсара мектеп қызметкері. Бес бала тәрбиелеуде. Жомарт Нұрашұлы жоғары білімді механик ретінде шаруа қожалықтың техника жөнін басқарады. Келіншегі Райкүл киелі шаңырақтың тынысын кеңейтіп, ата-енелерінің жағасын кірлетпей, төсектерін қалың салып беріп, сүйікті астарын уақытында әзірлеп, жылы сөзімен қарияларының алғысын алып отырған жайдары жан.
Қазақта «Жақсы ұлың болса – қазығың, жақсы келінің болса – азығың» деген ұлағатты сөз бар. Нұраш аға мен Сарқыт жеңгеден тараған ұлдары шаңырақтарының қазығын берік ұстаған азаматтар, ал келіндері өмірге перзент әкелген, өмір баспалдақтарынан сүрінбей өткен отбасының өлшеусіз азығы болып келе жатқан татулықтары жарасқан абысындар.
Ала болған алтаудың басын біріктіре білген, сөзінің мәнділігі мен құндылығы, әңгімелерінің өзі аталық сөзге тән айбынды айбарлы тыңдармандарын еріксіз баурап алатындай ерекше әсерлі де құнарлы, тәрбие, үлгі-өнеге алатындай қасиеті мен қастерлігі мол, турашылдығымен айтар сөзін жалтақтамай тура айтатын ауыл ағасы атанып, жоғарыда айтылған адамдарда болатын қасиеттерді бойына сіңіре білген Нұраш аға мен Сарқыт жеңгем екеуінің 1 қаңтар туған күндерімен және Жаңа жылдарымен құттықтай отырып, Алла тағала қуат беріп, өздеріне зор денсаулық, отбасына амандық, көрінген балаларының қызығын көріп, немере-шөберелерінің шат күлкісіне тоймай, әдемі қартаюдың үлгі-өнегесін кейінгі ұрпақтарға еге беріңіздер деген інілік тілегімді жеткізгім келеді.

А.БИСЕНТЕГІ
05 қаңтар 2024 ж. 900 0