Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қайта қауышу

Қайта қауышу

Мектепке енді барған уақытым. Ана тілінен «К» әріпін үйренгенде көкек құсы туралы алғаш рет оқығанбыз. Сонда оның ерекшелігі «балапанын өзге құстың ұясына әкеліп тастайтыны» деп білгенбіз. Бала болсақ та «неге олай екен; мәә, қызығын-ай; балапанын қалай тастап кетеді?» деп өзімізше шуылдасып қалғанбыз. Есейе келе түрлі оқиғаларды, жаңалықтарды көріп, өзге қалаға шыққанда одан да таңғаларлық жағдайларды естиміз.
Студент шағымды Ақтөбе қаласында өткіздім. Жатақханаға орналасқанда жанымда 3 қыз болды. Бағыма орай, бәріміз Қазалы, Байқоңыр секілді көрші ауданда өскен, қарапайым отбасының қыздары болдық. Бір-бірімізбен тіл табысу оңай болды, ата-анамызды да «мама, папа» деп атап, тіпті жазда үйімізге емін-еркін қонаққа барып, өз үйіміздей жататынбыз. Олар өзге мамандықта оқыды. Кейін келе олардың да тобындағы студенттермен танысып, бәріміз бірге жүретін болдық.
Екінші курсқа аяқ басқанда бәріміз жатақхана жанындағы балалар үйіне бардық. Алдын ала жоспарлап, ақша жинап, ойыншықтар мен тәттілер алғанбыз. Сондағы ойымыз балалардың сәл де болса көңілін көтеру еді. Дегенмен ондағы жағдайды көзбен көріп, біраз ойға шомдық.
Біз балалармен ойнап жүргенде бізбен қатарлас жас қыз келді. Алғашында іштегі апайлармен жақсы араласқанына қарап «үнемі келіп, балаларға қарасатын, қол ұшын созатын қыз-ау» деп топшаладық. Біраз уақыт өткен соң балалардың арасынан 1 жасқа енді толатын Бекнұр есімді бөбекті құшақтап, ойнай бастады. Оған деген ерекше махаббаты, аналық ықыласы, мейірімділігі төгіліп-ақ тұрды. Сонда ғана оның Бекнұрдың анасы екенін, баласын көруге осында жиі келіп тұратынын білдік.
Аяла отбасындағы жалғыз қыз еді. Анасы Гүлбағым мектеп асханасында жұмыс жасайды. Әкесі Қайрат жұмыссыз. Тиіп-қашпа жұмыстар жасайтын. Кейде тапқанын ішкілікке салып үйге пайдасыз келетін. Кейде керісінше ұрыс шығаратын.
Оның барлығы кішкентайынан Аялаға ауыр тиетін. Отбасындағы жағдайдан ұялатын. «Не үшін зиянын мен көруім керек» деп ойлайтын. Мінезі де тұйық болды. Мектепте де жөнді досы болмаған. Есейе келе үйіне барғысы келмейтін сезім пайда болды. Сондықтан 16 жасынан даяшы болып жұмысқа кірген. Мейрамхананың алыстығы кедергі болмады. Оқу мен жұмысты да қатар алып жүрді. Аздап көңілі бөлініп, үйіндегі жағдайларды ұмыта бастаған еді.
Арада осылай уақыт өте берді. Мектепті де бітіріп, қаладағы колледждің біріне педогогикалық оқуға түсті. Мұнда даяшылық қызметін жалғастырды. Анасына өзінен басқа көмекші жоқ екенін білгеннен кейін аптаның сенбі, жексенбі күндері ауылына барып келетін.
Сол күні жаңбырдың ерекше шелектеп құйғаны есінде. Ауылға қарай көлік табылмай, жолай табылған жеңіл көлікке міне салған. Жүргізуші де егде тартқан, жасы 50-ден асқан аға болған соң қорықпады да. Ұялы телефонының қуаты таусылып, жүргізуші ағайға берген. Жанындағы қуаттағышқа қосқан телефонды ағай да қуана алды.
Ақтөбе шекарасынан шығып, жарты сағаттай уақыт өткен. Көз ілініп кеткен екен. Ұйқыдан тұрғанда жанындағы өзге жолаушылардың жоқ екенін байқады. Ағай олардың түсіп қалғанын, уайымдамай отыра беруін айтты. Аяла да саспай, өзін еркін сезіне бастады. Біраздан соң көлікті тоқтатып, тысқа шығуға сұранған. Көлікке қайта мінгелі жатқанда басынан ауыр заттың тигені ғана есінде.
Есін ауруханада жыйды. Басынан соққы алып, есінен танған күйінде жол шетінен ауыр көлік жүргізушісі тауып алыпты. Дәрігерлер тексеруінен кейін жүргізуші ағайдың өзіне тиіскенін білді. Бірнеше күн емделіп, ауылына қайтты.
Бұл жағдай Аялаға одан да ауыр тиді. Оқуынан шығып, ауылына келді. Анасының «ұят, елдің бетіне не бетімізбен қараймыз, әкеңнің жүрісі анау, сенің де жағдайың мынадай болды» деген сөздерінен үйден шығудан да қалған. Арада 1,5 ай өткенде асқазаны ауырып мазасын алды. Ішкен тамағы тұрмай, құсып тастай берген. Бірдемеден сезіктенгендей ертеңіне дәрігерге көрінді. Ойы жаңылыстырмапты, айтқандай-ақ құрсағына бала біткен екен.
Ендігі өмірін елестетіп көзінен жасы құрғамады оның. Анасына да айта алмады. Баланы алдыртып тастауға дәті бармады. Өзі қаламаған жаннан болса да «оның кінәсі болмады ғой, Алланың берген сыйы шығар» деген ой маза бермеді.
1 аптадан соң анасына өтірік айтып қалаға барып, жұмысын жалғастыруға рұқсат сұрады. Келісімін алғаннан кейін қалаға барып, «Аналар үйіне» жайғасты. Анау-мынау шаруаларын да жасай жүріп, анасына ақшасын да салды. Айы-күні жетіп, аман-есен сәбиін бауырына басқан. Ендігі ойы ауылына барып, анасына бар шындығын айту еді. Дегенмен анасы Аяланы қабылдамады. «Балаңды өзің бағып, жеткіз. Осынша ұятқа қалғаным да жетеді» деп, үйінен қуып шықты.
Аяланың ендігі бар үміті «Жетімдер үйіне» түсті. Қазір онда жас аналарға қолдау топтары ашылғаны тіпті қуантты. Психолог мамандармен жұмыс жасап, Бекнұрын балалар үйіне беріп, өзі тұрақты жұмысқа тұрғанша келіп тұруға келісімін берді.
Міне, осы уақытта біз де кездескен екенбіз. Оның соншама ауырлықты жас та болса көтергені бізге ерекше әсер етті. Ары қарай да таныстығымызды жалғастырып, балаларға бірге қарауға уағдаластық.
Біздің достығымыз да жалғасты. Аяла да тұрақты жұмысқа тұрып, көп ұзамай Бекнұрды қайта бауырына алды. Араға 1 жыл салып, жұмысындағы Рахат есімді жаспен көңіл жарастырды. Рахат та барлық жағдайды түсініп, Аялаға еш күмән, күдік артпай өзіне қабылдады. Тойлары Ақтөбеде, біздің оқу бітіруімізге қарсы болды. Бұл кезде Аяла отбасымен татуласып, анасы Бекнұрды көрмесе тұра алмайтындай жағдайға жеткен. Ал біз жақында тағы бір шілдехана тойына дайындалудамыз.
Г. САҚТАПОВА
17 қаңтар 2024 ж. 1 163 0