Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ағылшын тілін қалай оңай үйренуге болады? Нейтив спикер кеңесі

Ағылшын тілін қалай оңай үйренуге болады? Нейтив спикер кеңесі

47 жастағы Тодд Эвермон Техастан келген. 4 жылдан бері Алматыда тұрады, қала халқына ағылшын тілі курсын ұйымдастырып жүр. Ол тілшімізге ағылшын тілін үйренгенде нені ескеру керек екенін және тіл меңгерудің тиімді әдіс-тәсілі туралы айтып берді.

– Қазақстанға келіп, ағылшын тілін үйретуіңізге не себеп болды?

– Адамдардың ана тілінен өзге тіл арқылы байланысып, ортақ ой мен идея туғызатыны ұнайды. Ағылшын тілін үйретуімнің басты себебі – осы. Әр тілдің ерекшелігі мен құпиясы бар. Ағылшын тілінің ерекшелігін көбірек сөйлескен кезде түсінесіз. Әрине, ережені мінсіз білуге, жүздеген сөзді жаттауға болады. Бірақ оларды іске асыру – басқа дүние. Маған келетін студенттерім “сөйлей алмаймын”, “сөздік қорым жеткіліксіз” деген оймен өздеріне сенімсіздік білдіреді. Алайда тіл үйренгенде деңгейіңіз бен оны қанша жыл меңгеріп жүргеніңізге қарағанда сол тілді іс жүзінде қалай іске асыратыныңыз маңыздырақ. Мен үшін студенттің қанша сөз білетіні маңызды емес, басты назарды тіл үйренуге құмарлығына аударамын. Егер ерік-жігері және талпынысы ерекше болса, кез келген тілді толық меңгеріп кетуге болады.

– Сабақ өткізгенде қандай ерекше әдіс-тәсіл қолданасыз?

– Алматыда тұратын және тіл үйренуге ынталы жандарға өте көп мүмкіндік бар. Сол себепті олар өз бетімен-ақ грамматиканы және негізгі базаны үйрене алады. Оқушыларымның сөйлеу дағдысына көп көңіл бөлемін. Тіл үйренушіге күнделікті тәжірибенің жетпеуі себепті осы әдісті дұрыс деп есептеймін. Сабақ қызық өтуі үшін көбірек ойын өткізіп, бар фокусты Speaking-ке бағыттаймын. Ең тиімді әдістің бірі – оқу. Көбірек оқу мен сол оқыған сөзді білмейтін жағдайда өздері аударып, бірге елестете отырып жадыда сақтау әдісін қолданамын.

– Тіл үйренушілер көбіне қандай қате жібереді?

– Тілді қолдану кезінде көпшілік Infinitive to do something, Past Perfect, Present Continuous сияқты шақтарды қолдануда қателесіп жатады.
Ал алғашқы қадамға келетін болсақ, студенттердің көбіне батылдық жетпейді. Ағылшын – еркін тіл, одан тартынып, қысылудың қажеті жоқ. Бастапқыда жіберілген қатемен көбірек жұмыс істеу, ішкі қорқынышты жеңу, өз-өзіңе деген сенімді ояту нәтижеге тезірек жеткізеді. Менде біраз курстың есігін тоздырған, бірнеше жыл бойы нәтижеге жете алмай жүрген адамдар да болды. Мәселе сіздің қанша уақыт курсқа барғаныңызда емес, сіздің қалай талаптанып, тіл үйрену кедергісін жоя білуіңізде.

– Қазақ тілін үйренгіңіз келе ме?

– Әрине. Алматының тұрғындары қонақжай. Бізді алғаш келгеннен жақын тартып, бір отбасының мүшесіндей сезінуге көмектесті. Қаланың табиғаты да ерекше ұнайды. Сол себепті қазақ тілін үйренгім келеді. Оқушыларыммен бірге қазақ тілін меңгеруді бастап та кеттім.
04 маусым 2019 ж. 1 040 0