Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Біздің ауылдың адамдары

Біздің ауылдың адамдары

Біздің күс табан, аш құрсақ балалық шағымыз Жеңістен кейінгі елуінші жылдардың соңы мен алпысыншы жылдардың орта шеніне тура келген.
Тоқсан үйлі ауылымыз биік төбенің басында. Ол Ескібөген елді мекені болатын. Бұл бұрынғы «Қаратүп» балықшылар колхозының орталығы. Төбенің етегі, күн батысы телегей көк теңіз... Самсаған үлкенді-кішілі моторлы, желкенді қайықтар.
Көргеніміз жүздерін жел қаққан балықшы әке-ағаларымыз, жегеніміз үш мезгіл балық тағамы... Жас күнімізде Жанназар көкеміз «Балықтың қасиеті бөлек қой, жарықтық, жемесең түсіңе, жесең ішіңе кіреді» деп беп-белгілі мақалды белінен басып, балықтың қадір-қасиеті туралы ертеден кешке дейін ерінбей-жалықпай әңгіме соғушы еді.
Біздің ауыл қызылды-жасылды 1 мамыр мерекесінен кейін іле-шала табалдырықтан аттайтын 9 мамыр – Жеңіс мейрамын тағатсыздана тосатын. О кездері ауылда майдангерлер қатары көп болатын. Жергілікті билік оларға осынау айтулы жеңіс күні айрықша құрмет көрсетуші еді. Біз осындай жеңімпаз майдангерлер қатарында Алдан Досжановты, Жүбекеш Бодықовты, Биғожа Андызбаевты, Сайлаубай Жалмағанбетовты, жылқышы Ойнар Егеубаевты, ұстаз Қалила Ермағамбетовты, есепші Бораш Айтжановты, кеме капитаны Қошмағанбет Сапаровты, колхоз басқармасының төрағасы Сейілхан Айсауытовты лайықты көретінбіз. Ол кісілер омырауына орден-медальдарын жарқыратып, сыңғырлатып тақпай-ақ топ жарған тарландар сияқты көрінетін. Олардың әрқайсысы тағдырлы жандар еді.
Ауылдың арғы шетіндегі Алдан әкемізді алайық мысалға. Жұрт жүз ауыз сөз айтқанда о кісі жұмған аузын ашпайтын. Осы ауылдың аузы күндіз-түні тыным таппайтын адамдары «Ой, о кісінің көргенін ешкімнің басына бермесін...» деп ұзын-сонар хикаяны бастап кетуші еді.
Халық айтса қалт айтпайды. Алдан Досжанов осы колхоздан соғысқа аттанады. Қан майданның алғы шебіне түскен Алдекең кезекті бір шайқаста жау қолына тұтқынға түседі. Өзі ауылдан барған, қаймағына дүре тимеген қазақы ауылда өскен қайран ер қапияда сөйтіп біраз уақыт немістердің Шығыс Еуропадағы концлагерьнде күн кешеді. Әбден азап шегеді. Аштықты да, таяқты да бастан кешеді. Көкеміз суға түскенде жон арқасында тұтасқан тыртықты жанындағыларға көрсетпеуге тырысатын. «Ол немістердің иттерінің талағанынан қалған іздер» деуші еді көргендер.
Байғұс Алдан қарт соғыстан кейін НКВД-шылардың шешімімен КСРО-дағы азап лагерінде «Отанына опасыздық жасаған» деген жалған жаламен біраз жылын өткізген көрінеді. Адам итжанды деген рас екен. Сол Алдекең онан да аман келді ауылға. Зейнетке шыққанша балық аулады, ұрпақ өсірді. Жетпісінші жылдардың бас шенінде өмірден өтті.
Ұлы Отан соғысының тағы бір ержүрек жауынгері Ешмұрат Ерсейітов бұл жалғанда жоқшылықты басынан талай өткерген пенде. Өмірлік серігі Мәрзия әжеміз екеуі екі ұл тәрбиелеп өсірді. Өмір бойы балық аулады. Үйде де, түзде де, теңіз үстінде де омырауындағы жауынгерлік медаль тағылған ескі әскери кителі иығынан бір түспей кетті жарықтықтың. Оның қасында бухгалтер Бораш көкеміз министр сияқты болатын. Шолақ қолымен құралайды көзге атқан мерген еді. Қолынан қосауыз мылтығы түспей кетті. Сол сияқты бір аяғын жат жерге көміп келген ақсақ Ойнар Егеубаев көкеміз жылқышы болатын. Қолы тастай, балдыздары маңайына жақындауға жүрексінетін кісі еді. Ал Ресейдің Гомель облысында гитлершілердің көкесін көзіне көрсеткен Жүбекеш Бодықов көкеміздің жөні бөлек. Балықшылар кемесінде көп жылын өткізді. Адал, өтірікке жаны қас жан болатын. Оның ағасы Жұбанияз да жауды Берлинге дейін қуып апарған апайтөс қызыл әскер екен. Соғыстан неміс бала асырап әкеліпті. Оның өзі күллі Қаратүп колхозына кешегі заманға дейін «Едіге», «Қарасай-Қази» сияқты қаһармандық жыр болыпты. Бала кезімізде соның жайын Жанназар шал көбірек қаузаушы еді. Ол жайлы айтқанда Жәкең біздің көзімізге ертегіші қартқа ұқсап кететін.
Соғыстың соңғы жылғы көктемінде кеңес әскерлері тас-түйін бекінген жауға аспаннан да, жерден де алапат шабуыл жасайды. Сонда ғой емпеңдеп алға шабуылдап бара жатқан қызыл әскер Жұбанияз Бодықов бір үйдің бұрышынан жылап жатқан құндақтаулы шарананы көзі шалады. Дереу далақтаған кең шинельдің қолтығына тығып, ұрыстан соң штабқа келіп болған жайды баяндайды.
Әскери басшылар ойласа келе ұрыс даласынан табылған неміс баласын қазақ жауынгері Жұбаниязға табыс етеді. Оны қанды көйлек достары баланың өкіл әкесі деп таниды сол сәтте. Жеңіспен елгеоралған Жұбекең үлкендердің ақ батасын алып, балаға Жолдыбай есімін еншілейді.
Біз Жұбанияздың Жолдыбайын жалаңаяқ бала күнімізде көрдік, ауылдас болдық. Бұл Жанназар көкеміз айта беретіндей нағыз немістің өзі еді. Пошымы нән, қарулы. Түсі қызыл сары, мұрны қолағаштай, есесіне қазақшаға судай, мүдірмейді, ағып тұр. Сол Жолдыбай кейін көршілес Қазалы қаласына қоныс аударған көрінеді. Үйлі-баранды. Қазір бар ма, жоқ па белгісіз. Сонау жеңіс жылғы жолдан тауып алған, неміс баласын бағып-қағып өсіріп, «Жолдыбай» атандырған жауынгер Жұбанияз Бодықов дүниеден өткелі қашан.
Осы арада Қаратүп колхозының тағы бір қаһарманы Сайлаубай Жалмағанбетов туралы айтпай кетсек, әруағы кешпес. Бұл көкеміз нағыз белсенді болатын. Айтушылар Қаратүп колхозын өз қолымен құрып, уығын байлап, керегесін керген, шаңырағын тіккендердің бірі деседі. Қазір (елуінші жылдардың аяқ шенінде ғой) дырдай шаруашылық меңгерушісі. Сейілхан басқарманың оң қолы. Айтайын дегенім, осы кісіден колхоз қорасындағы аты шулы қызыл өгіз кәдімгідей қаймығатын. Ауылдың үлкен-кішілерін шаңырақтай мүйізін шайқап, от тұяқтарымен топырақ шашып, бір қауызға сиғызып жіберетін қызыл өгіз Сайлаубай көкеміздің «Уай» деген бір ауыз айқайынан алдына түсіп жортақтап кететін еді.
Қаратүп колхозының талай адамы қызыл өгіздің найза мүйізіне іліккенін, қора-қораға тығылып, иманын тас төбесіне үйіргенін мына көзіміз көрген болатын.
Сонан бері қаншама жылдар қыр асты. Отан үшін от кешкен, кейін менің кейіпкеріме айналған қаһарман көкелерім, ардақты аналарым, топырақтарың торқа, жандарың жәннаттың төрінде болсын!
Сол жылдарды алдындағы Ұлы Отан соғысы кезеңінде Қаратүп колхозында басқарманың орынбасары болған Ақсары Бүркітбайқызының есімін білетіндер, көрген-білген адамдар қатары қазір жоққа тән.
Бұл колхоз Арал ауданы бойынша ең алғаш шаңырақ тіктеген ұжымдық шаруашылық. Қолда бар көне құжаттар колхоздың 1928 жылы ұйымдастырылғанын, оның алғашқы басқарма төрағасы Өтеп Өтеғұлов болғанын растайды.
Колхоздың негізгі табыс көзі – су маржандары мен тәркілеуден қалған азын-аулақ мүйіздіірі қара, арық-тұрақ жылқы мен ойсыл қара тұқымы еді. Колхоз оны көбіне көп балық шаруашылығына пайдаланып, жарамдысын басқарма басшылары, бригадирлер мініс көлігі есебіне жеккен.
Ақсары Бүркітбайқызы Қаратүп колхозына әуелі басқарма төрағасының орынбасары болып соғыстың шешуші кезеңі 1944 жылы сайланған болуы керек. Себебі сол жылғы сәуір айындағы (Арал аудандық мұрағатынан алған) құжаттан колхоз басқармасының төрағасы Жұмаш Балжанов, орынбасары Ақсары Ермағамбетова, бас есепшісі Отар Медетов, есепшісі Бораш Айтжанов, учаскелік есепші Әбжами Садуов, күзетші Мамырбай Оразбаев сияқты адамдардың болғандығы баяндалғанын көруге болады.
Олар Қаратүп колхозының экономикасын өркендетуге, халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға зор үлес қосқан адамдар болатын. Күндіз-түні қоғам дәулетін молайту мақсатында ат үстінен түспеген олар Ескі Бөгенге кіші Қаратүптен 1939 жылы қоныс аударған колхоздың одан әрі тұрақты тебуі үшін күш-жігерін аяған жоқ еді.
Колхоз басқармасының ұйғарымымен сол кездегі жоба бойынша колхоз балықшыларының тұрмысын түзеу мақсатында 1947 жылдардан бастап екі пәтерлік алты барақ үй пайдалануға берілгенін қазір көзі тірі ағаларымыз сағынышты сезіммен еске алып отырады.
Соғысқа Бөгеннен аттанған 560 азаматтың 67-сі ғана елге тірі оралғаны аян. Ұлы Отан соғысы жолында қасық қаны қалғанша аямай шайқасқан Қаратүп колхозының ержүрек азаматтары аз болған жоқ. Солардың қатарында ағайында Тілеулес пен Тілеуберген Жәнеловтер, Итбай мен Үсен Тоқановтар, Ысқақ пен Қошмағанбет Сапаровтар, Сенбай Өтеулиев, Биғожа Аңдызбаев, Қалила Ермағамбетов, Жаңаберген Әлиамғамбетов және көбісінің сүйегі жат жерде қалғанын кешегі өзіміз көзін көрген көкелеріміз сағынышпен әңгімелеп отырушы еді.
Ал тылда тер төгіп, теңізден балық аулаған, ерлерінің орнын жоқтатпаған соғыс жесірлері мен қаршадай балалар және қаусаған қарттардың Жеңіске қосқан үлесі қомақты болатын.
О заманда үлкен Қаратүп пен кіші Қаратүптің арасындағы әр төбешіктің етегі сыңсыған қалың ел болатын. Анау үлкен Қаратүпте Мәмила ақсақал бастаған көкірегі қазына дала данышпандары іспеттес дархан көңіл қариялар, оның ішінде Жолмаханның Оразы мен Қоразы, Назар, Тоғыс, Әбіш, Медеубайлар отыратын. Олардың жанындағы басаттар теңіз сырын, балық өрісін бес саусағындай білетін жылымшы жігіттердің шонтайлары сартылдаған сары сазаннан, ақ күмістей жалт-жұлт еткен ақ тыраннан құрғамаушы еді, жарықтық. Ал атан бойындай жайындары жегеннің тісіне, жемегеннің түсіне кіруші еді.
Сол маңайдағы «Ақбике», «Отыншы», «Сүре», «Боқсары», «Томарқұдық», «Саман», «Майтұз», «Жетіарал», «Аяқөткел», «Жүбекештің қыстауы» сияқты жер-су атауларын қазіргі ұрпақ біле бермейді. Бірте-бірте ұмытылып барады.
Міне, осы жерлерді жоғарыдағы Әбентай мен Тәшен Смағұловтар, Қазыбай Өтепов, Досжан, Махамбет, Тілеу сияқты Қаратүп колхозының жылқышылары мен түйешілері ұзақ жылдар жайлағаны, қоғам дәулетіне дәулет қосқаны қазір ертегі тәрізді. Олардың арасынан шыққан түйеші Досжан Елеусізов есімді еңбек адамы 1953-1954-1955 жылдары Мәскеу қаласындағы бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесіне үш мәрте қатысып, омырауына үкімет марапатын тағып оралады. Ал басқарма Ақсары Бүркітбайқызы Алматыда өткен республика колхозшыларының І съезіне қатысу мәртебесіне ие болғанын айта кеткен жөн.
1944 жылдары Қаратүп колхозының басқармасы Жұмаш Балжанов болатын. Оның басшылығымен көптеген қарттар, шиеттей жас қарын қаршадай балалар, соғыс жесірлері қытымыр қыс айларында, аптап жазда теңіз тереңінен су маржандарын сүзіп, жеңіске лайықты үлес қосқан еді. Олардың қатарында Сәтек Өмірсеріков, Қаратүп пен Жылқышыбай Мәмилаевтар, Тілеуберген Жәнелов, Әлимағамбет Шерімов, Дәуіт Төлегенов, Базан Әлимағамбетов, Есжан Бөлегенов, Жүсіп Тәшебаев, Қожан мен Жұманбет Құлниязовтар, Жаппарберді Өтепбергенов, Аңдызбай Өтепов, Сарбас Сармесов, Есжан Құттықбаев, Үргенішбай, Қанибай, Әлжан, Жанназар, Ысқақ, Орынбасар ауылдастарын кеңестік қоғамның қыспағынан қорықпай-үрікпей имандылыққа баулыған ауыл молдасы Қаражан Ермағамбетов пен Қанша, Күлпарам Жолмаханқызы, Шәкіман, Әсия, Жаңыл, Әлима Бодыққызы, Рәш, Айзада, Шамшырақ Оспанқызы, Ақбалғаш, Орынбике Жәнелқызы, Ырсалды, Рәбиға, Жазық, Батима, Шекер, Жанау, Ұлжан және басқа ақжаулықты аналар қиын шақта үлкен ұйымшылдық танытып, ұлы жеңіске аман-сау жеткен екен.
Бұларға қоса сол бір қиын-қыстау жылдары осы колхозда тер төккен Емекеш Өміров, Қазыбай Өтепов, Әбдіқани Ұзақов, Ойнар Егеубаев сияқты малшылар мен теңізден балық аулаған Үрмет Дүйсенбаев, Бердалы Жұмабаев, Бозан Нысанбаев, Жұмағазы Қоңыратбаев, Бұқарбай Тоғысов, Мөңкебай Орынбасаров, Кенжебай Айтжанов, Социалистік еңбек Ері Төлеген Әлімбетов, Атағұлла Әлімбетов, Қуантқан Ділжанов, Абылай Итбаев, Сержан Жүсіпов, Зиуадин Құрманов, Сансызбай Ахметов, Әлмұрат пен Айжарық Жиенбаевтар, Өтенәли Көптілеуов, Тілеп Дидаров, Нұрамадин мен Нағымадин Тілеповтер, Жарқынбай Жүбекешов, Өтеп Шегіров, Биғожа Аңдызбаев, Сақи Таңатаров, Жақсыбала Қожанов, Жұманбет Құлниязов, Мырзабай Мұқашов, Жалғас Алдабергенов, Жалғас Өтебалиев, Алдан Досжанов, Өтеулі Құлекешов, Ахмет пен Әнәпия Балымбетов, Қуантқан Алданов, Базан және Кенжебай Әлимағамбетов және басқа балықшылардың есімдері біздің жүрегіміздің төрінде мәңгіілк сақталады.
Т.Нұржан-Балта

Фото: egemen.kz
04 ақпан 2024 ж. 1 081 0