Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өкінішті өмір: тәрбиеге толы туынды

Өкінішті өмір: тәрбиеге толы туынды

Жұмыр басты пендеге тағдырдың дегеніне бағыну жазылған. Оны өзгерту әсте мүмкін емес те шығар. Біреулердің өмірі қуанышы мен қайғысы алмасып, ақ пен қара жолақтан тұрса, біреудер туа бітті қиындықпен қаттасып, бақытты балалықты сезіне алмай қиындықпен есейіп, өмірінің соңына дейін қайғы шегіп өтетіндер бар. Жуырда жазушы Нурдәулет Ақыштың «Өксікті өмір» атты хикаясын оқып шықтым. Сондағы басты кейіпкер Мәзімнің сүрлеуі көп өмір жолы кім-кімнің де болмасын өзегінде өкініштің отын маздатады. Бүгін сіздерге осы туындының мазмұнын баян еткелі отырмын.
Шығарма желісі Қадір есімді жігіттің савхоздың жұмысын тексеруге келіп,механизаторлармен әңгімелесіп тұруынан бастау алады. Сол көп жұмысшының ішінен өзіне қадала қарап тұрған бір жанды байқаған Қадір оған елеусіздеу көз тастайды. Балпылдап сөйлеп тұрған ол кенет тысқа шылым тартпақ болып шыққанда өзіне ілесе шыққан аяқ тыпынын анық естейді. Сөйтсе ол манадан өзіне тесіле қарап тұрған жігіт болып шығады. Қасына тақай келген жігіт бұған:
– Сен Қадір емессің бе? – деп сұрайды. Жігіт ағасы оның сөзін растайды. Бірақ өзін таныған адамды есіне түсіре алмай дағдарып тұрғанда ол өзіне : - Мен Мәзіммін ғой, - деп қалады. Осы кезде Қадір жігіттің жүзіне бар ықыласын аудара қарап терең әжім мен көптен ұстара көрмеген беттен бір кездегі техникумда бірге оқыған курстасының бейнесін тапқандай болады.
Емен-жарқын жүздесуден соң Мәзім Қадірді қонақ етіп шақырады. Араға жылдар салып кездескен ескі достың шақыртуын қабыл алған Қадір оның үйіне келгенде мұрынына кезген сыз иісінен бастап, әр түрлі жағдайларды аңғара келе «Бұл Мәзім жар сүйіп, балалы болмаған екен ғой» деген пайымға келеді. Лезде шапшаңдатып дастарқан жайып жіберген Мәзімнің әрекеті жалғызбасты, үй тірлігіне шираған еркек екендігін де оңай аңғартып тұрған еді. Ортаға бір бөтелкені алған курстас достар өткен күннің тәтті естеліктерін еске алып сағынышпен жастық албырт кезеңді аралап қайтқандай болады. Кенет Қадірдің есіне Мәзімнің студент кездегі бір жұмбақ қылығы есіне түсіп кетеді.
Демалыс күндері жатақхананың бір бөлмесін мекен еткен бұлар бірге сейіл құратын. Мұндайда Мәзім ылғи қайда баратынан да айтпай достарынан оңашаланып кетіп қалушы еді. Тіпті бірде жігіттің бұл қылығына ашуланған Қадір екеунің жаға ұстасып қалғанын да естеріне алып күлісіп алды. Қадір араға жылдар салып кездескенде сол бір кездегі жұмбақтың түйінін шешкісі келгендей тағы қайталап сұраған. Мәзім сәл үнсіз қалды да әңгімесін тым әріден бастап кетті.
Ұрлық қылған баладай ешкімге ішкі сырын білдірмеуге тырысқан Мәзім өзіне мүсіркей қараған көп көздерден әбден жалыққан-ды. Сондықтан ол өзінің өмірін ылғи құпия ұстады. Таңертеңгісін ерте тұрып жатақханадан сытылып шыққан ол автобусқа отырып шойдым-шойдым жолмен тау бөктерінде орналасқан ауылға қарай бағыт алады. Мұнда Қанай деп аталатын жерде ерекше қоршалып тұрған бір мекен бар. Мәзімнің де бағыты осы. Бұл жүйке жүйесі ауруларының ауруханасы болатын. Мәзімнің осында келгіштеуінің себебі жігіттің анасы жынданып кетіп, ауруханада жатқанына біраз уақыт болған. Байғұс бала әр болы баладай қиылықты анасына келіп тәтті, дәмдісін әкелуді әдетке айналдырған еді.
Әкесі өмірден өткен соң анасы өзіме өзі сөйлейтінді шығарғанда бала да ауылдастары да аса мән бере қоймаған. Кейін ауру дендеген соң амалсыз көрші ауылда орналасқа осы ауруханаға жатқызуға тура келеді. Сол кезде мектеп оқитын Мәзім әкесі мен анасының жалғыз перзенті болған соң анасын өзі жетелеп алып келіп аурухана жатқызғанын да күрсіне еске алады. Бозбала жүрегінде бүр жарған алғашқы махаббат ұшқыны Мәзімнің жүрегінде де бүр жарып Арыскүл деген сұлу бойжеткенге ынтық еткен болатын. Бірақ Мәзім ол махаббатын жария етпей тұншықтырған күйі қалдырды. Себебі жынды шешесі бар кедей жігітті менсіне қоймас деп болжады өзінше.
Кейін студент шақта Қадірдің туған күн кешінде Қадипаш есімді қоңыр үнді әнші қыздың әуелі дауысына сосын өзіне ғашық болып қалады. Қыз да оған шылы шырай танытып, екеуінің арасында үлкен сезім пайда болады. Бай қуатты өтбасында өмірге келіп ата-анасының ерке қызы болып өскен Қалипашқа жігіт өзінің тұрмысы мен жынды анасынң бары туралы сыр ақтара алмай ұзақ жүреді. Ақыры бір-біріне ынтық екі жас достарының қолдауымен шағын ғана бас құрап ауылға аттанар алдында ғана Мәзім сүйіктісіне бар шындықты жайып салады. Сонда келіншегі оған түсіністікпен қарап, оның жынды анасынан бас тартпай бағып жүргеніне ризашылығын білдіреді.
Бұл шақта анасы да біраз тәуірленіп отбасына оралады. Жас жұбайлар қарусыз қалған үйді ретке келтіреді. Осы кезде Мәзімнің бір анадан туған әкелері басқа Назір есімді отбасылы ағасы да шығармада көрініс табады. Жас отауға құтты болсын айта келген ағасы әжептәуір қызметтегі адам. Өзінің ықпалымен Мәзімді савхозға жұмысқа орналастырып, Қадипашты есепті етіп мамандығымен бір кеңсеге қызметке қояды. Бұлар тәуір тұрмыс кешіп жатқандай болады. Бірақ ақылы кем анасы келініне күн көрсетпей, түрткілей береді. Көше жағалап кетіп ел-жұртқа келінім мені сабайды деп өтірік өсек таратады. Бұған сенген ауыл адамдары Қадипашты көргенде алара көз тігіп, сыртынан сыпсыңдап өсек айтатын болады. Жынды ененің қорлығына шыдап жүрген келінді елдің өсек сөзі өртеп жібергендей болады. Осылайша Қадипаш Мәзімге ажырасқысы келетіндігін айтып салады. Қанша қимастық болса да екеуі ақыры ажырасып тынады. Мұнан соң анасының ауруы меңдеп қайта ауруханаға түседі.
Осы кезде Мәзім бір еркіндікті сезініп кеудесін кере тыныстайды. Өзінің көптен бері ойында жүрген қой тоғыту пунктінің сызбасын сыза бастайды. Мұны бірде бейуақытта қонаққа келген бригадир досы байқап алып басшылыққа ұсынады. Осылай Мәзімнің сызбасы бойынша жаңа пункт салынады. Мәзімнің қызметі де осыдан кейін өсе бастайды.
Бірде көңіл түкпірінен орын алған бір қызбен отбасын құрмаққа сөз байласады. Ол өзінің өмірі мен сәтсіз махаббаты және жынды шешесі туралы шындықты жайып салады. Кейін қыздың туыстары бұған түбегейлі қарсы болып шығады. Осыдан кейін Мәзім қайта отбасын құру туралы ойды санасынан мүлде шығарып тастайды.
Өзінің бақытсыздықпен құрылған өміріне өкпелі жігіт іштегі күйігін басу үшін ашшы суды да ауызға алып үйренеді. Енді тіпті қызметіне де салғырт қарап бәрінен баз кешіп кетеді. Осылай жүрген күндерінің бірінде анасы ауыр дертті болып ажал тырнағына іліккенде төсек тартып қалған анасының астын тазалап, асын аузына ұсынған да жалғыз Мәзім болады. Ақыры анасы мәңгілік сапарына аттанып Мәзім лашық үйде жалғыз қалады.
Кейде өмірінің бақытсыздығына анасын кінәлап күйінетін кездер болса да, кейіпкер ешқашан анасынан бас тартқан емес. Оны аурухана мен үй арасына тасып жүріп өмірінің соңына дейін бақты.
Осы сырын естіген кезде Қадір көпке дейін тілге келе алмай аңтарылып қалады. Сосын досына өзімен бірге қалаға барып жаңа өмір бастауды ұсынады. Таңертең анасының бейітінің басына бара жатқан досын көрген көрген көпшілік Мәзімді бейшараға теңгенеде оларға Қадір: -Жоқ ол нағыз перзент, бейшара емес, сен де, мен де тап ондай бола алмаймыз, – деп түйінді сөзін айтады.
Міне бұл шығармада «ата-анаң жынды болса, байлап бақ» деген қазақтың әдемі мәтел сөзіне арқау болар дүние негізге алынған. Басты кейіпкер өзінің бар бақытынан баз кешсе де анасын қадірлеп бақты, жынды деп сырт айналған жоқ. Берері мен, тәрбиесі мол осы бір туындының авторы өмірде болған оқиға негізінде жазылғандығын айтады.
Н.БАҚЫРАН
01 сәуір 2024 ж. 885 0