Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » "Мен ақымақпын ба?"

"Мен ақымақпын ба?"

Сықақ десе аузының салымы бар жерлесіміз Ерғали Абдулла күлкі керуенін түзегелі ондаған жыл болыпты. Әр жылдары «Жеңгелер келіп қалыпты», «Еркектер жиналысы» атты сатиралық кітаптары оқырмандарына күлкі дәруменін сыйлаған. Енді міне, «Ертең той...» атты әзіл әңгімелер жинағын баспаға дайындау үстінде екен. Сол жинағына енетін «Мен ақымақпын ба?» атты әңгімесін ұсынып отырмыз. Күлкіде кек жоқ, әзілде шек жоқ.
Тай-құлындай тебісіп, екі күннің бірінде ерегісіп керісіп, татуласып табысып, құшақтасып жабысып өскен, елден ерек көретін екі мондыбас құрдасым бар. Екеуі де майлы қасықтай жылпылдап тұр. Әкелері бір қазанда пісіріп, ойласып қойғандай-ақ біріншісі, сорайған ұзынының аты – Жетер, кеспелтек келтесінің аты – Жетпес. Ал мен сорлының жарғақ құлағыма үш рет азан шақырып қойған есімім – Норақ. Осы елде жоқ атты неге қойғанына миым жетсе бұйырмасын. “Өй, ана Митық, Итжемес, Боқбасар дегендер де қылшығы қисаймай, жер бетінде жүр ғой” деп өзіме-өзім басу айтып шүкіршілік етемін. Кейде көңіл қошы аспандап отырғанда әкемнен түртпектеп сұрасам, басын қасып күмілжиді. Осындайда әкемнің құрдасы Тырысқақтың сөзінің жаны бар ма деп қаламын.
“Сен туғанда, өйдә, әкең бір жеті тәжіктің “Норақ” деген қызылымен құдықтан суарғандай суарды. Іше алмайтын кезіміз. Жәшік-жәшігімен қотардық. Сол ұлы дырдуды тындырып, басы мең-зең әкең орталыққа кеткен. Құжат беретіндер: “Балаңның атын айт” демей ме. Қойып барған аты тарс есінен шығып “Норақ” дей беріпті...” деп арық, сүйегі арбиған Тырысқақ қиқылдап-шиқылдап қалатын.
Көзім жыпылықтап, не күле алмай, не дерімді біле алмай мен аңтарылып тұрамын.
Біздің ұйқас қуғыш қазекем аузы жыбырламай қарап отыра ма. Тілі удай ұшынғандары: “Норақ дегенше Дорақ десейші” деп бір-ақ қайырады. Әрі-беріден соң “Әй, Дорақ” деп қасақана шақырады.
Шыбықты ат қылып мініп жүрген жарты ақыл кезім болса да там-тұмдап жобалаймын. “Дорақ” дегеннің түп төркіні орекеңдердің “дурак” деген ноқайлау сөзі екенін сеземін. Оны пәруаламайтын миғұлаң мен емеспін ғой.
Дегенмен етің өліп кетеді екен, алда-жалда біреулер: «Әй, Дорақ» десе, мысқалдай да көңіліме алмаймын. Алмақ түгілі “әу” деп қайырылып қарап, екі езуім екі құлағыма жетіп тұратынымды айтсайшы. Кейінірек қой оны да айтуға ауыздары қимайтындай: «Әй, Ақымақ» деп жүргендері. Алдыңғысына салпан құлақ болып қалған байғұс басым соңғыларына аса бір ренжи қойған жоқпын. Қашанғы айтады, айтар-айтар, ауыздары ауырған соң қояды дейтінмін. Бекер үміттенген екенмін. Қою қайда, сайтан ысқырғандай өршіп кетті.
Бүкіл ауыл кейін көрші ауылдар соңғы атыма біржолата ен салып тоқтады. Норақты қорланып, Дорақты жатсынып жүргенімде кей қужақтар сыртымнан “Әлгі ақымақ Норақ-Дорақ ше?” деп, үшеуін қосарлап, белшесінен басатын.
Көп нәрсеге терең бойлай алмайтын аңғал баламын ғой. Десе де көңіліме алып бір сәт бұртиып та аламын.
Содан үйде жатып: “Мен осы шынымен ақымақпын ба?” деп көзім бақырайып ойланып кетемін. Бірақ маған ұзақ ойлануды жазбаған маңдайыма. Үнемі көзім ілініп-ақ кетеді. Өйткені діңкәм құрып, шаршап, сыбырлағым татымай шалдығып жүремін. Енді шаршамай, қайтейін, темір емеспін ғой. Өз үйіміздің мың шаруасы аз болғандай, ауылдастардың үй салғанының үме-асары, той-тобыр істегеннің қазан-ошағының бар бейнеті менің ырғайдай болған мойнымда. Сұранып тұрамын.
- Ескі базға барып атыспақ ойнаймыз,- деп Жетер мен Жетпес келеді жалақтап.
- Мылтықбай сарайының төбесін жабуға шақырып қойған...- деймін мен жау киімдерімді киініп жатып.
- Бірдеңе бере ме?- дейді екеуі жарыса, қабаттаса. Берсе, ойлары менімен бармақ.
- Жоқ...- деймін мен. - Мылтықбайда қайдағы ақша?! Ақшасы болса үй салмай ма?
- Өй, ақымақ екенсің ғой. Біреудің жұмысын ақымақтар ғана ақшасыз істейді,- деп екеуі қолдарын сілтеп кетіп қалады.
Жетінші сыныпта қампық қарын, қазан бас ағай “Менің сүйікті жануарым” деген шығарма жаздырған. Көзілдірігі тұмсығына құлап, шетінен сыпыртып оқып жатыр. Жетер жылқыны, Жетпес түйені, тағы біреулер киікті, қасқырды, барысты тілдері жеткенше келістіре жазыпты.
Ағай менің дәптерімді қолына алды да:
-Норақтың сүйікті жануары есек екен...- деді мысқылдай ыңыранып. Есекті жазғанмын.
Сынып қақ жарыла күлді. Көне мектептің қабырғалары дірілдеді. Бір-екі бала есек болып ақырып, маған қарап ыржалақтады.
- Есек деген күшті... күшті...- дей берем мен қызарақтап.
- Бірақ ақымақ қой...- деді Жетер мен Жетпес қосарласа.
Енді есекті жазғаныма шын ұялдым. Қып-қызыл болып кеттім. “Менің осы делқұлы ноқатсыздығым-ай” деп өзімді жерден алып, жерге салдым.
Мектеп бітірген соң алысқа ұзамай аудан орталығындағы техникумды ілдәлап бітіріп кеп, совхозда веттехник боп кеудеме нан пісіп жүргенмін. Бір күні әкем кешкі ас үстінде:
-Сен осы үйленуден ойың бар ма?- деді төбеден түскендей қылып.
Алақан толы етті асай берген мен:
- Әке, қызым жоқ,- деп сұп-сұр болып, түйіліп қала жаздадым.
- Қыздың не керегі бар?!- деп әкем адырайып, қабағын түкситіп, төбеден қойып жіберетіндей жұдырығын түйіп.
“Ау қыз болмаса, қалай үйленемін?” деген ұры ой көкейімде қадалды. Көңіліме әп-сәтте жаман күдік кірді. Әлде ақымақ балама байдан қайтқан қатын да болады деп отыр ма екен? Кәдімгідей шоши бастадым. Енді әкеме бір түрлі жалынышты, аянышты көзбен қарадым.
-Оңтүстікте құрдасым бар. Әскерде бір кәтәлөктен ас іштік. Қатты тамыр болдық. “Ұлың болса, қызымды беремін” деген. Уәдесі уәде. Кеше хабар тигізді...
Әкемді пір тұтып сыйлайтыным сондай өмірімде бала болып бір ауыз қарсы сөз сөйлеп көрмегенмін. Сөйлей қалсам “Өй, ақымақ” деп айта ма деп үнемі қорқатынмын. Тіл қата алмадым. Сықпытым кетіп сөлбірейдім де қалдым.
Мені үйленеді деген сыбыс құлақтарына тиген екі досым желпілдеп жетіп келді.
- Қандай ақымақ, а? Осы заманда үрен-сүренін білмейтін қызға қалай қосыласың?- деді Жетер бүйірімнен нұқып.
- Әкем айтып отыр ғой...- деп күмілжідім.
- Ал әукең салбырап барарсың.... барғанда мұрны пұшық, көзі қисық, өзі кекеш болып шықса қайтесің?!- дейді Жетпес танауының тесігін саусағымен көтеріп, әдейі кекештене сөзін он бөліп. Оның саңырайған қыл-қыбырлы, кеспірсіз кеңсірігін көріп, көңілім даладай құлазып кетті. Иығымды көтердім.
- Қыздар қарап жүре ме?!- деп Жетер досым құлағыма ұрлана сыбырлады. Ләмінен-ақ түсіндім. Тілім байланып қалды.
Судан шыққан тауықтай сүмірейген түріме екеуі бастарын шайқады.
-Ай, дорақ десе, дорақсың-ау...- деп, иықтарын қиқаңдатып жөндеріне кетті.
Артынып-тартынып Шымкентке жеттік. Ұлан-асыр той басталды да кетті. Екінші күн дегенде қыздың қос жеңгесі қашып кетпесін дегендей қолтығымнан тас қапсырып ұстап, бөлек отауға апарды. Жүрегім аузымнан шыққалы тұр. Аяғыма батпан байланғандай босағадан әзер аттадым.
Төрде бір қыз отыр. Көзім ұясынан шыға мұрнына қарай беріппін. Жоға, мұрны орнында. Орнында болғанда, әдемі қыр мұрын. Мұндай сұлу мұрын көрсем көзім шықсын. Енді бетіне көзім түсті. Піскен алмадай үзіліп тұр, үлбіреп тұр. Қима қас, ай қабақ, шие ерін, алма мойын, аршын төс... Жұтып қойғың келеді. Құшырлана сүйіп алғың келеді.
Түсім болып шықпаса екен деп, басымды тоқпақтай жаздадым.
Жеңгелері жұп-жұмсақ қолын ұстатты. Аты Гүлмайсагүл екен. Мен ұяла-ұяла:
- Атым Норақ,- дедім.
- Атың әдемі екен,- деп ол сыңғыр ете қалды. Өмірімде бірінші естуім.
Қыз лебізіне марқайып, танауым шелектей болып қалдым.
- Мұндай періштені қалай таптың, әй,- деп іштері күйген Жетер мен Жетпес жалаң құйрықтарын жерге ұрды. Ұрғанында да оңдырмай ұрды.
- Біздің әкей әскерде дым бітірмей, көрінгеннен таяқ жеп-жеп қайтқан. Сенің көкең маладес... қырық жылғыны ойлаған...- деп бас бармақтарын көрсетті.
Қырмызы гүлдей жайнаған, жұпар иісі аңқыған Гүлмайсагүлдің қасында едірейіп мен отырмын. Өзің ақымақ болсаң да, әйеліңнің әдемі болғаны қандай әйбет!
Ана жылы банктер бұрқыратып несие бере бастаған. Ақшадан таршылық көріп жүрген басым көзді жұмып тұрып жиырма бес жылға отыз миллион сом алдым да, даңғарадай тойхана аштым.
Алғаным бар болсын, ағайын-туыс, жанашырым өре тұрып қарсы болды. Жетер мен Жетпес бастарын шайқап:
- Әй, жынданғаннан саумысың?! Үйіңді таба алмай қаласың. Үрім-бұтағыңның мойнына батпандатып қарыз мінгізіп кетейін деп жүрмісің...- деп шаштары тікірейді.
- Сорлы-ау, алатын айлығың анау-ақ. Неңмен қайтарасың?- деп жездем сыбады.
- Мына түріңмен ертең құрт-құмырсқа теріп жеп кетесің...- деп нағашым жерден алып, жерге салды.
Жағаларын ұстаған Жетер мен Жетпес:
-Ай, көк ми досым-ай...-деп айтар сөз таба алмай үйден шығып кетті. Содан бір жылға дейін есігімді ашпады.
Бір күні іздей бастағанмын.
-Ойбой-ау, сені қарызға белшеден батып, енді жылу жинайды деп қорқып қашып жүр. Қатындары айтты,- деп Гүлмайсагүл күлді.
Түбі қалай болады, шынымен тентіреп кетпеспін бе екен деп енді-енді кәллама жетіп ойлана бастағанмын. Ұзақ ойланып жарытпадым. Ақша ауысып, инфляция басталды. Құны кеткен ақшаны екі жылда төлеп, тап-таза боп шыға келмесім бар ма.
-Құр далақтағанша, біз де несие алғанда ғой, мұртымызды ширатып жүретін едік,- деп Жетер мен Жетпес аһ ұрды.
Гүлмайсагүл ат шаптырым дастархан жасап, Жетер мен Жетпесті қонақ қылды. Ауыздары үйреніп қалған ба, екеуі баяғы әндеріне басады.
- Ақымақтардың әрқашанда жолы болады,- деп Жетер қоймады.
- Сенің ноқатың қалай көбейіп кетті...- деп Жетпес келекелеумен болды.
Менің бұл күндері бос уақытым жетеді. Әсіресе жазда Гавай немесе Ямайка аралдарының жағалау құмында қыздырынып жатқанда, есіме қайдағы-жайдағы түсіп: «Осы мен ақымақпын ба?!» деп ойлап қоямын, ойлап қоямын.
Ерғали АБДУЛЛА
02 сәуір 2024 ж. 974 0