Сабырмен келген сый
Асыл дінімізде де, қазақ нақылында айтқандай-ақ әрбір жамандықтың артында жақсылық, әрбір сынақтың артында сый күтіп тұр. Сабырлы пендеге келетін Жаратқан ұсынған сыйдың кімнен, қалай келерін білмейсің. Бірін дүние-мүлікпен сүйіншілеп, жағдайын жақсартса, енді бірін тура жолдың таймас адамы етеді. Ал осылардың ішіндегі ең бағалы нығмет – асыл жар.
Айкүміс қарапайым, текті отбасының қызы. Атасы да, әкесі мен ағалары да діни көзі ашық, сыйлы кісілер еді. Анасы да бес парызын орындап, бала тәрбиесін басты назарға қоятын, үй шаруасындағы жан.
Айкүмістің өзі де сабырлы, білімді, барлық нәрсенің жөн-жосығын білетін. Кішкентайынан отбасының махаббатына шомылып өскен үріп ауызға салғандай қыз еді.
Бойжетіп, оқу бітіріп келіп, жұмыс істеп жүргенде Ерболатпен танысқан. Бастапқыда жұмыс жөнінен өрбіген әңгімесі жеке таныстыққа ұласты. Араға көп салмай сырға салу, құдалық, ұзату тойлары өтіп, отбасын құрды.
Әрине, отбасылық өмір қызығы да, шыжығы да қатар жүретін кезең. Бастапқыда оңай түспегенімен, уақыт өте келе үйренісуіңе, сол отбасының ережелері мен қағидаларын қабылдауыңа тура келеді. Айкүміс те оған үйрене бастады. Оның үстіне Ерболат бай отбасының баласы болатын. Үйдің шаруасына көмектесетін жеке көмекшілері болғандықтан, оған айтарлықтай күш салмай, бар уақыты өзінің жеке шығармашылығына, дамуына, білім алуына кететін.
Ерболат бастапқыда Айкүмістің көңіліне қараған, томаға тұйық жан болатын. Уақыт өте келе сыры ашылып, тілімен келіншегін түйреуді шығарды. Істеген ісі, жүріс-тұрысы ұнамай бастады. Кейде қызғаныштан ұрыс та шығарып тұратын. Оның бәрі келіншек көңілінің түбінде қалды. Отбасының тыныштығын ойлап, әркез үнсіз қалып, өзін кінәлі сезінетін.
Бірде жұмысында жылдық есеп тапсыратын болып кешіккен. Ерболаттың сол күні қызғанып, ашуланғаны сонша, жұмысына келіп ұрыс шығарды. Жұмысын бітірместен үйіне алып келді де, сол жерде ашумен «келіншегім едің, талақ болдың» деп, «басқа жігітпен жүрді» деген сылтаумен ажырасатынын айтты.
Айкүміс оған мүлдем ашуланған жоқ, күрсініп өкінбеді де. Балалы болмаған кезде осындай қытымыр мінезді жаннан құтылғанына қуанды да. Ертеңіне киімдерін жинап, төркініне келді. Ата-анасы үнсіз қабылдады. Сынап-мінеген жоқ. 1,5 айдан соң сот жүзінде ажырасып, өмірдің жаңа кезеңіне аттады.
Әдеттегідей қалыпты өмірге қадам басты. Күнделікті жұмыс пен үйдің арасын тоздырып, еңбек етті. Солай жүргенде арада 2 жыл уақыт зулап өте шықты. Екі арада қанша жігіт көз салып, ниетін білдіргенімен Айкүміс оларға ешқашан кері жауап бермеген. Ал кейбірі оның тұрмыста болғанын білгеннен-ақ ат тонын ала қашатын.
Бірде құрбыларымен кездесуге барған. Кафеден қайтар уақытта көлік шақырған болатын. Көп ұзамай өзіне таныс машина кафенің алдына келіп тоқтады. Бірден таныды, Ерболаттың досы болатын. Аты – Ораз. Бұрындары кей басқосуларда көргені бар. Ерболатпен жақын араласқанымен, өзі мүлдем ашылып, жақыннан араласып көрмепті. Есікті ашып берді де амандасқан соң: «беймезгіл уақытта такси іздепсің, танып қабылдағам» деді. Айкүміс рақметін айтып, басын изеді. Жол бойы үндеместен үйіне жетті.
Бірер күннен соң Айкүміске хабарлама келді. Ораздан екен. Танысып, әңгіме айтып қайтуға шақырыпты. Айкүміс үзілді-кесілді қарсы болды. Қазір жеке өмірге қызығушылығы жоқ екенін алға тартты. Оның үстіне бұрынғы жолдасының досы екені, отбасылы болмаған, бойдақ жігіт екені ыңғайсыздық тудырған. Дегенмен Оразды оның сөздері тоқтата алмады. Жігіт күнделікті көңілін аулап, сыйлықтар жіберді. Артық ойы жоқ екенін, танысып көргісі келетінін, бұрынғы жағдайлардың бәрінен хабардар екенін жеткізді. Араға уақыт салып Айкүмістің де ойы өзгере бастаған.
Қызының жағдайын, оның бойындағы өзгерістер мен себепсіз сыйлықтарды көрген анасы кешкі астан соң жеке шақырып сұраған. Айкүміс ештеңе жасырмады. Барлығын ашып айтып берді.
– Қызым, бұл өмірде кімнің де болса бақытты болуға құқы бар. Жаратқанның берген тағдырын сүресің. Бір оқиғадан аман-есен өттің. Егер көңілің бұрса, дұрыс шешім деп қабылдасаң, біздің қарсылығымыз жоқ. Біз сені әрдайым қолдаймыз. Тек асықпа. Асығып, қателесуден сақтан, – деді.
Айкүміс бұл сөздерден кейін ұзақ ойланды. Әрбір сәтінде Алладан тек қайырын сұрады. Араға апта салып бірінші рет Оразға келісімін беріп, бірге тамақтануға барды.
Ораз анасы мен Айкүміске гүлмен келіп, үйінен алып кетті. Қаладағы тыныш, жақсы тамақтану орнына әкелді. Арадағы аман-саулық, қалыпты әңгімеден кейін ашық ойын айтуға рұқсат алып:
– Айкүміс, сөзімнің шыны менің сізге артық ойым жоқ. Ерболатты да, оның отбасын да бала кезімнен танимын. Сіздердің де арадағы жағдайларыңызды естідім. Өзіңізді кінәлі сезінудің керегі жоқ. Бар болмысыңызбен қабылдауға бармын. Қазір ақыл тоқтаттық, балалық-шалалық істерден әлдеқашан өттік. Әрі қарайғы өмірімді сізбен көремін. Өзге жанның ойы да, сөзі де маған маңызды емес, – деп түйінін айтты.
Айкүміс үндемеді. Тек жымиып қана сенгенін, ойланатынын жеткізді. Көп кешікпей Ораз оны үйіне жеткізіп салды. Қызының бал-бұл жайнап келгенін көрген отбасы оны артық сөзге тартып, сұрақтың астына алмады.
Көп ұзамай Ораз Айкүміске отбасын құруға ұсынысын білдірді. Қыз да келісті. Ораз алдымен жеке барып, Айкүмістің ата-анасының, ағаларының алдынан өтті. Кейін жөн-жоралғысымен той салтанаты өтті.
Ерболат та тойға қатысқан. Ол бұл кезде бойдақтық өмірдің қызығына батып жүрген еді. Жастарға бақыт тіледі. Мүмкін оның шын тілегі қабыл болды ма екен?! Бүгінде Ораз бен Айкүмістің екі бүлдіршіні бар. Әулетіне, отбасына сүйікті келін, жолдасының сыйлы жары, ардақты ана.
Иә, бұл да Жаратқанның сынақтан кейін берген сыйы...
Г. САҚТАПОВА