Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тұсау кесу – тамыры тереңде жатқан дәстүр

Тұсау кесу – тамыры тереңде жатқан дәстүр

Қазақтың көнеден кел жатқан, қаймағы бұзылмаған салт-дәстүр, жөн-жоралғылары жетерлік. Солардың бірі – тұсау кесу рәсімі. Өмірге талпыныс жасап тәй-тәй басқан бүлдіршіннің қадамы сәтті болсын деген ниетпен оның тұсауын кеседі. Онда орындалуы керек жөн-жоралғылар да бар. Мәселен тұсау кесу үшін ала жіп байлап, жолына ақ мата жаю сынды рәсімдермен қатар тұсау кесу мәртебесін ұсынатын адамның бойындағы да ерекше қабілеттерге мән беру бірінші орынға қойылады. Бүгін тұсау кесу рәсімі қалай жасалу керек және баланың тұсауын кім кесу керек деген сұрақ төңірегінде даналардың пайымын зерделеп көрдік.
Тұсау кесу – қазақ халқы үшін адамзат өміріндегі орындалуы керек дәстүрдің бірі. Оның мағынасы тым тереңде жатыр. Кейде бір кісілердің өмірде жолы болмай, сәтсіздіктерге тап бола берсе немесе отбасын құрмай ұзақ жүріп қалса «Кезінде тұсауы кесілмей қалып еді» - деп егде жасқа келгенде рәсім жасап жатқандығын көзіміз шалып жатады. Осыдан-ақ баланың тұсауын кесу маңызды дүние екендігін аңғаруға болады.
Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова жастар баланың тұсауын кескен кезде көптеген қателіктерге бой алдырып жүргенін айтады. Белгілі жазушы мұндай қателіктер салт-дәстүрдегі негізгі ұстанымдардың мағынасын бұзады әрі келешек ұрпаққа өзгертіліп жеткізіледі деп алаңдайды.
– Баланың аяғына ала жіпті байлаған. Оны көбі өмірде ешкімнің ала жібін аттамасын деген өте жеңіл мағынада қабылдайды. Шын мәнінде оның мағынасы өмірдің ақ пен қарадан тұратынын түсіндіру. Күрмеуін кесу бала болашақта ақ пен қара қатар тұру заңдылығы кезінде құламасын, шалынбасын дегенді білдіреді. Баланың тұсауын үш мәрте кесетіндер бар екен. Ол болмайды. Адам баласының кімге ұқсағанын қалайды? Соны алдымен шешіп алуы керек.Кешінде көк шөппен, тоқ ішекпен кескен. Тоқ ішек- баланың іші-сырты майлы болсын, тоқ болсын деген мағынады. Көк шөп туған жерінде көктесін деген мағынада. Бірақ ала жіпте еш жат емес бізге. Баланың тұсауын бір рет кескен жөн, – деді Зейнеп Ахметова.
Жазушы ана ақ жолмен жүріп өткен баланың алдына қойылатын ақша, домбыра, кітап, кілт сынды заттар бізге кәрістерден келгенін де атап өтті. Оның айтуынша, оның еш жаманшылығы жоқ.
– Кәрістердің жақсы әдетін алған сияқтымыз. Бұл бір жай ғана қызықтау үшін жасалған дүние. Баланың болашағына сондай бір зиянын келтіретін зат емес. Ал ала жіпті ырымдап бала көтермей жүрген келіншекке сыйға берген. Ырым бойынша ол жіпті алып бір жерге іліп немесе сақтап қоюы керек. Көп ұзамай балалы болады,–дейді Зейнеп ана.
Сондай-ақ баланың тұсауын қайшымен кесу де мүлде қисынға келмейтін ұғым көрінеді. Баланың өмірі қайшыланып қалады. Қайшының жүзі бір-біріне қарама-қарсы жасалған. Сондықтан баланың тұсауы пынақпен кесілген. Тағы бір талас туғызып жүрген нәрсе – ала жіпті «алдынан кес» немесе «артынан кес» деп жатады. Бала артқа жүрмейді, алға жүреді. Алдында тұрып, оның тұсауын кесіп, баланың алдын ашады. Артынан тұсау кесу деген дұрыс емес.
Баланың тұсауын бір кездері кейуаналарға, үлкен кісілерге кестіріп жүрді. Шындап келгенде, қазақ жасы келіп, белі бүгілген үлкен кісіге, жайбасар жанға, сондай-ақ ауру адамға да тұсау кескізбейді. Ұл баланың тұсауын күш-қайраты бойында, елдің алдында қызметімен көзге көрініп жүрген ер-азаматтар кескен. Қыз баланың тұсауын аяқ-қолы балғадай, істеген ісін тындырып жүретін, отының басын берекелі ұстайтын, балалы-шағалы келіншектерге кескізген.
Тұрмысқа шықпаған қызға, үйленбеген жігітке тұсау кескізбейді. Өйткені олардың жолы әлі ашылмаған. Мұның барлығы сан ғасыр сарабынан өтіп, ата-бабаларымыздың жасап кеткен салты.
Ырымшыл халқымыз қандай қадам бастаса да үлкен сеніммен бастаған. Сондықтан жоғарыдай айтылған тұсау кесу рәсімінің негізгі жөн-жоралғылары сан ғасырдан бері екшеліп келген дүние. Ал қазір ше? Атағы шыққан әншілер мен танымал тұлғалардың тұсау кесу екінші жұмыс ма дерсің! Олардың жеке өміріндегі сәтсіздіктерге, болмыс, бітіміне назар аудармастан баласының тұсауын кезекпен кестіретіндер көп.
Бұрынғылар сарған сара жолды өзгертіп, жаңаша жаңғыртудың қажеті жоқ. Себебі дана бабаларымыз әрбір дәстүрдің тереңіне бойлап, астарына айтулы мағына сыйдырып кеткен. Тек келер ұрпаққа сол ұлттық құндылықтардың қаймағын бұзбай жеткізе білсек болғаны.
Мәншүк Талғатқызы,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің 3 курс студенті
06 сәуір 2024 ж. 1 292 0