Кітапты сүйіп оқы, көңілге түйіп оқы
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі. Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Алтын уақытымызды пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн» деп, қазіргі таңда осы бағытта маңызды бағдарламалар жасалуда. Адамзат ақыл-ойының жиынтығы кітапта болса, білім – соны сақтайтын қазыналы сандық.Кітап – адамзат баласының баға жетпес асыл құндылығы. Білім мен мәдениеттің биік белестеріне жетелейтін – тәрбие құралы. Шығыс ойшылы Науаи «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына» десе, Абай атамыз «Танымның бар тамашасы – кітапта, оған қол жеткізу үшін кітап оқудан жалықпа; артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге» деп насихаттайды. Бұл мағыналы сөздерден кітап оқудың кез келген тұлғаны дамытудың қайнар көзіе кенін түсінесің.Ақпараттық кеңістікте сана уланып жатқан кезде кітаптың пайдасы көп. Көз алдымызда ғана суреттелетін сюжеттік кинолардың әсері ұзаса үш сағатқа созылуы мүмкін. Ал кітаптағы әрбір сөзді оқыған сайын оның суреті көз алдыңызда ғана емес, миыңызда жатталып қалады. Кітаптың ең керемет ерекшелігі – көз жетпеген жерге ұшқыр ой жетеді. Ал сол ойдың жүйріктігін жетілдіретін де, сөзге шешендігін шынықтыратын да – кітап.
Жастарды кітап оқуға шақыру, олардың қызығушылықтарын ояту мақсатында аудандық орталық кітапханада «Read Me» жобасы жүзеге асып келеді. Бүгінге дейін бірнеше мәрте болған жобаның негізгі мақсаты жас оқырмандардың ой-өрісіңіздің ары қарай тоқтамай кеңеюіне көмектесу. Бұл жаңа адамдармен танысуға, сүйікті кітаптарды талқылауға, оларға жаңа көзқараспен қарауға, сондай-ақ өз пікіріңізді батыл айтуды үйренуге жақсы мүмкіндік.Кітап клубының тағы бір артықшылығы – оның мүшелері арасында тәжірибе мен білім алмасу. Бірге кітап оқу арқылы клубта жасы, мамандығы және әдеби талғамы әртүрлі болғанына қарамастан, пікірлес адамдар өз қауымдастығын құрады.
Осы жоба аясындағы кітапқа құмар жандар үшін ерекше кітап аукционы – озық оқырманды анықтау және тамаша шығарманы оқуға кеңес беруге арналған алаң. Бұл алаңға шыққан әр аукцион қатысушыларының ұсынатын кітаптарымен танысып, үздік таныстырылымын бағалалау арқылы жобаға қатысушы жаңа оқрмандарға кітап ұсынылады. Ол адамға өзіндік әсер етіп, оның тұлға болып қалыптасуына маңызды рөл атқарады. Кейіннен жиналған қауым қайта бас қосып, ұсынылған кітап бойынша өз пікірлерін ортаға салады, ұнамды-ұнамсыз жерлерін талқылап, жаңа кітапқа көшеді.
Міне, дәл осындай аукцион кеше де өз жалғасын тапты. Аукцион шарттары бойынша ауданымыздағы кітапханалардың тұрақты оқырмандары кітап таңдаудағы талғамын, кітап оқуға деген сүйіспеншілігін жаңа оқырмандарға таныстырды. Әдеби клуб кешінде қатысушыларға «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығы қызметкерлері Сахиев Нұртуған Ө.Жәнібековтің «Мәдени майдан» кітабын, Кушекбаева Арайлым Б.Балтабайдың «Жүрек тыныштығы» кітабын ұсынды. Сонымен қатар №220 орта мектеп мұғалімі Қаратаева Балжан ханым Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» шығармасын таныстырса, №260 мектеп мұғалімі Кемалова Аида ханым оқырмандарға «Қазақтың Қанипасы» кітабын оқуға кеңес берді. №14 мектептің оқушылары Мұратбаева Аружан М.Тазабековтың «Еркем, өмірің болсын көркем» кітабын, Шәкірат Мерей Д.Исабековтың «Гауһартас» шығармасын таныстырып, қызығушылығымызды оятты. Сонымен қатар кітапхананың тұрақты оқырманы, декреттік демалыстағы ана Суханбергенова Аружан ханым да өзіне ұнаған Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам» кітабын ұсынды.
Ұсынылған кітаптың барлығы қатысушылар мен қонақтардың көңілінен шығып, жоғарғы ұпай жинады. Кеш соңында Кемалова Аида ханым мен Мұратбаева Аружан таныстырған кітаптар оқырмандарға ұсынылып, келесі басқосуда талқыға түсетін болды. Клуб жиынында әрі қарай қонақтарымызға шағын сияпат табысталып, кітап көрмесімен жалғасты.
Кітап – адамзаттың ортақ құндылығы. Мәңгілік сарқылмас қазына. Адамның озық ой санасынан жаратылып, адамның өзіне қызмет жасайтын немесе жыл, ғасырлар бойы елдің игілігіне жарайтын, қайталанбас тарихтың адам санасындағы аса қымбат та қастерлі мұрасы.
«МЕНІ ОҚЫ» жобасы аясында жас ұрпақ бойына рух жасампаздығын ұялататын, мейірім, ізгілік, отансүйгіштік, патриотизм идеяларын даратып, эстетикалық талғамды қалыптастыра отырып, ұлт тәрбиесінің ұстанымына айналдыратын әдеби кездесулер өз жалғасын таба берсін дейміз.
Г.Күлмашова,
оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі