Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Даналық кілті – кітапта

Даналық кілті – кітапта

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылғы Жолдауында жастар білімді де, білікті, болғанда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет келбеті қалыптасатынын тілге тиек етті. Иә, жастары білімді елдің қашанда айы оңынан тумақ. Ал сол саф алтындай таза білімнің кілті кітапта ғана екендігін бірі түсінсе енді бірі түсіне бермейтіні өкінішті.
Ұлы француз жазушысы һәм философы Дени Дидро: «Адамзат кітап оқуын қойған күні, ойлануын да тоқтатады»-деген еді. Расымен де,өркениетті қоғамның бас­ты тірегі – білімде. Ал білімнің кіл­ті – кітапта. Мұның сырын ерте ұғын­ған ел билеушілер мен патшалар, оқы­мыстылар мен ғалымдар сонау ықылым заманның өзінде-ақ билік құрған мемлекетінде ең әуелі кітап оқу мә­дениеті мен кітапхана ісін гүлден­діруге баса назар аударғанын көруге болады.  Мәселен, атауы бүгінге аңыз болып жеткен әлем кере­меттерінің бірі – Мысырдағы Алек­сандрия кітапханасы, түркі халықтарына ортақ құндылық – көне Отырар кітапханасы сөзімізге дәлел болады. Одан бөлек те талай дәуірдің кемелденуіне қызмет етіп келе жатқан кітапханалар санында шек жоқ. Заманында адамзат кемелдікке ұмтылған сайын кітап пен кітапханалардың рөлі мен маңызы, құндылығы арта түспесе, титтей де кеміген емес. Адамдар бар білімді кітаптан алды. Қазір ғой ақпараттық технология дамып,кітап оқитындар қатары сирегені. Дегенмен,кітап оқудың да адам өміріне тигізер пайдасы жоғары.
Адамның  арманын асқақтатып, қиялына қанат бітіруге кітап  әсерін тигізеді. Бұл қалай жүзеге асады? Енді осыған кеңірек тоқтала кетейік.
Кез-келген кітаптың сюжеті, яғни мазмұны нақты өмірден алынғанымен, оқиға желісі жазушының арман-қиялымен өріліп, оқырманды тарту үшін қызықты, шытырман оқиғалармен астаса баяндалады. Атақты американ жазушысы Джек Лондон айтқандай, жазушы болу үшін өмірді жақсы білу, тіл байлығы мол болумен қатар, өз философиясы, яғни өмірге деген жеке көзқарасы болуы шарт.
Кез-келген кітапта оқиға жалаң баяндалып қана қоймай,жамандық пен жақсылықтың, зұлымдық пен қайрымдылықтың күресі түрінде әңгімеленеді және әрдайым жақсылық жамандықты жеңіп отырады. Яғни, кітап оқыған адам жақсылықтың түптің түбінде жеңетінін, зұлымдық жеңіліске ұшырап, өкініште қалатынын санасына сіңіреді. Осылайша, кітап адамды тәрбиелейді.
        Кітап оқу арқылы алатын қиял-ғажайып сезімді сіз ешқандай құралдың көмегімен ала алмайсыз. Кітап сіздің сана көкжиегіңізді кеңейтіп, қиял әлеміне саяхаттатады, өмірде биіктерге жетуге құлшындырады.Өмірдің қызығынан құр қалғыңыз келмесе, болашақта биіктерге жетіп, үнемі алға жылжумен бақытты тірлік кешкіңіз келсе, кітап оқыңыз. Мейлі, қандай кітап болсын: детектив, фантастика, классиктердің еңбектері ме – бәрібір. Кітапты дос етсеңіз, ол сіздің өміріңізді түгел өзгертеді, жамандыққа емес, жақсылыққа қарай.
Ақнұр Ералиева
№83 орта мектептің  қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
05 қараша 2022 ж. 451 0