Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Робинзон Крузо – жаухар шығарма

Робинзон Крузо – жаухар шығарма

Әлем әдебиетіндегі шоқтығы биік жауһар шығармалардың бірі ағылшын жазушысы Даниель Дефоның «Робинзон Крузо» романы. Роман алғаш рет1719 жылы Лондонда жарық көреді. Кітап шығысымен оның аспандап тұрған бағасына қарамай жұртшылық қалың кезекке тұрып алған. Романды Дефо қартайған шағында 58 жасқа келгенде жазған. Негізінде Дефо осы жасқа дейін де әртүрлі тақырыпта 250-дей шығармалар жазған. Олар негізінен этнографиялық, тарихи,коммерсиялық істерге, навигация мен егін шаруашылықтарына, публистика тақырыптарына арналған. Ал, Робинзон Крузо Дефоның қиял-ғажайыпқа арналған алғашқы шығармаларының бірі. Дефо бұдан кейін де «Әйгілі капитан Сильтонның өмірі мен қызықты оқиғалары», «Оба жылының жазбалары», «Атақты Молльфлендерстің қуанышы мен қайғысы», «Ковалердің мемуарлары», «Джордж Карльтонның жазбалары» сияқты романдарын жазған.
Әдебиет әлемінде осындай ғажайып дүниелерді қалдырған Даниель Дефо деген кім еді? Даниаль Дефо 1661 жылы саудагер Джемс Фоның отбасында дүниеге келген.Кейін жазушы Фо деген фамилиясын алдына Де қосып Дефо деп аталған. Дефо өсіп ержеткесін әке жолын қуып саудагер болған, кәсіпкерлікпен айналысқан. Тіпті Дефо Англияда ірі фабрикант иесі,аса бай адам болған. Кәсіпкерлікпен айналыса жүріп әдебиеттен де алыс болмаған. Сауда-саттық, коммерсиялық жұмыстармен Дефо теңізге жиі шығып Франция, Испания, Италия, Бразилия, Партугалия елдерін аралаған. Осындай жол-сапар кезінде кездескен оқиғалар, естіген әңгімелер жазушының шығармаларына арқау болған. Дефо асып-тасыған байлығына қарамастан аса дүниеқоңыз адам болған. Бірде ол өзінің жан досы, әрі кәсіптегі серіктесі Митсті алаяқтықпен алдап, оның бар байлығын иемденіп кетеді. Әрине, шалқыған байлықтан бір күнде жұрдай болып айырлып қу тақыр кедей болып қалған Митстің де қандай күйде болғанын түсінуге болады. Қатты ашу мен ызаға булыққан Митс Дефоны көрген жерде өлтіруге бел байлайды. Мұны Дефо естіп, қорыққаннан шетелге қашады. Бірақ онда да көп тұрақтай алмай Лондонға қайтып келіп, қаланың шетіндегі жұпыны тұратын жалғыз басты бір кемпірдің үйін паналап, көп ұзамай сол үйде қайтыс болады. Кемпір оны қаланың шетіндегі қорымдардың біріне апарып елеусіз жерлей салады. Әрине, кемпір мол байлықтың иесі, әйгілі жазушы Даниаль Дефо екенін білмепті. Бүгінде оның зиратының қайда екенін де ешкім білмейді.
Ал, Робинзон Крузо романындағы бас кейіпкер Робинзон Крузо деп отырғаны өзінің нағашысы Робинзон Крайцнер деген Иорктік ауқатты кісі. Ағылшындардың тілдік ерекшелігіне сай оны қысқаша Крузо деп атаған. Романда Робизон Крузо мінген кеме теңізде қатты дауылға ұшырап, жойқын толқындар кемені айдап отырып белгісіз бір аралдың жиегіне әкеліп құмға қайырлатады. Кемедегілердің бәріде суға кетіп, тек Крузо ғана аман-есен аралға шығып қалады. Сөйтіп Крузо белгісіз аралда тұтқын болып 28 жыл өмірін өткізеді. Бұлромандағы жағдай. Ал, шындығы қандай еді?
Робинзон Крузо ешқандай кемеге мініп теңізге шықпаған. Романда айтылған жағдайларды да басынан кешірмеген. Дефо кәсіпкерлік ыңғайымен ел аралап жүріп, кездейсоқ шотландиялық теңізші Александр Селькирк деген кісімен кездесіп қалады. Дефо Селькиркпен сөйлесе келе, оның біраз жыл белгісіз бір аралда тұтқын болып өмір сүргенін біледі. Сөйтіп, Селькирктің басынан өткен оқиғалар романға арқау болған. Селькирк тумысынан моряк болғасын теңізсіз өмірді елестете алмайды екен. Бірде ол кеме тоқтайтын айлаққа келсе бір кеме жүргелі тұр екен,соған мініп алып кете барады. Бірақ бұл теңізде кемелерге шабул жасап, тонайтын қарақшылар кемесі болып шығады. Қарақшылар Селькиркке бізбен бірге болып кеме тонайсың, келіспесең біз сені теңізге тастаймыз деп қорқытады. Селькирк амалсыз алда кездескен бір аралға тастап кетуін өтінеді. Қарақшылар оның өтінішін қабылдап, ол кезде аты белгісіз Мас-а-Тьеаара деген аралға қалдырып, біраз күнге жететіндей азық-түлік, қажетті құрал-сайман, оқ, дәрі, мылтық беріп кетеді. Қарақшылар болса өмір сүрсе сүрер, сүре алмаса өлер деп ойлайды. Ал, Селькирк болса жақын күндерде бұл аралға бір кеме жақындар, от жағып түтіндетіп белгі берсем, мені алып кетер деп ойлайды. Бірақ бұл арал елді мекендерден тым алыс, кемелер жүретін жолдан шалғай болады. Бірақ арал адам өмір сүруге аса қолайлы екен. Сөйтіп Селькирк осы аралда тұтқын болып, 4 жыл 4 ай 26 күн өмірін өткізуге мәжбүр болады. Дефо осыны 28 жылға дейін созып, аса көркемдікпен бейнелеген. Жазушы шеберлігі деп осыны айт.
Ж.ТӨРЕБЕКОВ

04 мамыр 2024 ж. 943 0