Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

Қарғыс

Шынар терезенің алдында ұзақ тұрды. Тыстағы қарбалас тіршілікті көзі қимаса да әлдене уақыттан соң аяғының сыздап бара жатқандығын сезіп, төсегіне жатуға ыңғайланды. Сол баяғы сиқы кеткен жатақ үй, өзгермеген дүние-мүлік, ескі керует. Осы керуетке таңылғанына бес жыл. Өн бойын сырқыратқан дертін қойшы, жан дүниесін сыздатқан дертті қайтерсің?!
Ауызғы үйден су ішіп келген ол қайтадан жиналмаған төсегіне бас қойды. Кәрі адамға ұйқы да тез арада келуші ме еді. Оның үстіне күннің көп бөлігі төсекке таңылумен өтіп жатса. Жастығының астындағы қалта телефонын алып, сағатына қарады. Уақыт кешкі 7.15-ті көрсетіп тұр екен. Көктем келген соң күн де ұзарған. Көзі кенет жарда ілулі тұрған өзінің бойжеткен кезіндегі суретке түсіп кетті. Сол-ақ екен өткен күндер санасында жаңғырып, қайта келмес шақтардың жаңғырығы жадын шулатып сала берді. Көзінен кезек-кезек үзілген тамшыларды әжімді қолымен қағып тастаған Шынар осы қиындығының бәрін өзінің сол бір оғаш қылығынан деп түйді.
****
Төрт ұлдан кейін өмірге келген қызды әкесі қатты еркелетті. Оның үстіне бұл кезде әкесінің жасы да орта жастан асып қалған еді. Қартайғанда балажан болатын еркектердің әдеті емес пе? Жастықпен, одан қалды үлкендерден бата алмай жүріп алдыңғы балаларының қалай өскенін байқамай қалса да, Киікбай осы қызы дегенде ішкен асын жерге қойып, еміреніп, үзілді де қалды. Шынардың да өңінің әкесіне тартқан қарашы?
Әкесі сол кезде дүркіреп тұрған совхоздың бригадирі. Тұрмыстары тәуір. Алдыңғы ағалары да қарындастарының маңдайына шаң тигізбей өбектеп отырады. Шынар мұны көтере алсын ба?! Тіпті кейде еркелікке жөнсіз ерік беріп кететін кездері болады. Осылай қызда менікі дұрыс, бәрі менікі болу керек, маған ешкім тиіспеуі керек деген ұстаным қалыптаса бастады.
Мектепке барған жылы әкесі дүркіретіп той жасады. Қызының алғашқы қадамын жақын-жуықпен атап өтті. Ә-дегеннен сабаққа да алғыр болды. Біріншіні бестікпен бітірген жылы әкесі қызына кішкентай ала мысық алып келді. Көздері жәудіреген мысықты Шынар бірден ұнатты. Ендігі ермегі сол. Соны жуындырады, тарайды, қасынан бір тастамайды. Жаз бойы қыздың құшағында өскен бала мысық та әжептәуір үлкейіп қалды.
Бірде бәрі ас ішіп отырған еді. Кенет әбден ерке болған үй жануары мияулап Шынарды мазасын кетірді. Қыз да оған етті бермек болып шақырып алады да, ол жанына жетіп келгенде өзінің аузына салып жібереді. Осылай бірнеше мәрте қайталаған соң мысық ашуланып кетті ме, әлде етті алмаққа ұмтылды ма, Шынарға тұра атылды. Өткір тырнақтары қыздың бетін осып әкетті. Қыз мысықты желкесінен ұстай алып тысқа лақтырып жіберіп, өршелене жылады. Әбден ерке өскен қыздың ашуы көпке дейін тарқамады. Оның үстіне бетіне түскен тыртық удай ашытып, «енді бетім тыртық болып қалады» деген қорқыныш та жанын жегідей жеді. Бір кезде сыртқы есіктен мияулап ішке еніп келе жатқан мысықты көріп, оған отты көзін қадай тұра ұмтылды. Желкесінен қыса ұстаған күйі тырбынып жаны қиналғанына қарамастан сыртта жанып жатқан отқа лақтырып жіберді. Ізінен ере шыққан шешесі Сәнім мұны көрі жан дауысы шыға шошып кетіп:
– Қызым-ау неге өйттің? Байғұс жануарға обал болды ғой. Сонша ашуланғаның не? Құдайым-ай, сақтай көр баламды. Кешіре көр ақымақтығын. Мысықтың қарғысы жаман болады деуші еді. Енді қайттім, – деп жаны шыға шырылдады. Отқа түсіп жаны қиналған мысықтың бір-екі рет ышқынған ащы дауысы шықты да артынша үні өшті.
Араға жылдар салып бұл оқиға да ұмыт бола бастады. Кейіндері қыздың еркелікпен жасаған ессіз қылығы ретінде анда-санда айтылып қалғаны болмаса, өртенген мысық жайы ұмытыла бастады. Шынар да бойжетті. Әке мен шеше қартайды. Ағалары бірінен соң бірі шаңырақ көтеріп, жеке-жеке отбасын құрып, әркім өз бетінше өмір сүріп жатты.
Әп-әдемі болып өскен Шынардың мысық тырнаған бетінде тыртық қалмаған еді. Мектеп бітіруге таяған шағында бетінің тура сол аумағына белгісіз бір жаралар шыға бастады. Тіпті оны дәрігерлер де түсіне алмай әуреге түсті. Әлгі жара алты айлап жазылмай, қыз әбден қиналды. Соңында ақыры толық кетпей бетінде тыртық іздері қалады. Бұл бойжеткен қыз үшін үлкен мәселеге айналды. Амалы қайсы, опамен жасырған күйі өмірі жалғаса берді.
Аттестат алған жылы оқуға тапсырған. Бірақ жолы болмады. Ауылға кері қайтуға намыстанды. Себебі ол мектепті қатарының алды болып бітірген еді. Не болса да қалада қалып, жақсылап дайындалып келесі жылы түсемін деген шешімге келді. Жан бағу үшін жұмыс керек. Қалада онсыз болмайды. Қаншама мекеменің есігін тоздырып жүріп бір дәмханаға еден жуушы болып орналасты. Баяғы тәкәппарлық пен еркеліктің жұрнағы да қалмаған. Осында жүріп күзетші жігіт Жайлаубаймен көңіл жарастырды. Оқуға тапсырамын деп ниеттеніп жүргенде Жайлаубайы арманының күл паршасын шығарып ауылына алып қашып, келін етті. Жұбайлық өмірдің бірнеше айы өткенде ол күйеуінің жаңа қылығымен танысты. Оның ішкілікке әуестігі бар болып шықты. Ішкілікке салынуды күн өткен сайын өршелендіріп жіберді. Ішіп келіп, ұрып-соғатынды шығарды. Ақыры үш жылы азаппен өткен Шынар Жайлаубайдан қашып әрең құтылды. Құдай осы жылдар ішінде оған бала бермеген еді. Ажырасқан соң құрсағына бала біткенін білді. Бұған бір жағы өкініш білдірсе, екінші жағы қуанды.
Бұдан кейінгі оның өмірі ит төзгісіз өтті. Бұл шақта әке мен шеше өмірден өтіп кеткен. Қамқор болар адамы қалмаған еді. Бір кездегі өліп-өшетін ағалары да қазір шүйкебастың соңында солардың айтқанынан шықпайтын болған.
Не мамандығы, не тұрақты жұмысы жоқ Шынарға жалғыз баланы өмірге әкеліп бағу да оңайға соқпады. Ол аз дегендей баласы ақыл-есі жетілмеген болып туылды. Оны кейін есейе келе білді. Тұрмыстың осы тауқыметі байғұс әйелді әбден жүдетіп жіберді. Жынды баламен алысып өткен өмірінің қалай қарттыққа әкеліп тірегенін өзі де түсінбей қалды. Әркімнің сыз өткен пәтерін жалдап тұрып жүрген мұны тұрмыстың тауқыметі шаршатқан шақта үлкен ағасы аяушылық білдіріп біреудің лашық күркесін аз ақшаға сатып алып берген. Жаман да болса өз үйі.
***
Қазір ұлы қырықтан асты. Көктем келсе ауруы қозып ырық бермей кететіні бар. Бұрынғыдай емес, Шынарда да әл-дәрмен қалмаған. Кейін амалсыздан жындыханаға өткізіп жібереді. Екі-үш ай сонда болып келген соң сәл жуасып қалады. Қазір де жалғызы сол жақта. Шынардың денсаулығы да сыр берген. Далаға кіріп-шығып, оны-мұны тірлігін істегені болмаса, артық қимылдай алмай шаршап қала береді. Сосын төсекке сұлқ түсіп жатқаны...
– Ала мысығым, менің балалықпен жасаған қылығымды кешпей қарғадың ғой, иә... Сенің қарғысың өтті. Шынардың жан-дүниесін өмір бойы күйік шалып келеді...
Өзінен-өзі күбірлеп көзін тарс жұмып алған Шынар ауруханадағы баласын тағы да бір сәт ойлап кетті.
Назерке МАРАТ

14 мамыр 2024 ж. 831 0