Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ерте солған Раушан

Ерте солған Раушан

– Ана қыздың бөлмесін құлыптап қойдың ба? Тағы көше кезіп кетіп масқарамызды шығарып жүрмесін.
– Қойшы Қанеке, обал емес пе? Таза ауаға шығып тұрсын, дарбазаны құлыптап қоярмын.
– Ей, қатын! Сен не мені ұқпайтын болғансың ба? Тапа-тал түсте дарбазасын іліп отыру деген не масқара? Көрші-көлемнен ұят емес пе? Қайдағы жоқты айта бермей, одан да ана қызды қамап ұста бөлмеге, – деп ашуланған Қаныбек есікті жұлқи жауып жұмысқа кетті.
Жиырма жыл. Иә, сол сүреңсіз күндер бастау алғалы да осынша уақыт болыпты-ау. Ол кезде Раушан жап-жас, сұлу қыз еді. Жоғары оқу орнының үшінші курсында оқып жатқан. Өзі бастықтың қызы, тұрмыстары да тәуір. Әрі үш ұлдан соң өмірге келген жалғыз қыз. Ерке болып бой түзеді. Бір басын алып жүрерлік ақылы да бар еді. Сол жылы жазғы демалысқа оқуынан ауылға келген ол құрбысы Құралайдың туған күнінде Айбекпен танысқан болатын. Айбек қараторы келген, сұңғақ бойлы, кең жауырынды, сымбатты жігіт болатын. Бірақ үстіне ілгені тым жұпыны көрінді. Дегенмен табиғаттан берілген өңділігі оның бәрін елеусіз қалдырғандай. Раушанға дастарханда отырған он шақты жігіттің ішінде Айбек ерекшелеу көрінді. Өзі гитарамен ән де салады екен. Шырқап ала жөнелгенде отырғандардың бәрінің назарын өзіне аудартты. Айбек те Раушанған қайта-қайта қарағыштай берді. Ұрланып көз тіккен сайын ол қылығы Раушанға байқалып қалып, екі беті оттай боп қызара жөнеледі. Кеш те аяқталуға таяғанда Айбектің батылы жетіп Раушанды сөзге тартты.
– Осында тұрасыз ба? Әлде жақында көшіп келдіңіз бе?
– Осында туып өскенмін, – деп қыз қысқа жауап берді.
– Бұрын-соңды сізді кезіктірмеген соң сұрап жатқаным ғой.
– Иә, мектеп бітірген соң сыртқа кеткенмін. Ауылға тек жазда келемін. Онда да аз уақытқа. Көбінесе үйден шыға бермеймін.
– Бәсе, қай қалада мекен еттіңіз?
– Алматы
– Жақсы екен. Жұмыс істейсіз бе?
– Жоқ. Оқудамын. Биыл 3 курсты аяқтадым.
Осы арада Құралай келіп қалып сөз үзіліп етті. Жастар қайтуға ыңғайланғанда, Айбек Раушанды шығарып салуыға ниет білдірді. Қыз оған қарсы болған жоқ. Өйткені осы кешке келген қыздың көбі Айбекпен қайтуды іштей тілеп тұрған еді.
Айлы түн. Ашық аспан. Тіпті бүгін жұлдыздар да ерекше көп секілді. Аспанды түгел көмкеріп алғандай. Бұларға төбеден төніп, жымыңдап қарап тұрғандай.
– Ертең күн ыстық болады екен, – деді кенет тыныштықты бұзған Айбектің дауысы.
– Оны қайдан білесің?
– Аспанда жұлдыз көп қой. Әжем түнде аспанда жұлдыз көп болса, күндіз күн ыстық болады деп отыратын, сол есіме түсіп кеткені.
– Мүмкін. Шілде айы дегенмен ең ыстық кез ғой.
– Сонымен студентпін де, қандай мамандық?
– Есепші
– Ооо, өзің математикаға жүйрік екенсің ғой,
– Жоқ, бұл менің қалауым емес. Маған салса дәрігерлік мамандықты таңдаған болар едім. Бірақ әкем көнбей қойды. «Әркімнің жарасын тазалап жүресің бе? Одан да есепші болып менің кәсіпорныма жұмыс істейсің» деп шорт кескен соң менде амал болмады... Осы бір сөздерді айтып болған соң Раушан терең күрсінді. Айбек те оның ішкі өкінішін сезгендей үндеген жоқ. Біраз үнсіздіктен соң:
–Өзің немен айналысасың? – деп сұрады Раушан.
– Мен осындағы балық зауытында жұмыс істеймін. Мектеп бітірген соң оқуды армандаған да жоқпын. Жалғыз әжем бар. Оған қарайтын адам болмаған соң, еңбекке ерте араласып кеттім, – деді Айбек.
– Міне біздің үй, келіп те қалдық, – деп Раушан ауласының тұсына келгенде аялдады.
– Расымен осы үйде тұрасың ба?
– Иә
Айбек Раушанның жаңадан салынған биік үйін көргенде аузын ашып қалды. Бірақ есін тез жиып алып қызбен жылы қоштасты.
Осыдан кейін олар жиі кездесіп, сырласып жүріп, бір-бірін шын ұнатып қалған еді. Күзге таяу Раушанның оқуға кететінін білген кезде Айбектің көңіл күйі түсіп кетті. Ол бұдан былай Раушанды мүлде көрмей қалатындай сезініп, алып қашу туралы жиі ойлайтын болды. Бұл ойын астарлап болса да Раушанға жеткізіп еді, ол да қимастықпен жүргенін, қарсы емес екендігінің ыңғайын танытты.
Соңғы кезде қызының мінезі өзгеріп, қабағы ашылып жадырап жүргенінен әке-шешесі қуанса да оның көп қыдырып кеткендігінен сезік алды. Тіпті әкесі оны Айбектің шығарып салып тұрғанын бір-екі мәрте көріп қалғаны бар. Осыдан кейін ол жігіт кім болды деген сұраққа жауап іздей бастады. Ақыры оның ешкімі жоқ тұл жетім, өлмелі әжесінің қолында тұратын балықшы жігіт екендігін біліп алды. Тұрмысы да өлместің күні. Ескі тоқал тамды пана еткен жандар екендігін естігенде өз терісіне сыймай жынданды. Ақпарат таратушы жандайшаптары «жақында үйленемін, қызым оқуға кетіп қалмай тұрып үйленуім керек» деген Айбектің жоспарының да бар екендігін жайып салды Қаныбекке.
Мұны естіген Қаныбектің қаны басына шапты. Көкірегін керіп, ешкімді менсіне қоймайтын адам мынадай бейшараны күйеу бала, сорлы кейуананы құдағи қыламын деп еш ойламаған еді. Ертең ел естісе сыртынан мысқылдап күлмей ме деген ойменен қызының жүріс-тұрысына біржола тыйым салды. Бір бөлмеден шықпауды қатаң тапсырып, бөлмесін құлыптап тастады.
Раушан қатты күйзеліске түсті. Айбекті күндіз-түні тым құрыса бір рет көрсем деген ой әбден мазалады. Сағынды. Жүрегі нәзік қыз көз алдына оның бейнесін жиі елестетіп әбден әбігерге түсті. Бірде әкесі қызына:
– Енді ол жігіт жоқ. Кеше үйінде асылып тұрған жерінен көршілері тауып алыпты. Бүгін жаназасы екен, – деген хабарды еш қиналмай жеткізгенде жүрегі тоқтап қала жаздады. Күні бойы бөлмесінен шықпаған қызын аяған анасы кешкі асқа шақырғалы, әрі жұбатқалы барғанда оның айна алдында өзінің шашын өзі тықырлатып алып тастап, мәз болып күліп отырғанын көріп шошып кетті.
Міне, содан бері жүйкесі сыр берген Раушан ерте солған гүлге ұқсап өз әлемінде өмір сүріп жатыр. Кейде осы сұрықсыз түрімен көше кезіп кететіні бар. Қыздың бұл қылығы әкесінің жынын қоздырады. Оны бөлмесіне қамап ұстағанды жөн көреді. Терезесін торлап тастаған бөлменің арғы жағынан кейде Раушанның боздап жылаған, кейде қуанып шаттанған күлкісі естіліп жатады. Мұны естігенде көршілерінің де өзегін өкініш өртейді.
– Раушан десе, Раушан еді. Әттең гүл қыз ерте қурап, өмірі өкінішке айналды-ау, – деп күрсініп алады.
Назерке МАРАТ

28 мамыр 2024 ж. 586 0