Таңдау
Отбасы – басты құндылық, байлық. Ең түбі, ата-ананың да, Алланың да разылығы отбасынан алған ризашылыққа келіп тіреледі. Оларға көмек беру, қажетіне жарау, тым болмағанда көңілдеріне қарап, бейәдеп қылықсыз жүру – оларға үлкен қуаныш. Дегенмен өмірде бәрі біз ойлағандай керемет бола бермейді. Біреуді баламен, біреуді ата-анамен, кейде ақ адал жарымен сынап жатады. Есейе келе оларды естіп те, көріп те жатамыз. Солардың ішінде осы бір оқиға әлі көңіл түбінде болашаққа деген алаңдаушылық күдікпен ұялаған еді...
Асқар мен Әлияның отау құрғандарна биыл 15 жыл толмақ. Осы жылдар ішінде Асқардың бар жағдайын жасап, арада үш бала өсірген Әлия бүгін алғаш рет өксігін баса алмай жылап, ажырасу туралы арам ойдың да жетегіне ілінді.
Олар бақытты еді. Студенттік шақта қарапайым ауыл баласы мен қаланың ерке қызының арасындағы махаббатқа ешкім сенбейтін. Десе де олар ештеңеге қараған жоқ. Әрине, ұрысты да, татуласты да, бірақ түбінде бір-бірінен кете алмайтын. Осылай оқу бітірген күннің ертеңіне-ақ Асқар Әлияны жетектеп, қара шаңырағына келін қып түсірді.
Иә, әуелгіде Әлияның ата-анасы қарсы болып, мәпелеп өсірген жалғыздарын ауылға жібергісі келмеді. Ашу үстінде анасы ауыр сөздерді де, енді көрместей сөзін де айтқан. Кейіннен «оқуыңды жалғастырмадың ба, қызық өмірің енді басталғалы жатыр еді, күйеуге шығып үлгеретін едің ғой» деп көндірмекші болды. Алайда ешкім білмес жайт бар еді. Ол – Әлияның құрсағына біткен шақалақ. Осыны ойлап өз ойынан бас тартпаған ол 3 күн дегенде ата-анасын әзер көндірді.
Той дүркіреп өтті. Асқардың шаңырағына алғаш келін түсті, алайда екі жақтың туыстары түптеп келгенде бір-бірімен туыстас жандар болып шықты. Осылайша 30 күн ойын, 40 күн тойын тойлаған жастар отбасылық өмірге қадам басты.
Ауыл адамдарының арасында бұл неке туралы түрлі қауесет тарады. Бірі Әлияның әдемілігіне қызғана қараса, енді бірі «қаланың қызы ауылға үйренісе алмайды, бірнеше айда-ақ ажырасып кетеді» деп ойларын айтты. Дегенмен биязы, ашық қыздың мінезі жұғымды еді. Ауыл келіншектерімен араласқан күннен бастап оларға үнемі көмектесіп, өтінішін жерге қалдырмады. Отбасылық, балаларының, әйелдердің жеке шаруаларына да өз ақылын айтып, қаладан түрлі заттар әкеліп беруге, сапасы жақсы дүние таңдауға көмектесті.
Жары Асқардың, ата-енесінің де көңілін тапты. Дастархан үнемі толымды, үй жинақы тұрды. Төрт түліктің жұмысына да тез үйренді. Оның ағарғаны мен қолынан шыққан қаймақпен шай ішуге ауыл үлкендері жиі келіп тұратын болды. Осылайша уақыт өте келе ауылдың ең сүйікті, абыройлы келіндерінің біріне айналды.
Араға 7,5 ай салғанда тұңғышын дүниеге әкелді. Ауыл арасында әңгіме болмау үшін «уақытынан ерте дүниеге келді, шала бала туылды» деп айтылды. Атын үлкендер Ислам деп қойды. Ислам ата-анасының арасындағы сыйластық пен махаббатты одан әрі күшейте түсті.
Осылайша өмір жалғаса берді. Күнделікті күйбең тіршілікке Әлия ыңғайлы болса, Асқардың жұмысы көбейе түсті. Карьералық жолы өсіп, ауыл әкімдігіне жұмысқа орналасты. Әкімдік жұмысы көп әрі тәртіпті талап етеді. Асқар да жоғарыға жағымпазданып, күні-түні қағаз құшақтап, жұмысын істеді. Еңбегі еш кетпей, арада 5 жыл өтіп, әкімі өзгерген ауылдың жаңа басшысы болып тағайындалды.
Бұл уақытта Әлия нағыз ауылдың келіні болған еді. Исламнан соң араға 2 жылдан салып тағы да 2 бөпелі болған. Үйдің шаруасы, ата-ененің қамы, баланың жағдайы деп қалайша өзін жоғалтып алғанын байқамады.
Жылдар сырғып өте берді. Ауылға қаладан жаңа келіндер түсті. Баяғы Әлияның ажарына әжімдер түсе бастады. Оның отбасы қамы аз болғандай, қартайған ата-әжесі де мезгілсіз дүниеден озды. Асқар бұл кезде бастықтың менмендігі ұстаған, мұрнын көкке шүйірген жан болып қалыптасқан еді. Тек ақша бергені болмаса, басқа жұмыстың бәрі Әлия мен ата-енесінің мойнында еді. Осы кезден-ақ үйдегі ұрыс-керіс көбейе бастайды.
Барлық дәстүр жасалып, қонақтар тарқаған күні-ақ Асқар үйге ішіп келді. Әлия шу шығарғысы келмей төсегіне жатқызған. Ертеңіне басу айтып, түсіндіргенімен, Асқар тыңдамай сыртқа шығып кетті. Осылайша оның сыртта жүруі жиілей түсті. Бұл да ата-анасына да ауыр соқпақ болды. Бұл қылығының соңы Әлияны ұрып-соғумен аяқталатын болды. Оны көрген Асқардың анасы сұлқ құлап, ауырып қалды.
Өмір жалғаса берді. Осылай ауру енені, қарт атаны бағып, баланың оқуы деп жүргенде 15 жыл өте шығыпты. Дәл осы күні енесінің жағдайы күрт қиындап, ауруханаға апаруға тура келген. Осы сәтте Асқардың жұмысына асыға жүгіріп барған Әлия оны басқамен көрем деп ойласын ба?!
Біреу үстінен мұздай су құйғандай күй кешті. Үйіне жетуге асыққан Әлияның ізінен Асқар да, ауылға жақында ғана келін атанған Раушан да кешірім сұрап келмеді. Жарты сағатта көлік тауып, бар күшін жинап енесін қалаға алып кетті. Мемлекеттік органға ажырасуға арыз жазуға келген жерінен балаларын ойлап, райынан қайтты. Ал бұл жайды ешкімге айтпауға бел байлады.
Ауылға екі күн салып келді. Үйге келсе балалар мектепте, атасы ғана екен. Енесін төсекке жатқызып, үйін жинауға кіріскен. Түс ауа Раушан келді. «Ол сені көптен жақсы көрмейді. Маған бәрін айтты. Сенімен ажыраспайды ғой. Балаларды ойлайды. Сен үндемей жүре берші. Бізге кедергі болма, біз бақыттымыз» деп, өзінше жағдайды түсіндіргендей сыңай танытты. Бұл сөзіне жауабы ретінде Әлия да оны шапалақпен тартып жібергенін байқамады да. Раушан жылап, есіктен шығып бара жатқанда ғана есін жиды. Іштей тістеніп, тек бала мен ата-ененің қамы үшін ғана бәріне көнгеніне налыды...
Иә, отбасы болу да қиын, ажырасу да қиын. Бәріне шыдау да қиын, өзгенің жүрегін жаралап, өзіңді таңдау да қиын. Бұл – өмір. Ағы мен қарасы қатар жүрген қиын тағдырымызда әркім өз жолын таңдауға тиісті.
Г. Мықтыбайқызы