Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » ... несі өмір

... несі өмір

Дәрігерден еш көмек жоқ, "тым кеш әкепсіздер, бір Алланың жазғанын көресіздер енді" дегенде үміттерін үзбей шырылдап жүрген Әлияның бауырларының күйін сезіну өте ауыр еді. Ферузаның төсек тартып жатқанына алты айдың көлемі болыпты. Ауруханадан «біраз үйден ем аласың, сосын қайта келесің» деп алдаусыратып үйге келгеніне міне екі күн. Үйге барған соң өзін жеңілдеп қалармын деген де үміті болған еді. Бірақ олай болмады. Тым әлсіреп, әлсін-әлсін есінен адасып қала берді. Бір есін жиса, ет жақындары айнала отыр екен. Бас жағына тамандау молда да отыр. Молданы көргенде бәрін ұқты. Ферузаның жаны еш ауырмады, өкінбеді. Өйткені  өзі де сезетін еді бұ дүниенің адамы емес екенін. Көзі бұлдырап қарауытып кетті. Адамдардың сұлбасы ғана көрінді. Бүкіл денесі сырқырап, сыздап жанын қинап жатса да, бар күшін жиып жан-жағына қарады. Солғын көзі жаутаңдап, әр сұлбаға қайта-қайта қарады. Бәрін соңғы рет бір көріп қалғысы келді. Сонда да көре алмады. Сәл тыныстағысы келіп көзін қайта жұмды. Жаны құрғыр шығып болмайды екен-ау деп ойлады. Жүрегі мен санасы әлі тоқтамаса да, өте әлсіз еді. Көзін ашса тек бұлдыраған адамдар. Олардың не айтып жатырғандары да естілмейді. Қол-аяғын қозғауға да шамасы келмей жатыр. Ақырындап көзін қайта ашты. Сәл жоғарылау отағасы да отыр екен. Ащы судан ішіп, талай қансырата ұрып қорлық көрсетсе де, жек көріп не болмаса кетіп көрмепті. Әлде осылай өмірден одан бұрын кетерін білді ме, әйтеуір осыны баладай қорғаштап, жағдайын жасап жүретін ылғи. Еңгезердей болып селкілдеп жылап отыр. "Сені тастап барамын, балапандарымызды жылатпа" деді ішінен. Сөйлейін десе аузы икемге келмеді. Тілі таңдайына қарысып қалған еді. Енді көзі ағыл-тегіл жылаған үш құлынына түсті. Балаларына сәл жымиғандай боп сүйсіне қарады. Оларды құшағына қысып, мейірлене бір иіскегісі келді. Оған бірақ шамасы жоқ. Бүкіл денесін біреу тасқа байлап тастағандай қимылдай алмады. Тек қимас жанарымен ғана қарады. "Құлындарым аман болыңдар, бақытты болыңдар" деді. Бұл сөзін де ешкім естімеді. Жүрегі езілді.  Тынысы тарылды. Демінің бітерін білді. Жаутаңдаған көздері енді байыз таппай, жалтақ-жалтақ жан-жағына қарады. Біреуден жәрдем күткендей  қарады. "Сендерді қалай ғана тастаймын, кімге ғана тастаймын" деп аласұрды. Молданың «ақ сүтіңді кештім, анашым деп айтыңдар, аналарыңды артық қинамаңдар, ешкім де аналарыңды қимайды, Алланың жазғанына қарсы келе алмаймыз, балалар» деген сөздерін өліммен арпалысқан ана естімеді. Балалары бұл сөздерді айта алмай, еңіреп жылай берді. Анасының ендігі беті бері қарамайтынын білген үлкені ғана «Анашым, ақ сүтіңді кештік, жан анам» деп жасына тұншыға әзер айтып, анасының үстіне өкіре құлады. Балаларының қызығын да көрместен ананың тынысы тоқтады, өмірі үзілді. Қу тіршілік деп жүріп денсаулығын күтпеді, ешкімге нақтылап ауырып жүргенін айтпады, ешкім оған "ауырып жүрсің, барып емделіп кел" демеді. Бастарына түспеген соң ешкім оның өлімге апарар ауру екенін Феруза орнынан тұра алмай қалғанынша білмеді. Өмірден кетіп еді, солардың барлығы қайғырды, "ертерек неге әрекет етпедік, неге қасымыздағы жанның хал-жағдайын аңғарып сұрамадық,  неге бір-біріміздің қадірімізді тірісінде  білмейміз" деп өзектері өртене өкінді. Бірақ енді кеш.
Өмір деген осы. Жас боласың, жанталасасың, қорғайсың, арпалысасың, күлесің, жылайсың, қайта қуанасың, әр ісіңнен рахат аласың, жақсылық жасайсың, тұлға боласың, жақсы сөздер айтасың, біреуді қарғайсың, біреуді жұбатасың, біреуді құлатасың, біреуге ақыл айтасың, біреуді қызғандырасың, біреуді қызғанасың, жаңалық ойлап табасың, мақтанасың, даттанасың, әдеміні көресің-тамсанасың, әсемді киесің-мақтанасың, құлайсың, тұрасың, дәмдіні ішіп-жейсің, бір басыңды екеу етесің, өмірге әкелесің-жалғастырасың, мүмкіндік берсе -қартаясың. Осылай-осылай жалғаса береді. Өмірде көп нәрсені солай атқарасың. Бірақ кетеріңде бәрін қалдырасың. Жан-жағыңдағының қадірін білмесең, дүниенің кеңдігіндей көңілің мен пейіліңді кең етіп жүрмесең, ізгі иманды болып елге шарапатың тимесе, оның несі өмір...
Г.  МАХСҰТ
07 мамыр 2022 ж. 897 0