Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Алыстаған аға аласармайды

Алыстаған аға аласармайды

Ескі көздер бара жатыр азайып,
Олар жайлы ойламаудың өзі айып.
Ей, тірілер!
Соларды бір еске алып,
Тебіренейік, толғанайық, жазайық!
М.Мақатаев.
«Ұлықтардың басқан әрбір ізінде бір медресе жатқандай» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, қайсыбір заманда қара қылды қақ жарар турашылдығымен, қара сөзге қаймақ тұрғызар шешендігімен, көш бастар көсемдігімен алты Алашты аузына қаратқан тумысы текті тұлғалар аз болмаған. Алты Алаштың анасы атанған Арал топырағынан да айтулы азаматтар нәр алған. Сабырлылық пен сыпайылықты, қарапайымдылық пен қайырымдылықты қысқа ғұмырына серік етіп, өз әулеті үшін ғана емес, жалпақ жұрт үшін емірене жүріп еңбек еткен осындай азаматтың бірі ғана емес, бірегейі Сұлтангереев Қара (Әбдіжаппар) ағамыз десек, асыра айтқандығымыз болмас.
Қара ағам туралы көргендерім мен көңілге түйгендерімді талғам таразысына салар болсам, туа бітті тектілігіне, қарапайым қалпынан айнымай жүретін қайырымдылығына қайран қаламын. Алыстап кеткен аға жайлы айтпас бұрын шыққан тегіне сәл-пәл шегініс жасалық.
***
Бағзы заманда Бекасыл есімді бабамыз: «Тектіден текті туар, тектілік тұқым қуар» деген екен. Айтса айтқандай, біздің яғни Сұлтангерей әулетінің де тегі текті болса керек. Арғы атамыз Байбөріден Әбіл, Қабыл тараса, Әбіл атамыздан бұл өмірге Сұлтангерей атамыз келеді. 1922 жылы атамыз қымбатты да аяулы Қымба әжемізбен шаңырақ көтеріп, өмірге Аққали, Қара, Әбжәми, Мырзабай, Мұздыбай есімді бес азамат пен Асылзат есімді аяулы да асыл апамызды өмірге әкеледі. Бұлар үшін бұл өмірдің бір өкініштісі, Сұлтангерей әкелерінің алақан жылуларын сезінбей өседі.
– Бауырларым, – деп еске алатын Қымба әжеміз, – біздің жастық шағымыз зұлмат жылдармен тұспа-тұс келді ғой. Ашаршылықтан енді-енді арылдық дегенде сұм соғыс басталды. Сұрапыл соғыс басталғанда Аққалиым 16 жасар, Қара балам 13 жасар, Әбжәмиім 11 жасар, Мырзабайым 8 жасар, жалғыз аққуым – Асылзатым бір жасар болса, кенже балам Мұздыбайды 1942 жылдың қақаған қыс айында тымаққа орап, шелекке салып, иығыма асып алып, әкелерін қан майданға шығарып салғанмын.
Иә, сұрапыл соғыс жылдары Қымба әжеміз «Қасқа айғырдан қасқа тумаса да төбел туады» деген атам қазақтың ұлағатын мұрат тұтып, үйелмелі-сүйелмелі балаларын аяқтарынан тік тұрғызу үшін күн күлкісіз, түн ұйқысыз ғұмыр кешеді. Өкініштісі сол, 1943 жылы Қымба әжеміз бары-жоғы 36 жасында Құдай қосқан қосағының мәңгілік сапарға кеткені жайлы «қаралы қағаз» алып, жесір қалады. Жан жүректен қан құса жүріп, атқа мініп, мал бағады. Кетпенмен шөп шабады, түйеге артып үйге тасиды. Көрген бейнетін бір Алланың ісі деп қабылдап, соқпақты да тоқпақты өмір жолымен шүкіршілік етумен жүріп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырады. Өмірге әкелген бес ұлы мен «жалғызым» деген қызының қызығына кенелген әжеміз немере-шөбере сүйіп, бұл өмірден 93 жасында өтеді. Керемет, Аллаға ризамыз!
Сұлтангерей әулетінің үлкені Аққали әкеміз Ұлы Отан соғысына қатысып, 1945 жылы елге аман-есен оралып, ұлағатты ұстаздық жолына түссе, Қара ағамыз сауда саласында қызмет етеді. Әбжәми ағамыз басшылық қызметтерде сатылай өрлеп, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталса, Мырзабай ағамыз темір жолды солқылдата соғып, ересен еңбек етсе, Мұздыбай ағамыз дәрігер-хирург болып, адамдардың өмірі мен өлімі арпалысына түседі. Ал Асылзат апамыз ұлағатты ұстаздық жолымен жаза баспай жүріп, «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағын алып, айдарын тағады.
Бір өкініштісі – кезінде, яғни жастық шағыңда асқар таудай ағалардың бақи дүниеге ертелеу аттанғаны. Солардың бірі біздің әулеттің бетке ұстар, қамқор қолды азаматы Қара ағамыз болатын.
Ағамыз атақонысымыз – «Үшшоқыда» туып-өскен болар. Бары-жоғы он үш жасында әкесінен айрылған ол ерте есейеді. Жан жарынан айырылып, аңырап қалған анасына қамқор қолын созады. Аққали ағасы соғысқа аттанған, ал ізіне ерген інілері Әбжәми, Мырзабай, Мұздыбай мен Асылзат қарындасының буыны бекіп, бұғанасы қатаймаған. Бауырларын жетілдіруді мақсат еткен балақай атқа қонып, төрт түлік мал өсіруге бел буа, білек түре кірісіп, қара қазандарын оттан түсірмейді.
Дүниеде екі қиын нәрсе болса, сөз жоқ, соның бірі – қимас адамың жайлы естелік айту. Бәрі күні кешегідей, жер басып «Қара аға» деп қатар жүрген күндегідей көкірегіңде сайрап тұрғанымен, ойыңды қағазға түсіре бастағанда аузыңа сөз түспей, қаламың мұқалады екен. Өйткені, Қара аға бұл өмірден тек қана «Еңбек» деп еңбектенумен өткен. «Үшшоқыда» мал бағып, әулетіміздің асыраушысы болған ол «Қосаман» ауылына қоныс аударып, сауда саласымен айналысады.
Ағамыз, жоғарыда айтқандай, әулетіміздің асыраушысы болды. Оның көзі тірісінде ағайын-туыс, жора-жолдасқа жасаған қамқорлығы мен жақсылығын санамалап айту мүмкін де емес. Бір ғана деректі айтайын. Аққали есімді ағасына кезінде екінің бірінің басына бұйыра бермейтін «Урал» мотоциклін алып беріп, ал Әбжәми інісінің «Волга» алуына қомақты қаржы беруі екінің бірінің басында бола бермейтін бақ болар.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, ағамыздың еңбек жолын том-том етіп жазуға мүлде болмайды. Оның өмірдерегін бары-жоғы екі-ақ сөйлеммен баян етуге әбден болады. Өйткені, ағамыз жоғарыда айтқандай, төрт түлік мал өсіріп, әулетіміздің асыраушысы бола жүріп, бұл өмірден мезгілсіз кеткен. Ал менің айтпағым, ағамыздың кісілік келбеті мен бітім-болмысы жайлы болмақ.
Бұл заманда адамдарға деген көзқарасымыз қисық та қыңыр болып тұратын сәттер аз емес. Адам баласының жақсы-жаманын адал айырып, бағалай білу екінің бірінің маңдайына жазыла бермесе керек. Менің бір байқағаным, адамды бағалауға келгенде оның байлығы мен мансабына назар аударамыз. Оның адамгершілікке жат қылықтары көзге түспей, тасада қала береді. Қатар жүргенде жаныңдағы бауырларыңның да қадірін білмейді екенсің. Біз мұндай нәрселердің сырына жанымыздағы жақынымыздан көз жазып қалғанда ғана біледі екенбіз.
Иә, елі үшін еткен ересен еңбектерін, төккен маңдай терлерін пұлдамайтын, күннен жұмыс, түннен тыныс сұрайтын, барға қанағат, жоққа салауат айтатын бала көңілді, дара сезімді адамдар да бар ғой. Осындай айтулы азаматтың бірі, бірі ғана емес бірегейі менің Қара ағам десем, асыра айтқандығым болмас. Алдында абыройы асқан ағасы, ізінде ізетті інісі болмаған кісіден үлкендіктің шартын дәметуге бола ма? Аға болудың батпан жүгінің салмағы мен жауапкершілігін бір білсе, Қара ағам білген. Міне, бүгін біздің ортамыздан сол ағаның кеткеніне 40 жыл да өте шығып, орны ойсырап тұр. Қарап отырсам, ағам да өмірден өз үлесін алып қалуға асыққан-ау.
Жаратқан ие Қара ағамызға Балқаштай жаны жайсаң жар берді. Біздің халық әйел баласын отының басына төккен тері, келген жеріне көрсеткен құрметі, қазанының оттан түспегені мен Құдай қосқан қосағына сыйластығымен бағалайды ғой. Балқаш жеңгеміз осындай аяулы да асыл жар болды. Осы жаратылысы үшін Құдайдың берген шапағаты болар бүгінде 94 жасқа келіп, ұл-қыздары мен 32 немере, 39 шөберенің қызықтарына кенеліп отырған жайы бар.
Қара ағамыз бен Балқаш жеңгеміз бұл өмірге алтын асықтай он ұл мен қыз әкеліп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Әттең, 1953 жылы өмір есігін ашқан Ұзақбай (Жылқыайдар) есімді балдары бұл өмірден мезгілсіз кетті. Шүкір, қалғандары өмірден өз орындарын тауып, өрісті де өнегелі ғұмыр кешіп келеді. Саралап айтар болсам, Атлас, Әділхан, Әуезхан есімді балдары Астанада жеке кәсіптерін нәсіп етіп жүрсе, Алуа, Мейрамкүл, Бақтыгүлдей қызғалдақтай қыздары Сексеуіл кентінде қызмет жасайды. Ал Қара ағамыздың қарашаңырағын балдары Болатқан мен Шыңғысхан «Қосаман» ауылында ұастап отыр. Болатқан осындағы №68 орталау мектебінің ұлағатты ұстазы болса, жан жары Мәтіпова Сәния – осы мектеп директоры. Кезінде осы ауылда киномеханик, есепші, радист тәрізді сан алуан қызметтерді атқарған Шыңғысхан бүгінде әке жолын жалғастырып, төрт түлік мал өсіріп, атакәсібін нәсіп етіп отыр. Кенжелері Әсет осындағы мектепте әлеуметтік-педагог қызметін абыройлы атқарып жүр. Қарекеңнің ұл-қыздарынан тараған немере мен жиендері еліміздің сан алуан түкпірінде алуан қызметтер атқарып жүргенін санамалап айту әсте мүмкін емес, уақыт та көтермейді.
Айтқандай, Қара ағамыздың ұл-қыздары асқар таудай әкелерінің алдындағы парыздарын өтемек болар, садақа беріп, еске алу рәсімін жасамақ. Алла, қабыл етсін.
Сөз соңында айтпағым: Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында іс пен өшпейтұғын із қалдырған Қара ағамызды өлді деуге мүлде болмайды. "Тау алыстаған сайын биіктей түседі" демекші, ағамыз бізден алыстаса да аласармай, биіктей бермек. Өйткені, Қара аға балдары әке жолымен жаза баспай жүріп келеді. Осылай жүре бергейсіңдер, бауырларым.

Еркін ӘБІЛ,
жазушы-журналист,
Арал ауданының құрметті азаматы
12 маусым 2024 ж. 911 0