Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ардагер түлектер кездесуі

Ардагер түлектер кездесуі

Жуырда осыдан аттай 60 жыл бұрын бұрынғы №15 орта мектептің 8 сыныбын тәмамдап, тұс-тұсқа арман қуып аттанған түлектер Арал қаласында бас қосты. Олар әуелі марқұм болған ұстаздары мен сыныптастарының рухына Құран бағыштады.
Бірін-бірі көріп, мәре-сәре болған сыныптас достардың қуанышында шек жоқ. Сол күйлері олар жайраңдай аяңдап, қаламыздың көрікті тұстарын асықпай аралады. Әуелі орталықтағы «Тағзым» алаңында болған олар мұнан соң бұрынғы теңіз қолтығында орналасқан «Балықшылар» мұражайындағы экспонаттарды, балықшы кәсібіне байланысты қойылған байырғы жәдігерлерді көріп, өздерінің теңіз жағалауында өткен балалық шақтарын еске алды. Бір-біріне:
– Көрдің бе, осыдан он жыл бұрын келгенде көрген қаламыздың көркі қалай өзгерген?
– Оны айтасың-ау, соңғы жылдары бұл жерде құрылыс жұмысы керемет қарқын алыпты ғой.
– Иә, оны көріп тұрмын. Туған қаламыздың о шеті мен бұ шеті керегесін кеңге жайыпты. Жаңа мөлтек аудандар бой көтеріп келе жатыр екен.
– Айтпақшы, сол бір жылдары жаңа шыққан, жұртшылық арасына кеңінен тараған «Арал жастарының вальсі» әні естеріңде ме?
– Айтасың-ау, – деп сонан алпыс жылдық кездесуде қауышқан сыныптастардың бір-жары бастап, қалғандары қосылып әлгі әнді құйқылжыта жөнелді:
Айналдым Аралым,
Жайнаған Аралым.
Әсемпаз, жасампаз,
Бай қалам Аралым...
Осыдан алпыс жыл бұрын қазіргі Орталық мешіттің орнындағы №15 мектептің 8 «А», 8 «Б» сыныптарын 1964 жылы бірге бітірген достардың кейбірі 1966 жылы онжылдықты тәмамдап, еліміздің түкпір-түкпіріне арман қуып аттанған көрінеді. Бұл жайында солардың бірі – Жеткерген Ықыласов былай дейді:
– Мен 1972 жылы Целиноград мемлекеттік медицина институтын тәмамдадым. Бір жылдық интернатурадан соң сәл-пәл тәжірибе жинақтап осы аудандағы Қарақұм ауылдық ауруханасында бас дәрігер болып қызметімді бастағанмын. Сонан 1988 жылға дейін мамандығыма сәйкес адал атқарған дәрігерлік қызметіме орай суретім облыстың «Құрмет тақтасында» ілулі тұрғанын әлі күнге мақтан тұтамын.
Иә, Жеткерген Ықыласов ағамыз бұдан кейін зейнетке шыққанша өзінің қызметін облыс орталығында, одан әрі Алматы қаласындағы №17 емханада абыройлы атқарған көрінеді.
Түлектер кездесуінде айрықша есте қалған сәт алғашқы және соңғы жез қоңыраудың күмбірлей соққан сағынышты үні болды. Оны соғу құрметіне осы кездесуді ұйымдастыруға аянбай атсалысқандардың бірі – Жыға Жұбанышованың кішкентай немересі ие болғанын айта кеткен жөн. Бір қызығы алғашқы қоңырау үні басылар-басылмастан сыныптастардың баршасы мойындарына алқызыл галстук тағынып, мәз-мейрам болып жатты. Бұл жайында медицина саласының ардагері Аралкүл Жетпісбаева жиналғандарға:
– Бүгінгі 19 мамыр – пионерлер күні еді ғой, ұмытып қалған жоқсыздар ма? – деп ескертіп жатты. Осы тұста түлектер №15 мектептің әуелі дружина кеңесінің төрағасы, кейін білікті ұстаз болған белгілі балалар жазушысы марқұм Сағындық Тұрдалиевті еске алып, одан кейін осы қызметті мінсіз атқарған, қазір орталарында отырған Жыға Жұбанышоваға ризашылықтарын білдірді.
Алтын ұя мектепте өткен шәкірттік кезеңдерін сағынышпен еске алған түлектер өздерінің сынып жетекшісі Оңғар Дәрменов ағайларының, өмірден ерте өткен аяулы сыныптастарының есімдерін құрметпен атай келіп, бүгінгі кездесуге келген алматылық атақты фермер, бұрын мемлекеттік қызметте болған сыныптастары Тыныштықбай Қалилаевтың ұсынысымен егеменді еліміздің әнұранын шырқады. Сөзінің тоқетерінде Тыныштықбай аға:
– Тәуелсіз Қазақ елінде өмір сүріп жатқан біздер, біздің ұрпақтарымыз бақытты, – деді.
Кездесу барысында өткен ғасырдың 60-70 жылдарғы жастық шақтың жарқын кезеңдерін еске түсірген ескі, бірақ сағынышқа айналған әсем әндер шырқалды.
Алматыдан, Шымкенттен, Қызылордадан, облыс аудандарынан 60 жылдық кездесуге келген Кемал Тәуекелов, Жанбибі Қостаева, Құнқияш Сүлейменова, Мәрияш, Шапағат және басқа сыныптастар шәкірттік шадыман шақтарын әсерлі әңгіме өзегіне айналдырды. Сынып жетекшілері О.Дәрменовтың баласы мен келіні әкелеріне көрсеткен шексіз құрметтеріне ризашылық білдірді.
Жиналғандар осы кездесудің өз дәрежесінде өтуіне ұйытқы болған Аралдағы сыныптастары, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау саласының үздігі төсбелгісінің иегері, медицина саласының ардагері Тілек Сұлтановқа, сауда саласының саңлағы Жыға Жұбанышоваға, медицина саласының және бір ардагері Аралкүл Жетпісбаеваға ақжарма алғыстарын жаудырды. Сол сәтте бас қосқан сыныптастардың жүрек түкпірлерінде төмендегі жыр жолдары жатталып қалған еді:
Бозарып қалған жырақта,
Бозбала менің шақтарым.
Жеттің бе арман-мұратқа,
Аяулы сыныптастарым!
Айтылар тілек, сөз алда,
Ақ қырау шалған бастарын.
Тіршілік атты базарда,
Аман-сау жүрші, достарым!
Т. ТАЛАНТОВ
13 маусым 2024 ж. 885 0