Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Газеттің ыстығына күйіп, суығына тоңған...

Газеттің ыстығына күйіп, суығына тоңған...

Осыдан бір жарым жыл бұрын алғаш рет аудандық «Толқын» газеті редакциясының табалдырығын диплом алып келген соң тәжірбиеден өтуші практикант ретінде аттаған болатынмын. Сонда мені ұжымның қаншалықты жылы қабылдағаны әлі есімде. Соның ішінде бірінші күннен-ақ мені өз туғанындай қабылдап, өмірде де, жұмыс барысында да көмегін аямаған жанның бірі – осы Райкүл Қожанқызы болатын.
Райкүл Қожанқызы Прманова 1964 жылдың 1 қаңтарында Арал ауданы, Мергенсай ауылдық округінде дүниеге келген. Жастайынан қағылез болған бала Райкүл 1972 жылы ауылдағы №58 орта мектебіне қабылданып, 1981 жылы қатарының алды болып мектеп бітіреді.
Мектеп бітірген уақыттан еңбекке ерте араласып, «ҚызылордаСтрой» мекмесіне жұмысқа орналасады. Осылай жүргенде «Толқын» газетінің сол уақытттағы редакторы Сағынжан Ермағамбетов ағайдың көмегімен білімге деген құштарлығы мол жан 1985-1986 жылдары Алматы қаласындағы полиграфиялық училищеден «Компьютер техникасының операторы» мамандығы бойынша білім алады. Сол жылы Арал аудандық «Толқын» газеті редакциясына жұмысқа орналасады. Ол туралы:
–    Мен алғаш жұмысқа орналасқанда «Толқын» баспаханасы қазіргі орталық алаңда орналасқан еді. Мені Сағынжан ағай әріп теруші қызметіне алған болатын. Ол кезде компьтер деген жоқ, газетті линотиппен тереміз. Жанымда қазіргі баспасөзге жаздыру маманы Күлмараш Ерғазиева жұмыс істеді.
Линотип қорғасын арқылы жұмыс істейді. Кейде жарық болмай қалады, кейде әріп жетпей қалады. Ондайда қорғасынның ерігенін, әріптердің келуін күтеміз. Жұмыс уақыты да тұрақсыз болды. Сонда да сүйіп жасаған жұмыстың тәттілігі болады ғой, ешқашан шаршадым демедік. Бағамдап қарасам ол кезде небәрі 24 жаста болыппын, – деп еске алады.
Бүгінде 38 жыл еңбек өтілі бар Райкүл Қожанқызы ұжымда сыйлы, өмірден көрген-түйгенін ізінен ерген жас журналист жандарға айтып отыратын ақылшы әпке.
– Өз ісінің маманы атану көп еңбектенуді, ізденуді қажет етеді. Және ынта мен сүйіспеншілігің болса, жұмысың ілгері жүреді. Сол сияқты Райкүл өз еңбегімен жетістікке жетуді алдына мақсат етіп қойған жан. Ыстық әрі қорғасын түтіні мен қара майдың иісі қолқаны қауып, баспа аппаратының гүрілдеген дауысы құлақты тұндырған жерде тапжылмай тік тұрып жұмыс жасау, кейде линотип мәшенкесінен майысып шыққан әріптер болса балғамен түзету, кейде облыс орталығынан әріптер келмей қалған жағдайда ескілерін техникалық жанармаймен жуып, тазалауды нәзікжандылар атқарды десе, редакцияда қызмет жасайтын бүгінгі жастар сенбес еді. Осы жұмыстарға өзім де куә болған соң айтып өткенді жөн көріп жатырмын. Қорғасын әріптер аңдаусызда шашылып қалса, баспахана қызметкерлерінің қанша күнгі еңбегі зая кеткені. Міне, осындай тәулік бойы тынымсыз жұмыс жасайтын баспаханада Райкүл Қожанова қырық жылға жуық уақыт әріп теруші болып абыройлы қызмет атқарды. Осының өзі оның жұмысына деген жауапкершілігін айқындап тұр. Өз жұмысына тиянақты маманға әріптестері де ерекше құрметпен қарайды, – дейді газеттің осы кезге дейін қыр-сырын бірге меңгерген әріптесі Күнзипа Зденова.
Еңбегі еленіп, ұжымдастарының мерейін еселеп жүрген Райкүл Прманова кәсіби мереке қарсаңында Қызылорда қаласындағы мерекелік іс-шараға қатысып, Мәдениет және Ақпарат министрі А. Балаеваның алғыс хатымен марапатталды. Бүгінге дейін журналистика саласында табан аудармай еңбек етіп, қаламгерлердің қаншама буынымен қатар абырой төрінен көрінген Райкүл Қожанқызына шығармашылық табыс тілейміз
Г. САҚТАПОВА


29 маусым 2024 ж. 406 0