Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Нағыз қазақ – домбыра

Нағыз қазақ – домбыра

Қай халықтың болмасын өздеріне тән ұлттық салт-дәстүрлері мен өнері болады. Сондай-ақ ол атадан балаға мұра болып, өшпей келе жатқан дүниелердің бірі. Осы тұста тәрбие бастауы мәдениет екені анық. Яғни, балаға ұлттық аспаптар арқылы ертеден келе жатқан түрлі шығармашылық туындыларды үйрету арқылы да тәрбие бере аламыз. Халқымыз көбіне домбыра аспабы арқылы балаға тәрбие береді. Иә, қазіргі кезде жастардың көбісі дерлік ең танымал әрі үні құлаққа жағымды аспапта қиналмай ойнайды. Бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған Қуаныш Нұрмаханов есімді білікті ұстаздың домбыра үйірмесі жайында болмақ.
– Жалпы өзім өнер саласына балғын балалық шағымнан қызықтым. Ал осы өнер жолына түсуді 13 жасымнан бастадым. Кәсіби түрде 2005 жылдан бастаған болатынмын. Яғни, сол жылдан бастап Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжінде оқыдым. Кейін оқу бітірген соң 2009 жылы Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында білімімді жалғастырдым. Бұл оқу орнында шығармашалық біліктілігімді жетілдіріп, 2013 жылдан бастап Арал аудандық балалар өнер мектебінде еңбек жолымды бастадым. Еңбегім мен білімімнің елеусіз қалмауының арқасында 2018 жылдан бастап осы мекемеде директордың орынбасары қызметін атқарып келемін. Оқушыларым да бүгінде өмірде өз таңдауларын жасап, өнер жолында сүрінбей қызмет етіп жүр. Мәселен, Шадияр Октябрұлы деген оқушым Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерватория оку орнында білімін шыңдап жатса, енді бірі Медеу Көшеуов есімді оқушым аудандық мәдениет үйінде қызмет істеп жатыр. Сонымен қатар Айбек Әбжамиев, Нұртөре Сырашев есімді шәкірттерім де жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Ал енді бүгінде Болат Бекнұр, Әлихан Нұрланов деген оқушыларым жетістіктерге жетіп келеді,–деп мақтанышпен еске алады Қуаныш Нұрмаханов.
Еңбекқор адам бір орында тұрмасы анық. Қуаныш та арнайы балалардың музыкалық білімін шыңдау мақсатында 2019 жылдан бастап "Шабыт" өнер орталығын ашуды қолға алған.
–Бұл орталығын ашып жұмысымды бастап кеттім. Оның арасында карантин болып кішкене уақытқа жұмысты тоқтата тұру керек болды. Кейін қайтадан жұмысты жалғастырдым. Бұл жақтан да көптеген оқушылар оқып, бітіріп, білімдерін әрі қарай жалғастырып жүрді. Сонымен бірге мұнда да оқушылар көптеген жетістіктерге қол жеткізген болатын. Мен өзім негізі жетістікті бірінші орынға қоймаймын. Мен үшін бастысы оқыған оқушыларым алған білімдерінің нәтижесін көрсетіп, абыройлы болып жүрге болғаны. Міне, мен үшін жетістік осы. Бүгінде өнер орталығына келуші оқушылар саны артып, қабылдауға уақыт таппай отырмын. Сондай-ақ жалғыз домбыра аспабымен шектеліп ғана қоймай, қасына вокал, ән салу, терме мамандықтарын қосу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Негізінен келген баланы бойындағы таланты мен икеміне қарап таңдаймын. Бірақ көбіне 20 баладан асырмауға тырысамын,–деді Қуаныш Нұрмаханов.
"Қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра" деп Қадір Мырза Әлі айтпақшы, қазақ халқы десе, ең алдымен еске түсетін атрибуттың бірі домбыра екені белгілі. Шілде айының алғашқы жексенбісі домбыра күні болып бекітілген еді. Иә, домбыра бұған әбден лайық. Домьыраны қиналмай, майын тамыза отырып тартатын жастар кейінгі жастарға үлгі бола бермек. Ендеше, тек осы күні ғана емес, әрбір күнімізде домбыра ұлт жүрегінде болғай.
А.НҰРЛАНОВА
02 шілде 2024 ж. 389 0