Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Құрмет бір күндік міндетке айналмасын

Құрмет бір күндік міндетке айналмасын

8 наурыз халықаралық әйелдер күні мерекесінің шығу тарихын осыдан 1 жарым ғасыр бұрын Нью-Йорк қаласындағы киім және аяқ киім шеберханасындағы әйелдердің көтерілісі мен ХХ ғасырдың басындағы Еуропа елдеріндегі нәзік жандылардың өзіне теңдік сұрауымен тікелей байланыстырады. 1912 жылы алғаш рет 12-мамырда тойланған бұл мейрам 1965 жылдан бастап 8 наурызда тойланатын болған.
Бұл бар болғаны Әйелдер күнінің шығу тарихынан берген аз ғана ақпар. Бірақ, менің айтқым келгені бұл емес. Айтпағым, әйелдер қауымына деген құрмет болмақ.
Өзіміз ес білгелі 8 наурыз күнгі жүректерден төгілген талай тілектер мен құшақ-құшақ гүлдердің, түрлі сыйлықтар мен ән-күй, жырлардың куәгері болып келеміз.  Күні бұрын ниеттеген сыйлықтарды сайлап, шамасы келетіндер тіпті той жасап та беріп жатады. Міне, құрмет деген осындай болуы керек деп сүйсініп-ақ қаламыз. Сүйсінбегенде ше?! Ұрпағын «жұмақтың кілті ананың табанының астында» деп тәрбиелеген ұлт үшін ананың батасын алып, ықыласына бөленуден артық бақыт жоқ, әрі перзенттік борышымыз.
Дегенмен, жүрегімнің түкпірінде мына бір сұрақ маза бермейді. Біз осынау құрметті қанша уақыт жасап жүрміз? Күніге ме, әлде жылына бір күн ғана ма? Атаулы күнде көптен қалмай көзге түсу адамдық міндетімізді, аналарымыздың алдындағы өтелмес қарызымыздың бір бөлігін ғана өтеу емес. Расымен-ақ, тоғыз ай құрсағында көтеріп,  азамат боламын дегенше біз үшін бейнеттің бел ортасында ғұмырын өткізген жанның қарызын біз қалайша бір күн мейрамда қайтармақпыз? Жалпы біз құрмет дегеннің не екенін қаншылықты ұғынып жүрміз?
Осы тұста ІХ ғасырда өмір сүрген сопы, әулие, ислам дінін ұстанушы Баязид Бистимидың мына бір амалы еріксіз ойға оралады.
Қыстың ызғарлы, суық түндерінің бірі еді. Науқас анасы баласынан дауыстап су сұрады. Бала Баязид Бистами дереу орнынан тұрып су ыдысына қарай ұмтылды. Алайда ыдыста су қаламағандықтан далаға шығып, құдықтан су алып ыдысты толтырды. Суықтан сол ыдысқа құйылған сәтінде-ақ бетіне мұз қата бастаған суды үйге алып кіргенде анасының қайтадан ұйықтап қалғанын көрді. Ұйқысын бұзып оятуға қимады. Ыдысты қолына ұстаған қалпында күтіп тұрды. Сәлден соң анасы оянып "су, су" деп тағы да жан жағына қарады. Жанында тұрған Баязид қолындағы ыдысын ұсынды. Суықтың әсерінен қолдары тоңып, саусақтары ыдысқа жабысып қалған еді. Бұл халін көрген анасы:
– Балам ыдысты неге жерге қоймағансың, неге қолыңда ұстап тұрсың? дегенде, Баязид
– Анашым, оянған кезіңізде суды дереу бере алу үшін, қолымда ұстап күтіп тұрмын, – деді. Бұдан кейін анасы «Йа Раббым! Мен балама разымын. Сен де разы бол!» деп шын көңілден дұға етті.
Асыл дінімізде Алла елшісі Мұхаммед(с.а.с) адамдардан  үш қайтара: "Ауыр күнәлардың ішіндегі ең ауыры қандай күнә екенін сендерге айтайын ба?" деді. Сол сәтте адамдар: "Йа, Расулуллаһ айтыныз"  деп жауап береді.
– Алла тағалаға серік қосу және Ата-ананы құрметтемеу. Ата-ананы құрметтемеу –яғни,  ата-ананы ренжіту, оларды қапаландыру және тілін алмау. Адамның бұл күнәға ұрынуы үшін ата-ананың «балам, мен саған ренжідім» деп сөзбен айтып жеткізу шарт емес. Көңіліне кірбің түсірудің өзі жеткілікті, – деген хадис бар.
Сондықтан, баршамызға Алланың сүйген құлдарының қатарынан болып, ата-анамыздың разылығына бөленуді жазсын. Бір күндік мерекелік құрмет жасаумен ғана шектелмей, өмірін бізге арнаған ардақтыларымызды қанша ардақтасақ та бізге көптік етпейді.

Оңталап ЖОЛДАСОВ.
11 наурыз 2019 ж. 2 275 0