Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әбеге 40 жылдан соң жеткен әке хаты

Әбеге 40 жылдан соң жеткен әке хаты

Қазақтың дарынды жазушысы, әдебиетімізде өзіндік арна салған классик Әбдіжәміл Нұрпейісовтің ғасырлық мерейтойы қарсаңында абыз қаламгерге арналған үлкенді-кішілі түрлі шаралар кең байтақ еліміздің барлық аймақтарында өткізілуде. Сондай-ақ таланты талайды тамсантқан суреткер туралы сүбелі шығармашылығы хақында да жаңа ой-пікірлер, талдаулар мен пайымдаулар, айғақты тың деректер легі баспасөз бетінде де көпетеп жарық көріп жатыр. Иә, теңізбен тамырлас тау тұлғалы дана жерлесімізге қатысты әрбір жайлар біздер үшін, келешек ұрпақ үшін қашан да құнды. Міне, бүгін сондай жүрек елжіретер әңгімені оқырманға жеткізу үшін қолға қалам алып, жазуға бекініп отырмыз.
Арал теңізінің бір қолтығында туған Әбенің әкесі Кәрім Нұрпейісұлы мен біздің өңір мәдениетінің хас тарланы, Республикаға еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Құдайберген Жасекеновтің әкесі Жасекен Құсбекұлы екеуі бір ауылда қатар өскен, өмір-тіршілікте тонның ішкі бауындай жақсы араласқан дос-жар кісілер екен. Олар ескіше оқыған, біршама сауатты болған. Достардың жарасымды жақындығы, туысқандай татулығы кейін балаларына жұғысты болып, Әбдіжәміл мен Құдайберген де әкелер арнасын салған сыйластықты әрі қарай үзбей жалғастырған, өле-өлгенше айырылмас адал да ақиреттік жолдас болғанын білеміз.
Әбе бір жазбасынд әкесі Кәрім туралы былай деп толғана да тебірене жазады: «Менің әкем 1903-1944 жылдары өмір сүрген. Аса ауқатты отбасынан шыққан. Сталинград соғысына кірерде үйіне хат жазған да, сонда қаза тапқан.
Ауылсоветті басқарған. Сосын отыз төртінші жылы Шалқарға үй-ішімен көшеді. Онда паравозда от жағушы болды. Сосын станция алдында екі дүкен болатын, екеуінің жұмысын жүргізді. Кейін вагон-лавкада істеді. Одан соң Шалқардан зат тиеп алып, Ембіге дейін барады. Разъезд, станциялардың бәріне зат түсіреді. Ол кезде теміржолдың стратегиялық маңызы болатын. Сол үшін керек заттармен ерекше қамтамасыз ететін.
Әкем аңшы еді. Оның аңшы орыс иті болды. Кезінде арбакеш Сапа деген татардан сұрап алыпты. Сол ит екінші қаңтарда Шалқардан әкем майданға аттанғанда, пойыздың артынан арпылдап жүгірді. «Ларик» деп қанша шақырсақ та қайтпады. Сол қалпы жоқ болып кетті. Содан екінші шешеміз:«Иті оралмады, ырымға жаман болды» деді...».
Адамзат тарихындағы жойдасыз қантөгіс – екінші дүниежүзілік соғысқа Нұрпейісовтер әулетінен жеті адам аттанған. Әкесі Кәрім, ағалары Қали, Нәрен, Әубәкір, Бердіғали, Нәжім және Әбдіжәмілдің өзі орта мектепті бітірер-бітірместен қолына қару ұстап, сұрапыл соғыстың солдаты болып кетті. Бір әулеттің алты боздағы қан майданнан қайтпады. Жат жерде топырақ жастанып қалды. Тек қана Әбдіжәміл ғана ұлы жеңістен соң, 1946 жылы туған жерге аман-есен оралып, елмен қауышады. Әбенің құлын-тайдай тебісіп өскен, Ауанда, Шалқарда бірге оқыған құрдасы әрі сырласы Құдайберген де майданға ел қатарлы алынып, Ресейдегі, Украинадағы, Қырымдағы талай жерлерді, қалаларды фашистерден азат етіп, 1944 жылы ауыр жарақаттанып, әскерден қайтады.
Қандай да бір себептері болды ма, әлде денсаулығы мүмкіншілік бермеді ме, Жасекен соғысқа алынбады. «Труд армия» дегенге шақырылып, баяғы теміржолда, Сексеуіл стансасында әрі-бері өтетін әскери эшолондардағы жауынгерлерге күні-түні тамақ дайындайтындардың бөлімінде еңбек етеді.
Әкелі-балалы Кәрім мен Әбдіжәміл майдан өтінде жүргендіктен де, тұрақты адрестері болмай, бір-бірінен хат ала алмайды. Содан Кәрімнің айтуымен, екеуінің бір-біріне жазған хаты елдегі Жасекенге жолданады. Ал ол екеуінен келген хаттарды алмастырып, қайтадан майдандық пошталарына жіберіп отырады. Осылайша әкенің балаға, баланың әкеге жазған хаттары әуелі елге, Сексеуіл стансасына келіп, қайта кері қайтады. Біршама уақыт бойы осы ізбен әке мен бала аман-түгелдіктерін білісіп тұрған екен...
Лейтенант шеніндегі Әбдіжәміл Нұрпейісов қаһарлы жылдарды өткізіп, соғыстан оралған соң, Арал қаласында Буденный төбесінде Қазақ көшесі №3 үйде Байғабыл деген немере ағасының үйінде айлап жатып, көзі көрген, бастан кешкен қантөгісті арқау етіп, алғашқы туындысы «Курляндия» (кейін «Күткен күн» аталды) романын жазады. Бұл кезде Байғабылдың үйіне қарама-қарсы беттегі көршісі Қазақ көшесі №6 үйде Құдайберген Жасекеновтің шаңырағы тұрады. Жылдар бойы сыннан өткен айрылмас достық осылай әрі қарай қатар өріліп жалғасады.
Құдайберген аға түрлі жауапты қызметтер атқарады. Туған қарындасы аға қолында өсіп, кейін тұрмыс құрады. Сол Әсия апа бертініректе, 1985 жылы, соғыстың біткеніне 40 жыл өткенде ерекше түс көреді. Түсінде әкесі марқұм Жасекен ата қара шаңыраққа келіп, кезінде өзі пайдаланған көне сандықты ашып жатыр екен. «Әкем түсіме жайдан-жай кірген жоқ-ау. Әлденеден аян беріп, бірдеңе айтқысы ма, көрсеткісі ме келіп жүр-ау» деп жорыған Әсия апа қара шаңыраққа келіп, қасына Смағұл інісін алып, көптен қақпағы ашылмаған, ескі-құсқы заттар тұрған қара сандықты шығарып алып, ішін ақтарады. Өзіне дәл қазір бірдеңе көрінетіндей сезімде болады. Ішіндегі бұйымдарды мұқияттап алып, біртіндеп қағып-сілкіп отырады. Ілік болатындай ештеңе көзіне түспейді. Талай мәрте көрген бұйымдары, ескілікті заттар. Өзіне-өзі сенбегендей тағы бір қайтара ақтарады. «Әкем түсімде нені меңзеді екен?» деп екіұдай ойда отырған Әсия апаның көзіне көне ағаш сандықтың төменгі жағында құрсау темірінің бір шетіне қыстырылып қалған алақандай қағаз оттай басылады. Еппен алып қараса, соғыс жылдары майданнан келетін үшбу хат екен. Сыртына бір көз жүгіртіп өтеді де, кеудесіне қысып, қаланың орталығында тұратын ағасы Құдайбергенге қарай асығады. Табалдырықтан асыға аттап кіре бере:
–     Аға, әкемнің сандығының түбінде елеусіз жатып қалған екен. Жаңа тауып алдым. Сыртындағы жазуына қарасам, Кәрім көкеміздің жазған хаты сияқты, – дейді.
Қағазы әбден сарғыш тартқан хатты қолына алған Құдйберген аға ептеп ашады. Химиялық қара қарындашпен латын әліпбиінде тайға таңба басқандай әдемілеп жазылған екен. Дауыстап оқи бастайды. От пен оқтың арасында жүрген сақа жауынгер Кәрім әке басқа бір шепте фашистермен соғысып жүрген майдангер баласы Әбдіжәмілдің жағдайын тәптіштей сұрапты. «Біз Украинаға қарай жылжып келеміз» деп айтып, ұлының аман-түгелдігін білгісі келген сұрақтарынан соң: «Әбджәміл, Алла жазса аман-есен ұшырасармыз. Алайда бір жай ұйықтасам түсімде, күндіз өңімде есімнен кетпейді. Бала кезіңде менің аңшы итімді тас кесекпен ұрып, жанды жеріне тиді ме қатты қыңсылап қалған. Сонда мен ашуланып, шапалақпен жағыңнан салып жіберген едім. Сені сол ұрғаным есіме түскен сайын өкінемін. Балам, сен соны кешірші!» деп аяқталған екен. Оқып болған Құдайберген аға:
–     Бұл хат Кәрімнен әкеме келген де, қандай да бір себептермен әрі қарай майданда жүрген Әбдіжәмілге жіберілмей қалған. Әлде әкем іссапарда жүргенде келіп, сандық түбінде жатып қалды ма?! – деді өз ойын айтып.
–     Енді не де болса, тездетіп поштамен Әбеңе жіберейік. Қырық жыл жатқан әке хатын оқып қуанып қалсын, – дейді Құдекеңнің зайыбы Сәлима апай.
–     Қайда жүрсе де хабарласып отырмын ғой. Қазір Әбдіжәміл Алматыда емес. Бес-алты айдан бері шығармаларының орыс тіліне аударылу мәселесімен Мәскеуде жүр. Білуімше, жақында қайтар жолында Аралға соғады. Осында бір-жар күн боламын деген. Сол келгенінде берерміз, – дейді Құдайберген аға. Осы тоқтамға тоқтайды бәрі.
Айтқандай-ақ, бір аптадан кейін Әбдіжәміл Нұрпейісов №8 Мәскеу-Алматы жүрдек пойызынан түсіп, қай кездегідей жан досы Құдайбергеннің Калинин (қазіргі М.Мақатаев)  көшесіндегі үйіне түседі. Қадірлі қонақты туыстар, достар, ауданның белгілі азаматтары күтіп алады. Бірін-бірі сағынысқан жандар құшақтасып көрісіп, ыстық ілтипаттарын жеткізеді. Шай-су ішіп болған соң Құдекең Әбенің қолтығынан демей ұстап тұрып, шкафтағы тартпадан хатты алып беріп жатып:
–     Қалай екенін, не себеп екенін белмеймін. Кәрім әкеміздің Сталинград маңынан жазған хаты саған жіберілмей қалыпты. Өткенде мына Әсия қарындасың әкемнің қара сандығының түбінен тауып алыпты. Жыртылмаған, бүлінбеген, сол қалпы... – дейді.
Үшбұрышты майдандық хатты ақырын алған Әбе бір сәт ақ жүзіне лып етіп қан жүгіріп, толқығандай күй кешіп тұрады да, айналасындағыларға еш тіс жармастан арғы бөлмеге қарай аяңдап барып кіріп кетеді.
Оңаша бөлмеде жалғыз өзі ойланып отырып, жарты сағаттай уақыттан соң барып есік ашылып, Әбе үйдегі кісілердің қасына келеді. Не дер екен деп мұндағылар да үн-түнсіз қалған. Әбең артық-ауыз ештеңе дей қоймайды. Бір кезде барып өзінің асықпай, ақырын сөйлейтін дағдысымен:
–     Қап, бұл хат ертерек қолыма түскенде, «Курляндия» романына бір эпизод етіп кіргізер едім... – дейді де қояды. Бұдан кейін хат туралы әңгіме қозғалмайды. Ал ішкі жан дүниесінде не болып жатқанын кім білсін?! Көкірегінде қандай аласапыран күй кешіп жатқанын еш сездірмейді. Сол күйі Алматыға қайтады.
Осы қырық жыл жатып иесіне тапсырылған хат оқиғасын бізге жеткізген Құдайберген Жасекенов ағаның ұлы, мәдениет саласының ардагері Мәди аға болатын.
2020 жылы ол Аралдағы Ә.Нұрпейісовтің Әдебиет үйіне қояр жәдігерлер сұрап, Алматыдағы абыз қаламгердің шаңырағында болады. Келген мақсатты шаруасын айтып түрлі қолжазбалар, фотосуреттер, жазушының әр жылдары шыққан кітаптарын алады. Осы жолы баяғы сандықтан табылған хат есіне түсіп:
–     Әбе аға, ана бір жылы Жасекен атамның сандығынан шыққан хат қайда? – деп сұрайды беріп жатса, оны да ала кетпек оймен. Қарт қаламгер ол хаттың қазір бар-жоқ екендігі туралы ләм-мим демейді.
Айтпақшы, Аралда хатты алған соң, Әбе жауынгер әкенің майдандық жолдарын сұрап біраз жерді шарлайды. Сөйтіп әкесі Кәрімнің мәңгілік тыным тапқан жерін іздеп барып, «Братская могила» атанған төбе-қорымнан бір уыс топырақ алып, туған жерге әкелген екен.
Қазақтың қабырғалы қаламгері, аты әлемге мәшһүр болған дара суреткер, айдынды өңірдің мақтаныш тұтар перзенті Әбдіжәміл Нұрпейісовке қырық жылдан соң табысталған хат-жәдігер табылса екен, ол жазушының музейінде өткен күндерден сыр айтып тұрса екен деген тілекте болдық. Әбенің өміріне қатысты әрбір дерек ұрпақ үшін құндылық деп білеміз. Алақандай хатта дана әкенің ұрпағына айтқан үлкен ғибратты аманат-сыры жатқандай күй кештіреді!
Г. ӘЛНИЯЗИНА
Суретте: солдан оңға қарай
Қ.Жасекенов, Әбеңнің қызы – Айжан, жұбайы – Ажар және Ә.Нұрпейісов

31 тамыз 2024 ж. 505 0