Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Нұрлы бейнең жарасып жарық күнмен, Жасай берер мәңгілік халықпенен!

Нұрлы бейнең жарасып жарық күнмен, Жасай берер мәңгілік халықпенен!

Нұрлы   бейнең    жарасып    жарық    күнмен,
Жасай   берер   мәңгілік   халықпенен!
Уа,  құрметті   ағайын!
Кемеңгер, халық   жазушысы, Қазақстанның  Еңбек  Ері, Алты  алаштың  абызы   атанған, айдынды  Аралдың  төл  перзенті, ардақ  тұтар  абзал  ағамыз  Әбдіжәміл  Нұрпейісовтің   қайғылы  қазасына   ортақтасып  ақ  жүрекпен  көңіл  айтамын. Илаһим,  алды  пейіш,  арты  кеніш  болғай! Ардақты   абыз   аға,  2005  жылы   арнайы   Аралға   келген   сапарында   өзіне    арнап    оқыған   шағын   жырым   есіме   түсті. Рұқсат   етіңіздер.

Нәр   беріп  әр   сөзіңіз   жүректерге!
Халық   жазушысы,  жерлесіміз  Әбдіжәміл   Нұрпейісовпен   кездесу  кешінде   оқылған   жыр
Кемел   ойдың  кемесі  дархан  дана,
Теңіздің   төл   перзенті  туған   дара.
Аралды   бар   әлемге   мәшһүр   еткен,
Армысыз, Алатаудай   арман   аға?!
Туғанда   ұлы   жүрек  «Қан  мен  терді»,
Еламан,  Тәңірберген,  Кәлендерді.
Қастерлеп    қақ   төрінен   орын   беріп,
Қай   адам   тәлім   алып   тебіренбеді?!
Нәр   беріп  әр  сөзіңіз  жүректерге,
Ұшады   ұрпақтарың   түлеп   өрге.
Киелі   туған   елге   қош   келдіңіз,
Әрқашан   өзіңізбен   тілек  бірге!
Жетем бе, жеткізбей  ме,  ағыс- өрем,
Менде  де  толғам   терең, намыс  ерен.
Әз  аға,  «Өнер»  атты  ұлы  жолда,
«Шабыт» атты  тұлпармен  шауып   келем!
2005 жыл, Арал

Бүгін
Сол   баяғы   тұлпармен   шауып   келем,
Ел  керегін  әлімше   тауып   келем.
Мақсатыма   жеттім бе,  жетпедім  бе,
Оны   сыншым   бағалар   халық – төрем!
Әбе   аға!
Нұрлы   бейнең   жарасып   жарық  күнмен,
Жасай   берер   мәңгілік   халықпенен.
Мақтан   етем   кезімді   жырымды   арнап,
Қол   алысқан   өзіңдей   алыппенен!
Сүлей   сөздің   зергері   мөлдір   бұлақ,
Қош   бол  аға,  мекенің   болсын   жұмақ!

Мұрат  Сыдықұлы  Сыдықов,
Қазақстанның   еңбегі   сіңген   қайраткері,   ҚР «Құрмет» орденінің
иегері,  Арал   ауданының   құрметті   азаматы,  күйші- композитор, ақын-жырау
15 ақпан 2022 ж. 1 086 0