Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тоқымдай бұлттың "топалаңы"

Тоқымдай бұлттың "топалаңы"

Ертегілерден естуші едік, «тоқымдай ғана бұлт шығады, сол бұлт ішіне баспалап, жасырынып келген айдаһар, жер-дүниені үйіре тартып, деміне іліккендерді аспанға көтеріп әкетеді…». Ертегі дегенің көп қызық айтады ғой. Ал бүгіннің жертабан түсінігінде «торнадо», «алапат құйын» деген мәлім құбылыстар енді жұртқа пәлендей таңсық та емес. Әйтсе де, сонау ертегі мен шындықтың екі арасынан келген сияқты бір жайтты мен өзім бастан кешемін деп ойламап едім.
1967 жылдың жазында, мектеп бітіргеннен бір жыл өте, Алматыдағы журналистика оқуына барар талап алдында, балықшылықта еңбек өтілін жинау мақсатында жұмыста жүрдім. Теңіз әлі де өз қуатында, Аралдың қайта қоймаған кезі. Солтүстік Аралдың Кіші Қаратүп деп аталатын басаты мен өзегінде балық та, балықшы талап та көп. Күн тымық болып, күн райы қолай берсе, өзектен Берден-қайыр жағадағы ашық суға шығып, түнгі теңізде де жылым тартамыз. Сол күні, сәске әлетінде неге ашық теңізде келе жатқанымыз есімде жоқ. Әбдіраман Әбішев ағаның жылымында, Жұмқал аға («Абыржы» романымдағы Құлжұмыр прототипі), Зәру апа («Алыстағы аралдар» повесіндегі аспаз Зура апай прототипі), Құдайберген Серікбаев, Әміре, Өтеумағамбет атты ағалар (зейнетке шығар алдында, айлығы көп деп балықшылық жұмысқа келген үлкендер), Шәшкел, Сергей Махамбетов ағалар бар, осылардың біразы сол қайық үстінде келе жаттық. Жылымдағы портал қайық деген азбырайдың «алты селілік» тырқылдақ моторы сенімді, жағалаудан 300 метрдей қашықтықта, басат өзегіне кіруге қамсыз келе жатқан бетіміз еді. Күн шырадай тымық. Тымық ауа астында беті жібектей сусып жатқан мамыражай теңіз…Маусымның шілдеге ұласар тұсы. Құбыла беттегі Көкарал үстінде бір шөкім бұлт бой көтергендей болып, әлденеге «едірейіп» тұрғанын байқадым. Көрмей жүрген бұлт па, соған мән берген тобымызда ешкім болмады-ау.
Кіші Қаратүп өзегі алқаракөк тартып, адам қорқытардай түксие түнеріп жатушы еді. Кейін ойласам, Арал жарықтықтың бақи әлеміне ұзар алдындағы бір аруақтанған салтанатты бой жасауы сияқты екен сол атойлы да әсем көрініс. Әлгі өзекке кіруге бір шақырымдай жер қалғанда, бағанағы Көкарал беттегі тоқымдай бұлт етек-жеңі салбырап, төбемізге төніп келе берді. Бұлт астында аспан мен теңіз шекарасын білдірмей жіберген сұрғылт шаңыт па, әлде, қалың перде ме, сондай бір түсініксіз, мұнарлы жағдай бар екен. «Апыр-ай!..» деп үлкендер сонда ғана қауіп айта бастап еді…
Сол бұлт күннің көзін тез жапты да, төбемізден бір зұлмат келіп басқандай сұмдық жағдай кенет орнай қалды. Аспандағы бұлттың толассыз күркірінен төбеде мың-сан трактор ойқастап, ойнақ салып жүргендей бір әсер байқадым. Кенет жауып берген жаңбыр – жаңбыр емес, төбеден ақтарылып құйылған дария суы секілденіп көрінді. Қапелімде қайық іші тола су болды. Портал қайықтың сенімді, «алты селілік» тырқылдақ моторының үні тез өшті. Қол созым жерде көрініп келе жатқан жағалау көзден бұл-бұл ұшып, жер қайда, су қайда, адам түсініп болмастай бір жағдай орнады. Бұлттың асты жан-жағыңнан жұлмалап ұрғылаған әлденедей бір түсініксіз қатқыл ексім еді. Бұл бір бағыттан соққан жел не дауыл емес. Сонан ба, су бетінде көтерілген толқындар әдеттегіше бір бағытқа жөңкіле көшпей, теңіз үсті сақырлап қайнаған қазан секілденіп, айналада көтеріліп-басылған мазасыз су бұрқақтар әлдебір күшпен аспанға атылып-құлап жатқандай болды. Тал түсте күн батқандай қараңғылық орнады.
Мен топтың ішіндегі бала болған соң, үстімде өзгедей киімім жоқ, жалғыз ғана лыпамен, «загар алып», күнге күйіп жүретін едім. Төбеден құйылған қара мұз тасқыннан жанұшырып, портал қайықтың белазына деп аталатын ағаш сәкісінің астына кіріп кеткенімді білемін. Адамдар екі-үштен, бастарын қорғап ұйлыға бұғысып қалған екен. Тосыннан келіп ұрған зұлматқа қарсы бір әрекет ету деген ешкімнің ойына келе қоймаған сияқты.
Тоқымдай деген бұлтыңның шет-шегі, артының шекарасы жоқ сияқты еді. Ұйытқып соққан қара мұз екпінінен қалшылдап тоңа бастадым. Әйтсе де, енді бір сәт, таң атып келе жатқандай айнала сәл жарық тартты. Енді сәлден соң, лақ етіп құйып басталған жаңбыр, кәдімгі пышақпен кескендей, кенет сап тыйылды. Қапелімде жылтырап күннің көзі көрінді. Арасында мың-сан «трактор» ойнақтаған қара бұлт аспанда жалт та жұлт бишік үйіріп, қырға қарай ұзап бара жатты. Сөйтсек… теңіз беті – төңірек сол баяғы мамыражай тыныш қалпы. Берден қайыр сол 300 метр шамасында, қасымызда көлбеп жатыр. Теңіз суы саумал сүттей жып-жылы… Төңірек – бейбіт дүние!..
Енді бір сәт, теңіз бетін шолп-шолп еткізіп, әлдебір майда шабақтар, әлде, торталар ойнай бастағандай болды. «Әлгі алапаттан кейін су астындағы балықтар да қуанып, мерекелеп жатыр екен-ау!» деген ой келді маған. Сөйтіп отырғанда, кенет әлдене қайықтың азына-сәкісіне тарс етіп соғылып, оның сынған жарықшақтары денеме қатқыл тиді. Әлгіні анықтап қарасам, бір көсек мұз сынықтары. Сол сәт, шолп етіп дәл қайық жанында тағы бір балық ойнағандай болды. «Балық ойнаған» жерге қарап, су бетінде үлкендігі грек жаңғағындай домалақ мұздың жүзіп жүргенін байқадым. Бұршақ! Сондай үлкен мұз түйірі. Қара бұлттың соңын ала, сирек бұршақ жауып бара жатыр екен. Теңізде балық боп «ойнаған» сол сирек бұршақ жауынының шолпылы болып шықты. Абырой болғанда, бізді жарақаттап, басымызды жармай, осылай, әредік түсіп, «сыпайылап» қана өтіп бара жатыпты сол қатерлі бұршақ…Әлгілердің бір-екі түйірін судан сүзіп алып, аузыма салып, шілдедегі айдалада мұздай «балмұздақ» жеп, бір рақаттанып қалғанымды несіне жасырайын.
Бұл аласапыран қаншаға созылды? Қолда сағат жоқ еді, оны айту қиын… (Шамасы, 15-20 минут арасы болар) Абырой болғанда, қайығымыз не аударылып, не суға батып кеткен жоқ.
«Абыржы» романының үшінші кітабындағы алапат дауылдың «прототипі» осы құбылыс болды – ол оқиға сонан алынды.
Қайран, Арал! Төсің тола ғажайыптар мен кереметтер еді-ау!

Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ
17 қыркүйек 2024 ж. 130 0