Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Астана төріндегі аралдықтар

Астана төріндегі аралдықтар

Алтайдан Каспийге дейін созыла сұлап, Батысы – Сібір ойпаты, Шығысы Тянь-Шань тауларының теріскейін ала көсіліп жатқан осынау Ұлы Дала – бабалардан ұрпаққа қалған аманат. Қойнауына ғасырлар тарихын жасырған қазақ жерін «Ұлы дала» деп атайды. Осынау Ұлы Даланы қорғаған батыр бабаларымызбен мақтанамыз. Елін, жерін қорғаған талай батыр бабаларымыз үстінен ақ сауытын тастамай, қазақ жерін бүгінгі ұрпаққа аманаттап қалдырды. Айтайын дегенім, бұл жолы Сарыарқаның дәл кіндігінде Астананың басты көшелерінің бірі Ұлы Дала даңғылы бойында орналасқан Кенжекей сұлу мен Райымбек бауырымның үйіне табан тіредік.
Сарыарқаның жүрегінде, көк аспанның астында арман қала Астананың, яғни, Елордамыздың төріндегі тарихи жүздесудің Құрметті қонақтарын әңгімеге тарттым. Дәстүрлі өнерімізді әлемдік сахнаға шығарып, насихаттап жүрген Елмұра Жаңабергенова мен қызы Салтанат Ерсұлтанқызы. Кездесуден бір күн бұрын Елмұра сіңілім Қытай елінен іссапардан келген екен. Күн-түн жүріп, жолдан шаршап келсе де, апаларын көріп, бір марқайып қалғанын айтып, «бүгін маған ақ бата жауған күн болды» деп ризашылығын білдірді. Иә, талғамы бөлек, талабы биік өнер қайраткерлері Елмұра мен Салтанаттың кіндік қандары Аралда тамған. Елмұра Жаңабергенова сөз кезегін алып:
– Мен Астанаға 1997-1998 жылдары қоныс аудардым. Іргетасының қаланып, құрылыстың қарқынды жүріп жатқанына куә болдым. Ол кезде ҚР Президент оркестрінде еңбек жолымды бастаған едім. Бүгінгі Қазақ Ұлттық Өнер Университетінде «Нұртуған» мектебін ашып, шәкірттерге дәріс беріп келемін. Елорда төрінде туған жерімді мақтан тұтып, шығармашылық кешімнің де, бірнеше мәрте шығарған дискімнің де атын «Аралым – айдын шалқарым» деп ән-жырыма қосып отырамын. Тұңғыш рет «Арал-Қазалы өңірінің жыраулық дәстүрі» мақамын ғылыми зерттеп, оны айналымға енгіздім. Нәтижесі жаман емес, – деді.
Елмұраның құнды пікірі бәрімізді баурап алды. Даладай дархан көңілі бар Елмұра мәнді де, мағыналы, жастарға пайдалы жанкешті еңбек етіп келеді. Жуырда дәстүрлі өнерімізді әлемдік сахнаға шығарып, насихаттап жүрген Елмұра Манасқызы Қазақстанның «Құрметті Азаматы» атанса, қызы Салтанат Жаңа Қазақстанның «100 Жаңа Есімі» тізіміне енген қуаныштарымен бөлісті.
Емен-жарқын жүздесуіміздің келесі қонағы Арал ауданы әкімдігінде жауапты жұмыс атқарып, соңғы 5-6 жылында аудан әкімінің орынбасары лауазымынан зейнетке шыққан Жұмагүл Әлішова сөз алды:
– 1983 жылы оқу бітіріп, Аралға келін болып түстім. Қолымда қарт ата-енем болды. Еңбек жолымды Арал қаласындағы зауытта юрист болып бастап, 9 жыл еңбек еттім. Одан әрі аудан әкімдігінде қызметім жалғасты. Зейнетке шыққаннан соң, Астанаға жақын Қосшы ықшам ауданына қоныс аудардым. Ауылдың адамдарын сағынамын. Үнемі жәрмеңкеге барып, оларды көріп, мауқымды басып қайтамын. Ұлым аэропортта жұмыс істейді. Немерелерімді бағып отырған жайым бар, – деп ағынан жарылды.
«Астана ұнады ма, қандай қала, алған әсерлеріңізбен бөліссеңдер» деген сауалды дөңгелек үстел басындағы барлық жерлестеріме қойдым. Осы сауалыма Жұмагүл былай деп жауап қатты:
– Керемет әсер алдым. Астана білім, ғылым қуған жастардың қаласы. Бұл қалада еліміздің түкпір-түкпірінен келген адамдар шоғырланған. Өркениеттің ордасы іспетті. Иә, әсем қала, арман қала, өте ақылды қала. Арал ауданында білім, мәдениет, денсаулық, әлеуметтік салаларды басқарған соң, шығармашылықпен жұмыс істейтін жандарға біртабан жақынмын. Елмұра сіңілім, Салтанат, Кенжекей қыздарым. Набат апайдың ізімен өнер жолында ұстаздық қызметті қатар алып жүрсіңдер. Өмірде табыс, отбасында амандық, қос ботаңды үй қылып, болашақта жиен-немерелердің қызығын көр, – деп ізгі тілегін жолдады.
Астана төріндегі жерлестердің емен-жарқын кездесу кешінің келесі қонақтары аралдықтар. Бірі Алматыдан келген Саздының қызы Гүлсайран Әлімбаева болса, ал енді бірі көне Тараздан келген Қарақұмның қызы Қаршыға Тарғынова да әңгімеге араласты. Әуелі Гүлсайран өз пікірін ортаға салды.
– Қаланың көрікті жерлерін аралап, әсіресе, «Бәйтерек» монументі Елордамыздың символы екен. Ғажайып ғимараттың құрылу идеясының бастауы тереңде жатыр ма дерсің. «Бәйтерек» өзінің орналасуымен және композициялық құрылымымен ежелгі көшпенділердің космогониялық идеяларын білдіреді. Сонымен жер асты, жер үсті және аспан әлемдерін біріктіретін «өмір ағашын» бейнелейді. Рухтанып, күш-қуат алып, көпке дейін жеті қат көкте қалықтап ұшып жүргендей әсерде болдым. Қалада зәулім үйлерді салу қарқынды жүргізіліп жатыр екен. Қоңыр салқын ауасы, көкорай шалғын жасыл желекке бөленген гүлзар бақ қандай керемет, – деп қуанышын жасыра алмады. Қаршыға Тарғынова ханым әңгімеге араласып, емен-жарқын жүздесу одан әрі жалғасты.
– «Елге бай құт емес, би құт» деп бабаларымыз өсиет еткендей, қазақ халқының ұлы адамдары көп еңбек еткен. Мен Астанаға бірінші рет келуім. Қазақстан Ұлттық музейінде болдық. Ұлы Дала төсіндегі ежелгі өркениеттер үндестігін көрдік. Осындай қазақ халқының бай тарихын көз алдыңызға көрсеткендері үшін ризашылығым шексіз. 2014 жылы ашылыпты. Міне, 10 жылдан бері халыққа қызмет етіп, келеді екен. «Мәңгілік Елдің» мәңгілік тарихын келешек ұрпаққа жеткізу мақсат-мұратымыз болсын. Тоныкөк, Күлтегін ұрпаққа деген ұлағатын, тасқа ойып жазып қалдырған. 769 жылы ұрпаққа белгі қалдырып, тасқа қашалып жазылған сөздерді оқып, тебірендім. Күлтегін ескерткіші де қайран қалдырды. Сондай-ақ, музейде Арал тарихы, Арал теңізі, Арал халқы да жан-жақты, Арал тағдыры зерттеліп жазылып, көрмеге қойылған. Жасанды мұхит (Океанариум) әлемнің Гиннестер рекорд кітабына енгізілген нағыз ғажайып. Осындай игі істерге куә болып, телегей теңіздей сезімге бөлендім, – деді Қаршыға ханым.
Ұлттық музейде қойылған атақты италяндық қолөнер шебері Леонардо до Винчидің көшпелі халықаралық көрмесін тамашалап, шығып келе жатқан кезде аты әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің анасы Света ханыммен жүздесіп, фотоға түсудің сәті түсті. Дарынды баланың анасы да көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген әнші ғой. Талғамы биік, талабы жоғары ол кәсіби әнші, тума талант. Қазақты әлемге танытып жүрген Димаш арқылы қазақ халқына оның бай мәдениетіне, өнеріне бас иген әлем халқын көріп, рия көңілмен анасын ортаға алдық.
– Пайғамбар салған ізбенен,
Құлшылық етіп жүріңдер.
Құранның сөзі–қасиет,
Пайғамбар сөзі–өсиет.
Кіршіксіз ғұмыр кешуді,
Бізге да Алла нәсіп ет,–деп Елорда төріндегі қос мешітке кіріп, тілек тілеп шыққанымызды, сөйтіп осы жолдардың авторы мен де әңгімеге араластым.
Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы Әзірет Сұлтан мешітінде кездесіп, «Ханафи» Мәзхабы бойынша оқу оқып жатқан шәкірттермен жүздескенімізді жеткіздім. Алла Тағала «Раббыларыңа жалбарынып, іштей құпия тілеңдер» деген өсиетін бағдаршам қылып, 18 мың ғаламды Жаратушы Жасаған Иемізге бас идік. Сонымен қатар, Республикалық Бас мешітте ұстаз Мерей Жақия қадамдарыңыз мол сауаптан болсын деп ізгі тілегін арнап, ата-баба әруақтарға дұға бағыштады. Көңіліміз жайланып, Аралдағы құрбым Бақтыгүл Сермағамбетованың пікірі осы сәтте ойыма оралды. «Үш мәрте араладым, Соңғы барғанымда бесін намазын оқып, бақытқа кенелдім. Бас мешіт өте керемет тұрғызылған екен» деген болатын. Әлемдік Діни басқосулар өтетін залдары бәрі-бәрі маған ерекше әсер берді. «Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Қасиетті мекенге басқан қадамдарың құтты болсын, шаңырақтарыңа бақ-береке, жастарға ғидаят, қарттарымызға күш-қуат берсін» деп Республикалық Бас мешіттің ұстазы ақ тілегін арнады.
Кенежекей сұлу Әбілсейітқызы да Астанадағы аталмыш оқу орнын 4 жыл оқып, оркестрде 6 жыл еңбек етіп, міне, 10 жылдан бері Астананың тұрғыны. Кездесуде ол да пікірін былайша өрбітті.
– Қала көз алдымызда жайнап, құлпырып келеді. Арқа төсінде әсем қала бой көтеріп, құлашын кеңге салып, Мәңгілік Ел, Сарыарқа, Қабанбай батыр, тағы басқа даңғылдар мен «Астана арена» спорт кешені, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, «Алау» мұз айдыны, «Сарыарқа» велотрек, «Барыс арена» жеңіл атлетикадан Қазақстан спорт кешендері тұрғындарға және сіздердей қала қонақтарына барлық жағдай жан-жақты жасалған және Қорғалжын көшесіндегі «Аквапарк», «Салтанат» сарайы, «Атакент», әлемде теңдесі жоқ «Астана опера» театры, Астана мемлекеттік филармониясы, ерекше үлгідегі «Ақорда» мен Министрлер үйі, «Керуен» сарайы, «Хан шатыр» орталығы, әдемі болып ағып жатқан Есіл өзені, жалпы әлемдік деңгейде салынған ғимараттар көздің жауын алады, – деп пікірін білдірді.
Оралдан, Семейден, Қарағандыдан, Шығыс Қазақстан мен Ақтөбеден келген бірқатар қонақтардан Астана жайлы пікірін сұрадым. Қызылордадан келген Қайрат Есмағамбетов:
– Осынау кең далада үлкен қала салу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өте ерекше жұмыс, мұндай жауапты жұмысқа қалың қазақты шақырып, жерсіндіру өте құптарлық іс. Тіпті, сөзім жетпейді, – деп толқынып айтты.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Астанаға тұңғыш рет келген соң сапарымды күнделікке түсіріп, жұртшылықтың пікірін сұраумен болдым. Бұл кездесуде еліміздің ер мінезді Елмұрадай, Кенжекей сұлудай, Салтанаттай, Жұмагүлдей, Гүлсайрандай, Қаршығадай және Нәзігүлдей рухты қыздары көп болса екен деп тіледім. Және есте қалатын әңгімелер, оқиғалар, құнды пікірлер, қоғамға пайдалы істер ортаға салынды. Ғажап бір әсерлі кеш болды. Жас үлкейген сайын естелікпен өмір сүретініміз ақиқат қой. Кім-кімді де еңбек пен өнер тәрбиелейді. Осы ретте Астананы салған және бүгінгі таңда салып жатқан «алтын қолды» құрылысшылар да, сәулетшілер мен архитекторлар да жан-жақты айтылды. Еңбектері ерен. Осындай тәтті естеліктерді оятқан Астана төріндегі кездесу кешіне келген қонақтарға ризашылығымды білдіріп, әлем таныған айдынды Аралда кездескенше деп қош айтысып, жолға шықтым.
Жолдасым «Қарағандыда 7 жыл оқыдым, өтіп бара жатып осы қалаға сәлем бер» дегені ойыма оралып, Қарағандыға келгенше көз ілмедім. Қарағандыдан құндылықтарға негізделген білім беру тақырыбында аталмыш қалада өткен семинардан қайтып келе жатқан студенттер Нұржауһар, Жауқазын, Анель, Қарақат, Ақбота мен Айдана мінді вагоныма. Айдана мен Қарақат екеуі де мектепті «Алтын белгіге» тәмамдапты. Студенттік өмірімнің де ең жарқын сәттерінің куәсі болдым. Сол қызықты да қиын жылдарды көз алдыма алып келген қыздар тоқсан жылдық тарихы бар Қорқыт ата атындағы университеттің 2 курс студенттері. Олар мені әнмен, жырмен, хормен ән айтып, Арал қаласына түсіріп кетті. Бәлкім, «Сәтті сапар» деген осындай-ақ болар.
Құндыз ДӘУІТОВА,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

17 қыркүйек 2024 ж. 343 0