Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

Өкіл бала

Кең залдың төріне ұзыны мен ені бір-біріне шамалас өрнекті екі үлкен кілем қатар жайылған. Қабырғадағы тұғырға орнатылған түрлі-түсті теледидар, ұзынынан орналастырылған биік стол, оны жағалай тізбектеле қойылған орындықтар, тұтас төрт қабырғаға жапсырылған көкшіл тұсқағаз, қазақы оюмен көмкерілген терезелерді жапқан шілтерден жерге жете салбырап тұрған қызыл мақпал матадан жасалынған жапқыш және бөлме төбесінен сырты алтын жалатылған кішкентай шынжырға ілінген люстра үй иесінің ауқатты тұрмысын паш еткендей. Жапқыш дәл ортасынан ысырыла ашылып, екі жаққа түймеленіп тасталған. Терезе көзінен ішке күн сәулесі төгіліп тұр.
Осы бөлмедегі биік столдың үстінде жатқан ұялы көкшіл телефон ұзақ қоңыраулатты. Жақын маңда көтере қоятын ешкім болмады, үйдегілердің бәрі сыртта жүрген. Біраздан соң дыбысы өшкен телефон қайтадан безілдей жөнелді, сірә, ар жақтағы адам «тілдеспей қоймаймын» дегенге нық бекінген секілді.
Осы кез тыстан кірген Зәуірбай трубканы көтерді де: «Алло» деді.
– Ассалаумағалейком, Зәке, – деген қарлығыңқы таныс дауыс естілді, бірақ кімдікі екенін ажырата алмады, – мен ғой, Арман балаңыз...
Сонда ғана аудан әкімін таныған Зәуірбай:
– Уағалейкомәссәләм, Арманбысың? Аман саусыңдар ма? Балалар аман ба, келін қалай?
– Жақсы, жақсы. Аман-есенбіз, балалар да, келінің де бәрі жақсы. Өзіңіз қалайсыз? Денсаулығыңыз жақсы, мал-жандарың аман ба?
– Шүкір, шүкір. Мына телефонға келетін жан болмапты, бәріміз сыртта едік қой.
Аудан әкімінің бекерден қоңырау шалмайтынын білетін Зәуірбай «бұл неге телефон соқты екен?» деп ойлап та үлгірді. Амандық-саулық сұрасқан екі жақты тілдесуден кейін, аз ғана үнсіздіктен соң Арман бұйымтайын айтуға бейімделді.
– Сізге аздаған өтінішім бар еді.
– Е, айта бер.
– Айтқанда сізге салмақ салмақпын. Жақында аудан көлемінде ауыл шаруашылық қызметкерлерінің жиыны болмақ. Жыл сайын өткізіліп тұратын жәрмеңке ғой. Соған кәсіпкерлер демеуші болуда. Сізге де бір мойнақпен демеуші болса дегенбіз...
– Сол да сөз болып па екен? Бір тайлақ болса тәуекел, сендей бала айтып тұрғанда қалай орындамасқа?
– Рахмет, Зәке, үлкен рахмет! Бізге айтар өтінішіңіз болса, айта беріңіз.
– Не өтініш болушы еді? Шүкірміз ғой...
– Хабарласып тұрыңыз.
– Жақсы, жақсы...
Аз ғана сөйлесуден көңілі көтеріліп қалды. Аудан әкімінің ыстық ықыласы, жылы сөзі әкесіндей көріп кішілік танытқаны Зәуірбайдың төбесін көкке жеткізіп тастады. «Әй, түбі осы жігіт өсетіндей-ау» деген ой келді.
Ауданға келгелі шамалы уақыт болса да ұзын құлақтан естуінше көп шаруа бітіріп тастапты. Өзі басқа өңірден келгенмен жаңа ортаға тез үйренісіп алды.
Зәуірбайдың есіне өткен жолғы әкімнің үйіндегі жиын түскені. Келгеніне ай болмай жатып аудандағы бүкіл ауылдың ақсақалдарын жинап, дастарқан жайып, батасын алмақ екен. Аққұдықтан мұны Тоқсанбай екеуін ауыл әкіміне айтқызып шақыртыпты. Бұларды әкеліп, алып қайтуды Қайратқа міндеттеген көрінеді.
«Шақырғаннан қалма, шақырмағанға барма» дегенді бұлжытпай ұстанатын Зәуірбай ауыл әкімінің жайлы көлігімен қалаға жетті. Жаңа әкім бұрынғы әкімнің кең дарбазалы зәулім үйіне орналасқан екен. Әкесінің дүниеден өткеніне біраз болыпты, шешесі жетпіске келіп қалса да өңін бере қоймаған ажарлы әйел көрінеді. Аудандағы бүкіл ауылдардан бұл танитын, танымайтын бұрын қызмет еткендер мен қаладағы зейнетке шыққандардың көбі жиналыпты.
Барлығы кең залға жасалынған үлкен дастарқан басына жайғасты. Кезінде республикалық, облыстық газеттерде қызмет істеген, жасы сексеннің сеңгіріне келген Шәкіман сөз тізгінін қолға алған. Зәуірбай Шәкіманды бұрыннан жақсы танитын. Ана бір жылы Аққұдыққа майданда ерлікпен қаза тапқан жауынгердің анасын іздеп келгені бар. Одан кейін де бір-екі рет науқан кездерінде Аққұдыққа соққан. Өздері куә болған өткен оқиғаларды еске алысқан Шәкіман мұнымен көп әңгімелесе қойған жоқ. Үй іші аманшылығын сұрағаннан басқа арыға бармады.
Бүгінгі сіздерді жинағандағы мақсатым: өздеріңнің баталарыңды алып, жаңа қызметіме кіріссем деп едім. Осындағы жиналған ағалардың көбі кезінде қызметте болғандар екен. Үлкеннің ақылын тыңдап, айтқанын орындасақ бізге пайдасы болмаса, зияны болмас деген ойдамын. Тоқсанға келген Шәкіман ағамыздан бастап барлықтарың менің бүгінгі сыйлы қонағымызсыздар, деп әкім ұзағырақтау сөйлеп ойындағысын жайып салды.
Әр жерден оны мақұлдаған «дұрыс қой, жөн-ақ, оң болсын» дескен дауыстар естіліп қалды. Бұдан кейінгілердің баршасы жаңа әкімге қызметінде толағай табыс тілеп, ақ жарма тілектерін айтысты.
Сөз кезегі келгенде Зәуірбай әуелі өзі жайлы айтты, сосын жұмысына оң болсынын білдірді. Бұдан кейін Аққұдықтың шалғайлығын, ауылдағы ауыз су мәселесін, қазіргі теңізден нәпақасын тауып жүрген балықшылардың жайын сөз етті. Теңіздің табаны сорға айналып, құм көшкіні жылдан-жылға Аққұдықты басып бара жатқанын әңгімелеп ұзағырақ кетті. Ана бір жылғы қуаңшылықта ауылдастарының әр жерден құдық қазып, су көзін іздегенін, бірақ төңіректен тұщы су табылмағанын да тіліне тиек етті.
– Ау, сен мына дастарханды ауыл мәселесін шешетін жиналысқа айналдырып жібердің ғой, – деді Шәкіман.
– Енді баланың ойында жүрсін дегенім ғой...
– Дұрыс айтады, халық қызметшісі болғасын бәрін білуіміз керек, әрі менің бұл бетпен көп таныстығым жоқ, – деп әкім мұны қостап қойды.
«Өзі біздің Нұрлыбаймен қатар-ау» деп ойлап қойды Зәуірбай. Нұрлыбай он баладан қолға ұстап қалған баласы болатын.
Үзілісте бірер таныстарымен әңгімелесіп тұрған Зәуірбайға сәл толыса бастаған әкім әдейілеп келіп сәлемдесті.
– Сіз туралы есітіп жүретінмін, айтқандарыңыз ойда болады. Мені өзіңіздің балаңыздай көріңіз, – дегені.
Қасында тұрғандардың бірі: «Зәкеңнің он баласы бар, әрқайсысы бір-бір үй. Енді әкім де он бірінші балаң болғалы тұр-ау» – деді қалжыңдай.
– Е, несі бар? Онсыз да жан-жақтан келіп біздікіне қонып, өз баламдай болып кеткендер жетеді, – деді Зәуірбай.
– Онда Зәкеңе өкіл балаңыз болайыншы десеңші, – деді әлгі адам.
– Солай десе де болады екен-ау, – деп әкім ақсия күлді. Күлген кезде ат жақты, қара торы өңі сәл қызара ажарланып кетті.
Зәуірбай сол жиыннан көңілді қайтты. Өзінің бір баласы ауданды басқарып отырғандай сезінді. Әкімнің оңашалап бұған арнайы келіп айтқаны ойынан кетпеді. «Өзі бір өсетін бала-ау» деп ойлады ішінен.
Бұдан кейінгі күндері аудан әкімінің ауылдарды жағалап, шаруашылықтармен танысуы басталды. Шалғайдағы Аққұдыққа келіп, Зәуірбайдың үйіне арнайы соқты. Зәуірбай Нұрлыбайға айтып, қонақасыны дайындатып қойған. Ауылдағы барлық балалары алғашқы бас қосуда жиналып, әкіммен танысып қалысты. Баршасы мұны ортаға алысып, суретке түсіп мәре-сәре болысты.
Ауыл клубындағы жиналысқа барған Зәуірбай тағы да ауылдың қазіргі жайынан қозғап біраз сөйледі. Әкімнің Зәуірбайға деген жылы қатынасы жиынның басына аяғына дейін байқалып тұрды. Жиналыстан кейін тағы да үйге соққан әкім жүрерінде ақсақалдан бата тіледі. Дастархан жайылып, келіні тегештегі иісі бұрқыраған шұбатты құйып беріп отырды. Үлкен үйдің балалары, немерелері де осында жиналған. Зәуірбай алақанын жайып:
– Бақ қарасын, жортқанда жолың болсын, Қыдыр ата шылауыңда болсын,.. – деп бастап, ұзақ батасын берді.
Сыртқа әкімге ере шығып, аппақ джипке мінгенше қасынан қалмады. Дәл көлігіне мінер жерде әкім: «Ақсақал, қандай шаруаңыз болмасын, маған тіке шығыңыз» деді.
Оның осы бір сөзіне арқасын тауға сүйегендей марқайып қалды. Былайғы кезде де мақтана сөйлеп, өз сөзін жанындағылардың мақұлдағанын жақсы көретін, өз дегені болмаса өзгелердің ойын тыңдай қоймайтын Зәуірбай ақсақалдың көңілі көкте болатын. Қара жолдың шаңын бұрқыратып ұзай берген өкіл баласына ырза болған ол: «Неткен есті жігіт, барлық жұмыстың жөнін тауып тұрғанын қарашы» деді іштей.
Бұрын Аққұдықта балық зауытында басшылық қызмет істеген, зауыт жабылғасын ауыл кеңшардың фермасы болғанда меңгеруші болған шалды танитындар көп болатын. Сырттан келгендердің көбі осы еңселі үйге маңдай тірейтін. Шалдың балалары да келгендерге дастарқан жайып, малын сойып күтуден шаршамайтын. Барлығы Зәуірбайдың иек қағумен жасалып, соның дегенімен істеліп жатады. Әкім ауылға келіп кеткеннен кейін мұның беделі бұрынғысынан да еселеп өсті. «Зәуірбай баласына былай депті», «Баласымен ана мәселені солай шешуді ұйғарыпты» деп айтушылар көбейіп кетті. Тіпті осындағылардың мұны әкімнің қеңесшісіндей көретінін қайтерсің. Кейбір қатарластары шалдың аудан басшысымен осы қатынасын көре алмай қызғанатын сияқты көрінді. Олар не айтып жатса да Зәуірбай дегендерін құлаққа іле қоймады.
Осы кезге дейін Арман секілді мұның балаларымен қатынасып, алыс-беріс жасасып, баласындай болғандар көп еді. Ауылдағы ең үлкен үйге келетіндер жата жастана шаруаларын бітіріп, кетерінде бұған да, Нұрлыбайға да алғыстарын жаудырып кетеді. Келесі келгендерінде олар шалға да, үйдің кішкентайларына да аздаған сыяпаттарын көрсетіп жатады. Балаларға ойыншықтар, бұған тәуір шай әлгілердің әкелгендері болады. Саудамен айналысып, шаруаларын ұлғайтып алғасын кейбірі мұны ұмытып кетсе, кейбірі үзбей хабарласып тұрады. Сыртта кездессе біреулері сыртын беріп танымаған шырай көрсетсе, біреулері көрген жерден шұрқырай амандасып жатады. Ал өзі жолға шықса сол таныстарының үйіне соғып, аужайларын байқайды, әйелінің қабағына қарап, жайдары мінезбен қарсы алса, емін-еркін отырып, емен жарқын әңгімелесіп, салқын қабылдап, оң шырай танытпаса, қысыла-қымтырыла жайланып, келесіде бұл үйге соқпай кетеді. Бір көргеннен-ақ үй іші тіршілігінің ахуалын бажайлап, өзінің ішкі сынынан өткізіп отырады.
Ұзамай әкімнің жұмыс барысындағы айтулы істері ел арасында үлкен дабырамен айтыла бастады. «Пәлен деген ауылдың әкіміне былай депті», «Ана жиналыста алай депті», «Ешкімнің күші келмеген түгеншенің аяғын бір етікке тығыпты» деген сыбыстар таралып жатты. Сондайда Зәуірбай: «Бұл енді сүйтеді» деп әлгіндей жұмыстарды өзі істегендей қомпылдап қояды.
Алғашқы алған құнан атаннан кейін әкім бұған екі мәрте өтініш жасаған, бірінде семіз жылқы, екіншісінде жарамды тана жолын тауып кетті. Зәуірбайдың да денейі түгел, қалаға барса, кеңсесіне еркін кіреді, емен жарқын әңгімелеседі. Арнайы алған білімі болмаса да екі баласын екі жерге жайлы жұмысқа қойды.
Алыстағы ауылдың мұқтажы таусылған ба, бірде анасы, бірде мынасы жетпей жатады. Ауылдың әкімі Қайратқа айтқанмен шешіле қойғаны тағы жоқ, оның қолында әлгіндей мәселелерді шеше қоятын қаражаты жоқ.
Жаз ортасында Аққұдықтағы жалғыз су таситын машина бұзылып қалды. Қайрат таныстарынан сұрастырып, шопыр Асылбек ескі машинаны аударыстырып сала қоятын құралын қарастырғанмен ештеңе болмады. Шопырдың үйі жанында қаңтарылып тұрған машинаны Зәуірбай да көрді. Қайраттың кеңсесіне барып, су сұрап стол сабалағандар да, әкіммен сөзге келіп керіскендер де болды.
Зәуірбай келгенде Асылбек бұзылған машинасының астынан шығып, тізерлеп отырып ағытылып алынған берілістер қорапшасының гайкасы босатып жатыр еді. Үстінде майға баттасқан комбизон, өзінің түрі әбден шаршағандығы байқалады.
– Ау, су қайда? – деді ақсақал.
– Қайда болушы еді, құдықта, – деп шопыр шақ ете қалды.
Сұрағының Асылбектің қытығына тиіп тұрғанын түсіне қойып:
– Мұның қай жері кетіп жатыр, – деді тағы да кетіп жатқан жерін тауып беретіндей-ақ.
– Басқа машина тауып алыңдар, мынаны металомға сүйреп тастаймын, бір баклашка бензин құйып өртеп жіберемін.
– Құралы табылса жүрмейтін көлік бола ма?
– Ендеше осыны жүргізіп алып, Саматқа бере қойыңдаршы.
Әбден ызасы келіп тұрған шопыр қолындағы кілтін лақтырып тастап, машинаның есігін тарс жапты. Зәуірбай ашуға мініп тұрған жігітті не деп жұбатарын білмеді.
– Аудан әкім балаңыз көрінеді, барып жаңа машина сұрамайсыз ба? «Көне машина шопырды әбден шаршатқан екен» деп ойлады ішінен. Сол күні кешкілік аудан әкіміне телефон соғып ала алмады. Келесі күні ақсақал қалаға тартты. Өз ойынша, әкімге жолығып шөлден қаңсып жатқан ауылға оның не айтары барын білу бар еді. Қалада екі-үш күн аялдап, Арманмен сөйлеспек болды.
Әкімнің кабинеті алдын біраз күтуге тура келді. Хатшы қыз іште жиналыс болып жатқанын жеткізді. Қыз ұсынған орындықта отырып, жиналыстың аяқталуын күтті. Есіктің арғы жағынан әкімнің әлдекімдерге қатты-қатты сөйлеп жатқаны естіліп тұрды. Ұзамай іштен үш кісі шықты, түрлері өрт сөндіргендей түтіккен оларды әкімнің әбден сілкілегені байқалып тұрды.
Бұл кіргенде Арманның ашуланып тұрғанын түрінен сезді.
– Ассалаумағалейком, – деді сәлемдесіп, – келіңіз, келіңіз, жоғары шығыңыз, – деп жанындағы орындыққа нұсқады.
– Уағалейкомәссәләм, – деп барып орындыққа жайғасқан Зәуірбай. – Үй іші аманшылық па, жағдайларың қалай?
– Аманбыз. Менің бір сағаттан кейін жиналысым бар еді. Өздерің амансыздар ма? Шаруаңызды айта беріңіз.
Шал кең отырып асықпай сөйлесерміз деп ойлаған, онысы болмайтын болды. Сосын өзінің неге келгенін айта бастады. Арман ақсақалдың сөзін бөлмей тыңдап болғасын:
Сіздер асықпаңыздар, «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша еліміздегі ауылдардың бәрі таза сумен қамтамасыз етіледі. Соған Аққұдықты да кіргізіп қойғанбыз. Алдағы он жылда сіздер де құбырдан су ішетін боласыздар, - деді.
Әкімнің кеңсесінен ақсақал үлкен үмітпен шықты. Әкімшіліктегі ескі таныстарының балалары мұны танып сәлем береді, бұл оларды есіне түсіре алмаса да аналар Зәуірбайға өздерінің қайда кездескендерін ойына түсіреді.
Әкім өкіл әкесін үйіне шақырған, өзі шопырын жіберіп үйінен алдыратын болды. Кешкілік жатқан үйіне шопырын жұмсапты. Келіншегі де мұны танып сәлем берді, дастарханын жайып қойыпты. Оған үй қызметіндегі жастау әйел көмектесіп жүр. Дастархан басында Арманның екі жолдасы ғана болды. Бұл жерде де әкім шалмен баласындай әңгімелесіп, әрнені сұрап отырды.
Сіз білетін боларсыз, бұрын ауыл шаруашылық бөлімін басқарған Қошан қандай адам? – дегені.
Білемін ғой, қолда өскен бала еді. Әкесі бір беткей, айтқанынан қайтпайтын жан еді. Тым жақсы жүріп отбасынан ажырасты деп естідім, сонымен кестесі келіспеді ғой.
Бәсе, сондай адам ба? Маған жұмыс сұрап келіп еді, - деді.
Өзінен жұмыс сұраған адам жайында біле отырып, әкесімен ақылдасқан секілді болып көрінді, бұған да Зәуірбай біраз көтеріліп қалды.
Мансап тұғырындағы уақыт ұзарған сайын әкімнің ақсақалмен байланысы да сирекси бастады. Алғашындай емес кездескен жерде де әлденеге алаң болып тұрғандай жайда болады. Тіпті соңғы барғанында іс сапарға асығыс бара жатқанын айтып ат үсті тілдесті де шығып кетті.
Бірнеше рет телефон соғып хабарласа алмады.
Енді ел ішінде әкім туралы жайсыз әңгімелер айтыла бастады.
– Өзі түйені түгімен жұтады екен, бір кәсіпкерді тендерден жеңуі үшін пәленбай миллион доллар сұрапты, – дейді бір ауылдасы.
– Заманың түлкі болса, тазы боп шал деген емес пе? – дейді екіншісі.
– Жинаған малдарын алысырақта бақташы ұстап бақтырып отырған көрінеді.
– Жоғарыда көкесі болмаса, бұлай істей алмас еді. Көкенің арқасы шығар осылай жүргені.
– Ау, ол Зәуірбайдың баласы емес пе еді? Зәкең онымен хабарласып тұрған шығар. Әкім жайында мұндай әңгімелер айтылып жатқанда Зәуірбай үнсіз қала алмады. – Өзі бір пысық бала ғой, қап түбінде болат қанжар жатпайды, тесіп шығады, – деді. – Зәуірбайдың әкімнің әбжілдігіне риза болғанын немесе өзінен теріс айналған баласына ренжігенін ауылдастары түсіне алмады.
– Рас айтады, – деді бірі.
– Мына қалпымен бір күні тұтылады ғой, – деді екіншісі.
Көп ұзаған жоқ аудан әкімінің Астанаға қызметі жоғарылап кеткені туралы хабар шағын ауылды дүр сілкіндірді.
Өтебай Серәлі

Сурет: aqmeshit-aptalygy.kz
01 қазан 2024 ж. 120 0