Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

Рух

Тоғыз жаста тулап жанып өрт денең,Тоғыс баба түйреп жаздым көкке өлең.Қасиетіңнен айналайын тұт ағаш,
Өсиетімен бабалардың көктеген.
Әруақты ердің сыналғаны бақ па шын,
Сәби сүймей, баз кешуден сақтасын.
Қосым Қожа кіріп келіп түсіңе,
Қос дүниенің ашып берген қақпасын.
Құс жолымен шапқылап кеп торы мұң,
Екі-ақ жаста сезген жанның «солығын».
Жалаң қолмен жауға шапқан Өмірқұл,
Сезген шығар бабамыздың он ұлын.
Құраң-құраң сыр төкпелеп қоңыр құм,
Шоқтығы шоқ жарқыраған жолың тұр.
Көш басында күмбез керуен күй кешті,
Кең кеуделі Әкімқұл мен Әлімқұл.
Он үш жаста ақиықтай ұшып әр,
Қарсы келген кепетіне ұшырар...
Ақпан менен Тоқпан келіп шайқаса,
Таудың өзін теңселтетін күші бар.
Қыдыр ата-ау, көктедік біз батаңмен,
Түске кірсең, таңым бүгін атар ма ең.
Байлық, бақыт көшіп келген үдере.
Үдер баба жетектеген атанмен.
Көбен керуен дәуірлердей дүр едің,
Байзілдәнің бай болмсын білемін.
Найзағай намысы бар бабалар,
Найзамен түртіп ашқан түнегін.
Жарылқабың жарылқаған жанды ұдай,
Тұнжырама, тектілерде бар құдай.
Жеті атаға жететін бақ қалдырды,
Адуынды Абыла мен Дәндібай.
Елдің жүгін арқалаған қара нар.
Ұрпағың да ұлық ұлыс бола алар,
Рухыңа өлеңменен дұға еттім,
Елін даудан сақтап кеткен бабалар,
Жерін жаудан сақтап кеткен бабалар.
Айдар САЙЛАУОВ

Сурет: egemen.kz
01 қазан 2024 ж. 73 0