Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ә. Кенжебаев адам екен...

Ә. Кенжебаев адам екен...

Облыс көлеміне тарайтын «Арал әлемі» газетінің осы жылғы 16-31 шілдесі аралығында шыққан №14 санында «Сала саңылағы болған Әбдісәмет» деген менің мақалам жарияланған екен.
Осы жазбаны оқи отырып, Әбдісәметтің жас кезінен досы Тілес Боқаевтан алған сұбхатым есіме түсе қалғаны. Бұл тұста ол пенсияға шығып, Қызылорда қаласында тұратын-ды. Бірақ осындағы тойға ағайын-туыстарының қуанышына және өлім жетімге де үзбей келетін-ді.
Сұбхат арасында, "– бір оқиға көптен ойымда жүр
еді, ешкімге айтқаным жоқ, Сіз тындаңыз, әйтсе де қағазға түсірмеңіз, Мәрусаны (Әбдісәметтің жан жолдасы) жылата беріп қайтеміз" деді.
– Келістік, – дедім мен – Ал құлағым Сізде!..
– Әбдісәметтің үйінен шығып машинама отырдым, – деді Тілес сөзін жалғап, – көңіл-күйім жоқ. Досты соңғы сапарға шығарып салдық. Жаныма бір жігіт келді.
– Тәке, мені де ілістіре кетіңізші, – деді ол.
– Отырыңыз – дедім де, темекің бар ма? – деп сұрадым. Темекі шекпеймін, бірақ осындайда ойды бөлу үшін керек–ақ. Жүріп кеттік. Әлгі жігіт:
– Аға, мені танисыз ба? – деді.
– Аупарткомда, ұйымдастыру бөлімінде қызмет еттің емес пе?
– Иә, дұрыс, ұмытпапсың. Әбдісәмет ағаның үйіне көңіл айта келгенмін. Осы ағаға қатысты бір әңгімені айтып берсем кәйтеді?
– Е-е, Әбдісәмет туралы ма, айта бер, таң атқанша тыңдауға бармын дедім оған жалт қарап.
– Сізді облыстық тұтыну басқармасына ауысатын қағазыңызды мен дайындағанмын, соларды реттеп, бірінші хатшы Бодаш Уәлиевке кірейін деп барсам, алдыңғы бөлмедегі қыз:
– Іште кісі бар деп тоқтатты. Мен есіктің алдына барып қалғанмын. Дауыс шығып жатты. Анық естіліп тұр.
– Бөке, кешіріңіз, мен Боқаевтың орнына бара алмаймын, бүгінгі қызметім де одан кем емес, оның үстінде...
– Боқаевтың өзі келісіп тұр. Бәрі жоғарымен келісілген, сенің кандидатураңды тиісті орындар мақұлдады. Сондай беделді креслодан отказ бергеніңе таңмын деді, – жуан дауыс. Бұл Бодаш Уалиевтің сөзі.
– Жо-жоқ, Боке! Боқаев өзі қалап ауысса да, ол орынға бармаймын. Жұрт ертең-ақ бұлардың пәленбай жыл дос болғандары қайда, бірінің орнын бірі тартып алыпты деген сөз жүгіреді. Жо-жоқ Бөке! Айта көрмеңіз.
Әбдісәмет есіктен шықты. Бұрын тоқтап, амандасатын. Бұл жолы қолын берді де қойды. Тым қатулы екен.
Мен кабинетке енгенде Бөкең терезеден қарап тұр. Алаңда Әбдісәмет кетіп барады. Беталысы Ауатком жақ. Бөкең столына келіп жайғасты. Мен де тізе бүктім.
– Мына Кенжебаев адам екен. Е-е, нағыз адам екен, деді. Сосын маған бұрылып:
– Бұлар туралы жинаған деректеріңді жаба сал, түсіндің бе, – деді.
– Түсіндім, Бөке! – деп шығып кеттім.
– Тілес аға, облысқа бармай қалғаныңыздың себебін енді түсінген боларсыз, деді де машинадан түсіп қалды.
– Апыр-ай, – деп Әбдісәметтің мінезіне сүйсініп қала бердім.
***
Тілес Қостайұлы, бұл мәселені басынан бастаңызшы, қызығарлық
жай екен?
– Тәкей Есетов облысқа, бірінші хатшылыққа сайланды да орнына Бодаш Уалиев келді. 3-4 ай өткен шамада мені шақырды. Жайлап менің көп істегенімді, енді орын жаңалағаным дұрыс дегенді келтірді. Сөздің тоқетері облысқа баратынымды мақұлдайтынын білдірді. Мен түк қарсылық сездірмедім. Арғы жағын түсіндім. Облыс саудагерлерінің алдымыз. Сөйте тұра кетуім керек екен. Бір жеті жан-жағыңызды жинап алыңыз дегендей қамқорлық танытты.
–Бөке, жиналатын ештеңем жоқ, адамыңызды бүгін-ақ отырғыза беріңіз, – деп қоштастым. Ертеңіне демалыс еді. «Құланды» жаққа саяхат жасауға кеттім. Бірінші күні жұмысқа бардым. Еш сыбыс жоқ. Коллектив мүлде хабарсыз. Солай бір апта өтті. Күндер артта қалды. Сөйтіп жүргенде облысқа Н.Әуелбеков келді. Ауданға Ақпамбетов келді. Сыйлас, дәмдес болдық. Ел Тәуелсіздік алды. Хатшылық әкімдікке ауысты. 1992 жылы ауданға әкім болып Биғали Қаюпов келді. Осы тұста облысқа ауыстым.
– Ал Әбдісәмет досың Бодаш Уәлиев екеуінің арасындағы оқиғаны айтпады ма?
– Жоқ, еш тіс жарған емес. Бұрынғыша қатысып, араласып ойнап күліп жүре бердік. Сірә, соның өзін сөз етуге тұрмайды деп ойласа керек. Әбдісәмет досым, жайсаң еді ғой, жайсаң!
***
Диагон есімді әулие күндіз қолына шырақ алып әр адамның бетіне үңіліп жүр дейді.
– Ау, әулием-ау, мұныңыз не? – дейді ғой оны танитындар таңырқап.
– Адам іздеп жүрмін, адам! – дейтін көрінеді әулие шырағын жоғары көтере түсіп.
– Отырмыз ғой, бәріміз де адам емеспіз бе?
– Адамның да адамы бар, іздегенім соның ішіндегі нағыз адамы, – депті әулие.
Сондай-ақ, Тілес Боқаев та, Әбдісәмет Кенжебаев та сол әулие қолына шырақ алып іздеген Ақсұңқар тектес асылдар еді-ау!
Шәкірат Дәрмағамбетұлы,
тыл ардагері,

(Суретте екі достың жастық кезі)
15 қазан 2024 ж. 178 0