Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сегіз жыршы, түрлі мақам, бір дастан

Сегіз жыршы, түрлі мақам, бір дастан

Былтыр аймақтың аға басылымы "Сыр бойы" газетінде белгілі журналист Ғазиза Әбілданың Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Франция әдебиеті мен өнерінің кавалері» орденінің иегері, Қазанғап атындағы музыкалық жоғары колледж директоры Ұлжан Байбосыновамен сұхбаты жарық көрген еді. Сыр салмақты сұхбаттың алғысөзін Ұ.Байбосынова "Халық арасында «Сыр елі – жыр елі» деген қанатты сөз бар. Шындығында, Сырдың бойындағы жыраулық өнер, жыршылық поэзияның тамыры тереңде екені тарихтан белгілі. Әріге бармасақ та, осы өлкеде ІХ-Х ғасырларда мемлекет құрған Оғыз Қыпшақ кезеңінен бастау алатын өркениетті және мәдениетті тілге тиек етеміз. Сол дәуірде өмір сүрген Қорқыт бабамызды білеміз, оның соңына қалдырған 12 жыр-дастаны, өсиет-нақыл сөздері Сырдың бойында өмір сүрген кейінгі ақын-шайырлардың поэзиясына негіз болды" деп бастаған еді. Расында Сырдан шыққан бір ғана Тұрмағамбет ақынды алатын болсақ, оның атақты Шығыс шайыры Фердоуси «Шахнамасының» қазақша нұсқасын жазып шығуының өзі – осының айғағы. Сол сияқты Қарасақал Ерімбет, Шораяқтың Омары, тағы басқа қаншама ақын-шайырларымыздың артында қалдырған мол мұрасы біздің Сырдың бойындағы жыраулық, жыршылық поэзияның түп бастауы болып табылатыны сөзсіз.
Міне сол Сырдың бойы жыршылықта тағы бір жаңалыққа жол ашты. Өткен аптаның жұмасы күні Нұрмағамбет Қосжанұлының "Сыртай батыр" дастаны желісін елге белгілі 8 жырау әр түрлі мақамға салып орындап шықты. Мұндай бастама республика көлемінде алғаш рет жүзеге асқан шара болып отыр.
Көпшілікке мәлім Нұрмағамбет Қосжанұлының бұл дастаны жайлы көп дүние айтуға болады. Бір кездері басындағы бостандығынан айырса да батыр рухын биікке көтерген дастанның тарихы тым тереңде. Осындай құнды жәдігерге жаңаша жан бітірген Д.Жолымбетов, Ш.Бейімбетова, А.Тәңірбергенов, Ғ.Өмірзақов, А.Сүйеуова, Г.Бейісова, С.Жұбаниязов, А.Жоламанов сынды танымал термешілер Сыр еліне белгілі мақамдармен жұртшылықтың жүрегіне жеткізе білді. Қай кезден де дәстүрлі өнердің төріне баланған Арал жұрты жырды сағынғаны көрініп-ақ тұрды. Бір желпініп, бір басылып, толқыған көңілдің тасқынын тежей алмаған тамарында жыр тасыған топырақтың тұрғындары ерекше ләззат, рухани азық алды.
Ой саларлық өнерге бастамашы болған, бүгінде "Жыраулар үйі" деп танылған аудандық мәдениет орталығының директоры Айна Тұяқованың тәуекелге бастаған қадамы құтты, жыршылардың өнері сәтті өтті. Ел көлеміндегі елең еткізер жаңалықтың біздің ауданымыздан бастау алғаны үшін ұйымдастырушыларға қандай құрмет көрсетсек те жарасымды еді.
А.Тұяқова шара жайында:
– Жыр кеші біз күткеннен де жоғары өтті. Танымал жыршы-термешілердің басын қосып, барымызды паш ету үшін еткен еңбек еш кетпеді. Бірінші кезекте сол жыршыларға, одан қалды аралдықтарға рахмет айтқым келеді. Қолдаушысы барын бүгін олар анық аңғартты.
Алайда ерекше тоқталып өткім келетін жандар Нұрмағамбет ақынның ұрпақтары болмақ. Аталарына көрсетілген құрметті естігеннен қарап отырмай, бізбен бірге болды. Арқалы ақынның арқасы қозған ұрпағы шексіз алғысын айтып қана қоймай келген әрбір қонаққа, жыршыларға демеушілік жасап, шараның деңгейін көтеруге сеп болды. Бұл біз үшін де үлкен қуаныш. Сартай батырдың жиеншары Ғабит Таласбаев, Күшікбай Тобажановтың еңбегін айрықша атап өтсем деймін. Сексеуіл кентінің тұрғыны Ғабит Таласбаев барша қонақтар мен жыршыларға демеушілік жасаса, Күшікбай Тобажанов тарихта қалған тұлғаның ұрпақтарын өнер ордасына жинап, сахнаның сәнін келтірді.
Тағы бір тілге тиек етер жағдай Сартай батырдың аталас ұрпақтары, Райым ауылындағы Байжан Асанның аталастары, Райым ауылдық округінің әкімі Райымбай Жолмырзаевтың ұйымдастыруымен ауыл тұрғындары кештің демеушілері болды. Тегін ұмытпайтын текті тұлғалардың ұрпағы екенін осылай дәлелдеді, – дейді.
Шарада Аралдың маңдайына біткен өнер иесі, әнші әрі жыршы, "Сартай батыр" дастанын елге мәлім еткен өнер иесі Набат Ойнарованың жыр орындаған сәтінен көрсетілген үзіндімен басталуы бөлек көңіл-күй сыйлады.
Сондай-ақ жыр кеші күйші-композитор, Арал ауданының құрметті азаматы М.Сыдықовтың «Жырау жігіт» әні, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісінің иегері, республикаға белгілі жырау, айтыскер ақын Айдос Рахметов жыр кешінде өзінің арнау өлеңі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, халықаралық, республикалық байқаулардың жүлдегері, жыршы Күнсұлу Түрікпен төрінен табылуы және барша қазаққа танымал "Халықаралық ақын, жыршы-жыраулар одағының" мүшесі Марат Сүгірбайдың дастан жайлы әлқиссасы жыр кешінің деңгейін көтеріп тұрды.
Дәстүрлі өнердің тарихынан сыр шертіп, өткеніне өнегелі тағылым беретін арда өнерді ұлықтаған жыр сүйер қауым бұл кеште рухани демалып, моншақ жырлармен сусындады. Шара соңындағы от-шашу көрермендердің көңілі көкке көтерілгенін көрсеткендей әсер сыйлады.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
15 қазан 2024 ж. 253 0