Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Сырдың дәстүрлі өнері әлемдік мәдениетпен ұштасатын күн алыс емес»

«Сырдың дәстүрлі өнері әлемдік мәдениетпен ұштасатын күн алыс емес»

Қазақ өркениетінің бастауы – өнер және дәстүр құндылығы. Оның ішінде ғасырдан-ғасырға жалғасып, жалпы қазақ қоғамының әр кезеңіндегі тарихи оқиғалармен қатар, ұлт мүддесі, әлеумет ұстанымы, салт-сана, тұрмыс-тіршілік сипатын арқау еткен жыраулық, жыршылық өнердің бүгінгі беталысы жайлы білгеніміз абзал. Осы орайда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  «Франция әдебиеті мен өнерінің кавалері» орденінің иегері, Қазанғап атындағы музыкалық жоғары колледж директоры Ұлжан Байбосыновамен әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Сыр бойында дәстүрлі жыраулық, шайырлық өнер кең қанат жайған. Бұл, әрине, көңілге қуаныш ұялатады. Жалпы жыраулық, жыршылық поэзия бастауын қайдан алады?
– Халық арасында «Сыр елі – жыр елі» деген қанатты сөз бар. Шындығында, Сырдың бойындағы жыраулық өнер, жыршылық поэзияның тамыры тереңде екені тарихтан белгілі. Әріге бармасақ та, осы өлкеде ІХ-Х ғасырларда мемлекет құрған Оғыз Қыпшақ кезеңінен бастау алатын өркениетті және мәдениетті тілге тиек етеміз. Сол дәуірде өмір сүрген Қорқыт бабамызды білеміз, оның соңына қалдырған 12 жыр-дастаны, өсиет-нақыл сөздері Сырдың бойында өмір сүрген кейінгі ақын-шайырлардың поэзиясына негіз болды.
Кешегі ХІХ ғасырда ұлт зиялысы С.Сейфуллин атағы Алашқа аты мәшһүр Бұқар жыраудың жалғасы Базар жырау екенін айтқан болатын. Сол Балқы Базардың ізін ала қаншама ақын, шайыр, жыраулар легі жалғасын тапты. Соның арқасында көненің көзіндей көптеген туындылар бүгінгі күнге жетіп,  қазақ өнерінің қазыналы мұрасына айналды. Сол жыраулық, жыршылық  поэзия тек республика деңгейінде емес, жалпы әлемде шоқтығы биік рухани  құндылықтың негізін қалыптастырды десек, артық айтқандық болмас. Бір ғана Тұрмағамбет ақынды алатын болсақ, оның атақты Шығыс шайыры Фердоуси «Шахнамасының» қазақша нұсқасын жазып шығуының өзі – осының айғағы. Сол сияқты Қарасақал Ерімбет, Шораяқтың Омары, тағы басқа қаншама ақын-шайырларымыздың артында қалдырған мол мұрасы біздің Сырдың бойындағы жыраулық, жыршылық поэзияның түп бастауы болып табылады.
Оны бұл күнде сол ізбен әрі қарай осы дәстүрлі өнерді жалғастырып келе жатқан біздің Сыр өңіріндегі кейінгі буын жас ақын, шайырлардың шығармашылығынан көруге болады.
– Сөзіңізді сабақтайын, біздің өңірде Сыр сүлейлері дейтін ежелден қалыптасқан атау бар. Сол сүлейлер мұрасы – бүгінде баға жетпес құндылық. Ал басқа өңірлерде дәстүрлі өнер иелерін қалай атайды?
– Иә, әр өңірде өзінше айтып жатады. Мысалы, біз Сыр сүлейі, дүр дейтін болсақ, Маңғыстау өңірі қайқылар, сәйкілер дейді. «Маңғыстаудың жеті қайқысы» деген сөз бар. Ал Арқа бойында сал-серілер дейді.
Сыр сүлейлерінің жырлауы, сөз саптауы, өлеңнің құрылымы, мазмұны, философиялық маңызы өте тереңге кеткен. Оны сөзімнің басында айттым, сонау Қорқыт мұрасы ортада қанша ғасыр өткенде, яғни,  ХІХ ғасырда қайта шықты. Жалпы бұл жерде тек қана ерте заманнан келе жатқан жыр саптау ғана емес, одан кейін тарихи кезеңдерге байланысты  шығыстық поэзияның келіп қосылуы да осынау өнердің дамуына, мазмұндық жағынан баюына ерекше әсер етті. Сол сияқты кешегі уақытта біздің Сыр бойы ақын-шайырларының Орта Азиядағы мешіт-медреселерден тәлім алуы, Ислам мәдениетінің және идеологиясының қазақ ұлттық дәстүрлі поэзиясына кірігуі, осының барлығы қосыла келе, түрлі әдеби жанрлардың қалыптасуына себеп болды.
Айталық, мысал-хикаялар, қисса-дастандар сияқты түрлі жанрлар  ақын-шайырлар поэзиясынан орын алғаны – осының көрінісі. Өзіңіз білесіз, осы айтып отырған ақын-шайырлардың шығармаларында қаншама шығыстық қисса, дастандардың қазақша нұсқасын, яғни, нәзирагөйлікпен жеткен нұсқаларын көреміз. Бұдан бөлек, діни танымды арттыруға негізделген қаншама шығармалар өмірге келген. Сондықтан Сыр бойындағы жалпы поэзиялық туындылардың барлығы әдеби биік көрсеткіштерге сай деп толық айта аламыз. Себебі, аталған жыршылық, жыраулық өнер жанрға өте бай. Айталық, терме, толғау, мінәжат ғазалдар, мысал- хикаялар, қисса-дастандар, көне оғыз кезеңіндегі жырлар, мысалы, Көрғұлы, Қобыланды, Алмапыс жырлары дейміз, соның барлығы Сыр өңірінен табылуының өзі – біз үшін үлкен мақтаныш әрі мәртебе. Демек, бұл жалпы қазақ даласының Сыр бойындағы өркениет пен мәдениетті мойындауы, тіпті бүгінгі күні әлем мойындауы – осының белгісі.
– Жалпы Түркі жұртын тоғыстыратын мәдениеттің түп-тамыры – дәстүрлі өнер деп айтамыз. Осы тұрғыдан келгенде, елімізде дәстүрлі жыраулық өнерді халықаралық деңгейде насихаттау жайы қалай?
– Бір қуанатынымыз, бізге жеткен дәстүрлі туындылардың барлығы тек кітаби деңгейде қалып қойған жоқ, яғни, ауызекі жырлау дәстүрі арқылы ел ішінде кеңінен насихатталып отырды. Бүгінде жас жыршы- жыраулардың орындауындағы бұл туындылар тек өнер тұрғысынан ғана емес, қоғамдық деңгейде маңызын жоғалтпай келеді. Біріншіден, бұл өнер – ататек, яғни, қан арқылы қонатын қасиет болса, одан кейін ұстаздан шәкіртке ұласқан, өзіндік сара жолы бар өнердің өзгеше бағыты. Айта кетейік, бұл өнер түрінің дамуы, яғни, кеңінен насихатталуы – бүгінгі күнде тыңдаушысының бар екендігінің белгісі. Егер тыңдаушысы болмаса, бұл өнердің болу-болмауы да неғайбыл. Сондықтан Сырдың бойын қоныстанған халқымыз осынау дара өнердің жойылып кетпей, одан әрі дамуына негізгі себепкер екенін айтуымыз керек. Оны халық өзі білуі де, білмеуі де мүмкін. Сондықтан осындай тыңдаушысы тұрғанда, оны ұғынатын ұрпағы тұрғанда өнердің өшпейтініне көзіміз жетеді.
Бағзы өнердің болашаққа жетуіне негіз болатын көптеген іс-шаралар Сыр бойында да өтіп жатады. Соның бірі – бірнеше жылдардан бері үздіксіз өткізіліп келе жатқан «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фестивалін айтар едік. Фестиваль аясында Сыр бойында сақталған жыраулық, жыршылық өнермен қатар, туыстас халықтардың дәстүрлі өнерін насихаттауға назар аударылады. Мысалы, Қарақалпақстан, Өзбекстан жыраулық өнері, сондай-ақ, қырғыздарда манасшылар, түрікмендерде бахшылар, әзербайжанда  ашуттар, түріктерде ұзандар деген сияқты, тамырына терең бойлай берсек, мұның барлығы бір дәстүр болып саналады.
Сонау жылдары Өзбекстанның Терміз қаласында әлемдік жыршы-жыраулардың, бахшылардың сайысы болған еді. Сол сайысқа қатысып, бас жүлде иелендім. Сонда байқағаным, бүкіл сайыста бас жүлдеден бастап бірінші, екінші және үшінші орындарды Орта Азия аймағы өнерпаздары иеленді. Бұған қарап, әлеммен салыстырғанда, жыраулық, жыршылық өнердің, ұлттық поэзияның ең үздік көрсеткіші Орта Азияда көрініс тапқан деп топшылаймыз. Демек, дәстүрлі өнердің басым бағытын біз ұстанып отырмыз. Ал түркі халықтарында тарап жатқан жыршылық өнердің негізгі көзі Сыр бойы екеніне ешкімнің таласы жоқ.
Жоғарыда айтып өттік, Оғыз Қыпшақ мемлекеттігі құрылған Сыр бойы үлкен өркениет орталығы болғанын, сондықтан бүгінге дейін жалғасқан дәстүрлі өнер бізден бастау алатынын мақтанышпен айта аламыз. Түркі халықтары да мұны мойындайды.
Сол «Қорқыт және Ұлы дала сазы» фестивалінің аясында ғылыми-танымдық конференциялар өтеді. Одан бөлек, қаншама жыр сайыстары өтіп жатыр. Айталық, осыдан бір-екі жыл бұрын Кете Жүсіп атындағы жыр сайысы болды. Оның шеңберінде қаншама талантты өнерпаздар танылды. Бұдан басқа да қазақ өнерінің көрнекті өкілдерінің мұрасын жаңғыртуға бағытталған жұмыстар үздіксіз жүргізіліп келеді.
– Өзіңіздің бастамаңызбен өткен «Жыр күмбез» атты жыр жәрмеңкесі ұлттық өнерге ықыласы бөлек жұртшылықты бір серпілтіп тастады. Бұл бастама келешекте лайықты жалғасын табатын шығар…
– Иә, өткен жылдың желтоқсан айында «Жыр күмбез» атты Сыр бойы жыршы-жырауларының қатысуымен жыр жәрмеңкесі өтті. Бұл орайда облыстық мәдениет басқармасы, Халық шығармашылығы орталығы сияқты құзырлы орындардағы мамандармен ойымыз, идеямыз бір жерден шықты. Жалпы жәрмеңке дегеніміз – тарихта үлкен орны бар мәдени шара. Осындай өнер жәрмеңкесінің аясында ұлттық идеология көрініс тапқан. Айталық, дәстүрлі өнер, салт-сана, әдет-ғұрып, қолөнер туындылары, ат бәйгесі, аңшылық, саятшылық сияқты жалпы ұлттық мәдениетімізді насихаттаудың айрықша үлгісі деп айтуға болады. Сол сияқты Сыр бойында да «осындай жыр жәрмеңкесін неге жасамасқа?» деген ой келді. Байыптап қарасақ, сол жыршы-жыраулық, шайырлық өнердің ішінен ұлттық құндылық деп аталатын көне заманнан бергі әдебиетімізді, тарихымыз бен мәдениетімізді, жалпы бүгінге жеткен өркениетімізді табуымызға болады. Сондықтан келешекте аталған жыр жәрмеңкесін тек облыстық, республикалық емес, халықаралық деңгейге көтеруге назар аударсақ, артық болмайды. Бұған жалпы түркі халықтары өнерпаздарын, қолөнер шеберлерін қатыстырып, тағы да басқа ұлттық дәстүрге байланысты мұраларды насихаттай білсек, бұл жәрмеңке қазақ елінің дәстүр құндылығының даңқын аспандатқан болар еді. Осы орайда жыр жәрмеңкесін ЮНЕСКО көлемінде ұйымдастыруды қолға алатын болсақ, біздің оған толық потенциалымыз жетеді.
Атап айтқанда, сан ғасырдан бері түр-сипатын өзгертпеген қобызымыздың өзі неге тұрады? Олай дейтініміз, қазір әлем мойындаған ыспалы аспаптардың прототипі – қобыз болып танылды. Ғалымдар оны мойындады. Демек, алғашқы музыкалық аспап біздің елімізде, яғни, Сырдың бойында шықты. Ал біз осы баға жетпес құндылықтың тікелей мұрагеріміз.
Иесі де, киесі де – біз деп айтуға болады. Сондықтан Сыр бойы дәстүрлі өнерін қай деңгейде, қалай насихаттасақ та оған толық хақымыз бар.
– Ақын-жыраулардың қазақ қоғамындағы орны туралы ойыңызды бөліссеңіз… Айталық, сол кезеңде олардың көтерген жүгі, яғни, ұлттық идеологияны қалыптастырудағы жауапкершілігі қандай еді?
– Бұл өнерді алып жүрудің өзі жауапкершіліктен де биік тұратын үлкен миссия саналады. Өзіңіз білесіз, бір кездері жыршы-жыраулар қоғамда үлкен миссия атқарды. Хан-сұлтандарға ақылшы, кеңесші болып, елдік мәселені шешуде ерекше қызмет еткенін тарихымыздан нақты айта аламыз. Мысалы, Асан қайғы, Қазтуғаннан бастап, Абылай ханның кеңесшісі Бұқар жырау, Кенесары ханның қасынан табылған Нысанбай жырау сол заманның талабына сай өз міндетін адал атқарды. Ал одан кейін елдегі тарихи өзгерістерге байланысты жыраулардың тақырыбы әлеуметтік бағытқа ауысты. «Не жақсы, не жаман? Не дұрыс, не бұрыс?» дейтін мәселелерді көтерді. Өйткені қазақ қоғамындағы ендігі айтылуы керек мәселе осы болатын. Сондықтан қай кезеңде болмасын, ақын-жырауларымыз, жыршы-шайырларымыз өзінің миссиясын нақты атқарды және әрі қарай да атқара береді деп ойлаймын. Бір сөзбен айтқанда, олар қазақ даласының рухани ағартушылары болды.
Бүгінгі күні осы өнердің айналасында «жыршы бар, жырау жоқ» деген сөз жиі айтылады. Ал негізінде біз сол жырау дейтін аттан, атаудан айырылып қалмауымыз керек. Ол біздің санамыздан өшпеуі тиіс. Жыр өнерінің бүгінгі жалғастырушыларын жырау деп айтуға қиғанымыз жөн. Өйткені осынау дәстүрлі өнердің бастапқы қалыбын бұзбай, сөзінің мән-мағынасын жоғалтпай, қаз-қалпында  халыққа жеткізуде орындаушы өнерпаздардың арқалаған жауапкершілігі де оңай емес.
Айта кетейік, дәстүрлі өнердің жалғасуына өзіміздің жергілікті басқарушы органдар, облыс әкімдігі және мәдениет, білім басқармалары, арнайы мектептер, музыкалық колледж, Қорқыт ата атындағы университет сияқты білім, өнер ошақтары үлкен жауапкершілікпен жұмыс жасап келеді. Мысалы, білім ошақтары, мәдениет үйлері жанындағы өнер үйірмелерінде, сондай-ақ, аудандардағы арнайы дәстүрлі жыршылық мектептерінде қаншама талантты шәкірттер тәрбиеленіп жатыр. Сонымен бірге, кәсіби деңгейде музыкалық колледжде дәстүрлі ән бөлімі бар. Олар бұл жерден тәлім алғаннан кейін жоғары оқу орындарына түсіп, әрі қарай өзінің академиялық білімін жалғастырады. Айталық, осы Қорқыт ата университетінде «Халық әні» кафедрасы бар. Өзім – осы кафедраның алғашқы түлегімін.
Қазақ өнерінің қара шаңырағы – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында «Халық әні» кафедрасы бар. Онда Сыр бойының жыршылық класы жұмыс жасап келеді. Өзім сонда сабақ бердім. Осы Қазанғап атындағы музыкалық колледжді бітіріп барған студенттерді дәстүрлі өнер бағытында тәрбиеледім. Сол сияқты Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде де Сыр бойы жыршылық өнері оқытылады. Жалпы  дәстүрлі өнер құндылығы мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие және қатаң бақылауда деп айтуға болады. Өйткені осынау бай мұрамызды сақтап қалудың қаншалықты маңызды екенін біз жақсы түсінеміз.
– Өнердің үлкен ортасынан келдіңіз. Көңілге түйгеніңіз мол. Бойыңыздағы өнерді ғылыммен ұштастырып, монографиялық еңбек жаздыңыз. Жалпы сол деңгейден қарағанда, Сыр бойындағы дәстүрлі өнердің дамуында қандай жетістікті немесе кемшілікті байқадыңыз?
– Жоғарыда айтып өттік, жалпы жыраулық, жыршылық, ақындық, шайырлық өнердің түпкі бастауы – Сыр бойы. Сүлейлер мұрасы – сарқылмас қазынаның көзі. Осындай қазына барында оның іздеушілері болуы да заңды. Демек, дәстүрлі өнерді дамытуда кемшілік бар деп айта алмаймын. Ал жетістігіміз көп. Өңірде биыл «Өнер» орталығының іргетасы қаланғаны да осының бір айғағы десек болады. Сондай-ақ, алдағы уақытта қолға алынатын жоспарымыздан аймақ басшысы да хабардар. Өз деңгейінде қолдау танытуға әзір. Қорыта айтқанда, Сыр бойы дәстүрлі өнерінің әлемдік мәдениетпен ұштасатын күні алыс емес.
–Мәнді де мазмұнды сұхбатыңызға көп рахмет, Ұлжан Мәлікайдарқызы!
Әңгімелескен
Ғазиза ӘБІЛДА

syrboyi.kz
28 ақпан 2023 ж. 2 030 0