Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » ӘБЕ ӘЛЕМІНЕН ӘҢГІМЕЛЕР

ӘБЕ ӘЛЕМІНЕН ӘҢГІМЕЛЕР

Париж жиыны
1998 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының ұйымдастыруымен Арал проблемалары жөнінде донор мемлекеттердің Париж конференциясы өтетін болды. Сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Халықаралық Аралды құтқару қорымен келісіп, делегация құрамына қызылордалық мамандарды енгізіпті. «Сендер құрқол бармаңдар, тартылған теңіздің, апатты өңірдің жағдайын көрсетіп, үш тілде фильм дайындап апарыңдар деп» өзінің кеңесшісі А.Көшербайға тапсырма береді. Телекомпания басшылығы оны дайындауды маған жүктеді. Аралдың бейнекөріністерінің таспаларын жинап жүретінмін. Онда самолетпен, тікұшақпен түсірілген теңіз көріністері, ауылдың, тұз ұшқан боранның, құмда қалған кемелердің мол кадрлары бар еді. Дайындалған телефильмді Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Кеншімбаев бастаған ғалымдары орыс және ағылшын тіліне аударып, әзірлеп берді.
Ондаған шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың, қорлардың және банктердің қатысуымен Париж конференциясы табысты өтті. Жиында сол кезде әзірленіп жатқан «Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру және Сырдария өзенінің арнасын кеңейту» жобасы таныстырылыпты. БҰҰ-ның бұл шарасы қолға алынған жұмыстарға үлкен серпін берді. Араға біршама уақыт салып Дүниежүзілік Банк САРАТС жобасын жүзеге асыруға 65 млн долларға жуық қаржы бөлді. Жобаны шетелдік мамандар әлемдік үздік үлгілерді, халықаралық тәжірибелерді ескеріп, дайындады. Соның нәтижесінде «Көкарал» бөгеті жағажай тәсілімен салынған бірегей нысан еді. Теңіз толған кезде тау толқындардың бөгетке жеткенше екпіні басылып, қос жағалаудың деңгейі бірқалыпты арнасынан аспайтын, мол су жинауға да қолайлы еді. Кіші Аралдың акваториясы бірнеше есе ұлғайып, айдынның байырғы балықтары пайда болып, кәсіпшілік өндірістік негізге көшті. Шетелдіктер жобаның нәтижесін «Теңіздің қайта оралуы» деп жоғары бағалады. Қазіргі су тапшылығының қиындықтарына қарамастан, жағалау жұрты жобаның екінші кезеңінен де үлкен үміт күтіп отыр.
Әуезовтің шәкірті
Мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухамановтың Әбемен ағалы-інілі дос қана емес, өздері жазғандай сырлас-мұңдас болып, іші-сыртымыз араласып кеткен, тонның ішкі бауындай азаматтар екен. Қоғам қайраткерінің мақаласынан қаламгердің әдеби болмысы мен сан қырлы қасиеттерін, көбіміз біле бермейтін беймәлім тұстарын анық байқауға болады.
«Әбекең ұлы Мұхтар Әуезовтің ұлағатты шәкірті, - деп жазады досы – Мұхаң Әбекеңді өте жақсы көрген, жақын тұтқан, қамқорлығын, қолдауын, көмегін аямаған. Ал, Әбекең де өз сөзімен айтқан «Дүниеде Мұхаңды ең жақсы көретін адам». Бүкіл өмірінде Мұхаң қанша бір бауырына тартса да, басқалар оның қолын алуға зар болып жүргенде, ол қашқалақтай берген көрінеді. Бірақ өмір бойы, қаншама заман, қоғам өзгеріп жатса да, ол Мұхаңның аруағын ардақтаумен, рухын ұлықтаумен, өзін, өмірін, сөзін насихаттаумен келеді. Әбекең інілік, шәкірттік парызын бір парасындай Мұхтар мен Мағжанның көзіндей «Таңшолпан» журналын қайта тірілтіп, халқымен қауыштырды.
Өлерінің алдында жарықтық Мұхтар Әуезов Ә.Нұрпейісовті Қазақстан Жазушылар одағының төрағалығына ұсынған. Орталық партия комитетінің басшыларымен, төраға Ғ.Мүсіреповтің өзімен де келісіп, қаншама итермелегенмен де Әбекең ынтыға, ұмтыла қоймаған баяғысынша тәуелсіз, дербес, ноқтасыз еркін өмір сүруді қалаған» деп пайымдайды қайраткер.
Әбенің Мұхтар Әуезовті жиі еске алып, ғұлама адам туралы естеліктер жазғанын бұрыннан білетін едік. Жазушымен кездесулер де оның қай жерде болғанын, қандай әңгіме айтқанына дейін білетін естігенде таң қалғанымыз бар. Олардың бірсыпырасын мақалаларымда келтірген едім.
Ел басқарған белгілі азамат, абыз ақсақал болған Сейілбек ағамыз ұлы жазушымен жақын араласқанын, оның жазбаларынан тұшына оқуға болады. Жетінші атасы Тайқожа елін жаудан қорғаған батыр болғанын, бесінші атасы Арғынбайдың би, өз атасы – Нұрпейіс болыс, әкесі Сыбанбай өте бай болған текті әулет екенін түгендегенде, бабаларының қадыр-қасиетін бойына сіңірген күрделі тұлғаның болмысын көреміз. Суреткер шығармасындағы кейбір кейіпкерлерді сомдауда олардың мінездерін пайдаланғанын айтады.
Бүкіл Қызылордадан Сәкеңді таңдап, Беларанның басындағы болашақ мәңгілік мекеніне алып барыпты. Ата-баба рухын асқақтатқан киелі мекенде толқыған перзент, кетіп қалған көк теңізге, аңызақ соққан сайын далаға ұза-а-а-ақ қарып тұрыпты.
Бір уыс топырақ
Әбе қайтыс болғаннан кейін, қырқына таман болу керек, Алматының Кеңсайында Беларанның бойындағы кесенеге бір уыс топырақ әкелініп қойылды. Болашақта мәңгілік мекенің болады деп жоспарлаған жерде жазушы рухына Құран бағышталып, ас берілді. Атамекенде бабалармен бірге оның да рухы бірге тыныстап жатқан болар.
Әлем таныған суреткерді бұл бастамаға не итермелегені туралы шындықты мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаевтың мақаласынан таптық. Маңғыстау облысында әкім қызметінде жүргенімде Беларанның басына кесене салуға қарсы болып едім, бірақ үлкен кісінің меселін қайтармай, тапсырмасын орындауға тура келді. Кейін бір кездескенде тірісінде өзіне кесене салған, балаларының жердің түбі – Аралға қатынауға қиын екенін айтып, оғаштау қылығының мәнін сұрайды. Сонда жазушыдан мүлдем басқа жауап алады. «Мен де сол Арал перзентімін ғой». Жан жүрегім елжіреп кетті. «Мені іздеген адам болса, сол жердің түбіне келсін. Тозған, топалаңы шыққан жағдайын, елдің күйін көрсін. Көзі қарақты, көкірегі ояу пенде болса, ойланар. Ойланса мысқылдай болса да пайдасы тиер. Мен өлгеннен кейін де сол шеркі Аралыма пайдамды тигізгім келеді. Қазіргі Қызылорда, Маңғыстау облыстарының орнында бағзы бір замандарда үлкен Таксис деген мұхит болыпты. Арада талай заман өткенде сол телегей мұхит қайтып, орнында Каспи теңізі, Арал теңізі, Қара теңіз, Азов теңізі сынды ұсақ теңіздер қалған. Білгірлердің айтуына жүгінсек, бұл жер жаралғалы үшінші рет осылай болып отыр. Біресе түбі сарқылып кетеді, біресе кенері толып қайта келеді. Бұл жолғы теңіздің қайтуы адам пиғылының нашарлығынан деп ойлаймын...»
Жазушы мұнан әрі «Қан мен тер» мен «Соңғы парызды» мұқият зер салып оқыған адам мұны байқайтынын айтады. Сондықтан мен жай жатпай, сол Белараныма барып, алыстан кеткен теңізінің шуылын аңсап жатайын. Мүмкін, күндердің күнінде адамзаттың пиғылы өзгерер, теңіз ескі арнасына қайтып келер, тасып төгілер деп, сондай бір аңсарлы үмітпен сол жерге жерлеуді аманаттаған екен.
Ойланған адамға ұлы сөз, кемеңгер байлам емес пе?! Кейін тек жасы ұлғайып, бірнеше рет емделген соң ғана жақын тұтатын бір топ азаматтарға Алматыда жерлеуге келісім беріпті.
Беларандағы кебенеге әкелінген бір уыс топырақ көпшілікті қатты толқытты. Әбенің рухы атамекенмен, теңізбен бірге жасаса береді. Болашақта бұл жерде ұлы жазушының мемориалды кешені бой көтерсе, ұрпаққа үлгі боларлық жұмыс болар еді.
Қарлығаштай қанатымен су сепкен
Тоқсаныншы жылдарда облыстық телеарнада қызмет істеп жүрген кезім еді. Жұмыс аптасының соңында «Қызылордаға халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Экология министрі Серікбек Дәукеев келеді. Демалыс күні облыс басшысы Бердібек Сапарбаевпен Құландыға ұшады, таңертең әуежайда болыңдар» деген тапсырма келді.
Телеоператор Нұрлыбек екеуміз белгіленген кезде әуежайда болдық. Біршама уақыттан кейін мәртебелі меймандар келіп, тікұшақпен Құландыны бетке алып ұшып шықтық. Борттың төр жағында әкім, жазушы, министр үшеуі иллюминатордың түбіндегі шағын столды ортаға алып, қызу әңгімелесіп отырды. Қыстың соңғы айы болатын, төменде тақталанған алқап пен ирелеңдеп мұз құрсанған дария жатты. Жолай Аралда жанар-жағармайын қосымша құйып алып, түс әлетінде Құландының орталығы Ақбасты ауылына ұшып келдік.
Ауыл халқы меймандарды қуанышпен қарсы алды. Сапарымыздың мақсаты – ауылда ауызсу қиыншылығы болғандықтан, осындағы жер астынан шығып жатқан ыстық суды тұшытып, халыққа пайдалануға беру, кәдеге жарату екен. Ол үшін министрлік бірнеше миллион теңгеге су тұшыту қондырғысын орнатып, ауыл тұрғынын қажетті мамандығына оқытып, дайындап беріпті. Буы бұрқырап жатқан алпыс градустықыстық судың жанына сарай салынып, электр желісі тартылып, іске қосуға дайын екен.
Әбең су жаңа қондырғыны айнала көріп шығып, әр жерін бір ұстап, механик пен министрден жай-жапсары жайлы біраз мағлұматқа қанықты. Қондырғының лентасы қиылып, іске қосылды. Бұлақтың кермек суы аңсаған тұщы суға айналып, жұрт жапырласа дәмін татып көріп жатыр. Қуанған халық алғыстарын білдіріп, бір жағынан қаншама жыл босқа ағып жатқан судың пайдаға жарағанына таңғалысты. Тұщы судан таршылық көрген ауыл қуанбағанда қайтсін. Өркениет шалғайдағы елді мекенге осылай жетті.
– Әкім де, министр де жағдайларынды жақсы біледі. Енді Бердібек інілеріңіз жаңа су таситын машинамен көмектеседі, – деді Әбе қаумалаған халыққа қарап. Қыр астындағы құдықтан су таситын көлік те көнеріп, жағдайы кетіп жүр екен. Ауыл қуанып қалды.
Халықпен жылы қоштасып, жазушының туған қарындасының үйіне келдік. Қарашаңырақта Әбе молдас құрып жіберіп, жанға жайлы қоңыр даусымен әңгіме өрбітті. Жазушының жетінші атасы Тайқожа батыр болған. Отан соғысына әкесі Кәрім мен оның екі інісі және өзі аттанған. Майданнан  Әбдіжәміл ғана аман келіпті. Қайтар жолда Беларанның үстімен ұштық. Шыңның басынан кезінде теңіз шалқып көрініп жататын. Әбе иллюминатордан ұзақ қарап, серіктеріне әңгіме айтып отырды.
Алдымен, белгілі екі азаматтың жазушыға деген зор құрметі, сыйластығы тәнті етті. «Қарлығаштай қанатымен су сепкен» демекші, Алматыда отырса да алыстағы ауылының жағдайын ойлап жүрген суреткерді көріп, риза болдық.
Ұлылармен үндестік
Баспасөз күні мерекесінде аудандық «Толқын» газетінің 70 жылдығына байланысты шағын мұражайды ашуға дайындалып жатыр едік. Аудан әкімі Айтбай Көшербай хабарласып, шараға классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов қатысатынын айтты. Бір жағынан қуанып, бір жағынан толқып, абыр-сабыр болдық.
Ардагер қаламгерлер Шәкірат, Омар, Кеңес және ел ағалары Балтабай, Алашыбай сынды азаматтардың қатысуымен Әбе мұражайымыздың лентасын қиып, тілек кітабына лебізін қалдырды. Сталиннің суреті бар «Екпінді балықшының» 1939 жылғы санын үлкейтіп іліп қойғанбыз. Жазушы тарихи суретке байыппен қарап, алғашқы туындылары жарық көрген газетті еске түсірген болар.
Басқосуда Әбең «Қан мен тердің» орысша аудармасының жаңа редакциясымен айналысып жүргенін айтты. Төс қалтасынан қатты дискіні көрсетіп, «бәрі осында» деп қойды. Мәскеулік достары Юрий Казаков, Георгий Пряхинді Аралға шақырып, туған жері Беларанды көрсетпек ойы барын жеткізді. «Мені Шолоховтың Вещенскісіне апарыңдар» деп қолқа салдым, олар да келісті деген еді. Жалпы, орыс жазушылары Әуезовті Толстойға, Әбеңді Шолоховқа теңейтінін енді түсінгендей болдым. Ұлы суреткерлердің рухани үндестігі тереңде екенін бағамдайсың. Әбенің қоңыр, жанға жайлы, жүрекке жылы даусы бәрімізді елітіп, кездесуден ұмытылмастай әсер алдық.
Жиналған жұрт «Бата беріңіз, бата беріңіз» деп қаумалады. Сонда Әбе «Мұхтар Әуезов Оңтүстік Қазақстанда сапарда жүргенде, Мұха, бата беріңіз» деп қолқа салыпты. Мұхаң көпшілікке қарап тұрып «Тәңірім жарылқасын» деген екен. Жазушы орнынан тұрып, «Сендерді де Тәңірім жарылқасын» деп батасын берген еді. Бабаларымыз айтқандай, «Тәңір жарылқаса, бәрі болады» дегендей, бәріміз «әумин» дестік.
Бидің өзіндей, дананың көзіндей
– Мен өзі кездесулерден қашқалақтап жүремін. Құдай солай қылып жаратқан – деп бастады жазушы әңгімесін – 1969 жылы Мәскеуге барып, Жазушылар одағының жанындағы әдебиетті насихаттау бюросына соқтым. Олар да мені іздеп жатыр екен, оқырмандармен Мәскеуде 5, Ленинградта 3 кездесу өткізуді жоспарлап қойыпты. Ілінетін жарнамаларға дейін дайындапты.Амал жоқ, келісуге тура келді, бірақ қасыма аудармашы сұрап алдым. Алғашқыда жүрексінгенмен, кездесулерді жақсы өткіздік. Ленинградқа келіп, қонақ үйге жайғасқан соң көшеге шықтық. Келе жатсақ, көшеде кездесіп қалған екі қазақ қызы мені ағалап құшақтай алды. Сасып қалып, жөн сұрасып жатырмын. Осында оқитын студенттер екен. Ілінген афишалардан хабардар екен, мені көріп қуанып қалыпты. Екінші кездесуіміз Салтыков-Шедрин атындағы кітапханада болды. Жүздесуге осында оқитын қазақстандық студенттер мен аспиранттар, жастар көп жиналды. Содан олар ертеңіне жатақханаларына кездесуге шақырды. Кеш өте көңілді өтті, туған жерден жырақта жүргендіктен бе, ән салып, бір жасап қалдық.
Қарасам, 30-35 адам екен. «Мен қолдарыңа түсе бермеймін, бір жақсы мейрамханаға тапсырыс беріңдер, дайындап, маған хабар айтарсыңдар» дедім қоштасарда. Жерлестерімнің айтқан жеріне келсем, қаланың орталығындағы патша сарайының біріне орналасқан мейрамхана екен. Ұзын дастарханды жайнатып қойыпты, үстінде небір тәтті тағамдар мен қымбат дүниелерді толтырып қойыпты. Абыржым қалдым. Мейрамхана қызметкерлерін шақырып, телефон шалуға қоңырау соғатын жерді сұрадым. Ол бөлек бөлмеге алып келді. «Қазір есептеңіз» – дедім оған, көнбегеніне қарамастан. Сөйттім де, Лининград бюросының басшысына телефон шалсам, ол шығып кетіпті, тағы бір танысым көтермеді. Осы екі арада жаңағы қызметкер келіп, дастарханның бағасын айтқанда, «ух» деп дем алдым. Қалтамдағы қаржым артығымен жетеді екен. Сөйтіп, жерлестерімді күтіп, жақсы бір демалыс, жүздесу болған еді.
Шымкент қаласында Мұхаңа жолбасшылары, сізді халық көргісі келеді, бір топ адам сәлем бергелі келіп тұр депті. Мұхаң есік алдына шықса, үлкенді-кішілі бір қауым ел жиналып қалған екен. Келушілермен амандасқан соң, Мұхаң:
– Басымның қасқалығы болмаса, сендерден басқалығым жоқ қой – депті. Сөйтіп, халықпен емен-жақын әңгімелескен екен. Бұл оқиғаны «Қазақ әдебиеті» газетінің қызметкері Ахметов айтып келді. Сол секілді, кездескеннің, жүздескеннің орны бөлек қой. Әбе әңгімені асықпай айтады екен, арасында бидің сөзіндей, дананың көзіндей болмысымен Есет батырдың да көне сөздерін қосып отырды.
Кездесуге атақты жырау Рысбек Әшімовты шақырған едік. Алғашқы термені үлкен оймен, сөзі мен мақамына мән беріп тыңдаған жазушы, Нұртуғанның «Қанеки, тілім сөйлеші» термесін орындауды өтінді. Рысбек «Аралым айдын шалқарымды» әуелете шырқап,
Әлемге болды әйгілі
Әбдіжәміл жазған «Қан мен тер» – деп қайырғанда, отырғандар ду қол шапалақтапжіберді. Сарабдал суреткер Аралдың рухты жырына марқайып отыр екен.
Көпестің ұрпағы
Бала кезімізде жастанып оқыған «Қан мен тер» трилогиясындағы Еламан, Кәлен, Судыр Ахмет және басқа кейіпкерлердің бейнесі кәдімгідей көз алдымызда. Біздің ауылымыз Бөгенде кітаптағы көпес Курнос Иванның ұрпағы тұрды. Байдың баласы десе дегендей еді. Теңіз жағасындағы үйі бейне көркем суреттей, көздің жауын алатын. Терезесінің жақтаулары боялған, үйінің шатыры темір, шарбақтары да біздікіндей қамыстан емес, майда ағаштармен қоршалған еді. Үйінің төбесіндегі қораздың суреті бар зырылдауық желмен шыр айналып, зырылдап тұратын. Ол жерден өткен бала біткен қызығып, сүйсініп қарайтын. Бір ағамыз оларға еліктеп, төбесіне зырылдауық орнатқан екен, екі-үш күннен кейін жеңгеміз «миымызды жеп қойды» деп балаларына алдырып тастапты. Тіпті қайығына дейін бояп қойған, әдемі. Ал Иванның тіршілігі кәдуілгі ауылдағы барша тұрғынмен бірдей, айырмашылығы жоқ.
Таң алакеуімде басқалармен бірге сүліктей әдемі қайығына мініп, ау-торын қарауға шығады. Жағаға келгенде жұрт құсап балық салған қабын ғана арқалап шықпайды, екі бау пішенін ала келеді. Әйелі болса сиырына ат қойып алған. Өрістен қайтқан зеңгі бабаның атын атаса болды, әлгілері шарбағына қарай бұрылып жүре береді. Өздерінің бүкіл өмірі, тіршілігі көпестің тұрмысы десе болады. Мамыражай бейқам қазақ ауылында олардың ерекшеленіп тұратыны да содан болар. Ал біз, көркем сөзге еліктеген бала неме кітаптағы Курнос Иванды көреміз деп оның түрлі-түсті суреттей үйіне, көгілдір түсті қайығына тамсанудан жалықпайтын едік.
Теңіз тартылған алпысыншы жылдардың ортасында Иванның отбасы үлкен қалаға көшіп кетті...

Жұматәли ӘБДІРАМАН,
жазушы-журналист
05 қараша 2024 ж. 86 0