Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » ҚОС БӘЙТЕРЕК

ҚОС БӘЙТЕРЕК

Бұл заманда адамдарға деген көзқарасымызда қисық та қыңыр болып тұратын сәттер аз емес. Адам баласының жақсы-жаманын адал айырып, оның бітім-болмысын бағалай білу екінің бірінің маңдайына жазыла бермесе керек. Жасыратыны жоқ, әлдекімдердің адамгершілікке жат қылықтары көзге түспей, тасада қала береді. Ал елі үшін еткен ересен еңбектерін, төккен маңдай терін пұлдамайтын, күннен жұмыс, түннен тыныс сұрайтын, барға қанағат, жоққа салауат айтатын бала көңілді, дана сезімді азаматтар тасада қала береді. Осындай азаматтың бірі – менімен жарты ғасыр бойы сыйлас та сырлас болып жүрген Шалбаев Сердалы есімді азамат.
Биылғы жылы Сердалы 75 жастың желкесіне мінсе, Құдай қосқан қосағы Жансұлу 73 жасқа келіпті. Бұл жыл өркенді де өрісті отбасы үшін ырысты жыл болды. Бұл өмірге 9 ұл мен қыз әкеліп, олардан 26 неремер, 2 шөбере сүйіп, қызықтарына кенеліп отырған қос бәйтерек мен мұндалайды.
Екі шынардың шуақты шаңырағы ағымдағы жылы өткізілген облыстық «Мерейлі отбасы» сайысына қатысып, аймақ басшысы Н.Нәлібаевтың қолынан «Кемел отбасы» номинациясын алып, тағы бір қуаныш құшағына кенелді. Отау құрғандарына 50 жыл болуына орай «Алтын той» иесі атанып, жаңадан неке куәлігінің табысталуы екі адамның бірінің басына бұйыра бермейтін бақ болар.
Осы сапарында Сердалы Шалбаевтың «Қызылорда облысының құрметті ардагері» атанып, кеудесіне төсбелгісін тағып, дәстүрге сай иығына шапан жабылғаны тағы бар. Бұл – мерейлі отбасының ағымдағы жылы ғана ел-халықтан алған алғысы. Ал қос бәйтеректің елі үшін емірене жүріп еңбек етіп, шыққан шыңдары мен алған асуларын санамалап айту әсте мүмкін емес. Десе де, олардың өнегелі де өркенді өмір жолынан Сыр аймағын хабардар ету мақсатында сәл-пәл де болса мағлұмат беруді өзіме парыз санадым.
Төскейде малы, төсекте басы тоғысқан көршілес Қазалы ауданындағы «Қара бура» елді мекенінің азаматтары Сердалыны бүгінге дейін «Кіндік әке» атайды екен. Оның да өзіндік сыры бар.
1967 жылы Ү.Түктібаев атындағы №24 мектептен дәріс алған ол сол жылы Қызылорданың медициналық училищесіне оқуға қабылданып, фельдшер мамандығын алады. Осы жылы «Қара бура» елді мекенінде еңбек жолын бастандырады.
– Менің бұл салаға келуімнің өзіндік бір сыры бар, – деп еске алады Сердалы, – ес білгелі анамның науқас екенін байқайтынмын. Содан болар, бала кезден дәрігер болуды армандайтынмын. Сондағы ойым бұл дүниедегі ең сүйікті де жақсы адамым – анамды дертінен құлан-таза айықтыру болатын. Алла сәтін салып, анамды ғана емес, ауылдың талай азаматтарының амандығы үшін арпалысқа түсіп, ел алғысын арқалаумен ғұмыр кешіп келемін.
Иә, Сәкең айтса айтқандай, ол ширек ғасыр бойы «Жаңақұрылыс» ауылдық округіндегі медпункт меңгерушісі бола жүріп, талай адамдарды науқасынан айықтырып, ажал тырнағынан аман алып қалған. Осыған қатысты мына бір қызықты деректі айтпасқа болмас.
Сердалы өз қызметіне кіріскен күннің ертеңіне, таң білінер-білінбесте терезе тарсылы болады. Сөйтсе, Марат есімді азаматтың жолдасы толғатып жатыр деген жедел шақырым келіп жетеді. Келсе, толғақ қысқан әйел адал бағанаға асылып тұр екен. Маңайы толған әйел, үбірлі-шүбірлі балдары. Дереу іске кіріскен Сердалы әйелді аман-есен босандырып, шарананы өмірге әкеледі. Сөйтіп, бұл өмірге оныншы перзент келіп, әлгі әйел «Батыр ана» атанады.
Иә, жоғарыда айтқандай, ағымдағы жылы 75 жасқа жетіп отырған Сердалының өмірдерегінен байқап отырған боларсыздар, ол төңірегінде болып жатырған сан түрлі құбылыстар мен тұрмыс-тіршілікке жай ғана қызығушылықпен емес, зерделі ой тоқтатар азамат көзімен қараумен келеді. Адамдарды қадірлеудің, олардың денсаушылығын сақтаудың, оларға көрсетілген құрмет-қошеметінің құмға сіңген судай құрдымға кетпейтіндігін де толықтай түсінген. Содан болар, жанып-сөнетін бір мезгілді от секілді емес, жылылығын жай ғана себездеп тұратын бітім-болмысын айна қатесіз сақтаумен ғұмыр кешіп келеді.
Арқалаған азабы мол, қамқорлықтан қағажу қалатын, бейнеті биік, рахаты аласа болатын, бағасы көзге көрінгенмен сатып алуға болмайтын мамандық иесі – ауыл дәрігері. Осының бірі ғана емес, бірегейі – Сердалы Шалбаев. Менің пайымдауымша, ол – хирург, терапевт,невропотолог, акушер, педиатор, окулист, қайсыбірін санамалап айтарсың, Сердалы – дәрігерліктің барлық саласын меңгерген азамат.
Сол бір жылдары ауылда автокөлік деген болмайтын. Күн-түн көз ілмейтін Сәкең шалқай жатқан елді мекендердегі аурудың жанына араша түсу үшін бірде атқа, енді бірде түйеге, оны айтасыз, есекке, ал болып жатырса тракторға, мотоциклге мініп, жолға шығатын. Сердалы орта білімді дәрігер бола тұра сырқат науқасының диагнозын дөп басатын. Өйткені, ол науқас адаммен күніге аралас-құраласта жүріп, оның не ішіп, не жеп, қалай жүріп-тұратынын жатқа білетін.
Еңбек жолын ауыл фельдшері болудан бастандырған Сердалының ел-халыққа деген қалтқысыз қызметі билік басындағылардың да көзіне түссе керек. 1999 жылы оны «Жаңақұрылыс» ауылдық округі әкімі қызметіне тағайындайды. Бұл уақыт халқымыздың базарлы нарықтың қыр-сырына төселе алмай, жалақы, зейнетақының айлап төленбей жатқан жоқ-жітік кезеңі болатыын. Мұндай қиын-қыстау уақытта ел-халық «етігімен су кешетін» ерін іздейді. Сәкең осы деңгейден табылып, ауылдастарының үкілі үміттерін жақтай да ақтай білді. Айтар болсақ, ауылдастарға атаулы көмек... баланың жәрдемақысы... жалақы, зейнетақы, кедейшілікпен күрес, қойшы әйтеуір толып жатқан зәрулікпен арпалыса жүрді.
– Сердалы, – деп еске алады ауыл ардагері Темірбек Сүйеубаев, – күрмеуі қиын кезеңде ауылдың асыраушысы болды. Заманында «Жаңақұрылыстың» жан-жағына тары еккен ауыл тұрғындары ашаршылыққа ұшырамайтын. Егіншілікке баса көңіл бөлген Сердалы осы жұмысты қайта бастандырып, қарнымызды қампитты ғой. Аяқсу, ауызсу мәселелерін аудан басшылары алдына қоюды мақсат еткен ол талай табалдырықты тоздырып, біртіндеп шешіле бастандырған.
Биылғы жылы «Жаңақұрылыс» пен «Бекарыстан би» ауылдары арасындағы жолдың С.Шалбаевтың тікелей ықпалымен облыстық бюджеттен 700 млн. теңге қаралып, асфальт төселуіне байланысты ауылдастарының айтар алғыстары шексіз. 
Иә, ардагер айтса айтқандай, С.Шалбаевтың ауылды ажарландыру мен ауылдастарының тұрмыс-тіршіліктерін түзеуге сіңірген еңбегі орасан зор. Сегіз жыл бойы ауыл әкімі қызметін атқарып, өзіндік қолтаңбасын қалдырғанын жұртшылық «жыр ғып» айтумен жүр.
Сәкең ауыл әкімі бола жүрсе де аялы алақанды шипагерлік кәсібін тастаған емес. Ауыл балдарын сүндетке отырғызу, сынықты салу, оны айтасыз, ауырған тісті жұлып тастау, тағы басқа емдеу шаралары оның аялы алақанының шуағына кенеледі.
– 2008 жылы, – дейді Сердалы бізбен әңгімесінде, – ауылдағы медпункт меңгерушісі қызметіне қайта оралдым. Бертін келе зейнет демалысына шықсам да ауру-сырқауларға ем-дом жасаудан қағыс қалмай келемін. Ауылдастардың басы ауырып, балтыры сыздаса болды, менің де тұла-бойым тұмшаланып қоя береді. Өмір үшін арпалысқа түскен адамға араша болу – менің азаматтық парызым.
Сердалы Шалбаевты сегіз қырлы, бір сырлы азамат деп айтуға әбден болады. Айтпағым, ол – қарымды қаламгер. Ауылдың ахуалы, тұрғындардың талап-тілектері Сәкеңнің қаламының ұшынан қағыс қалған емес. Оның сан алуан тақырыптағы жазбалары аудандық, облыстық қана емес, республикалық басылымдарда жарыса жарияланып та жүр. Сәкеңнің айтуынша, өз өмірінің өткелдерін, яғни көргендері мен көңілге түйгендерін ұрпақтарына ұлағат етуді де парыз санайды.
Жоғарыда айтқандай, отау құрғандарына 50 жыл болған құдай қосқан қоса,ы Жәнібекова Жансұлу да ауылдастарының ақ алғысын арқалаумен жүрген азаматша. 1972 жылы Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищеден дәріс алған ол «Жаңақұрылыс» ауылындағы №74 мектепте оқушыларға бастауыш сыныпта білім мен тәрбие беріп, зейнет демалысына шығады. Ұлағатты ұстаздықты иеленген ол сан алуан марапаттарды иеленіп, кезіндегі ауылдық кеңес депутаты болып сайланған. Әлгінде айтқандай, бұл өмірге 9 ұл мен қыз әкеліп, қыздарын қияға, ұлдарын ұяға қондырып, «Батыр ана» атағын иеленеді. Бүгінде қос бәйтеректен өрбіген балдары сан алуан салаларда. Бірі –  оқу-ағарту, бірі – ішкі істер бөлімі, ал енді бірі – кәсіпкерлік салаларында қызмет етіп, ата-аналарының жолымен жаза баспай жүріп келеді.
– Мен өміріме разымын, – дейді Жансұлу, – өйткені сүйікті жарым Сердалымен бас қосып, жарты ғасыр бойы қосағымызбен қоса ағарып, қос бәйтеректей ғұмыр кешіп келеміз. Сердалы жанұямызға ғана емес, ағайын-туыс, дос-жаран, құда-жекжат, ауылдастарға үнемі қамқор қолын созып, өзгелердің жағдайын өз жағдайынан көбірек ойлап, алдымен солардікін түгендеп барып қана өзімізге қарайды. Шүкір, бүгіндеұлдарымызды ұяға, қыздарымызды қияға қондырып, немере-шөбере, шөпшектеріміздің қызықтарына кенеліп отырған жағдайымыз бар. Балдарымыздың шаңырақтары шайқалмай, еңселері түспей еліне адал қызмет етсе, сол бізді марқайтады.
Атам қазақ: «адам екі нәрседен қателеспеуі керек» дейді екен. Оның бірі мамандық таңдау болса, екіншісі – жар таңдау. Шүкір, Сәкең осы екі таңдаудан да жаза баспаған. Өйткені, ол қателескен, сүрінген сәттерде Жансұлу жанынан табылады. Шуақты шаңырақтың, яғни мерейлі отбасының ошағында қайнап жатқан қазан арылмайды, алуан түрлі дәмге толы ақ дастарханы жиналмайды.
Жоғарыда айтқандай, ағымдағы жылы облыстық «Мерейлі отбасы» сайысында «Кемел отбасы» номинациясын иеленген отағасы Сердалы Шалбаевтың ел алдындағы ересен еңбектері де ескерусіз қалған емес.
Кезінде «КСРО денсаулық сақтау саласының үздігі» атанған ол «Ерен еңбегі үшін», «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталған. Сондай-ақ, республикалық «Аманат» партиясының «Құрмет грамотасын», облыс, аудан әкімдерінің «Алғыс хаттарын» иеленген. Ал 1976-1981 жылдары ауыл тұрғындарының сенімін арқалап, ауылдық кеңес депутаты болып сайланған.
Сөз соңында айтарым, адам деген ардақты ат – шын мәніндегі адамға ғана лайық. «Жақсы адам – елдің ырысы, жақсы жер – жанның тынысы» деп атам қазақ айтқандай, мерейлі отбасының жайқалған қос бәйтерегі – осындай азаматтар.

Еркін ӘБІЛ,
жазушы-журналист,
Арал ауданының құрметті азаматы
12 қараша 2024 ж. 109 0