Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ел алғысын алған азамат

Ел алғысын алған азамат

«Жердің де елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа» дегендей Хан елді мекеніндегі көптің өтетін өткел қайықтың иесі Қайрош екенін жүргіншілер біледі. Шын аты – Қайырбол. Алла тағала атына сай келешек елге, еліне адам баласына қайыр қылады деп ата-анасы қалай атын тауып қойған. Осы күндері атына заты сай дегендей көптің алғысына бөленіп жүрген нағыз еңбек адамы Қайырбол туралы, өткені мен бүгінгі өмір өткелдерін таразыға салып, ой елегінен өткізіп, әңгіме өрбітемін. Бүгінгі таңда ұрпақтарымызға осындай қажырлы, мезгілдің қай кезеңдері болмасын ыстығына күйіп, суығына тоңып, күйгені мен тоңғанына қарамай еліне қызмет жасаған абзал азаматтың еселі еңбектерін кейінгі ұрпақтарымызға айту – үлкендік парызым деп білемін.
Сәл шегініс жасап, еңбек жолдары мен өмір деректерін сонау 1976 жылдан осы күнге дейінгі аралықта яғни айтқанда 48 жыл ширек ғасыр бойы бір жерде Хан елді мекеніндегі Сырдария өзенінің бойында салынған қалқымалы көпірдің иесі Қайырбол Қайбергенов жайлы. 1954 жылы 7 шілде күні Арал ауданының Аманөткел ауылында дүниеге келген. 1969-1971 жылдар аралығында Арал қаласындағы №15 орта мектебін бітіріп, 1972-1974 жылдары Кеңес армиясында болып, 1976 жылы Арал балық комбинатына қарасты Аманөткелдегі «ОЗТХ» балық питомнигіне моторист және ағаш ұстасы болады. Сол кезде Арал балық космбинатына қарасты Сырдария бойындағы жылжымалы қайықта 3-4 жыл қайықшы болып, қалқымалы көпір салғанша жұмыс жасайды. Дауылды, жауынды күндерде Сырдарияның асау толқындарына қарамай жолаушы, өткіншілерді, ауруханаға баратын ауру сырқаулырды межелі жерлеріне жету үшін барынша қызмет жасап, аман-есен дариядан өткізіп, ауыр еңбектерге ысыла бастайды. Еңбек етсең емерсің деген. Тоқырау жылдары басталып, мекеме тарағаннан кейін де 1994 жылы отбасымен қайық басына көшіп келіп, үй салып, қайықшы жұмысын жалғастыра береді. Жолда жомарт отырады деген. Жолда қалған көптеген жолаушыларды үйіне қондырып, жағдайын жасап, алғыстарын алды. Сәтін салып, осы жылы өткел қайық Арал аудандық «ДРЭУ» мекемесіне қарап, жұмысқа мастер болып орналасады. 1997 жылы «ДРЭУ» мекемесінен өткел қайық «Ақберген» шаруа қожалығына ауысып, 2009 жылы Саржанов Құдайберген қайықты өз мойнына алып күрделі жөндеуден өткізеді. 2009-2015 жылдар аралығында жолаушылардың өтетін өткел қайық ешкімнің есебінде болмайды. Жағдайдың ауырлығына қарамай өз күшімен қайықты күтіп ұстап тұрады. Тек қана 2015 жылдан бастап, Арал «ЖҚХ» –Қанат-100 мекемесіне қарап, 4 жұмысшы қабылданып, ағаш шебері болды. Тозығы жеткен қайықтың кез келген жерінен су кетсе де оны бітей біліп, жолаушыларды жолынан қалдырмады. Өткен еңбек жолдарына көз салсақ 1984 жылы жоғары орындардан 30 жасқа дейінгі озат жұмысшыларды депутаттыққа ұсынылсын деген жарлық шығады. Озат жұмысшылардан іріктеліп, 1984-1989 жылдары халықтың қалауымен аудандық мәслихат депутатына аудандық депутат болып сайланады. Зейнет жасына шыққанға дейін бірнешеленген марапат иесі атанды. Көз көрмеген соң айтуға оңай. Жоғарыда айтқандай күзде, көктемде дариядан сең жүрген кезде қайықты алып-салып, сең тоқтағанда ауа-райының суықтығына қарамай қолға сүймен күрек алып, қатқан мұзды, жердің тоңын ойып, дария суы бір көтеріліп, бір түскенде қайықтың баспалдағын салу үлкен қол күшін қажет етеді. Ия Қайрекеңнің өткен өмір жолдарын кейінгі ұрпақтарға дәріптеу біздің үлкендік міндетіміз. Бүгінгі таңда Қайрекең құдай қосқан жары Жұбатова Ару 57 жасында яғни, 2014 жылы қайтыс болса да, балаларына анасының орнын жоқтатпай салауатты өмір салтын ұстап, отбасында 5 ұл, 1 қызын тәрбиелеп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, олардан 19 немере 4 шөбере сүйіп, үлгілі отбасы болып отырған жайы бар.Зейнетке шықса да кейінгі ұрпақтарға ақылын айтып, оларға менің махаббатым осы қалқымалы көпір. Осының тілегін тілеп, қайықтан өтетін жолаушылар қиналмай өтсе екен деп тілеп отырамын. Тек менің махаббатым – осы өткел қайық деп сөзін қысқа қайырды. Қызыл шырайлы жүзі шырайлана түсіп, қайыққа қарап тұрды.
Сердалы ШАЛБАЕВ,
Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы
28 мамыр 2024 ж. 519 0