Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңақұрылыстың жаңа тынысы

Жаңақұрылыстың жаңа тынысы

Өткен күнімізге көз тастап, ой елегінен өткізіп қарасақ арыға бармай-ақ тәуелсіздік алған күннен бері қарай елімізде қаншама игі істер атқарылды. Осындай толымды тірлік Арал ауданынан шалғай, яғни 165 шақырым қашықтықта орналасқан Жаңақұрылыс елді мекенінде де игі істер жүзеге асуда.
Негізгі тақырыпқа көшпей тұрып, өткенді тізбелесек. Әрине халықтың тілегі бір күнде орындала бермейді. Әрбір іс өз кезең-кезеңімен атқарылады. Тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай Жаңақұрылыс елді мекенінде халық игілігі үшін біршама жұмыстар атқарылды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізде көптеген қиыншылықтар туындады. (Яғни айтқанда балалардың жәрдемақысы, зейнетақы, жұмысшы-қызметкерлердің еңбекақысы). Сол қиыншылықтар кезеңінде ауыл тұрғындарының ауызбірлігінің арқасында еңселерін түсірмей, ата-бабасының туған жерінен көшпей еңбек ете білді. «Еңбек етсең емерсің» деген. Егісін егіп, шөбін дайындап, әлеуметтік тұрмыс жағдайларын жақсарта бастады. Халыққа қызмет жасайтын әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтіп, жаңадан салына бастады. Атап айтқанда, екі қабатты жаңа мектеп, жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт, малдәрігерлік пункт, ұялы байланыс мұнарасы, әрбір үйге Сарбұлақ суының желісі тартылып, көшелер жарықтандырылды.
Қазіргі таңда бірнешеленген шаруа қожалықтары тұрақты жұмыс істеп келеді. Ауыл жастарының заман талабына сай, өз қабілеттеріне орай кәсіп түрлерін ашып жұмыс істеуде. Халықтың ауызбірлігінің арқасында «Өтеш ахун» мешітінің және мешіт жанынан 100 орындық асхана жаңадан салынып ел игілігіне берілді. Мұндай халық үшін жасалып жатқан игі істер елдің бірлігі, ел басқарған басшылардың игі жұмыстары деп білеміз.
«Басшысыз ел болмайды», «Мың қосшыдан бір басшы» деген. Әрбір істің атқарылуы басшыға байланысты. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген. Ауданға екі жылдың көлемінде басшы болып келген Серік Сағитжанұлының бір ғана Жаңақұрылыс елді мекенінің тұрғындарына жасаған жұмыстарын орайы келгенде айтуды жөн көрдім. Бүгінгі таңда аудан әкімі 3 ай сайын жергілікті халықпен кездесіп, тұрғындардың талап- тілектерін тыңдап, оның атқарылуы туралы есеп беруі үрдіске айналды. Жыл басындағы аудан әкімімен кездесуінде ауыл тұрғындары «Нұралы» жармасына және «Ералы» каналына шлюз салу жайлы айтқан-ды. Аудан әкімі жоғарғы басшыларға шығып, каналдарға шлюз салудың маңыздылығын айтып, қаражат көздерін қарастырып, қолдан келгенше елдің тілегін орындауға күш-жігерін салатындығын айтты.
Сөз кезегі келгенде айтайын. "Нұралы" жармаға шлюз салу халықтың көп жылдан бері айтып келе жатқан жыры еді. Сырдария өзені тасығанда көлдерге су құяды. Су қатқан кезде көлдерге құйған су қайтадан дарияға құйып, көл құрғап қалады. Егер де шлюз болса құйған су кейін қайтпайды. Ақбасты, үлкен Қаракөл, кіші Қаракөлдегі су қалпында қалса, шабындық, мал жайылымдық жерлері кеңейіп, тіпті насос арқылы ауыл тұрғындары мал азығы, жоңышқа, әртүрлі егістері мен бақшаларын егуге болады. "Ералы" каналының да маңыздылығы да осында. Осы жағдайларды ескерген аудан әкімі Серік Сағитжанұлы «Айтылған сөз – атылған оқ» дегендей, халық талабын орындау үшін бар күш-жігерін салып, «Нұралы» жармасына 166 миллион теңге қаржы көздерін тауып, оны ТОО «Техоснастка-Ремсервис» мекемесі тендерден ұтып, 4 ай ішінде "Нұралы" жармасына 3 очколы екі жақты қақпалы шлюз салып, жарманың екі қапталына 400-600 метрге дейін биіктігі 1,5 метр дамба соғып, жол салды. Әрине жұмыстың сапалы да тиянақты өз мерзімінде аяқталуын күнделікті бақылап отырды. "Ералы" каналының да 5 шақырымы қазылып, 3 шақырымы ішінара тазаланды. Каналдың бастау алар сағасынан суды реттеп отыратын шлюз салынып, халықтың игілігіне берілді. Бұл атқарылған жұмыстар келешек халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартатын жемістерінің бір көздері.
Біздің болашағымыз – жастар. Жастарға дұрыс тәрбие, бағыт-бағдар беру біздің міндетіміз. Осыған орай ауыл ортасынан жастардың демалатын, жазда ойын-сауық кештерін өткізетін жастар алаңы салынды. «Өлі риза болмай тірі байымайды» деген. Ұлы Отан соғысынан оралмаған бабаларымызға арнайы "Тағзым" алаңы ашылып, ескерткіш бой көтерді. Әрине бұл – мемлекетіміздің қамқорлығы, егемендігіміздің арқасы. Алдағы жылдары да елдің, ауылдың дамитындығына сенемін.
Ойдан ой туады. Ел үшін істеліп жатқан бүгінгі игілікті істерді көзбен көріп, көңілге түйгенімді ой елегінен өткізіп отырып, жоғарыда айтқандай бүгінгі тақырыптың кейіпкері Серік Сағитжанұлының көптің көңілінен шыға білген, үлгі аларлық жақсы істерін көпшілікке айту үлкендік парызым деп білемін. Қарашаның соңғы ызғарлы күнінде Сырдария өзенінің бойындағы "Нұралы" жармасына 3 қақпалы шлюздің салынып біткендігі туралы ауыл тұрғындары мен ардагерлері де айта келіп, елдің игілікті жұмыстарына пайдаланыңыздар деген тілегін білдірді. Алдағы уақытта да ел үшін игілікті жұмыстар істейтіндігін айтты.
Серік Сағитжанұлының ауданға әкім болып келгеніне көп уақыт өтпесе де, ауданның экономикалық жағдайын көтере отырып, басқарып отырған халқының әлеуметтік тұрмысын жақсарта білді. Әр тәуелсіздік жылында тәуелсіздік күніне орай әр ауылда күрделеніп қалған нысандар жаңадан салынып, халық игілігіне берілсе келешегіміз кемел болмай ма?! "Әкім бол, халқыңа жақын бол" деген осы емес пе? Халықтың сізге берген ақ батасы әрдайым қабыл болсын.
Сердалы Шалбаев,
Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы
09 желтоқсан 2022 ж. 332 0